Биліктегілер қара бастарының қамы үшін қазақ тіліне кедергі келтіреді...

Тоқтар БЕЙІСҚҰЛОВ жазушы, ғалым 1. Тәуелсiз мемлекет болдық дегенде, төбемiз көкке жеткендей өзеуреймiз. Ал өз бетiмiзбен арман-мақсатымызды жүзеге асырайық десек, жоғарыдағылар қолға кiсен, аяққа тұсау салғандай адымды аштырмайды. Соның бiр көрiнiсi – «Мемлекеттiк органдарға тек мемлекеттiк тiлдегi жүгiнудi» көздеген норманы алып тастауы. Мәдениет министрлiгiнiң намыссыздығын көрсеттi. Мекемелердегi құжаттарды мемлекеттiк тiлде жүргiзу талабының iске аспай келуiнiң себебi ендi түсiнiктi болды. Тiл жағынан тәуелсiздiкке жетпей келе жатқанымыз сондай сезiктенудiң, жалтақтаудың, намыссыздықтың әсерi. Мемлекеттiк тiл дедiк, ендеше толық күшiне енуi керек емес пе! 2. Орыс тiлдi басылымдар дауыс көтере бастады. Шаңыраққа да қарамайды, қай елде күн кешiп жатқанын да ескермейдi. Құшағы кең, көңiлi жайдары халықтың жақ­сы­лығын да елемейдi. Бұл әсiресе көңiлшектiгiмiздiң, солқыл­дақтығымыздың нәтижесi. Әйтпесе, Тәуелсiздiкке қолы жеткен басқа мемлекеттердей өз тiлiн тұғырына қондыратын уақыт әбден жеттi. Шенеунiктерден, депутаттардан басқа ұлтжанды азаматтар айтып жүргелi қашан. Жоғарыдан бағдарлама дегендердi жылт еткiзедi де қояды, аяғына жеткiзбейдi. Мұның бәрi билiктегiлердiң жалтақтығынан. 3. Қазiргi тiлдiң жайын жан-жақты саралап, Президент тарапынан әдiл де нақты шешiм шығарса, мемлекеттiк басылымдар да бұл мәселеге мойын бұрар едi. Ал қазiр оларда амал жоқ, күн кешуде. Шешiмде тiлiмiздi кемсiткенi үшiн жаза қолданылатыны көрсетiлсе, құба-құп. Жауапқа тартылатынын сезiп, айылын жияр едi.