Әбдуақап ҚАРА: Қазақ тілін білмеген қазақтан Қазақстанға пайда келмейді
2018 ж. 26 шілде
5780
1
Қатал тағдырдың қазаққа тартқызған тауқыметі, көрсеткен азабы аз болып па? Естен өшкен ескі замандарды есекпе алмай, күні кеше аяқталған жиырмасыншы ғасырдағы ауыртпалықтардың өзі қазақ дейтін халықтың тағдырын қыл үстіне қойғанын қалай ұмытасың? Маңдай алды азаматтарының атылып, асылып, мал-мүлкінен айырылған елдің ажалдан қашып, шетел асуы да үлкен қасірет. Зұлматты заманның ұлт жанына түсірген жарасын жазып, көңілдегі кекті кетірудің жалғыз жолы – шетке тарыдай шашыраған сол қандастарды елге қайтару. Азаттық алған шақтан бастап қолға алынған бұл істің толастамай, жалғаса беруі әр қазақтың тілегі екені даусыз. Осы орайда newsasia.kz ақпарат агенттігі тағдыр тәлкегімен шетел асқан қазақтардың ұрпағы, Түркиядағы Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Әбдіуақап Қара мырзаны әңгімеге тартқан еді.
— Әбдіуақап мырза, сөз саптауыңызға қарап сізді таза қазақы ортада өскеніңізді көруге болады. Ұлттық болмысыңызды сақтап қалуға да сол өскен ортаңыз ықпал еткен шығар?
— Бұл бізге ең алдымен отбасынан дарыды. Аталарымыз, әкелеріміз қазақтың салт-дәстүріне берік болды. Біз құдды бір қазақтың ауылында өскендей өстік. Біз руларымызды, шежіремізді, жеті атамызды, бәрін білетінбіз. Қазақтың өлеңдері айтылатын. Біздің атамыз Қамза қажы, марқұм өте жақсы да, білімді кісі болатын. Қазақтың басын қосып отыратын. Қалың түріктің ішінде отырсақ да, қазақ өзара ауылда отырғандай жиі қатнасып тұратын. Қазақ ортасында той-томалақ көп болатын, дастархан жиылмайтын. Әңгіме-дүкен құрылатын. Менің анам балалық кезімде маған қазақи дүниелерді орайы келген сайын айтып отыратын. Мысалы бір өркешті түйенің өзін, немесе суратін көрсе айтатын. Міне, Түркияның түйесінде өркеш біреу болады. Қазақтың түйесінде өркеш екеу болады деп. Киіз үй туралы көп айтатын. Біз Қазақстанға келгенге дейін киіз үй көрмеген адамбыз. Соның әңгімесімен ғана өскенбіз. Кейде газет-журналда суретін көріп қалатынбыз. Сонда маған киіз үйге бір отыру арман болған. Осылайша біз ата-аналарымыз айтып отыратын Қазақ елін аңсаумен өстік. Есейе келе мен тарихқа қызыға бастадым. Бұл қазақ Түркияға қалай келді? Жалпы ұлтымыздың бұрынғы тарихы қандай? Негізі мен электроника саласының маманымын. Әуежайда сымсыз телефон, радарлармен жұмыс істейтінмін. Бос уақытымда емтихан тапсырып, тарих факультетіне қайта оқуға түсіп, ақырында тарихшыға айналып кеттім. Бұл бағытта осы күнге дейін шоқайтану мәселесімен шұғылданып келем.
— Қазақ елін аңсаумен өстік деп айтып жатырсыз. Атажұртқа алғаш қашан келдіңіз?
— Ес білген кезімізден Қазақстанға бару арман болды. Кеңес кезінде оған мүмкіншілік жоқ еді. Тіптен Қазақстанға жете алмай өліп кетеміз бе деген қорқыныш та болды. Сондай бір кезде Қазақстанымыздың тәуелсіздік алғаны бізге бір үлкен оқиға, өмірде орындалмас арманға қол жеткізгендей болдық. Содан екі жылға жетпей, атап айтқанда 92-ші жылы, қыркүйек айында Қазақстанда тұңғыш рет Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы өтеді дегенде бәріміз қуанып, атамекенге жеткенше асықтық. Құрылтай керемет өтті, өте керемет сезімде болдық. Табанымыз жерге тимей, аспанда ұшып, бейне бір жұмақта жүргендей сезімде болдық. Біз шетелде аз ғана қазақтың ішінде өстік. Жан-жағымыз түрік, Еуропада тұратын қазақтар француз, немістерден өзгені көрмейміз. Қазақстанға
келсек барлығы қазақ. Полиция қазақ, жүргізуші қазақ, министр қазақ, президент қазақ, теледидарда диктор қазақ, сол бізді ең алғашқыда қатты таңғалдырды әрі толқытты. Сондай бір ғажайып сезімде жүріп, біз құрылтай үшін келген 15 күндік сапардың қалай өткенін де білмей қалдық.
— Атажұртқа оралған қандастарымыздың осындағы ортаға бейімделуі ауырға түсіп жатады, байқасаңыз. Көбі негізінен тілден қиналады. Иә, елімізде қазақ тілінің мәртебесі жылдан жылға кеңейіп келеді. Дегенмен бұл мәселе әлі өзектілігін жойған жоқ. Ғалым ретінде осыған қатысты не айтар едіңіз?
— Мен өзім зерттеуші болғандықтан бұл мәселені зерттедім, ойландым, толғандым. Мынадай бір пікірге келдім. Адамның санасы да тәуелді болады екен. Тек қана мемлекет тәуелді болмайды екен. Адамның санасы өзінің ұлтына емес, басқа бір ұлтқа тәуелді болады екен. Басқа бір ұлтты ұлы көріп, өзінің шыққан тегін төмен санап, менсінбеушілік болады екен. Соны сананың тәуелділігі дейміз. Саяси тәуелсіздікті бір күнде, бір секунтта алуға болады. Айталық Қазақстан 1991 жылы, 16-желтоқсанда бір күнде тәуелсіз болып шыға келді. Ал сананың тәуелсіздігі дәл солай бір күнде келе салмайды. Оған ұзақ уақыт керек. Өйткені сіз жетпіс жыл бір идеялогияның жетегінде жүрсеңіз, одан шығуыңыз оңай емес. Әсіресе, жасы егде тартқан адамдар сонымен өзгермей бейітке дейін барады. Кеңестік идеологиядан арылу үшін ұрпақ ауысу керек. Санасы тәуелді адам өз халқына сенбейді. Онда өзінің келешегін көрмейді. Сондықтан санасы тәуелді адам баласын қазақ балабақшасына бермейді. Қазақ қоғамының болашағы жоқ, қазақша оқыса ертең жақсы жұмысқа орналаса алмайды деп түсінеді. Ең жаманы санасы тәуелді адам санасының тәуелді болғанын өзі білмей жатады. Бұны біз компьютермен салыстырсақ. Компьютерге бір вирус жұқса сіз оны байқамайсыз. Дұрыс жұмыс істеп тұр деп ойлайсыз. Бірақ әлгі вирус бәрін бүлдіріп жатады. Сіздің мәліметтеріңізді құртады, қажет ақпараттарды өшіріп тастайды. Компьютерге вирус жұққанын антивирус бағдарламасын орнатқанда барып бір-ақ білесіз. Сосын сол антивируспен тазартасыз. Сол сияқты санасы тәуелді адам санасы тәуелді екенін білмейді. Ал оларға антивирус ретінде – ұлттық тарихты пайдалану керек. Сонау сақ, ғұндардан бастау алатын бай тарихымызды жақсылап оқытсақ біздің қандай ұлы халық екенімізді, басқа халықтан кем емес екенімізді көреміз де, бізге күш-жігер бітеді. Бүгін ұлы деп отырған орыс халқының князьдарын кезінде біздің Алтын Орда хандары тағайындап отырған. Сол кездерді еске алсақ біздің орыс халқынан кем емес екенімізді, тіпті бір кездері олардан жоғары екенімізді көреміз. «Сананы тұрмыс билейді» деген сөздің орны бар. Саясаттың тілі, шаруашылықтың тілі, тұрмыстың тілі қазақ тілі болмай барлық жұмыс бекер болып қала бермек. Ал қазақ тілі қолданылмайтын жерге қазақша тілмәш ұстау керек. Қазір мен жиі байқаймын, дипломаттарымыз шетелдерде орысша сөйлеп жатады. Неге деп сұрасаңыз қазақша тілмәш жоқ дейді. Мәселен қазақшадан тікелей француз тіліне аударатын аудармашы таппағандарын айтады. Ал орыс тілінде ондайлар көп дейді. Бұл сылтау емес. Егемен атанғанымызға жиырма жылдан асты. Осы күнге дейін мықты аудармашыларды көптеп тәрбиелеуге әбден болатын еді.
— Шеттегі қандастарға қатысты өзектілігі өршіп тұрған мәселе олардың қазақ тілінен қол үзіп бара жатқандығы. Ресейдегі қазақтардың кейінгі буынында ана тілінде сөйлейтін адам аз. Қытай да аз ұлттарға қысымды күшейтті. Түркия қазақтары үшін де тіл мәселесі өте күрделі. Осы бағытта не істеп жатырсыздар?
— Шетел қазақтарында тіл проблемасы бар екені рас. Бірақ ол шешілмейтін мәселе емес. Қазақстан тарапынан материалдық көмек болатын болса бұл мәселені шешуге болады. Қалай? Шетте елшіліктеріміз бар. Білім алып жүрген жастарымыз бар. Олармен келісіп балаларымызды қазақша оқытуға болады. Бірақ бар мәселе қаржыға келіп тіреледі. Қаржы болса мектеп ашуға, тіл курстарын ашуға мүмкіндік болар еді. Шетте жүрген қазақтарың саны бес миллионға жуықтайды. Жылына атамекенге 100 мың адамнан оралады деп
есептеген күннің өзінде 5 млн қазақтың Қазақстанға оралуы үшін 50 жыл керек. Ал ол уақытта шеттегі қазағыңыз қытай, неміс, түрік, орыс боп кетеді. Сондықтан Қазақстанның шеттегі қандастарға қатысты бір саясаты олардың тілін сақтап қалу болу керек. Себебі қазақ тілін білмеген қазақтан Қазақстанға пайда келмейді. Осы орайда бұл мәселелермен арнайы шұғылданатын диаспора министрлігі құрылса да артық болмас еді.
— Шеттегі қандастардың арасында Қазақстанға оралатындай лайықты сәт келген жоқ деген пікір бар деп естиміз.
— Кеңес заманында қазақты қазаққа айдап салу саясаты өте белсенді жүргізілді. Сырттағы қазақты қашқын деп атады. Біз елдегі қазақты орыстанған қазақ деп атадық. Бұны қою керек. Қайта атамекен мен шетел қазақтары арасындағы ынтымақтастықты күшейтетін үгіт-насихатты күшейтУ қажет. Бұл ретте журналистерге, ақын-жазушыларға үлкен міндет артылып отыр. Олар халықтың ынтымақтастығын арттыратын, елдегі қазақ пен шетелдегі қазақ бір ұлт екенін ұғындыратындай хабарлар таратып, шығармалар жазуы тиіс. Қазір Қазақстандағы халықтың жиынтық саны 20 млн-ға да жетпейді. Территориясы Түркиядан 3 есе үлкен. Ал халқының саны бір Ыстамбулдағы тұрғындардың санына әрең жетеді. Демек, Қазақстанда халық аз. Бұл жақтағы қоғамда «өзімізге жұмыс табылмай отырған уақытта шеттен келгендерді қалай жарылқаймыз» деген жаңсақ пікірлер бар. Мен айтар едім, атамекенге оралған қазақ елге береке әкеледі. Шерхан Мұртаза ағамыздың «Оралман — мұнайдан қымбат» деген сөзі бар. Біз жеріміздің асты-үстіндегі мол байлықты сақтап қалу үшін адам керек, сан керек. Осыны түсінуіміз керек. Мәселен бұл бағытта менде дүниежүзіндегі қазақ ғалымдарының басын қоссақ деген бір ұсыныс бар. Еуропа елдерінде көптеген қазақ ғалымдары жұмыс істеп жүр. Тек ғалымдармен шектелмей, кәсіпкерлерлі, басқа маман иелерін де бір ортаға жинап, барыс-келісті, алыс-берісті арттыру қажет. Жастарды бірбірімен байланыстырып араластыру керек. Сонда біздің бірлік-берекеміз жарасады, бауырластығымыз артады. Біздің келешегіміз — жастар. Шетелде тұрса да жастарымызды Қазақстанның патриоты қылып тәрбиелеуіміз керек. Оның ең ұтымды жолы сол жастарды үнемі Қазақстанға әкеліп тұру. Әрбір сәтті пайдалануымыз керек. Айталық, Наурыз мерекесінде шеттен жастар келсін. Астана күніне жастар көбірек тартылсын. Қазақстан жетістіктерін өз көзімен көріп қайтсын. Әйелдер мерекесінде қыздар келсін. Құрбы-құрдастарымен таныссын, елге үйренсін, тіл үйренсін, салт-дәстүрді үйренсін. Қысқасы жастарымызды мейлінше Қазақстанға тарту үшін әр мүмкіндікті пайдалану қажет .
— Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан: Б. Хамит