АСТАНАДАҒЫ АВТОБУСТАР ҚАЗАҚЫЛАНЫП ҚАЛЫПТЫ...

  Өткен жексенбіде, 22 шілде күні 18 жылдан кейін бірінші рет, автобусқа отырдым.  Жүргізуші Атымтайдың  арқасында.  Бір күн бұрын испандық "Тальго" пойызына отырғанда «күтіп аларсың» деп жазып жібергенмін.  Таңертең «қайдасың» деп телефон соқсам,  «Аға мен  еңбек демалысындамын ғой» ғой деп есінеп тұр жүргізушіміз.  «Әй, онда айтпайсың ба? Сауатың бар, жазбайсың ба? Мен басқа көлік шақыратын едім ғой» деп, оның ақталып жатқанына қарамай ашуланып телефонды басып тастадым... «Нұрлы жол» темір жол вокзалы Елбасымыз айтқандай, шынында да ТМД-да жоқ керемет үлкен вокзал.  Қызметкерлері нұсқау бермесе 6 қабаттың ішінде адасып кетесің. Пойыздан түскен жолаушылар нөпірімен бір жағына шыға келсек, ол тек автобустар жүретін жағы  болып шықты.. Такси басқа жағында екен.. Жаңбыр құйып тұр, ойланып тұратын, такси іздеп, тағы сандалатын уақыт жоқ. Қарсы алдымда тұрған №14 автобусқа кірдім де кеттім. Орталыққа барса болды, ары қарай такси табу қиын емес. Елдің бәрі карточкаларын бір аппаратқа жапсырып, төлеп жатқанын көріп, шошып кеттім.  Менде ондай ештеңе жоқ қой. Абырой болғанда, жүргізуші   ақшалай да төлеуге болатынын ескертті.  Кондуктор  бәрін түсіндірді. Жол ақысы карточкамен 90 теңге, ақшалай 180 теңге екен. «Елдің бәрі карточкаға көшсін деп осылай істеп қойған» дейді ол.   Astra bus карточкасы  (Алматыдағы "Оңай" карточкасы секілді)  бір сағатқа, бар автобусқа  жарайтын көрінеді.   Ақ көйлек, қызыл галстук, қара шалбар мен  желет киген кондуктор Оңдасын Тараздан, жүргізуші Дәурен  Шымкенттен екен. Кондуктор өте сыпайы, жүгі бар жолаушыларға көмектесіп, кіргізіп, шығарып тұр. Қарсы алдымда  жол дорбасын, төсегін арқалап алып, кітап оқып тұрған  жолаушы сон-а-а-у Франциядан келе жатқан азамат екен. Атын «Абоғи»  деді. «Абори» болар деп түсіндік.  Жанымда отырған Нұрмахан деген азамат Муслим.кз  сайтында әлеуметтік видеороликтер жасайтын жігіт Түркістан облысы, Сарыағаш қаласынан болып шықты. Ағылшынша нан сұрап жейтін шамасы бар екен, жерлесіміз екеуміз жабылып жүріп франсуздан біраз мәлімет алдық... Кондуктор әр аялдаманы қазақ тілінде, содан соң орыс тілінде хабарлап жатыр.  Жолаушылар да басым бөлігі қазақтар, көбісі қазақ тілінде сөйлесіп келеді. Астананың әкімі Әсет Исекешевтің қазақша үйреніп, қазақша сөйлей бастағанындай, астана автобустары да қазақылана бастапты деп қуанып қалдым.   Негізі , Астанадағы №1 жүргізуші ( Қазақстан бойынша №1 жүргізуші , отыз жыл троллейбус айдаған, кеңес империясы кезінде бар аялдаманы қазақ тілінде хабарлауымен аты шыққан  Әбдімәлік Айтбаев деп білемін) Мұхтар Жанұзақтың  (суретте) №18 бағыттағы автобуста аялдамаларды мемлекеттік тілде баяндайтынын,  Ресей тілінде жөн сұраған адамдарға қазақша сөйлемейінше жауап бермей, түсінбеген адамның кейпін танытып, безірейіп отыра беретінін оқығанда, автобусына бір мініп көргім келген. Сол Мұқаңды  Оңдасын кондукторға үлгі ретінде айтып қойдым. Содан соң  белгілі журналист Қайнар Олжай ағамыздың автобустағы ару қызға арнаған жазбасын оқығанда да автобусқа мініп көруге қызығушылық туған еді...  Айтпақшы , менің студент кезімде №66 автобуста кетіп қалған   сұлу  туралы жазған әзіл өлеңім қазіргі тілмен айтқанда «хит» болып кеткен еді студенттер арасында... Арқаңда тыным таппай ойнақтаған, Бұрымың сыйқыр ма деп ойлап қоям. Қу қыз-ай қызықтырып қылығымен, Ақынға алды-артын бір ойлатпаған. Сұлулар сылаңдаса сәнді-сәнді, Сұқтану ақындардың мәңгі салты. Болмады-ау, жеткенімше, алып кетті, Дөңгелегің тесілгір  «алпыс алты»- деген жолдары есімде әлі... Енді міне, автобусқа да тап болдық.... Демалыс күні болғасын ба, автобус іші кең, жолаушылар тығыз емес, еркін келеді.  Қазір қандай екенін білмеймін, баяғыда Алматыда автобустарға мініп-түсу бір азап болатын.  Басың сыйған есікке аяғың сыймай бара жататын... Кондуктор Оңдасынға рахмет айтып, "Астаналық базардан" түсіп қалып, ары қарай таксиге отырып кеттім. Иә, Қайнар ағамды ғашық қылатын  арулар толып жүрмесе де, автобусқа мініп тұрған да жақсы екен... Астана автобустары жанға жайлы болып,  қазақыланып қалыпты... Барлық  жолаушыларға Ақ жол тілеймін. Қазыбек ИСА, Qazaquni.kz