Денис Теннің өлімі: Арман Құдайбергеновтің 10 күн бұрын Астанада ұсталғаны рас па?
2018 ж. 25 шілде
4963
0
Денис Тенді өлтірді деген күдікті Арман Құдайбергенов шілде айында Астанада ұсталған. Бұл ақпаратты бүгін ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов растады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Расында да Арман Құдайбергеновті астаналық патрульдік бекет жасағы шілде күні көлік айналарын ұрлау үстінде ұстаған. Оған қатысты заңға сәйкес, жеделдетілген процедурада сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Бұл процедура бойынша тергеу 15 күнде жүруі тиіс және бұлтартпау шарасы ретінде тіркеліп тұру шарасы қолданылған. Тіркелу міндеттемесі күдіктінің қалаларға баруына шектеу салмайды, тек белгіленген уақытта келіп тұрса жеткілікті”, — деді Жақыпов ішкі істер министрлігінде өткен арнайы брифингте.
Айта кетсек, 21 шілде күні "Время" басылымында Денис Теннің өліміне күдіктілердің бірі Арман Құдайбергеновке қатысты атышулы мақала жарияланған еді. Редакцияға Астана тұрғыны жүгініп, Денис Тенге шабуыл жасағандардың бірі Арман Құдайбергеновті танитынын айтқан. Ер адамның айтуынша, 11 шілде күні Құдайбергенов Астанада оның көлігінің айнасын ұрламақшы болып, қылмыс үстінде ұсталған. Сөйтіп Алматы ауданының ішкі істер бөліміне жеткізілген. Тыңдау елорданың Алматы аудандық сотында өтуі тиіс болған. Белгілі болғандай, ұрлықшы ешқайда шықпау туралы қолхатпен қамаудан босатылған. Алайда Алматыға кетіп, көлік тонаумен айналысқан.