Қазақ халқының ар-намысын таптағандар жазаға тартылсын!
2018 ж. 23 шілде
6144
0
ҚР Бас прокуроры Қ.Қожамжаровқа ҚР Ішкі істер министрі Қ.Қасымовқа
АШЫҚ ТАЛАП ХАТ!
Қазақстанның халықаралық дәрежедегі спорт шебері, мәнерлеп сырғанаудан Сочи олимпиадасының қола жүлдегері Денис Теннің қылмыскерлер қолынан болған қайғылы қазасы барша қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырды. Жантүршігелік оқиғаны жасаған қанішер қылмыскерлер заң алдында қатаң жазасын алуы тиіс. Біз марқұм Денис Теннің ата-анасына, тума-туысқандары мен әріптес-достарына көңіл білдіреміз.
Қылмыстың аты – қылмыс. Қылмысты ұлтқа, жікке, тілге, дінге ешқашан бөлуге болмайды. Десек те, Денис Тен қайтыс болғаннан кейін әлеуметтік желіде (фейсбукте) Ақ ЕРКЕ есімді фейсбук қолданушы өзінің аккаунтында ұлтараздықты өршіту мақсатында «ДЕНИС ТЕНДІ ҰРЛЫҚШЫ, ЖАБАЙЫ, ТОПАС ҚАЗАҚТАР ӨЛТІРДІ. ҚАЗАҚТАР АДАМ БОЛМАЙДЫ. ҚАЙЫРШЫ ҚАЗАҚТАР» деп ашық жазып, дүйім жұрттың алдында мемлекетті құраушы – қазақ халқының ар-намысына үлкен нұқсан келтіріп, ұлттық сезімізді қорлауда.
Ақ Еркенің осы ұлтаралық араздық туғызатын сөзін Айгерім Жұманова есімді фейсбук қолданушы «дұрыс жазған» деп қолдап отырса, Рамилям Әділжан есімді азаматша «Жаға ұстатты» тобында осы жазбаны кеңінен таратып отыр. «Жаға ұстатты» тобында төрт жүз мыңға жуық (400 000) жазылушылар тіркелген. Жоғарыда аты-жөндері аталғандар "ұлтараздықты қоздырған, қазақтарды кемсіткен жазбаларды өшіріңдер" деген жазуларға ешқандай көңіл бөлмеуде, керісінше, қазақ халқының ар-намысына нұқсан келетін неше түрлі сөздер жазып, одан әрі өршітіп отыр.
Сол себепті, бұл адамдардың әрекеттерін қазақтарды кемсіту, қазақ ұлтына менсінбеушілікпен қарау және қазақтарды өзге ұлттан төмен санау және ұлттық сезімізге тиісу арқылы елімізде ұлтараздықты қасақана насихаттау деп бағалаймыз. Қазақ халқын кемсітіп, ұлттық қадір-қасиетімізді қорлаған әлеуметтік желіде кең таралған бұл жазбалар бойында қазақ қаны бар, «мен қазақпын» деген әлемдегі 18 миллионға жуық барша қазақтардың ар-намысына тиіп, ұлттық сезімін қорлауда.
ТАЛАП ЕТЕМІЗ!
Қазақстан Республикасының Конституциясы мен еліміздің қолданыстағы заңнамасында әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік немесе діни араздықты қоздыру қылмыстық жазаланатын іс-әрекет болып табылады.
1. ҚР аумағындағы заңды қадағалау және қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау органының ең жоғары басшыларынан сіздерден қазақ халқын кемсітіп, ұлттық қадір-қасиетімізді түсіру арқылы ұлтараздықты өршітіп отырған адамдарды тез арада іздестіріп тауып, оларды заң алдында жауапкершілікке тартуларыңызды және қазақ халқы алдында әлеуметтік желілер арқылы кешірім сұрауларын талап етеміз!
2. Ұлтараздықты өршіткен жазбаны жариялаған және үнемі әдепсіз, ұятсыз сөздерді насихаттап жүрген "Жаға ұстатты" тобын жаптыруды сұраймыз!
Талғат Қатауов,
Қазақ үні