МЕМЛЕКЕТІМІЗ БЕН ҰЛТЫМЫЗ СЫНАЛАР СОТ
2018 ж. 21 шілде
6205
1
Күндегі әдетпен таңертең әлеуметтік желіде не жаңалық бар екен деп кірсек, екі айдан бері ақпарат құралдары жанашырлықпен жарыса жазып келе жатқан Сайрагүл Сауытбай қарындасымызға араша болуын сұрап танымал құқық қорғаушы Абзал Құспанның Елбасыға жазған Ашық хаты алдымыздан атойлап шыға келді. Түскеніне бірнеше минут қана болған екен. Мәселенің мән-жайын толық түсіну үшін ең алдымен үшбу хатты асықпай оқып шығайық.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевқа Қазақстан Республикасының азаматтары атынан А Ш Ы Қ Х А Т
Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сізге мемлекетіміздің ең жоғарғы лауазымды тұлғасы және Қазақстан Республикасы Конституциясының кепілі ретінде осы хатты жолдай отырып, келесі мәселе бойынша Өзіңіздің жеке араласып саяси шешім қабылдауыңызды сұраймыз. Қазіргі кезде Алматы облысы Панфилов аудандық сотында, заңсыз шекара бұзғаны үшін ҚХР азаматы, этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайға қатысты қылмыстық іс қаралуда. Өзіне тағылған айыпты толығымен мойындаған С.Сауытбай Қазақстанның мемлекеттік шекарасын бұзу себебін 2016 жылдан бері ҚР азаматтығын алған отбасымен қауышу, сонымен қатар, бұдан әрі ҚХР тұру мүмкін еместігі себебімен түсіндіреді. Себебі, аталған мемлекеттің ШҰА округінде аз ұлт өкілдері, оның ішінде этникалық қазақтарға қатысты жаппай адам құқығын бұзу фактілері орын алуда. Ол туралы халықаралық құқық қорғау ұйымдарының есептерінде де көрсетілуде (қосымшада). Қазақстанның қылмыстық заңнамасына сәйкес бұндай қылмыстар үшін елден шығару – міндетті қосымша жаза ретінде көрсетілген. Алайда Сауытбай елден шығарылған жағдайда, ҚХР қылмыстық заңнамасына сәйкес, оны өлім жазасы күтіп тұр, себебі; - Ол ҚХР-да мемлекеттік қызметте болған; - ҚХР Коммунистік партиясының мүшесі болған; - Этникалық қазақтарға арнап салынған концлагерь қызметшісі ретінде, ҚХР мемлекеттік құпияларын білген. Бәрімізге белгілі, Қазақстан «Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенцияға» қосылған ел, оны 1998 жылы ратификацияладық, сонымен қатар, 2006 жылы «Азаматтық және саяси бостандықтар туралы Халықаралық пактіге» де қосылғанбыз. Аталған халықаралық шарт нормалары кез-келген азаптау мен қатыгездік орын алу қаупі бар елдерге адамды беруге, шығаруға тиым салады. Қазіргі кезде, Сайрагүл Сауытбайға қатысты қаралып жатқан іс және ҚХР ШҰАО-гі этникалық қазақтардың жағдайы тек елімізде ғана емес, сонымен қатар әлем бойынша кеңінен талқыланып, қоғамдық резонанс тудыруда (әлемдік БАҚ мақалаларына сілтеме тіркелді). Осы тұрғыда Сіздің тарапыңыздан Сайрагүл Сауытбайды Қытайға бермеу туралы шешім қабылдағаныңыз Қазақстанның әлемдік қауымдастық алдындағы, тәуелсіз және құқықтық мемлекет ретіндегі беделін нығайта түсері сөзсіз! Аталғандардың негізінде, Сізден осы мәселеге араласуыңызды және: - Халықаралық шарттар нормаларының орындалуын қамтамасыз етіп, Сайрагүл Сауытбайды ҚХР-на бермеуге ықпал етуіңізді, - Сайрагүл Сауытбайға мерзімінен бұрын азаматтық беруді, - ҚХР тарапының ерекше қызығушылық танытуы себепті, Сайрагүл Сауытбайды қорғауға алуды қамтамасыз етуді сұраймыз! Құрметпен, қорғаушы – адвокат А.Т.Құспан». (Ашық хат орфографиялық және стилистикалық тұрғыдан аз-кем өңделді. – Ө.А.) Иә, дәл бүгінгі таңда Сайрагүлдің тағдырынан артық күйіп тұрған мәселе жоқ екеніне ешкім де таласпас. Өйткені, жеке бастың күнделікті күйбең тірлігінің көрінісі емес бұл. Оның сыртында тұтас халықтың ар-намысы тұр. Әлеуметтік желіде «Ашық хатты қолдаймыз!» деп қол қойып жатқан жанның қарасы еселеп өсіп келеді. Біз болсақ мәселенің байыбына тереңірек үңілу мақсатымен ғаламтор шарлай бастағанымыз сол еді, Сәуле Әбілдаханқызы қарындасымыздың (бүгінгі заманның «Ақжүнісін» таныстырып жату қажет емес шығар) мынадай жазбасы жарқ ете қалды:«Сайрагүлдің сот процесінен кейін 3-4 сағат жол жүріп, Алматыға жеткен соң бізді көлігімен Жаркентке апарып, алып қайтқан Нұрғали деген азаматтың ұсынысымен Айбын ағаның «Тимужин» мейрамханасында (Райымбек батыр даңғылы, Maximaның артында) шай ішіп, біраз шаршағанымызды бастық. Сол жерде Абзал адвокаттан Сайрагүлдің соты туралы көкейдегі бір-екі сауалға жауап алған едім...» Оқиғаның мән-жайы жайлы нақты да дәлелді сөзді енді біз де қорғаушының өз аузынан естиік. «Сайрагүлдің ісінің қаншалықты маңызды екенін көп адам әлі түсіне қойған жоқ. Соның сыры бүгін ашылғандай болды... Сайрагүл Сауытбай тегін адам емес. Ол Қытайдың саяси үйрену лагерінде жұмыс істеген адам, яғни, Қытайдың мемлекеттік құпияларымен жұмыс істеді деген сөз. Американың, Европаның газеттері, оның ішінде «Вашингтон пост», «Нью-Йорк Таймс» біздің «Ата Жұрт» еріктілер ұйымының материалдары негізінде 50-ден астам мақала берді, көптеген халықаралық ұйымдар, БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі комиссариаты, Хьюмен Райс Уотч, Европарламент осы мәселені зерттеу үстінде. Осы кезге дейінгі зерттеулер нәтижесінде мәлім болғандай, әлем жұртшылығы Қытайдың Шыңжан-Ұйғыр автономдық округінде 1 миллионға жуық түркітектес мұсылманның түрмеде жазықсыз отырғанынан хабардар. Бірақ, осы кезге дейін әлем сол лагерьлерде не болып жатқанын зардап шеккендер мен үшінші жақтағы адамдардан естіп, біліп келді. Ал, сол лагерлердегі, түрмелердегі қытайдың құпия құжаттарын қолымен ұстап, көзімен көрген, және соларға өзі қызмет істеген адам жайлы ешкім ештеңе білмейтін. Бүгінгі сот мәжілісінен кейін «Франс Пресс» секілді әлемдік ақпарат құралдары «Бұл – нағыз сенсация! Қытайдың қылмысы нақты түрде дәлелденді, әшкереленді» деп хабарлап жатты. Қылмыстың әшкере болуы жолындағы Сайрагүл сотының үлес салмағы қандай екенін өздеріңіз пайымдай беріңіздер. Сайрагүлдің басына төнген қатердің қаншалықты зор екенін түсіну үшін бір-екі ғана дәлел келтірейін. Сайрагүл ұлты қазақ әйелдің Қытайдың мемлекеттік жалауын күнделікті таңертең көтеретінін вичат (вацаптың аналогы) арқылы Қазақстандағы туыстарына жіберген екен. Қытай жағы осыны «Отанға жасалған опасыздық» деп бағалап, сол үшін оны өлім жазасына кесіпті... Сайрагүл бүгінгі сотта одан бөлек шын мәнінде Қытайдың мемлекеттік құпиясы болып саналатын құжаттармен бөлісті. Ол үшін Қытай заңнамасына сәйкес Сайрагүл Қытайға қайтарылған жағдайда оны бірнеше бап бойынша өлім жазасы күтіп тұр. ...Алайда, Қазақстан қол қойған, ратификаландырған қос бірдей халықаралық құжаттарға, шарттарға (оларды жоғарыда келтірдік – Ө.А.) сәйкес Сайрагүлді Қытайға қайтаруға болмайды. Қазақстан өз мойнына алған халықаралық міндеттерін атқаруға тиіс.. Мен осы аталған халықаралық шарттарды негізге ала отырып, Сайрагүлдің мүддесіне қызмет ететін, оның прокуратурамен келісімге келуі туралы өтініш өткіздім. Сот оны қабылдап алды және бізге 23-шілдеге дейін уақыт берді. Осы мерзім ішінде Сайрагүлдің тағдыры шешілмек. Мен бүгін бірнеше халықаралық ұйымдардың өтініш хатын іске тігу үшін сотқа ұсындым. Соттың өзінде олар бұрыннан бар екен, бар болса да тағы да қабыл алды. Осылайша, бүгінгі күні сот алаңында екі жақ бетпе-бет келіп отыр. Оның бір жағы – Сайрагүлді өзінің кезекті құрбандығына айналдырғысы келіп отырған қатыгез Қытай үкіметі. Екінші жақ – өркениетті батыс елдері. Олар адам құқығын ең алдыңғы орынға қояды, ең бірінші кезекте соны қорғайды. Олар біздің қандасымызға араша түсіп отыр. Бұл жағдай біздің ұлтымыз үшін ғана емес, мемлекетіміз үшін де сыналар сәт болмақ. Ол қай жақты таңдайды?..» Әлеуметтік желідегілер «Сайрагүл қызмет еткен «түзету лагерінде» 2,5 мыңнан астам қазақ қамалған, ал, бұл жайлы ақпараттың барлығы Қытайдың мемлекеттік құпиясына жатады. Ал Сайрагүлге «осы құпияны тісіңнен шығарсаң, ату жазасына кесілесің» деп ескертіп, құжатқа қол қойғызып алған. Ендеше, Сайрагүлді Қытайға беруге болмайды» деп жазуда. Бұл мәселеге Еуропа мемлекеттері мен АҚШ та назар аудара бастағанын адвокат Абзал Құспан айтып өтті. Ал Сайрагүлдің өзі 20-маусым күні «Қамалатыным анық болған соң, шекараны бұзып өтуге іштей дайындала бастадым. Оның үстіне бойдақ қазақ келіншектерін қытайдың үйіне айына сегіз мәрте қондыру міндеттелді. Құдай оңдап маған таныс ханзудың үйі бұйырды. Оған күніне 20 юань беріп, «қонды» деп қол қойғызып алып жүрдім. Кеш бата ханзудың үйіне кіремін. Шарбағынан секіріп шығып, ауыл шетімен өз үйіме барып, жарық жақпай түнеймін. Осындай саясаттан соң менде шекара бұзудан басқа амал қалған жоқ» деп жазса, кеше 13-шілде күнгі сотта өзінің шекараны бұзған себебін: «Шекарадан өткенде, оның заңсыздығын да, зардабын да түсіндім. Бірақ мен шаңырағыма оралу үшін, жанымды аман алып қалу үшін осындай қадамға бардым!» деп түсіндірген. Кейбір заңгерлер соттардың өзінің ішкі түйсігіне сүйене отырып адамды қорғау үшін заңды белден басуына рұқсат та бар, алайда оны бір жылда екі-ақ рет пайдалануға болады, соны біздің сот та қолдансын дейді. «Құқық адамгершіліктен төмен» деген сөз көне заманнан келе жатқанын ескерсек, бұл сөз құлаққа кіреді. Құлаққа кірмейтін сөздер де бар. Әлгі заңды мүмкіндікті қолдануға қарсы қазақтар да табылып жатыр. Олар «заң жаман ба, жақсы ма бәрібір, заңның аты заң, оны бұлайша қалауыңа қарай бұруға болмайды» деп көсемсуде. «Сөз емес сөзді кісі емес кісі айтады» деген нақыл осындайдан қалған-ау, сірә. Әйтпесе, Абзал Құспан айтқандай бүкіл ұлт та, мемлекет ауыр сынға түсіп жатқанда, қандасыңды жаудан аман алып қалуды емес, жаман заңнан ауытқумайды ойлау саудың тамағын ішіп, жындының сөзін айтатын адамның ғана ісі шығар... Бұл жерде парадоксалды жағдай: Отаны үшін, отбасы үшін, өзінің ар-намысы үшін басын бәйгеге тіккен Сайрагүлді Қытайға бергізбей аман алып қала алғанымыз – Сайрагүлдің өзі үшін жақсы. (Ал оны жеңіл жаза беріп, Қытайға бермей алып қалуға толық мүмкіндік бар.) Сайрагүлді біздің билік осалдық жасап, Қытайдың талабына көніп, ұстап бергені яғни, бірнеше бап бойынша өлім жазасына кесілген оның құрбан болуы – қазақ халқының бірігуіне жақсы... Өмірзақ АҚЖІГІТ qazaquni.kz