АУЫЛДЫҢ ЖАЙЫН КІМ ОЙЛАЙДЫ?

«Ақ жол» ҚДП парламенттік фракциясының депутаты Берік Дүйсембинов Біржан сал ауданының Макинка ауылындағы орта мектепте жергілікті тұрғындармен кездесті. Басқосу барысында ауылдағы түйткілді мәселелер күн тәртібіне қойылды. Аудан әкімі Ермек Нұғыманов өңірдегі жергілікті билікпен қолға алынған шаралар жайлы хабарлама жасады. Ауылды көтеру – елдің қамын ойлау, болашақ ұрпаққа жанашырлық таныту екенін жеткізді. Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Дүйсембинов өзінің жергілікті жерге жұмыс сапарының мақсатын түсіндірді. Бұл ауылға барып қайттым дейтін науқаншылық сапар емес, елдегі жағдайды өз көзімен көру деп атап көрсетті ол. Осылай тұрғындармен емен-жарқын әңгіме өрбіді. Қойылған сауалдарға толымды жауаптар қайтарды. Елбасының бес әлеуметтік бастамасы да әңгіме өзегіне айналды. Депутат еліміздегі ұлттық идеология жөнінде де ой тарқатты. Ауылдықтар жолдың нашарлығын, жастардың жұмыс жоқтықтан қалаға кетіп жатқанын айтып, араша сұрағандай болды. Бір өкініштісі, бұл кез-келген ауылдың бас­ты мәселесі. Сондықтан, халық қалаулысы рухани жаңғыру аясында әр азамат өз ауылын көтеруге атсалысуы қажет екенін атап өтті. Бұл туған жерге деген сүйіспеншіліктің бір көрінісі. Ал, жергілікті шаруа Манарбек Қазыбаев өсірген астығын сату аса қиын мәселе екенін жеткізді. Үкімет бұған назар аударуы қажет деді ол. Әйтпесе, ауылдағы шаруалардың өндірісі құлдырап, жағада қалған қайықтың кебін киюі ғажап емес. Мұғалімдер жалақысы да ауызға алынып, осының бәрі депутаттың назарына ұсынылды. Өз кезегінде Берік Дүйсембинов елдің жайын қашан да көкейде ұстайтынын, бұған атқарушы биліктің көңіл бөлуі үшін белсене үлес қосатынын тілге тиек етті.

"Ақ жол" партиясының баспасөз қызметі

qazaquni.kz