МӘҢГҮРТСТАН

 

 

 

 

Ақтан ТӨКІШ

 

РОМАН - АНТИУТОПИЯ

Әкемнің әруағына арнаймын

  Мен - бостандықтамын! Мен үйге ораламын! Бұл күннің туға­нына сенер емеспін. Сотталған мерзімімді (14 жыл) толық өтеп шығуға, оған қосылған 9 жылға қалай шыдадым екенмін? Қосымша жылдарды сырттан хабар, ақпарат алуға тырысқаның үшін қосып берді. Сүйтіп, үш хат алғаным үшін 9 жыл қосып алдым, содан кейін туыстарым да маған хат жазуды тоқтатып, әйтеуір бір күні босанар деген үмітін үзбеді. Бұл жалғыз менің басыма түскен жағдай емес-ті, көпшілігі 6-9 жылдан, тіпті 15 жылға дейін қосып алғандар бар. «Үш хат алғаным үшін 9 жыл қосып алдым» деп отырмын ғой, бірақ шын мәнінде ол хаттар қолыма тиген жоқ, оларды айғақ ретінде көрсетеді, яғни кімнің қолымен жазылғанын көрсетумен шектеледі. Хат-хабар үшін берілетін жазаның соншалықты ауыр екенін жақсы түсінеміз. Бірақ, келген хат-хабардың құны біз үшін қаншалықты қымбат екенін білсеңші. Оларды оқи алмай тартқан жан азабы мен тән азарын айтсаңшы. Келген хатта не жазылды екен деген ой еске түскенде жүрегім дүрсілдеп, қолым қалтырап, тәбетім қашады. Құдды таңертең басын жаза алмаған алқаштың немесе темекі құмар адамды үш күн бойы темекі шеккізбей сосын сигаретті көрсетіп, бірақ қолына бермеген адамдайсың. Дәл сондай жағдайға түскендейсің. Бәрінен де жан азары жаман екен. Бұл жерде біздің сыртқы әлеммен еш байланысымыз жоқ. Кітап оқымаймыз (ол үшін 6 ай қосылады), газет оқысаң 1 жыл, ұялы телефон үшін 5 жыл қосылады. Интернет жайлы қиялдап та қажеті жоқ, тіпті конвойлармен де сөйлестірмейді. Бізді түрмеге отырғызғандардың мақсаты - сыртқы әлемнен хат-хабар алдырмау ғана емес, бізді біржолата сыртқы әлемнен бөліп тастау. Конвойлармен қарым-қатынастарымыздың түрі - олардың бұйрығын естіп отыру, біз жағынан оларға есеп беріп тұру. Одан артық қатынасқа олардың өздері де қорқады, түрмеге түсіп қалуы мүмкін. Біз болсақ жыл қосып аламыз ба деп қорқамыз, оған тырыспаймыз да - көз алмай отырған бақылау, камералық және сексоттық (сексот - секретный сотрудник деген мағынаны білдіреді. Ауд.) аппаратура тағы бар. Біздің сыртқы әлемнен оқшау өмір сүруге бейімделгендігіміздің тағы бір белгісі - біз толық өзді-өзін қамтамасыз ететін колониямыз. Бұл жерде айта кетуге тиістімін, әйтсе де кейбір жаңалықтар бізге жетіп тұрады, бірақ олар бір сарынды хабарлар - отбасы мүшелерінің өлімі жайлы. Әрине, мұндай хабарды кім жақсы көрсін. Хат алғаның үшін жыл қосып алсаң, туғандарыңнын өлімін естігеннен кейінгі күндер мен айлар көңіліңді құлазытады, өз өмірің мен туғандарыңның амандығын уайымдатқаннан басқа ештеңе қалмайды. Осы түрменің себебі болған уақытты, сағатты еске түсіріп, егер сол 12-і жылы осы жағдайға тап болмағанымда өмірім қаншалықты басқаша болған болар еді деген ой қайта-қайта оралады. Осыдан 7 жыл бұрын ағамның өлгенін, одан екі жыл өткенде әйелімнің қайтыс болғаны жайлы хабар алдым. Ол хабарларды туысқандарымнан емес (олар жыл қосып алады деп қорқып хабарламайды), биліктен естігендіктен, жаман хабарлардың мән-жайынан мақұрыммын. Ағылшынның «жаңалықтың жоқ болғанының өзі - жақсы жаңалық» деген мақалының шын мағынасына енді түсінгендеймін. Сырттан хабар келмеуін тілейтін болдық. Біз жылдар бойы тек өзара байланыс пен қатынаста болдық. Жалпы санымыз мыңға жуықпыз. Елімізде біздің колония сияқты қанша ер, әйелдер мекемелері бар екен, ол жағын білмедік. Алғашқы кездерде біздің мұндай «өміріміз» ұзақ бола қоймас деген үмітте жүрдік. Біріміз, бұған әлемдік қауым араласар деген ойда болсақ, екіншілеріміз - халық бізді босатуға күш салар деген үмітпен жүрдік. Ең сары уайымшылар жағы - бұл екі арманның екеуі де болмайды дегенді айтатын. Әлемдік қауым өзіне тиісті үлестерін алып жатқан болса, халық жағы бұрынғы әдетінше дүниеде не болып, не қойып жатқанынан хабарсыз жатты. Алғашқы жылдары біздің өзара әңгімеміз бен пікір таласымыз, сол кезде Икс уақытында нені дұрыс, нені бұрыс жасадық, нені жасамадық төңірегінде болды. Бұл тақырып жан күйзелтетін, жан жарасын тырнайтын әңгімелер еді. Қандай қадам жасағанымызда дұрыс болған болар еді деген жүздеген баламалы варианттарды ой сарабынан өткіздік. Бірте-бірте бұл әңгіме төзім мен үмітімізді шаршатып, әбден сарқылып таусылдық, тағдырға көндік. Бұл өмірімізді өзгертетін жағдай немесе мүмкіндік туып қалады-ау деген қиялды да миымыздан қашыра бастадық. Себебі мұндай орындалмас қиял адамды есі мен ақылынан айырып тастауы мүмкін. Ендігі ең басты мақсат - аман қалып, елге оралу. Иа, аман қалып, елге оралу. Қайда, қандай елге, қай уақытта, қандай халыққа - оны ойлаудың өзі қорқынышты. Футурологиямен яғни болашақты болжаумен ешқайсымыз айналыспаймыз, ал әлемде не болып жатыр деген нәрседен түгелдей аулақпыз. Ешқандай газет, журнал, кітап оқу мүмкіндігіміз болмағандықтан бір-бірімізге бұрын оқығандарымызды айтатын болдық. Бір жақсы жері - арамызда оқыған сауатты білімдарлар көп болды: гуманитарлық, техникалық білім алғандар, дәрігерлер. Олар өздері білетін білім салаларымен бөлісетін. Мен солар айтып берген классикалық әдебиет шығармаларының көпшілігін білемін. Өзімнің аздап ағылшын және неміс тілін білетіндігім бар болатын. «Жер аударылудағы» 23 жылымда бұрынғы заңгерлік біліміме сырттай және шартты түрде тағы екі мамандықты «қосып» алдым - «Азаматтық құрылыс» пен «Қазақ тілі мен әдебиетінің» мұғалімі. Өкінішті жағы, енді оларды бостандыққа шықсам да пайдалана алмаймын. Жасым 64-е. Бұл жерде өткізген жылдарда біз уақыттан тыс өмір сүріп, уақыттың тұтқыны болдық. Өміріміз өзгермесе де қартаюдан құтылған жоқпыз. «Жер аударылған» кездегі ең жасымыздың өзі бүгін 45-е келсе, көпшілігі - 60-80 жасты қаусарды. Колонияда 25 жыл шамасында отырғандарының 70-н аса бастағандары өле бастады. Соңғы 10 жылда олардың 197-і өлді. Бұлар біздің колонияның бестен бірін құрайды. 32-і жылы бізге «жер аударылғандардың» 100-е жуық жаңа партиясы қосылды. Олардан білгеніміз, олар тұрған колонияның адамдарының көпшілігі өлгендіктен (шалдар болғандықтан) колонияны таратып жіберіпті. Қалғандарын (саны 600-дей, жас шамалары 50 мен 65 арасында) басқа колонияларға бөліп-бөліп жіберіпті. Басқа колонияларға ауыстыру жұмыстары түн мезгілінде ғана жасалғандықтан олар қайда апаратынын білмеген, тіпті ешқандай қаланың түнгі оттарын да көрмепті. Осыдан пайымдап байқағанымыз, біздің колония сияқты орындар маңымызда бес-алтау сияқты. Сан шамасын да есептеп көргенімізде, жер аударылғандардың саны алты мыңға жетеді. Сонда елімізде біз сияқты қанша адам колонияларда отыр? Қаншамыз босану мерзіміне аман-есен жетеміз? «Жер аударылудың» шекті мерзімінің 30 жыл екенін ескерсек, соңғы түскендер тек 2042 жылы ғана бостандыққа шыға алады. Босанған кезде олардың жасы 55-60 шамасында болады. Осындай жасқа келіп жаңа өмір бастауға бола ма? Шынымды айтар болсам, туған үйіңдей болып етің үйренген колонияны тастап кету қиын нәрсе екен. Өз арамызда біз оны «қыстау» деп атайтынбыз (шынына келгенде оны песхана деген дұрыс). Олай деп атағандағы ойымыз - бір күні жаз жайлауға көшерміз деген үмітіміз болғандықтан. Жалғыз мен ғана көшіп жатырмын. Бұл «қыстауды» тастап бара жатқан жалғыз мен емес. Көпшілігіміздің мұндай кезде білгіміз келетін нәрсесі - бізден бұрын босанғандар бұрынғы өмірге қалай орналасты екен? Қалай және қайда өмір сүріп жатыр? Бұрынғы таныстарынан кімді тапты? Сұрақтарымыздың жауабы жоқ еді. Енді мен сол «қайта оралғандардың» тағдырын білсем деп ойлаймын. Осы белгісіздік мені қорқыта бастады. Мені ана ЖАҚТА не күтіп тұр? Ол ЖАҚТА бәрімізді не тосып тұр?

II

Босанар алдында менімен арнайы түсіндіру жүргізілді. Мақсаты - маған жаңа өмірге бейімделуге көмектесу болса керек. Тиісті құжаттарымды алдым: жаңа үлгідегі төлқұжат, ол өзі компьютерлік минидискіге ұқсайды. Түсінгенім - оның ішінде мен жайлы барлық деректер бар, саусақтарымның таңбасынан бастап көз қарашығымның барлық сипаттамалық деректері берілген. Берілген қоныс куәлігі бойынша Астананың маңында тұруға тиіс екенмін. Сонымен біргеи банкілік карточка берді, карточка арқылы зейнеткер есебінде маған мемлекет белгілі бір сомада ақша аударып тұрады. Бұл ақша маған ең қажетті деген нәрселерге жетеді: «old people-hause» атты баспанаға, үш рет тамақ, дәрігерлік қызмет, киім-кешек, көлікпен жүру билеті, жылына бір рет ел аймағында бару-келу жол қаражаты. Инструктордың тағы бір айтқаны, елімізде зейнеткерлер жақсы өмір сүреді, себебі мемлекет оларды өз қамқорына алған, балалары да көмектеседі. Сондықтан да олар ел аумағында көп қыдыруына, тіпті жеке үй сатып алуына да болады екен. Міне, осы жерде инструктор маған менің отбасым жайлы айтып берді. Қызымның 15 жасар ұлы мен 12 жаста қызы бар екен. Ұлдарымның үлкенінің екі қызы, кіші ұлымның 2 ұлы бар көрінеді. Мен үшін ең жақсы жаңалық осы болды. Қалған жаңалықтары онша маңызды емес. Колонияда жатқан кезімде балаларымның жас шамасын есептеп, немерелерім бар шығар, оларды да көретін күн туар деп армандайтынмын. Енді сол арманыма жетіп отырмын. Өз бақытыма өзім сенер емеспін. Менің бір түсінбегенім, «old people-hause, қарттар үйі» деген немене? Нұсқаушының түсіндіруі бойынша, бұл өзі қарияларға барлық жағдай жасалған үйлер көрінеді. Асханасы, арнайы бөлмелері, тұрушыларға барлық жағдайлар жасалған. Мұндай үйлер барлық қалаларда бар, сондықтан мен қайда барсам да, үймен қамтамасыз етіледі екенмін. Бұл жаңалық маған ұнаған жоқ, мен өз балаларыма барып солардың қолында тұрамын дедім. Бірақ нұсқаушы маған кәмелетке жетпеген отбасылық үйлерде тұруға болмайды деді. Балаларымның үшеуінде де кәмелетке жетпеген немерелерім бар, сондықтан мен олардың үйіне күндіз және кешкі уақыттарда ғана бола алады екенмін. Бұл не сандырақ?! Сонда мен өз балаларыммен бірге тұра алмаймын ба?! Нұсқаушының тағы бір айтқаны, орналасып алған соң және әлеуметтік қамқор жасау орындарына тіркеліп болған соң істейтін бірінші ісім - қызымның үйіне бару (балаларым солай шешіпті), сосын ұлыма баруым керек, онан кейін қайда барсам да өз еркім. Егер мен басқа ордаға барғым келсе (облыстар осылай аталатын болыпты), онда виза алуға тиіс екенмін. Орданың шекарасынан өткен кезде банкілік карточкам автоматты түрде сол орданың валютасына айналады. Қалайша әр облыстың өз ақшасы болады деп таңданған сұрағыма «біртіндеп үйренесің, олд пипл хауздағы қарттар көмектеседі деген жауап алдым. Қызыма баратын жол билетімді нұсқаушы сол жерде қолыма берді, сүйтті де баратын жерге апаратын автобусқа мінуімді өтінді. Билетке қарасам, баратын жерім Қостанай, қызым ешқайда көшпепті. Көп ұзамай көлігіміз жолға шықты. Жылдар бойы тек аяғыммен жүрген мен бейбаққа микроавтобусқа мінудің өзі бір ерекше нәрсе. Көптеген нәрселерге жаңадан үйренуге тура келеді. Нұсқаушының түсіндіргендерінің ешқайсысы маған ештеңені айқындаған жоқ, жол бойы жүздеген сұрақтар миыма кіріп-шығып жатыр. Не боларын алдағы уақыт көрсетер. Маған ең алдымен көз құмарымды тойдырып алуым қажет. Терезе сыртындағы табиғат көрінісіне тояр емеспін. Жылдар бойы көргенім тек төрт қабырға, темір шарбақ, тікенек сымды қоршау мен бетон шаңырақ. Енді, міне – бостандық туды. Көзімді алысқа, қиырға тастап, ой мен толғанысқа беріліп келемін, естелік пен қиял, арман бәрі қабаттасып жатыр. Менің ой, толғаныстарыма қиыр дала өзінің шексіздігімен, байсалдылығымен және үнсіз бейтараптығымен жауап беріп жатқандай. «Тар етік кимеген, өмірдің кеңдігін түсінбейді» деп қазекем бекер айтпаса керек. Сәуір айы болатын, ауада көктемнің исі мүңкіп тұр. Жаттанды сөз деңіздер мейлі, әрбір жұтым ауаны кеудеме тартқан сайын көктем менің тұла бойыма еніп жатқандай сезінемін. Кең дала ұялған секілденіп, беті жасыл тартып, жайбарақат әдемілене бастағандай көркем көрініп барады. Даланың мұндай күтпеген жерден сұлу қыздай көрікті тартқанын бірінші рет көруім. Жан-жағындағы өзгерістерді түсінбейтін пәк мінезді қылығымен, сұлулығымен, толысып жарасқан бой бітімімен жұртты таңдандырған бойжеткен сұлуға ұқсап кетті. Бір кездерде мен көрген кең шексіз, қар басқан, тіршілік белгісі жоқ ұланғайыр кеңістік бір сәтте жарқыраған жұмсақ шуағымен, кең аспанның астындағы жұмсақ көк майса кілемін қонақжайлылықпен жайып тастағандай. Бір ғана сәтте болған осы өзгерісті түсіну маған сол сәтте мүмкін емес-ті. Менің көктем айында бостандыққа шыққаным қандай жақсы болған десеңші. Баратын жерге кешкі 5 шамасында жеттік. Үйдің кіреберісінде мені үй коменданты алдымнан шығып күн тәртібімен таныстырды. Ең маңыздысы, тамақ ішетін уақытты айтты. Тамақ ішу уақытын бұзуыма болады екен, ондай жағдайда тамақ дайындау өз мойнымда екен. Маған барлық жағдайлары бар кішкентай екі бөлмелі пәтер бөлініпті, бөлме­лерден бөлек ас дайындайтын жері бар.  

Орысшадан аударған

Сағат ЖҮСІП

(Жалғасы бар)