ХРУЩЕВТЫҢ зорлығы немесе ҚАЗАҚ ЖЕРЛЕРІ ҚАЛАЙ ӨЗБЕКСТАНҒА БЕРІЛДІ?!.
2018 ж. 17 шілде
34613
12
Өзбектер Қазақстандағы Шымкент облысы Бостандық ауданын сұрап, Мәскеуге бірнеше рет хаттар жіберген. Ол кезде Өзбек КСР-нің бірінші хатшысы Мухитдинов болатын. Ол мынадай себептерді алға тартты.: "Біріншіден, Қазақстан бұл ауданға Ташкент арқылы қатынайды (Жол болмаған) Екіншіден, мақта саламыз, мал көбейтеміз, экономиканы көтереміз" деп өзбектер осынау шұрайлы өлкені әйтеуір бір сылтаумен қолға түсіргенше жанталасқан.
КОКП Орталық Комитетінен Шымкент облысының Бостандық ауданын Өзбекстанға беру жөнінде ұсыныс енгізіңдер деген нұсқау болды. Осы мәселе жөнінде Ж.Тәшеновтің төрағалық етуімен арнаулы комиссия құрылды. Оның құрамында М.Бейсебаев, С.Дәуленов, Х.Арыстанбеков, А.Морозов, В.Гогосов, В.Шереметьевтер болды. Комиссия жергілікті жағдайды жете зерттеп, "Өзбек КСР-не Мақтаарал ауданының кейбір бөліктерін беруге келісеміз, ал Үкіметтің Бостандық ауданын беру туралы өтінішін негізсіз деп санаймыз" деп шешім шығарады. Бостандық ауданының жері мал өсіруге қолайлы екендігін, құрылыс материалдарын өндіруге, су-энергетикалық қорларының молдығын… қорғасын, көмір және машина жасайтын өндірістердің жұмыскерлері демалатын санаторийлер ұйымдастыруға өте қолайлы екендігін ескеріп, бұл ауданды Өзбекстанға беруді өте тиімсіз санады". Оңтүстік Қазақстан облысының Бостандық ауданын Өзбекстанға беру жөніндегі Өзбек КСР-і өкіметінің сұрауын комиссия негізсіз деп есептейді деген хат Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Л.И.Брежневке жіберілді1. (М. М. Ерімбетов. АЗАТ газеті. 30 наурыз 2005 жыл).
Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті сол кезде мынадай қаулы қабылдады: 1. Бостандық ауданына қарасты жердің маңыздылығын жоғары бағалай келіп, ҚКП Орталық комитетінің бюросы Ж.Тәшенов басқарған арнайы комиссияның қорытындысымен келісті. Бостандық ауданын Өзбекстанға бермеу жөнінде қаулы қабылданды.
1955 жылдың 12 қарашасында Қазақстан басшыларының қарсылығына қарамастан Н.Хрущев қол қойған КОКП Орталық Комитеті Президиумының қаулысы бойынша КСРО Жоғары Кеңесінің Төрағасы К.Ворошилов қол қойған жарлығымен Қазақстанның Бостандық ауданы Өзбекстанға берілді.
Сөйтіп, Бостандық ауданы ең құнарлы да ұлан-ғайыр территориясымен, 360-370 мыңдай қойымен қоса Өзбекстанға берілді, ал ар жағындағы Бағыс пен Түркістан ауылына қарасты 20 миллион гектардай жайылым карта жасағанда Қазақстан қарамағында қалды.
Сол қалпында Жоғарғы Кеңестің сессиясында қаралып, біраз жер өзбектердің пайдасына шешіліп кете барды… Ол кезде сессия төрағасы Д.Қонаев болатын. Артынша Мухитдинов Саяси бюроға мүше болып Мәскеуге ауысты. Оның орнын Ниязов ауыстырды. Ниязов өндіріс академиясында Н.Хрущевпен бірге оқыған. Сонымен бірге Н.Хрущевтің тамыры Насреддинова Жоғарғы Кеңеске төрағалыққа келе қалды. Ел аралауға барғанда ол екеуі жұп жазбайтын адамдар болған екен. Сол кезде Хрущев Насреддинова не айтса да қарсы болмайтын болған. Содан олар: "Мынау Мақтаарал, Киров, Речевский-мақталы аудандар, қазақтар мұның бәріне Ташкент арқылы келеді. Осы жерлерді бізге беріңдер"- деп тағы өтініш жасайды. Сол жолы Ж.Тәшеновтің күшімен Қазақстанда қалған қазақ жерлері кейін Өзбекстанға қосылып тынады. Кейін Л.Брежнев кезінде Мақтаарал, Жетісай аудандарының кейбір бөліктері бізге қайтарылып берілді. Әйтсе де өзбектер бұрынғы қосып алған қазақ жерлерінің жартысын алып бермей қалды.
Сөйтіп өзбек басшыларының ұзақ уақыт күш салуының арқасында 1956 жылы Шымкент облысының Бостандық ауданы мен Киров ауданының Тимирязев атындағы совхозы Өзбек КСР-ына берілді. Қазақ жерлерін әуелі арендаға сұрап, кейін басып алу осы 1956 жылы басталды. Өзбекстанның осы басқыншылық ниетпен иеленуі қазақ халқының мүддесіне, әдет-ғұрпына, экономикалық, мәдени, ұлттық қатынастарына нұқсан келтірді.
Бостандық ауданын берген кездегі 418 гектар жер - қазақтікі еді. Мұнда шай плантациялары болды.
Өзбекстан шекарасын кеңейтудің төртінші кезеңі 1963 жылы басталды. Сол кезде Н.С.Хрущевпен жеке достығы бар, ұлтшыл көңілдегі Ш.Р.Рашидовтың ынтасы мен Шымкент облысының үш ауданы - Мақтарал, Жетісай, Киров аудандары - Өзбек КСР-ы құрамына өтті. Кейіннен осы үш аудан аймағында Ш.Р.Рашидовтың Отаны - Жизақ облысын нығайту үшін тағы жеті аудан ұйымдастырылды.
Киров ауданының алты совхозы өзбектерге берілісімен (Шымқорған, Арнасай, Аманкелді атындағы, Ильич атындағы, Қызылқұм, "Известия" газеті атындағы совхоздары) Фариш ауданының қарамағына жатқызылды. Қазіргі Мырзашөл, Арнасай аймақтары, Фариш ауданының үлкен бөлігі (Шымқорған, Арнасай, Аманкелді атындағы, Ильич атындағы, Қызылқұм, "Известия" газеті атындағы совхоздар) 1963 жылға дейін заңды түрде Қазақстанға қараған. Бостандық ауданы түгелдей және қазіргі Жизақ облысының Мырзашөл, Достық, Октябрь аудандарының, Сырдария облысының Ильич, Ақалтын ауданының аймақтары 1953 жылға дейін Қазақстан аймағы болған. Сол кездегі Өзбекстан басшыларының аса ыждаһат салуымен және қазақтардың ұлттық абыройына Қазақстан басшыларының әдейі енжарлықпен қарауы нәтижесінде ол жерлер негізсіз арендаға Өзбекстанға берілген.
Қазақтардың қайсарлық көрсеткен әділетті талабынан кейін 1971 жылы Шымкент облысының үш ауданы: Мақтаарал, Жетісай және Киров аудандарын аймақ қалпында Қазақстан құрамына беру шешілді, бірақ сол аймақтарды қайтарар кезде Рашидов аталған аудандардың бірқатар жерлерін алдын-ала 1969 жылы-ақ Сырдария облысына беріп жібергенді. Бұрынғы Мақтаарал ауданының жерінде Сырдария облысының Ақалтын және Ильич аудандары ұйымдастырылған, ал Жетісай ауданының жерінде Сырдария облысының Мырзашөл ауданы ұйымдастырылған, Шымкент облысының Киров ауданындағы бес совхоз (Шымқорған, Қызылқұм, Амангелді, Арнасай, Ильич) Сырдария облысының Фариш ауданына берілді, кейіннен жоғарыда аталған қазақ жерінде Өзбекстан Компартиясының бірінші хатшысы Рашидовтың Отаны Жизақ облысы ұйымдастырылды.
Сөйтіп Қазақстанның алты совхозы және жеті ауданындағы көлемді бөлігі Өзбек КСР-ында қалды.
Ғасырлар бойы басқа халық иелігіндегі аймақтарды бірнеше рет және бірыңғай алып қоя беретін құдіретке ие болған Өзбекстанда әсіресе қазақтар үшін әлеуметтік теңдік болмады. Ұлтшылдық пиғылдағы Ш.Рашидовтың басшылығымен осындай жағдай қалыптастырылды. Егер бұрын партия, совет ұйымдарында және министрліктерінде қазақ өкілдері кездессе, қазір мүлде жоқтың қасы немесе бірен-саран ғана. Рашидов кезеңіне дейін ет-сүт министрлері болып Сарықұлов, Насыров, Ташкент политехникалық институтының ректоры болып Ниязов істесе, аудандық партия комитетінің хатшылығында 20 адам болды, оның алтауы Ташкент облысының аудандық партия комитетінің хатшысы қызметін атқарған.
Мал шаруашылығының ауыр еңбегіне қамқорлық мүлде жоқтың қасы. Жизақ облысындағы, Бұхар облысының Тамды және Кенимех аудандарындағы шопандардың 99 пайызы қазақ, олар 30-40 жылдарға пара-пар аянышты жағдайда өмір кешуде. Оларға ешкім қамқорлық жасамаған, жарықсыз, кітапсыз, газетсіз, ана тілінде болмайтының айтпағанның өзінде, теледидарсыз күндерін өткізсе де жұмыс істеп, республика экономикасына қомақты үлес қосып келеді.
Бұрын республикалық 42 жоғарғы оқу орнының онында қазақ тілінде оқытатын факультеттер болатын. Қазір жалғыз Низами атындағы ТМПИ-де ғана қазақ тілі мен әдебиеті факультеті бар, оған жылына 25-ақ студент қабылданады. Бірқатар ауылдарда қазірдің өзінде туған қазақ сәбилерін қоқаңлоқ-қылықпен өзбек деп жазады. Әке-шешесі қазақ, сәбилері өзбек! Жастар мектепті қазақ тілінде бітірсе де, емтиханды өзбекше тапсыру керек деген талап қойылған. Демографиялық мәліметтер бойынша республикада 2 миллионға жуық қазақтар тұрады, бірақ республикалық 1 газет пен 1 баспа ғана бар, республикалық театр, концерт ұйымдары жоқ.
Ал Қазақстанда бірнеше ондаған мың кәрістер, ұйғырлар және немістер тұрады. Олардын барлығында республикалық, аудандық газеттері, республикалық театрлары, ансамбльдері бар. Түрік, дұнған, татар шығармашылық ұйымдары, олардын тиісті бөлімдері баспада, Жазушылар Одағында және Қазақ ғылым академиясында жұмыс істейді. ("Жұлдыз ", 1997ж. №4; "Ана тілі", 2003, 9 қаңтар №1.)
Өзбекстан миссионерлері отаршыл патша өкметі миссионерлерінен асып кетті. Кіші халықтарды қаншалық ұлттық алауыздықа ұшыратқан сайын, интернационализм барабанын соншалық қаттырақ даңғырлата соғып, өзінің шовинистік идеяларын өңін айналдырып жалған интернационализмнің шәйі көрпесімен бүркемелеген орыстар секілді, советтік және қазіргі мұстахил (егемен) Өзбекстан әкімдерінің қазақтар туралы саясаты да одан аумаған зымиян жымысқы саясат жүргізуде. Өйткені екеуінің де мақсаты - халыққа өз тарихын ұмыттырып, рухани құлға айналдыру. Рашидовшылар Өзбекстан қазақтарының тарихын ұмыттыру мақсатында архивтегі газет, журнал, кітаптарын, документтерді өртетіп жіберген. Мұнда қазақ парасатын талқандап, парықсыз, рухани құлға айналдыру, қазақты ұлтынан бездіру саясатының ізі жатыр.
“Жер тарихы - ел тарихы” десек, бұл мекенге қазақ атаулы аяқ баспаған секілді. Жер - су аттары түгел өзгеріп кеткен. Жаңа ашылған аудан, қолхоз - совхоздардың аты Түйедала, Жантақсай, Ержар, Бөртескен, Жынғылды, Жетімтау, Құлпысары, Балықты болудың орнына кілең маршалдардың аты қатар тізіліп қойыла берген соң бұл өлкеге бұрын-соңды қазақтың аты тұяғын баспаған секілді, қыран ұшпаған құла дүз секілді, ит шөлден өлетін ақ тақыр секілді, жан басып, жан жасамаған жер секілді. Әлімсақтан осында тұрып келе жатқан мына біздің ел - қазақтар анасынан әлі туылмаған секілді. Ел тарихын әдейілеп ұмыттырудың бұл ең төте жолы болды. Оның дәлелін қазақ жеріне орнаған Жизақ облысындағы өзбектің тоғыз ауданындағы шаруашылық аттарымен танысқанда көз жеткізесіз.
Қазақтың XX ғасыр басындағы мәдени ордасы Ташкент болғандығы туралы естеліктер де қалмаған. Ізі білдірілмейтін дәрежеге жеткізген. Осы ордада Мағжан, Мұхтар, Сұлтанбек, Тұрар, Ғани сияқты жүздеген азамат болған қазақ тарихынан ғана білеміз. Басқаны қойғанда бірінші Түркістан республикасының төрағасы, 11 жыл РСФСР Совнаркомының орынбасары болған Т. Рысқұлов атындағы не бір көше, не мектеп жоқ. Керісінше, қазақты өзбектендіруге үлес қосқан қазақ Сұлтан Сегізбаев атында көптеген көшелер, арнаулы оқу орындары, мекемелер, мектептер бар.
Ұлтаралық қатынастарды шиеленістірудің негізгі сыры - Өзбекстан әкімдерінің жергілікті жерді өзбектендіру саясатында жатыр. Жоғарыда айтылғандай, осындай өздеріне қол шоқпар, жергілікті ел тағдырына басы ауырмайтын қайдағы бір қазақты облыс не аудан әкімшілік столына қарауыл етіп қояды да, соның қолымен от көсейді.
Қазақтың азаматтық құқығы аяққа тапталып, жеке бастың творчестволық даму тамыры түбімен шабылғанын былай қойғанда, кейбір тарихи тұлғалар туралы материалдар мұрағатта құртылып, реті келетінін өзбектендіріп жіберген. Мысалы, Отырарлық Фарабиды былай қойғанда, генерал Сабыр Рахимов Қазығұртта туған қазақ. Т. Рысқұловтың семьялық архивын тапсырмақшы болғанда, “өзбек деп жазып берсеңіз қабылдаймыз” деген талап қойған. Бейбарысты-өзбек, Түркістанды астана деп жазудың да өзіндік сыры бар. Сұлтан Бабыр мен Әмір Темірге ескерткіш орнатылды, кітаптар шығарылды. ( М. М. Ерімбетов. АЗАТ газеті. 30 наурыз 2005 жыл.)
Қазақстан жұртшылығы қазақтардың азайып кетуін тек Голощекиннен ғана көрмей негізгі болып табылатын тағы бір себеп - Өзбекстан миссионерлері Ахунбаев, Рашидовтар да жатқанын білгені дұрыс. XX ғасыр басында басым көпшілікті құраған қазақ елі қайда? Оның бір дүркіні Өзбекстан республика болып құрылуы үшін ұлттық деградация құрбаны болды, яғни өзбектеніп кетті. Екінші дүркін, сол 32 жылы аш - жалаңаш босқан елді бір шапан, 1кг. қант, қос уыс жүгері беріп, өзбек деп жаздырып қабылдай берген, қыздар өзбекке тиген, аштан өлгеннен өзбек болғанды дұрыс көріп, “өзбек - өз ағам, неғылар дейсің” деп өздерін - өздері жұбатып, осы мақалды шығарып алған. Үшінші дүркін Сталин өлген соң басталды. Хрущев тұсында халық енді басынан қара бұлт көшкендей, жариялылықтың самалы ескендей сезініп, бұл мәселені қозғаған. “Жығылған үстіне жұдырық” дегендей, халық көңілі тез ақ су сепкендей басылды. Тағы өзбектендіру басталды. Мұның куәсі - Самарқан облысындағы біздің ағайындар туған балаларын өзбек деп жазып бере берген. “Көнбесең көшіп кет” деген талап қойған. Сөйтіп елуінші жылдардан арғы ата - анасының паспорты - қазақ, 50 жылдардың бергі балалардың паспорты - өзбек. Ондағы қазақтар осылай үш дүркін нәубат көріп, жалтақ болып қалды.
Енді демографиялық есепке қаралық, 1897 ж. Ресей империясы жүргізген жалпы санақта қазақ халқы 4 млн. 84 мың, ал өзбек халқы 726 мың. Ал 1939 ж. халық санағы бойынша, 1897 жылғы санақпен салыстырғанда өзбектер 5 есе көбейіп кеткен, 3 млн. 900 мыңға жуық болған. Ал қазақтар 5 есе өсудің орнына 2 есе азайып кеткен, яғни 2 млн. 300 мың. 1897 ж. есепке қарағанның өзінде 1 млн. 784 мың қазақ жоқ. Ал демограф ғалымдар 2,5 млн. деп жүр. (В.Козлов. Национальности СССР. М: 1983г.)
Арнайы зерттеуді қажет ететін бұл мәселені былай қойғанда, жоғарыдағы 2,5 млн. қазақтың бәрі аштан қырылды деуге географиялық факторлар қайшы келеді. Себебі: біріншіден, 1939 жылдың есебінен бұрын әуелгі есептер алынған кезде бұл өлкелер керек десеңіз Ташкент қаласы да, Қазақстанға қараған. Екіншіден, біздің өлкеде ол жылы басқа жақпен салыстыра қарағанда айтарлықтай аштық болған жоқ. Үшіншіден, қазақтардың оңтүстікте көбірек орналасқаны белгілі. Ал оңтүстіктің халықтары суармалы аймаққа, су жағасына көбірек жайғасқан. Өзбекстанда қалған тап сол, қазақтың құнарлы, суармалы, сулы аймағы және Ташкент облысы, қазақтар көп тұратын Сырдария, Жизақ облыстары. Төртіншіден, 1932 жылы Өзбекстанға қазақтардың аштықтан жөңкіліп келгені тарихи шындық.
Бесіншіден, Ташкент қазақтардың шоғырланған ордасы болған. Онда тіпті 1940 жылы мәдени орталықтары болғаны белгілі. Алтыншыдан, 1932 жылы жөнкіліп келген қазақтар бір үзім нанға өрімдей, жап жас қыздарын ауыстырып кете берген, өздері жалданып жұмыс істеген. Ал, бұл факторлар Өзбекстан миссионерлерінің өзбекті көбейту саясатының жанталасып, өршіп тұрған тарихи дәуіріне өте қолайлы, сәйкес келеді. Жетіншіден, 1939 жылға шейінгі есептерде Қазақстанның есебінде болып, келген өзбекстанда қалған қазақтардың ең қалың шоғырланған аймағы түгелдей Өзбектендірілгенін есептесек, 2,5 миллион жоқ болған қазақтың 1 миллионы Ахунбабаевтың еншісіне тиеді. Аштықтан қазақ ауылдары қаңырап бос қалғаны тарихи шындық болса, қазақтың ең шоғырланған ортасы, құнарлы, шұрайлы, сулы, суармалы жері Өзбекстанда қалып, олардың өзбектенгені де тарихи және географиялық шындық.
Рашидов интернационализмнің жалған ұранын көтеріп, қазақ парасатын түп-тамырымен талқандады. Қай жерде таза қазақ мектебі болса ол сол кездегі интернационализм саясатын арқау етіп, оны араластырып ақыры оны өзбектендіріп отырды. Қай жерде қазақ аудандары болса, сол жерде кадр таңдау да не жергілікті ұлт не еуропалық болсын деген принцип ұсталды. Қазақтан шыққан қыран кадр болсаң да еуропалық шүрегей кадрға беліңді тептіріп үздіріп отырды. Осыдан кейін қазақтар өз ұлтынан "безіп", паспортын өзбек деп жаздырып, қазақша оқыған баласы оқуға түсе алмаған соң басқа тілде оқытуға мәжбүр болды.
Қазақстан тәуелсіз ел болып жарияланғаннан кейін, аталған аймақтың жұртшылығы кезінде Хрущевтің «тізеге салған» бұйрығымен Өзбекстанға 1956 жылы белгілі мерзімге ғана жалға берілген Бостандық ауданының 418 мың гектар жерін қайтаруды талап етті. Мұндағы даулы мәселе Сарығааш ауданына қарасты 54 шақырым жер, оның ішінде шекарада орналасқан Бағыс және Түркістан елді мекендеріне қатысты 2500 гектардай жер болатын. Осы жердегі Арнасай ойпаты аймағы екі жақты талас туғзды. Өзбекстан жағы дөрекілік танытып әлі мәртебесі толық айқындалмаған Түркістан және Бағыс ауылдарын қоршай шекаралық бағаналар қондырып, аймақты меншіктеп күзетке алды.
Бостандық ауданының тұрғындарының тарихи және этникалық тұрғыдан өздерін қазақстанның құзырына алуын сұраған бірнеше мәрте жазған өтініштері де біздің билік тарапынан ескерусіз қалды. Ал дау тудырған Бағыс ауылы сол бөлшектеудің нәтижесінде Қазақ Республикасына қарап келген сол ауданның бір бөлігі болатын. Тіптен қазақстан билігі осы аудандардың уақытша берілгендігін бұлтартпайтын дәлел ретінде де негіз ете алмады, нәтижесінде бір жарым жылға созылған шекара дауы 09 тамыз 2002 жылы екі мемлекет басшыларының Астанада өткен кездесуінде өзбектің пайдасына шешіліп кете барды. Бағыс ауылы 800 гектардай жер аумағымен Қазақстанда қалса, Түркістан поселкесі Өзбекстан меншігіне өтті. Оның себебін: «Бұл ауыл 80-жылдардың ішінде құрылған, бұл кезең Қазақ КСР мен Өзбек КСР-нің бүгінгі шекара сызығы бекіп кеткеннен кейін пайда болған, Өзбекстан территориясындағы ауыл, сондықтан заңдық тұрғыдан да оны меншіктеу мүмкін емес»,-деп, Өзбекстан қытайлықтардың тәсіліне салып, кеңес кезеңінен қалған тағы бір «шартты құжатты» алға тартып табандап, тұрып алып ақыры ол жерді өздеріне қаратып тынды.
Сонымен бірге жері шөлейт, топырағы құнарсыз, суару жұмыстарын жүргізу қиын өңір деген сылтаулар айтып бұрын мәселе ретінде көтерілмеген жаңа бір төртінші аймақ-Қазақстанға қарап келген Қызылорда облысының Нысан-1, Нысан-2, және Баймұрат елді мекендері (1700 га) аяқ астынан күн тәртібіне қойылып, күтпеген жерден Өзбекстанның иелігіне өтіп кетті. Түркістан ауылының тұрғындары Қазақстан азаматы бола тұра, бұларды өзбектер тұрғылықты жерінен еріксіз көшіртіп, жерді тартып алса, керісінше қазақтар олардың жерінде мұндай әрекетке бара алмады. Сол кездегі Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрі Е.Ыдырысов: «Мұндай келісімдер толық ашық бола алмайтыны, соның ішінде мұның өзі келіссөздер бойынша әріптестері алдындағы тиісті міндеттемелерге де байланысты деп» нақты себебін айтпай сыбайластық тәсілге салып бұрмалады. Өзара сенім білдіру, келісімге келу-мемлекеттердің қазіргі кездегі өзара ұтымды ынтымақтастығының басты принциптері»,- деп нақты жауап беруден қашты. («Орал өңірі» газеті 06.11.2001 жыл). Сол кезде «Қазақ үні» газетінде (ол кезде «Жас қазақ үні») ақын Қазыбек Исаның «ШЕРУГЕ ЖҰРТ ШЕКЕСІ ҚЫЗҒАННАН ШЫҚПАЙДЫ - ШЕНЕУНІКТЕРДІҢ ШИКІЛІГІ ШЫҒАРАДЫ» атты мақаласы (№20, 24 мамыр, 2002 жыл) шығып, қазақ жерін қорғап Республика алаңына шыққан «Бағыс-Түркістанды қорғау» жастар комитеті мүшелерінің қолында жүрді. Осы мақалада Сыртқы істер вице-министрі Ерлан Ыдырысовтың қарапайым қазақ жастары қол жеткізген дәлел –ол екі ауыл тұрғындарының 78-98 пайызы қазақтар екенін де білмейтіні, керісінше «30 пайыз» деп айтып, ұлттық мүддеге опасыздық жасап отырғаны өткір сыналды. «1999 жылғы санақ қорытындысында бағыстық қазақтар 98 пайыз болған. Бәрі де Қазақстан азаматы. Ал Түркістанда 78 пайызды құраған. Біздің бұл мәліметіміз комиссияда сенсация болды. Ал комиссияның жұмыс бастағанына 10 жылдан асты емес пе ? Біз екі айдың ішінде осындай ақиқатқа қол жеткіздік»-дейді «Бағыс- Түркістанды қорғау» жастар комитеті төрағасы Е.Нарымбай осы мақалада. «Қызылорда облысындағы Шопанқазған, т.б ауылдар неге Өзбекстанға өтуі тиіс? – дегенге Ерлан Ыдырысовтың да келтірген дәлелі қызық: «Ол ауылдар Өзбекстанның аудан орталығына жақын», – дейді. Мұндай да дәйек бола ма екен... Онда біз бұл түрімізбен, Шымкент пен Сарыағашты сұраса да беріп жіберетін шығармыз. Өйткені олар да Астанадан гөрі Ташкентке жақын ғой...» Біз министрдің бұлталақтаған осы сөзінен саяси биліктің халықтың меншігі болып табылатын ата-баба жерін «қоғамдық дабырдан» жасырған «әріптестері алдындағы міндеттемелеріне сай», «өзара ұтымды ынтымақтастық принципті» негізінде деген жамылғы жабылған алдын-ала жоспарланған халықтың рұқсатынсыз құпия биліктің тарапынан жасалған ұлтына жасалған опасыздық деп түсіндік. Сөйтіп, шекараның екі жағы да қазақ жері бола тұрса да, Қытайда, Өзбекстанда да делимитациялауға дейін қазақтың меншігі болып келген жерден «өз үлестерін» алды. Түркістан ауылы тұрғындарын Қазақстан азаматтары бола тұра, оларды қазақстанға көшіру арқылы Өзбекстан жерімізге бір ие болса, халқының дені өзбектер деген сылтаумен қызылордаға қарап келген үш елді мекенді және алып екі ұтты. Ал Қазақстан Түркістан ауылының қазақтарын елімізге көшіріп алу арқылы-жерін бір берсе, екіншісінде –Қызылордаға қарап келген ауылдарды тұрғылықты халқымен қоса өзбектерге тағы беріп (өзбектер секілді халқын көшіріп, жерді өзіне қалдырудың орнына жерінен тағы айрылды. «Мүмкін бұл Қазақстан билігіндегі ел басқаратын азаматтардың өзара сыбайласқан ұлттық мүддені сатқан опасыздықтары болды. Бұл әділетсіздік екі елдің үкіметтері арасында халықтан жасырған сепараттық келісім болғандығын айғақтайды. Бұл келісімдердің авторлары яғни қазақ-өзбек достығының жаулары түптің-түбінде әшкереленеді»- деп жазды «Еділ-Жайық қазақтары қауымдастығы» Өзбекстан президенті И.Каримовке жазған ашық хатында (18.01.2002 ж. ) Қазақстан посткеңестік ортаазиялық мемлекеттермен заңды шекарасын осылай ұтылыспен белгілеп, ұлттық мүддені жеке бас мүддесіне айырбастап билік ұлтына опасыздық жасап өз тарихында «теңдесі жоқ» жұмыс бітіргендей массатанды. "Мұндайда 100 пайыз қазақ жерінің 70 пайызы өзімізде қалды ғой деп, өзімізді жұбатуымыз масқаралық. Бұл жағдай біреуге 100 теңге қарыз беріп артынша 70 теңгесін қайтарып бергеніне қуанған байқұс сияқты күн кешіп отыруымызға кімдер кінәлі???" (Нұрлыбай Қошманұлы, Общественная позиция 2017ж., 02 акпан №04 (368) Тарих соларды әшкерлеуге тиісті...Есенғазы Қуандық,
тарих ғылымдарының докторы, профессор
Қазақ үніМақаланы көшіріп басу үшін міндетті түрде гиперсілтеме көрсетуіңіз қажет.