АУЫЛ ӘКІМДЕРІН ХАЛЫҚ САЙЛАЙДЫ, БІРАҚ...
2018 ж. 28 мамыр
2140
0
Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылап мақұлдады.
«Мәслихаттар депутаттарын сайлау процесін жетілдіруге байланысты аудандық сайлау комиссияларын жою ұсынылып отыр. Енді аудандық сайлау орындарының қызметтері мен өкілеттіктері аумақтық сайлау комиссияларына беріледі. Олардың екі мүшесі өздерінің өкілеттіктерін тұрақты кәсіби негізде жүзеге асырады», – деді Әділет министрі Марат Бекетаев заң жобасы бойынша баяндамасында. Сонымен қатар, М. Бекетаев ауылдық деңгейдегі әкімдерді тікелей сайлау енгізілетінін атап өтті. Әкім жергілікті тұрғындардың жалпыға бірдей тең төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы төрт жыл мерзімге сайланады. Бекетаевтың айтуымен бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланғандай – ауыл, кент округтерінде әкімге үміткерлерді аудан әкімдері ұсынады екен. Бұл заңнамаға сәйкес, жеке тұлға өзін үміткерлікке ұсыну қарастырылмаған көрінеді. Олай болса, жергілікті әкімдерді халық сайлайды деп қалай атауға болады? Тұрғындар өзі таңдаған адамды ұсына алмаса оны сайлау деп айтудың өзі қиын. Аудан әкімі ұсынған үміткерлердің бірін «сайлау» сол баяғы тағайындаудың екінші түрі емес пе? Аты – сайлау, заты – тағайындаудан тұратын мұндай көзбояушылықтың керегі қанша? Халықтың қалауы ескерілмеген сайлау науқанына бүйтіп қыруар қаржы шығындағанша аудан әкімі өзіне ұнаған адамын тағайындай салса, мемлекеттік қаржы үнемделер еді ғой...
qazaquni.kz