ҚАМАУДА ҚАЗА ТАПҚАН ҚАНДАСТАРЫМЫЗҒА ҚҰРАН БАҒЫШТАЛДЫ
2018 ж. 28 мамыр
2917
0
Алматыдағы «Алатау» мейрамханасында «Атажұрт жастары» қоғамдық ұйымы белсенділерінің ұйымдастыруымен соңғы кезде өткір мәселеге айналған Қытай үкіметінің қазақтарға қысым көрсету барысында қамауда қаза тапқан қандастарымызға арналған құран бағыштау шарасы өткізілді.
Мұқым мұсылмандар үшін қасиетті саналатын Рамазан айының да алғашқы аптасы артта қалды. Ораза әрбір мұсылман үшін парыз, сауабы мол, жауапкершілігі жүктейтін үлкен сын. Осындай шараларды жиі өткізіп тұратын ұйым бұл жолғы ауызашарды Қытайда қамауда отырған қандастарымыздың жанұяларын шақырып, бір сәтке болса да көңілдерін аулау үшін арнайы ұйымдастырған екен. Ауыз ашып, құрбандарға құран бағышталған соң ортақ мәселе де сөз болды. Құл-Керім Елемес, Серікжан Біләш, Қыдырәлі Оразұлы сынды қоғамға жақсы танымал азаматтар Қытайдағы қазақтардың қиын тағдырын сөз етті. Қазақстанға кіре алмай кейін қайтарылып, жақында ғана елімізге аман-есен оралған Жайнагүл Ғажапқызы мен Қытайда саяси оқыту лагерінде болып, босап шыққан азамат Қайрат Самархан өздерінің бастарынан өткізген тауқыметті айтып беріп, қиын кезде өздеріне қол ұшын берген үкіметке, «Ақ жол» партиясы мен жекелеген азаматтарға алғыстарын білдірді.
Өз ойларын білдірген белсенділер осындай жағдайда ешкімнен қорықпай үкіметке арызданып, қоғам көмегін сұраудан тайынбау керектігін баса айтты. Басынан талай нәубетті өткізген қазақ ұлты өз қандастарын жерге тастамайтынына көз жеткізді. Ал, Жайнагүлді елге кіргізбей кері қайтарған кеден қызметкерлерін сотқа беру керектігі туралы шешім де бас көтерді. Қазақты кері тепкен мұндай масқара жағдай қайталанбас үшін осындай қадамға бару қажет. Саны жағынан онсыз да аз Алаш ауызбірлігі мен бірлігін қашан да сақтап, мәңгілік елінің өсіп-өркендеуіне күш салу керек деген түпкі мақсат осы отырыстың өзекті тақырыбына айналды.
Бек МЫРЗАҰЛЫ
qazaquni.kz