МЕДИАФОРУМ: ЖАЛҒАН АҚПАРАТ ПЕН АҚИҚАТТЫ АЖЫРАТА БІЛУ КЕРЕК
2018 ж. 28 мамыр
1716
0
Алматыда кезекті XIV Еуразиялық медиа форум болып өтті. Форум алғаш рет өткізілген уақыттан бастап 15 жылда Қазақстанға 6 мыңнан астам шетелдік делегат келген. Конференцияның ауқымы мен халықаралық деңгейі еліміздің ғаламдық ақпарат кеңістігінің ажырамас бөлігі екенін көрсетіп келеді.
Медиафорумда сөз сөйлеген ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатын оқып берді. «Бүгінгі форум медиа саласындағы білікті майталмандардың өзара диалог жүргізуіне мүмкіндік беретін маңызды шара. Әлем құбылып, геосаяси қайшылықтар мен жаңа технологиялық мүмкіндіктер шиеленіскен қазіргі жағдайда бұқаралық ақпарат құралдары қақтығыстар эскалациясының детонаторы, сондай-ақ халықаралық шиеленістерді тежеу мен алдын алудың жаһандық факторы бола алады. Осы жерде журналистердің жауапкершілігі шығады. Классикалық журналистикаға басты сын-қатер ретінде балама ақпарат көздері – блогерлер мен әлеуметтік желіні айтуға болады. Бұл ретте, дәстүрлі БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігі әрдайым журналистің кәсібилігі мен сапалы контент болып келеді. Осы мақсатта осындай диалог алаңдарын құрудың өзектілігі арта түседі», – делінген Президенттің құттықтауында.
Сол сияқты Алматы әкімі Бауыржан Байбек Еуразиялық медиа форум жұмысына қатысып, форумның Алматыда өтіп жатқаны біз үшін үлкен мәртебе екенін жеткізді. Форумда ғаламдық дамудың өзекті мәселелерін белгілі журналистер, сарапшылар, саясаткерлер талқылап жатқанын айта келе «Біздің көз алдымызда геосаяси, экономикалық өзгерістер болып жатыр. Осы орайда, сын қауіп-қатерлерді алдын алу әлемдік БАҚ-тың бүгінгі келбетіне байланысты. Жалған ақпараттар шынайылық пен жауапкершілік қағидаларын бұзуда. БАҚ тек қана қоғамдық пікір ғана туғызбауы керек, ол сонымен қатар адамдардың бірегейлігіне, қоғамдық құндылықтарына ықпал етуі қажет», – деді Бауыржан Байбек
qazaquni.kz