«ЕЙ АРҒЫНБАЙ, СЕН ҰЛЫ ЖӘКЕҢНІҢ САҚАЛЫНАН САДАҒА КЕТ!»

жамбыл Мен көптің бірімін, яғни бүгінгі азып-тозан қайран ауылды күні кеше өгіздей өрге сүйреген қайыспас қара шалдардың сарқытымын. Кезінде облыстық «Еңбек туы», кейінгі «Ақ жол» газеттерінің талай жыл штаттан тыс тілшісі болғанмын. Сондықтан өзімді толғандырған мәселелер туралы әлі де бір сүйкеп тастауға шамам бар. Жақында «Қазақ әдебиеті» газетінен белгілі қаламгер Сағат Арынұлының «Ұлы Жамбылдың абыройын қызғанған...» деген сын мақаласын оқыған едім. Расын айтсам, қатты толғандым. Басқа, басқа. Иманды болғыр Жамбыл атамыз туралы төбе құйқаны шымырлатқан осындай оғаш сөздер айтылатыны үш ұйқтасам ойыма кірген емес. Ойпыр-ай, мұндайда сұмдық болады екен. Бүкіл әлемге мәшһур болған Жәкең жарықтың аруағына қарсы шыққан Бекбосынның теріс қылығын бетіне айтпақшы болып Таразға қоңыраулаттым, ешкім трубканы алмады. Сол «мықтыға» ашуланғаным соншалық, қан қысымым көтеріліп кеткені. Дәрі ішіп әупірім деп қалпыма келдім. Ертеңіне Таразға жол тарттым. «Ақ жолдың» редакциясынан соның үйіне тағы телефон соқтым. Баяғы үнсіз қалпы. Қаладағы Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық кітапханаға барып «Қазақ әдебиетінің» биылғы тігіндісін қарап шықтым. Жамбыл бабамыздың абыройын қорғаған қандай оңды пікірлер айтылғанын оқығым келген еді. Тым-тырыс, ештеңе болмағандай. Көңіл шіркін құлазып қалғаны. Керісінше, С.Арынұлының ар-намысына тиетін әлгінің оттаубайын газет жедел жариялап «іс бітті, қу кеттінің» керін жасапты. Қашанда ақиқатты айтатын, Жамбылдай әулиеге тіл тигізген Бекбосынның келеңсіздігін нақты фактылармен батыл әшкерелеген көпке қадірменді, аузы дуалы қария кінәлі болып шығыпты. Бұл қалай? Басқа емес, әулие Жәкеңнің абырой-атағын қорғауға міндетті «Қазақ әдебиеті» газеті редакторлар кеңесінің төрағасы, бұл аз болса Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин мырза қайда қараған? Мен бірдеңе білсем, мұндай өрескелдікті қазекем «отқа май құю» немесе «бірің өліп, бірің қал» дейді. С.Арынұлының өзінің кісілігін қорғауға шамасы толық жетеді. Менің соны жақтауымның ешқандай қажеті жоқ. Бірақ, Астана арнасы арқылы бүкіл елді шулатқан Бекбосынның қиямпұрыстығына батыл қарсы шығып, редакцияға үлкен қолғабыс жасаған белгілі авторды газет басшыларының қолдамауы мені қайран қалдырды. Ертең тағы бір делқұлы шығып Жамбылды Ленин мен Сталинді, қанды қол балшайбектер партиясын мақтаған деп айқай-шу көтеріп, Алаштың тарихынан біржолата сызып тастау керек деп көкитін болса, «Қазақ әдебиеті» соның да шашпауын көтере ме? Ол жазғыш екеуміз Жамбыл облысына қарасты Байұзақ ауданындағы бұрынғы Суқамбаев атындағы колхозда қарасудың батпағына аунап өскен қара сирақтармыз. Мен жастайымнан еңбекке араласып, трактордың тұтқасына жармастым... Әуелде ол алғашқы еңбек жолын бастағанда ол «барар жерім, басар тауым жоқ» деп екі етегі жасқа толып редакциядан бірнеше күн шықпай қойған соң облыстық «Еңбек туы» газетінің сол кездегі редакторы, Қазақстандағы білікті жорналшы қаламгерлердің бірі Ғайса Сармұрзин корректордың көмекшісі етіп жұмысқа қабылдаған екен. Ол мұнда жарты жылға да шыдай алмай ақыры облыстық радионы сағалауға мәжбүр болады. Содан талай жыл облыстық және өлкелік радиолардың дорбасын арқалаумен күн кешіпті. Кейінірек ағалап, көкелеп жүріп «Еңбек туы» газетіне ауысады. Жағымпаздықтың, қүлық-сұмдықтың «академиясын» бітіріп, өзіне әкесіндей қамқорлық жасаған, облыстық «Еңбек туы» газетінде көп жыл редактор болған Б.Жаңабаевтың үстінен домалақ арыз ұйымдастырады. Ақыры Бәкесінің, Жаңабаевтың орнын тартып алады. ... Кезінде қазақ елінің әлемге танылған адал ұлы, ширек ғасыр бойы бірінші басшы болған, аса көрнекті мемлекет қайраткері Д.Қонаевты көре алмаған саяси жалдаптардың жауыздығынан қорғаған белді жорналшы Қ.Байтуовтың облыстық газетте мақалалары жарияланған болатын. Міне, «соларды мен жазғанмын» деп Димекенді Бекбосын алдаған. Ақкөңіл жарықтық оның өтірігіне сеніп, өзінің «Өтті дәурен осылай» деп аталған естелік кітабында оң қабақ білдіріпті. Соны малданған Бекбосынның облыстық теледидардан Димекеннің әлгі кітабын қолға ұстап тұрып «мен Қонаевқа осындай жақсылық жасадым» дегенін өз құлағыммен естігенмін. Бекбосынның Димекеңе жасаған қиянаты тек бұл емес. Ол кісі қызметінен босаған күні кабинетінің төрінде тұрған портретін босағаға лақтырып тастағанын облыстық газет ұжымының үлкен-кішісі түгел көріп, жағасын ұстапты. Тағы бір кісәпірлігін айтпасқа болмайды. Облыстық партия комитетінің арнайы нұсқауымен Байұзақ ауданына қарасты Жамбыл қызылша совхозының жетістіктері туралы жазылған бір беттік материалға берілген Қонаевтың шаруашылықтың озаттарымен бірге түскен суретін басылып жатқан газеттен түн ортасында алдыртып тастағаны туралы маған марқұм Қыстаубай Байтуов үлкен күйінішпен айтып бергені әлі есімде. Бұдан өткен сұмдық бола ма? Ұлы Жамбылдың әруағына тіл тигізген А.Бекбосынның біз білгендегі бет бейнесі міне, осындай. Ал, білмейтініміз қаншама? Айтсада, ұмытып бара жатыр екем. «Ақ жол» газеті Жәкеңнің кісілігін ластаған оны ылғида «қазақтың Омар hайямы» деп дәріптеуден жалығар емес. Бұған қосарым халқымыздың бетке ұстар намысқой азаматтарының бірі, үйінде сырқаттанып жатқан Шерағам – Шерхан Мұртаза Бекбосынның шектен шыққан сұмдығын «Қазақ әдебиетінен» оқығанда қалшылдап, ашу қысып: «Ей, сайтанның сапалағы! Сен, әулие Жәкемнің сақалынан садаға кет! Ойхой, бірі кем қу дуние-ай!» деп тебіреніп, төсегінде аунақши беріпті. Әлгі бірдеңесіне қарамай ұлы Омар Һайямдай данамен өзін қатар қоюға тыраштанған Бекбосынның газеттерде жарияланған «шығармаларын» қолға түскенде оқып, зерделеп жүремін. Әрине, ондай «классик» болмасам да реті келгенде бір қағарым бар. Бұлардың жазылуына күшеншектің өзі түрткі болды. Ш. СӘМБЕТҚҰЛОВ, еңбек ардагері Тараз қаласы