Олжас Сүлейменовтің немересін ІІД басшысының қызы қаққан
2018 ж. 28 маусым
3092
0
Астана қалалық ІІД өкілдері 22 маусымда Мәңгілік ел - Керей Жәнібек хандар даңғылдарының қиылысында болған жантүршігерлік жол апатының мән жайын айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Жол апатынан 26 жастағы мотоциклші қаза тапқан болатын. Кейінірек қаза тапқан адамның Олжас Сүлейменовтің немересі екені анықталған еді. Қазіргі уақытта Астана полициясы ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Ал бүгін Астанада осы іс бойынша брифинг өтті.
"Олжас Сүлейменовтің немересін қағып кеткен қыздың әкесі Қызылорда облыстық ІІД басшысы болып жұмыс істейді: Мұхитов Қайрат Болатұлы", - деп хабарлады Астана қалалық ІІД басшысының орынбасары Санжар Әділов. "Қыздың ата-анасы тарапынан бұл іске ешқандай кедергі келтіріліп жатқан жоқ", - деді полиция өкілдері.
Есіл аудандық №2 сотының Мұхитоваға қатысты бұлтартпау шарасы ретінде кепілдік беру туралы шешімнің қабылдағаны айтылады. Кепілдің сомасы - 600 205 теңге. Прокуратура өкілдері кепіл туралы өтінішті қолдады.
"Жүргізуші Мұхитованың тарапынан мынандай әрекет - ол солға бұрылған кезде жол қозғалысы туралы ереженің 13.5 пунктін бұзғаны анықталды. Мұхитова Алматы көшесінен Мәңгілік ел даңғылына бара жатып, Керей Жәнібек хандарының көшесіне келгенде солға бұрылды. Бұл жерде ол мотоциклшіге жол беруі тиіс болатын", - деді Астана қалалық ІІД басшысының орынбасары.
Еске салайық, Олжас Сүлейменовтің немересі Ескендірдің қаза тапқан жол апаты Астанада 22 маусымда Мәңгілік ел мен Керей, Жәнібек хандар даңғылының қиылысында болған еді. Кейін полиция тергеу жұмыстары жайлы айтып берген.