Айт құтты болсын!

0
1278

 

      Қадірлі мұсылман бауырлар, құрметті отандастар! Мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын!
Міне, айлардың төресі, күллі мұсылман баласы үшін қасиетті Рамазан айымен қимай қоштасатын күнге де таяп қалдық. Еліміздегі барша мұсылмандар күннің аптапты ыстығына қарамастан, тамыз айын жақсы ниетпен, тақуалықпен, оразамен өткізді. Кездескен қиындықтарға сабыр етіп, Жаратушы Иеміздің разылығына ұмтылды. Ми қайнатар ыстықты ауырсынбай ораза ұстауға төзе алған жан, өмірдің басқа да сынақтарына сабырлық таныта алатыны сөзсіз.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккеден Мәдинаға көшіп келгенде, жергілікті халықтың мейрамдап, көңіл көтеріп жатқанын көріп: «Бұл қандай мереке?» деп сұрағанда: «Бұл біздің Исламға дейін тойлап келе жатқан мерекелеріміз» – деген жауап естіді. Сонда Расулулла (с.ғ.с..): «Алла сіздерге бұдан да ұлық екі мейрам берді. Олар Рамазан және Құрбан айттары» деп осы ислами мейрамдардың мәртебелі екендігін білдірген.
Ораза айты адамдарды бауырмалдылық пен кішіпейілділікке, кешірімділік пен сүйіспеншілікке шақырады. Ислам шариғатында пітір садақасының осы айт қарсаңында берілуі де жайдан-жай емес. Ораза айттың хадистерде «Ғидул-фитр», яғни «Пітір мейрамы» деп аталуы да сондықтан. Пітір садақалар жағдайы нашар, мүмкіндігі шектеулі отбасыларды қуанышқа бөлеп, айт мейрамында дастархан жаюға жағдайы келмегендерге демеу болады. Сонымен қатар, бұл күні мұсылмандар өлілерін де еске алып, Алладан оларға шапағат тілеп, дұға етеді.
Айт күнінің өзіне тән жарасымды да сауапты амалдары мол. Бұл күні ғұсыл құйынып, үстіне жұпар иіс сеуіп, айт намазына қатысу сүннет. Әр үйде сәні мен салтанаты ерекше мерекелік дастархан жайылады. Мұсылмандар туған-туыс, дос-жаран, көрші-қолаңды аралап, бір-бірінің үйінен дәм-тұз татып, мәре-сәре болады.
Биылғы тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында ел мұсылмандары Қазақстанның жүргізіп отырған ішкі және сыртқы саясатына қолдау білдірумен қатар сүйікті Отанымызды өркендету мен оның мәдени, рухани құндылықтарын сақтап, дамыта түсуге мұнан былай да күш-жігерін аямай жұмсай бермек. Қадірменді Елбасы Н.Ә.Назарбаев пен ел қамындағы асыл азаматтарымызға Алла тағала жар болсын! Ойға алған іс-жоспарларын жүзеге асыруға және елімізді әділдікпен басқаруға күш-қуат бергей!
Алла тағала Рамазан айында ұстаған оразаларымыз бен құлшылық-ғибадаттарымызды қабыл етіп, екі дүниенің бақытын нәсіп етсін! Мүбәрәк ораза айт мейрамын отбасы, ошақ қасында, бейбіт аспан астында атап өтулеріңізді, еліміздің бірлік пен татулық құшағында өсіп-өркендеуін, жұрт аман, ырыс түгел, ақ мол болуын Хақ Тағаладан тілеймін! Әумин!

Ізгі тілекпен,
Қазақстан мұсылмандары
Діни басқармасы ЖӘНЕ
ОРТА АЗИЯ МҮФТИЛЕР ШЕЙХ
КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, БАС Мүфти ӘБСАТТАР ҚАЖЫ ДЕРБІСӘЛІ

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз