Қырғызстандық бұзақылар құрықталды

ерлан Ыстық көлде соққыға жығылып, артынша Бішкектегі ауруханалардың бірінде есін жимастан көз жұмған қазақстандық турист Ерлан Балмахаевтың өліміне кінәлілер ұсталды. Бұл жөнінде Қырғызстанның Ішкі істер министрлігі өкілдері мәлімдеді. Бішкек қаласында құрықталғандардың бірі он жеті, ал қалған екеуі жиырма жаста. Олардан Ерланның жездесіне тиесілі «ПОЛО» деген жазуы бар әмиан мен отандасымыздың қол сағаты табылған. Естеріңізде болса, Қырғыз еліне дем алуға барған 32 жастағы Ерлан Балмахавты Ыстықкөл ауданы Қара-ой ауылының маңындағы «Рохат» пансионатында белгісіз біреулер соққыға жығып, ақшасы мен заттарын ұрлап кеткен болатын. Миына келген зақымнан отандасымызға екі рет ота жасалған. Алайда соңғы операцияны көтере алмаған Ерлан Балмахаев аурухана төсегінде көз жұмды.