Облыстық ауруханада жатқан Сайрагүлдің миы шайқалған
2018 ж. 26 маусым
3549
1
Қытайдан қашып келген Сайрагүл Сауытбайдың денсаулығына қатысты ақпараттар анықталды. 25-маусым 2018 жыл. Яғни, бүгін кешкі сағат 21:13-те «Abai.kz»ақпараттық порталында «Қытайдан қашып келген Сайрагүл ауруханаға түсті» атты мақала жария болды. Онда Сайрагүлдің ауруханаға түскендігі жайлы бейресми ақпараттың әлеуметтік желіде таралғандығы айтылды.
Біз бұл ақпараттың рас өтірігін анықтау үшін Талдықорған қаласындағы бірнеше ауруханаға хабарластық.
Әуелі Алматы облыстық ауруханасына хабарласқан ек. Өзін медбикемін деп таныстырған Тұрақова Алмира Нұрсұлтанқызы (аталған аурухананың қызметкері) соңғы 1 аптаның ішінде (19-25 маусым аралығында) Сайрагүл Сауытбай есімді азаматшаның түспегенін айтып ант-су ішті. «Аурухананың компьтерлік базасында Сайрагүл Сауытбай есімді адам тіркелмеген»,- деген еді.
Содан №2-Талдықорған қалалық ауруханасына хабарластық. Сайрагүл онда да жоқ болып шықан. Кейін Сайрагүлді іздеп, Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасына хабарластық. Тоқтасын Ерасыл есімді азамат телефон тұтқасын көтерді. Өзі кезекші дәрігер (медбрат) екен. Сайрагүл Сауытбай есімді азаматшаның ауруханада жатқан адамдар тізімінде жоқтығын айтты.
Артынша Талдықорғандағы уақытша тергеу изоляторына қоңырау шалдық. Сайрагүлдің қайда екендігін сұрадық. Есім-сойы Мақсат Еңсебаев деген УТИ қызметкері, қабылдау бөлімінің маманы бізге Сайрагүлдің тергеу изоляторында жатқанын айтты.
Дегенмен жоғарыдағы мақалада құзырлы орган тарапынан Сайрагүл Сауытбайдың денсаулығына қатысты кейбір мәліметтер жасырын ұсталуы мүмкін екенін де жаздық. Жазғанымыз сол-ақ екен, Сайрагүлдің қайда екені анықтылды.
«Атажұрт жастары» еріктілер бірлестігінің жетекшісі Серікжан Біләшұлына Талдықорғандағы белсенді азаматтар хабарласып, Сайрагүлдің облыстық ауруханада жатқанын айтты. Белсенділер Сайрагүлдің соңынан аталған ауруханаға іздеп барған. Анықталған ақпарат міне:
Сайрагүл Сауытбай облыстық ауруханада жатыр. Нейрохирургия бөлімі. 3-қабат, 12-бөлмеде. Есігінде қару асынған екі сақшысы тағы бар. Ешкімді кіргізбейтін көрінеді. Іздеп барған азаматтар жолыға алмаған. Ал ауруханадағы кезекші дәрігерлер «Сайрагүлге қатысты ақпаратты УТИ дәрігерінен ала аласыздар», деп жауап берген екен.
Біз алғашқыда «Сайрагүл есімді ешкім жоқ» деген аурухана медбикесі Алмирамен сөйлеспекке, облыстық аурухананың қабылдау бөліміне қайта қоңырау шалдық. Бұл жолы телефон тұтқасын Сәуле Ахатқызы есімді санитар көтерді. «Мен ешқандай ақпарат бере алмаймын. Алмира Нұрсұлтанқызы үйіне қайтып кеткен. Ертең келеді. Қазір бізде кезекші дәрігер бар. Салтанат Жанатқызы. Сол кісіні шақырып келейін. Жарты сағаттан соң хабарласыңыз», деп жауап қайтарды.
Біз арада жарты сағат өткенде облыстық ауруханаға қайта хабарластық. Телефон тұтқасын Абдықасымова Күләш Нұрдаулетқызы көтерді. Облыстық аурухананың қабылдау бөліміндегі кезекші медбике екен. Сайрагүл Сауытбайдың ауруханада жатқанын растап берді.
«Ол бізде жатыр. 23-маусым күні келіп түскен. Қазір Нейрохирургия бөлімінде жатыр. Ол туралы нақты ақпаратты ертең анықтап біле аласыздар. Нейрохирургия бөлімінің бас дәрігері, бөлім басшылар ертең келеді. Мен сізге басқа ақпарат бере алмаймын», деп қысқа қайырды.
Күләш Нұрдаулетқызы сөз арасында Сайрагүлдің миы шайқалғанын айтып қалды. «Жо-жоқ, оған операция жасалған жоқ. Ол бізде сотрясениемен жатыр ғой. Айттым ғой. Ол туралы ертең хабарласып біліңіз», - деді.
Айта кетейік, осыған дейін, «құзырлы орган өкілдері Сайрагүлдің денсаулығына қатысты кейбір ақпаратты жасырын ұстауы да мүмкін деген күдігіміз де жоқ емес»деп жазған ек. Айтқанымыздай-ақ, болды.
Дегенмен, Сайрагүлдің ісіне қатысты «Abai.kz» ақпараттық порталында дүркін-дүркін мақала жазылды. Осы мақалалар арқылы біз Сайрагүлдің мәселесін қоғам талқысына ұсындық. «Бір адамның тағдыры - ұлттың тағдыры» екенін бұқараға дәлелдедік. Сайрагүлдің мәселесі, оның тағдыры, оның денсаулығына қатысты кез келген мәлімет ашық болуы керек. Қытайдың саяси сүргінінен сауға сұрап, шекараны заңсыз кесіп өтіп, балалары үшін қарақан басын қатерге байлап келген Сайрагүлдің мәселесі бүтін қазақ жұртының назарында екенін құзырлы орган назарына және бір мәрте ескерткенді жөн санаймыз.
Осы ретте айта кетейік, Сайрагүл Сауытбай Қытайда қытай тілінен сабақ берген. Балабақша директоры болған. Ши төрағаның шырғалаңы басталған кезде саяси оқыту лагеріне адам апарған. Қытай компартиясына қызмет еткен адам. Бір сөзбен айтқандай, Қытай билігінің саяси құпияларының шетін білген адам.
Сайрагүлдің ерлікке пара-пар «қылмысы» - дүйім жұрттың талқысында. Бір ғана Сайрагүлдің жайы - бүкіл Қытайдағы қазақтың тағдырын көз алдымызға келтіреді. Сондықтан да, біздің құзіретті органдар Сайрагүл Сауытбайға кешіріммен қарап, бостандыққа шығаруға тиіс. Сайрагүл секілді азаматтардың бәріне азаматтықты жылдам жасап, өз қазағымызға қорған бола алсақ, ұрпақ алдындағы міндетіміздің орындалғаны...
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz