Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы ұлғайды
2018 ж. 18 маусым
3451
0
Келесі жылы Қазақстанда мемлекеттік қызметшілер жалақысын төлеудің жаңа жүйесі енгізілмек. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев айтты.
«Бүгінде біз еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін апробациялап жатырмыз. Факторлық-балдық шкала негізіндегі бұл жүйе пилоттық органдардағы лауазымдық жалақыны екі есеге дейін көбейтуге мүмкіндік береді. Келесі жылы біздің бастамамыз, яғни пилоттық жобамыз аяқталады. Сәйкесінше, Қазақстанның барлық мемлекеттік қызметшілерінің жалақысы көбейеді», – деді Алик Шпекбаев Астанада мемлекеттік қызметті жетілдіруге арналған халықаралық конференцияда. Агенттік төрағасы жалақы төлеудің жаңа талаптары туралы айта кетті, материалдық-әлеуметтік қамсыздандырудың сыбайлас жемқорлықты азайтуға септігін тигізетінін тілге тиек етті. «Бұдан былай еңбекақы көлемі жұмыс сипатына және күрделілігіне, тиімділіктің нақты көрсеткіштеріне қол жеткізуге тікелей байланысты болады. Әрине, материалдық және әлеуметтік қамсыздандыру сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге ықпал етеді. Осыған байланысты агенттік орталық аппараттағы штат санының үштен бір бөлігін қысқартты, бұл арқылы қызметкерлердің жалақысын 60% дейін көбейттік», – деп түйіндеді сөзін Алик Шпекбаев.
Дайындаған Қуат Құмаров
qazaquni.kz