Медицина ұйымдарына қаржы бөлінді
2018 ж. 04 маусым
2263
0
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ жыл басынан бері елдегі медицина ұйымдарына халыққа көрсетілген қызметтер үшін 307 млрд. теңгеден астам қаржы төледі. Бұл мемлекеттік тапсырыс аясында көмек көрсету туралы медицина ұйымдарымен бекітілген келісімшарттардың 44 пайызы.
Қазіргі таңда, Алматы қаласында да емдеу мекемелерін қаржыландыру мәселесі кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Бұл туралы жергілікті медицина ұйымдары басшыларымен кездесуде Медициналық сақтандыру қоры Алматы филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев мәлімдеді. Филиалмен келісімшартқа отырған медицина ұйымдарының дерегіне сүйенсек, аймақтағы емханалар мен ауруханалардың қызметкерлері биылғы жылдың қаңтар-сәуір айлары үшін жалақыны толық алған. Филиал басшысының айтуынша, 2018 жылы Алматы қаласында мемлекеттік тапсырыс негізінде халыққа тегін қызмет көрсетуге ниет білдірген 171 медицина мекемесімен келісімшарт бекітілген. Оның 103-і - жекеменшік клиникалар. «Келісімшарттар алғашқы медициналық-санитарлық көмек, жедел жәрдем және басқа да басым бағыттар бойынша бекітілген. Жалпы, 2018 жылы Алматы қаласы бойынша емдеу мекемелерінен тегін медициналық көмек шеңберінде 85 186 662,0 мың теңгенің қызметін сатып алу жоспарланып отыр. Қаңтар айында жеткізуші компанияларға аванс ретінде 23 806 597,9 мың теңге төленді. Бұл жалпы төленетін қаржының 30 пайызы», – деді Т.Әбілдаев. «Жұмыс кесте бойынша жүріп жатыр және ол халыққа көрсетілген медициналық көмек сапасын бақылаудың жаңа талаптарына сәйкес жүргізіледі. Бөлінген қаражат емдеу мекемелерінің операциялық шығындарын жабуға, атап айтқанда, медицина қызметкерлеріне жалақы төлеуге жеткілікті», – деп атап өтті ол. Маман «Филиал сарапшылары халыққа көрсетіліп жатқан қызмет сапасын қамтамасыз ету және пациенттер құқығын қорғау мақсатында тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отырады. Сонымен қатар, ол халықтың ерекше сұранысына ие болып отырған медициналық қызмет түрлерін анықтауға да мүмкіндік береді» деген пікірді алға тартуда. Алдағы уақытта бұл шара халыққа көрсетілетін медицина қызметін одан ары жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Әмина Еркінбайқызы
qazaquni.kz