Жемқорлықпен күрес қарқынды жүргізілуде
2018 ж. 04 маусым
1616
0
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті бірқатар тексерістердің нәтижесін жариялады.
Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы Ернар Маxановтың айтуынша, биыл соңғы бес айда өткен жылдың аталған кезеңімен салыстырғанда жеке және заңды тұлғалардың арыз-шағымдары екі есеге көбейді. «Департамент 14 арызды қарап, жазбаша түрде түсіндірмелер берді. 24 шағым жоспардан тыс тексеру арқылы қаралды. Соның нәтижесінде 49 заң бұзушылық анықталды. 16 лауазымды тұлға әртүрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 17 азаматтың құқықтары қорғалды. Мәселен, Астана қаласы бойынша табиғи монополияларды реттеу департаменті кадрлық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы мен осы бөлімнің бас маманы ескерту алды. Олар «Б» корпусының бос әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына конкурс өткізудің қарапайым талаптарын сақтамаған. Бұдан бөлек, жер қатынастары, жердің пайдалануы мен қорғалуын бақылау басқармасында азаматтарды қабылдауды дұрыс ұйымдастырмаған. Сол үшін персоналды басқару бөлімінің басшысына ескерту берілді. Ал көліктегі қоғамдық бақылау департаментінде қызметкерді тәртіптік жазаға тарту туралы бұйрықпен таныстырмаған. Сол үшін аталмыш мемлекеттік органның заңгері қатаң сөгіс түріндегі жауапкершілікке тартылды», – деді Е.Маxанов Астанада өткен баспасөз мәслиxатында. Оның сөзіне қарағанда, индустриялық даму және өндірістік қауіпсіздік департаментінде 43 тәртіп бұзу фактілері тәркіленді. Мәселен, бос әкімшілік мемлекеттік лауазымға конкурс өткізу кезінде заң талаптарын өрескел бұзған осы департаменттің конкурстық комиссия мүшелері жалпы сомасы 72 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. «Ал әділет департаментінде жүргізілген тексерістің нәтижесінде 130 заң бұзушылық анықталды. Осыған байланысты жауапты тұлғалардың тәртіптік жауапкершілігін қарау бойынша нұсқаулар берілді. Қазір соның барлығы қаралып жатыр. Сонымен бірге біз мемлекеттік қызметшілердің табысы мен мүлігі туралы ақпараттың шынайылығын тексеріп отырамыз. Аталған мәліметтер мемлекеттік кірістер органдарына жыл сайын тапсырылады. Осындай мәліметтерді мерзімінде тапсырмаған Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігінің бас сарапшысы 84 мың теңге көлемінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылған болатын», – деп атап көрсетті Е.Маxанов. Айта кетейік, бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті «Қоғамдық бақылау картасы» атты жобаға қатысуға үндеді. Соның аясында қала тұрғындары мен қонақтары жемқорлық әрекеттері туралы xабарды онлайн режімде бере алады. «Қазіргі кезде Фэйсбук, Вконтакте, Инстаграм сияқты танымал әлеуметтік желілерде арнайы парақшалар ашылды. +77057091978 нөмірі бойынша WhatsApp пен Telegram-да чаттар бар. Оған тәртіп бұзушылықтың фотосын да, видеосын да жіберуге болады. Бұдан бөлек, 57-19-91 телефон нөмірі бойынша департаменттің жедел желісіне xабарласуға мүмкіндік бар», – дейді Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Данияр Раимбаев.
Әмина ЕРКІНБАЙҚЫЗЫ
qazaquni.kz