СОТ ЖҮЙЕСІНДЕГІ СОЛАҚАЙЛЫҚ
2018 ж. 22 маусым
3932
0
немесе Елбасы тапсырмасын елемейтіндер мен Жоғары сот төрағасы талаптарын тыңдамайтындар кімдер?
Еліміздің басты заңдық құжаты – Конституциямызда азаматтардың бостандықтары мен құқықтарының қорғалуына кепілдік беріліп, 1-баптың 1-тармағымен нақты бекітілген. Ал, Ата Заңның орындалуына кепілдік беретін Елбасы Н.Назарбаев өзінің жыл сайынғы халыққа Жолдауында да құқық қорғау органдарына азаматтардың заңсыз қудаланбауы, тергеу қызметі, сот, прокуратура органдарының әділ болуына баса назар аударып, осы заң орындарына нақты тапсырмалар беріп келеді. Арыға бармай-ақ, 2018 жылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауының 9-шы тарауында төмендегідей түйіндейді: «Атап айтқанда, азаматтар өз өтініштерінің қалай қарастырылып жатқанын көріп, дер кезінде сапалы жауап алуға тиіс. Сот және құқық қорғау жүйелерін институционалды тұрғыдан өзгерту жүзеге асырылуда. Заңнамаға қылмыстық процестегі азаматтардың құқықтарын қорғау ісін күшейтуді, оның әсіре қатаңдығын бәсеңдетуді көздейтін нормалар енгізілді. Адвокаттардың құқықтары мен сотқа дейінгі сатыдағы сот бақылауының аясы кеңейді. Құқық қорғау органдарының өкілеттігі мен жауапкершілік шегі айқындалды. Азаматтардың Конституциялық құқықтарына кепілдікті нығайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау қызметін ізгілендіру жұмыстарын жалғастыру қажет». Міне, қоғамды ізгілендіруге бағытталған нақты қадам. Өкінішке орай, еліміздегі кейбір құқық қорғау органдары Елбасы жүргізіп жатқан саясат пен реформаға көбіне қарама-қайшы әрекеттер жасайды. Оның зардабын қарапайым тұрғындар тартып, еліміздің дамуына кері әсер етуде. Осындай бір «қитұрқы іс» Алматы қаласының тұрғыны Абылай Хайроллаұлы Ғабжәлеловке қатысты қозғалып, сағызша созылып келеді. Созылып деп отырған себебіміз 1-2 жыл емес, табаны күректей төрт жылдан бері бастапқы таққан айыпты дәлелдей алмай, ісі соттан сотқа өтуде... ...Сонымен бұл «ұзын-сонар іс» қалай басталып еді, бәрін басынан бастайық. 2015 жылдың қазан айында Абылай Хайроллаұлы 2010-11 жылдары басқарған «Евразия-Көмір-Трейд» компаниясының ғимаратына баса көктеп кірген Алматы қалалық мемлекеттік департаментінің экономикалық тергеу қызметінің тергеушісі Темір Абдулин заңды өрескел бұза отырып, тәркілеу жүргізген. Заңды өрескел бұза отырып дейтін себебіміз – тергеуші іске қатысты деген құжаттармен қоса жәбірленушінің жеке заттарымен бірге, көліктерінің құжаттары секілді дүниелерін ала қапшықтарға толтыра салып, алып кеткен. Және бұл істі хаттаманы толық жасамастан, куәлердің мақұлдауынсыз істеген. Қызмет бабын асыра пайдалануға дағдыланған тергеуші Темір Абдулин бұрыннан жақын танысы, «Аудит-сервис» ЖШС аудиторы Құрманбаева деген ханымның жалған аудиторлық есептеу жүргізуін негізге алып, Абылай Хайроллаұлына «Евразия-Көмір-Трейд» компаниясында басшы болып тұрғанда 3 миллиард теңге салықтан жалтарған деген айып тағады. Жала жауып, «ұйымдасқан қылмыстық топ \ҰҚТ\ құрған» деп, 18 ай бойы қысым көрсетіп, тергеу жүргізеді. Тергеуші Темір Абдулин тап осы жерде тағы бір заңсыздық жасайды. Ол тергеп, тексеріп отырған қылмыстық істі толық прокуротурада тіркетпеген, бақылау, қадағалау жасатпаған. 2016 жылы қазан айында Алмалы аудандық сотында 4 рет қаралып, оны «жарамсыз, қайта есептеу керек» деп сот үкімі шықса да, тергеушілер мен прокурорлар соттың шешімін мойындамаған. Қайтсе де өз «мақсаттарына» жетуді көздеген осы істің тергеушісі, прокуроры бар бәрі «ұйымдаса қимылдап», мемлекеттік сараптамадан тағы да жалған куәлік алып, 2017 жылы істі сотқа өткізіп жібереді. Алайда, бұл заңсыздықтарды көріп, біліп отырған Абылай Хайроллаұлы да істемеген істі мүлдем мойындамайды. «Аққа құдай жақ» деп, қайсарлылық танытады. Не керек, тергеуші қаншалықты қатыгездік танытса да, жалған істі дәлелдей алмайды. Өйткені, тергеу барысында Медеу аудандық мемлекеттік салық басқармасының заңгері Д.Сабырбеков тергеуші Т.Абдулинның «қол қой, іске керек» деген сөзіне сеніп, қол қойып бергенін, оның мәтінін тергеуші айтып тұрғанын мойындайды. Осының өзі-ақ істе өрескел заң бұзушылық кеткенін дәлелдеп тұр емес пе? Бұл уақыттарда Абылайдың әкесі Хайролла Ғабжәлелов істің шектен шығып бара жатқанын сезіп, тергеушімен де, олардың басшыларымен де кездесіп, олардың тергеу қағидаларын бұзып отырғанын айтып, «18 ай тергейтіндей, мақсаттарың не?» деп сұраған. «Сүйенгеніңнен сенгенің мықты болсын» дейтін қағиданы мықтап ұстанған тергеуші: «Аға, бұл маған жоғарыдан берілген тапсырма» депті еш шімірікпестен. Тергеушілердің «тапсырма» орындап отырғанын білген соң Х.Ғабжәлелов өзге де құқық қорғау органдарына үміт артып, сол кездегі Алматы қаласының прокуроры Ғабит Миразовқа да тергеуші Темір Абдуллинның заңсыз әрекет етіп отырғаны жөнінде бірнеше рет жолығып айтқан. Прокурорлық бақылауды әділ жүргізуді өтінеді. Алайда, сол кездегі Бостандық ауданының прокуроры Бауыржан Жұмаханов та, Алматы қаласының прокуроры Ғабит Миразов та прокурорлық қадағалау және бақылау шараларын жүргізбейді. Керісінше, істі тез бітіріп, А.Хайроллаұлын соттап жіберуге мүдделілік танытады. Осылайша, 1 жыл, 3 ай заңсыз тергеу изоляторында отырған, 1 жыл жүріп жатқан сот айып таға алмаған және тергеушілер жалған жалаларын дәлелдей алмағандықтан, А.Ғабжәлеловті тергеу изоляторынан босатуға мәжбүр болады. Қапастан босады деген аты болмаса қаладан өзге жаққа шығуына шектеу қояды. Ал, құлшынып жұмыс істеп жүрген кәсіпкер азаматқа бұл да қолына бұғау, аяғына тұсау емес пе?.. ...Хайролла Ғабжәлеловтің айтуынша, осы іс басталғалы өзіне келген көптеген күдікті жандар «бизнесіңді бізге аударып берсең, балаңа қозғалған істі тоқтатамыз» деп, көлеңкелі «ұсыныстар» жасаған. Бірақ, өмірлік тәжірибесі мол Хайролла Мағауияұлы бұл заңсыз әрекеттерге мойынсұнбайды. Өзі мен ұлы Абылайдың бизнесіне біреулердің рейдерлік жасағысы келіп отырғанын сезген соң, шар болаттай шыңдалып, әділдік үшін күресуге бел байлайды. Себебі, Абылай Ғабжәлеловке қатысты қозғалған іс дәлелдер жоқ болса да тоқтамастан жалғасып, Алдаркөсенің «Әләуләйлім бітсе егер, хәләуләйлім тағы бар» дегені секілді, Алмалы аудандық сотына жолданып, оны судья Құсайынов қарайды. Х.Ғабжәлеловтің айтуынша Құсайыновтың қарады деген аты болмаса, негізінде істі кейінге себепсіз шегеріп, айыпталушының қорғаушысын сөйлетпей, біржақты жүргізеді. 4 айға созылған процесте судья Құсайынов істі барлық уақытта біржақты жүргізіп, шынайы куәлерді шақырмай, Абылай Хайроллаұлын қайтсе де қаралауды мақсат еткені байқалған. Дегенмен, адвокаттың табандап талап етуімен шақырылған «Аудит-сервис» ЖШС директоры Ольга Белоусова сот процесі барысында Құрманбаеваның есептеген «төленбеген салық» деген 3 миллиард теңге қаржы туралы қорытындыны оқымастан қол қойғанын мойындайды. Шындығында, «мені алдап қол қойдырды» деп, жалған есептелген аудитті кері қайтарып алған. Осы арада заң бойынша Абылай Ғабжәлеловке негізсіз айып тағылып, жала жабылған болып шығуы керек еді. Сонымен қатар, осы сот процесінен кейін Абылай Хайроллаұлына қатысты қозғалған іс дәлелдердің жалғандығына, жеткіліксіздігіне байланысты тоқтатылуы тиіс болатын. Бірақ жоғарыда отырған тапсырыс берушілердің пәрмені күшті болып, сот Құсайынов аяқ астынан жұмыстан шығарылады да, істі Алмалы ауданының сот төрағасы Қуаныш Арипов қабылдап, артынша кезекті еңбек демалысына кетіп қалады. Қайтып келген соң алдыңғы соттың тергеген ісін жалғастырмай, қайта бастайды. Дегенмен, ол тергеу барысында бүкіл істің жалған екенін мойындауға мәжбүр болады. Бірақ, қолына түскен істі шығарғысы келмеген ол «бояуды» өз стилімен жағуға әрекет жасайды. Жә, бұған соңына таман қайта ораламыз. Оған дейін «бұл істегі тергеуші, мемлекеттік айыптаушы, ақыр соңында істі жүргізген судья неге аяқ асты жұмыстарынан шеттетілді» деген сауалдарға жауап іздеп көрейікші. ...Сонымен сол кездегі Бас прокуратураға Жақып Асанов тағайындалып, прокурорлардың өзінің талай былығын ашып, реформа жасап жатқан. Нақты дерек келтірейік. 2016 жылдың 18 қарашасында сол кездегі Бас прокурор Ж.Асанов Астанада прокурорлардың кеңейтілген алқа мәжілісінде жасаған баяндамасында төмендегідей түйіндейді. «Осы жылдың соңғы төрт айында біздің экономикалық қызмет 9000 іске тергеу жүргізген. Біз оларды тексеру барысында жартысының заңсыз қозғалғанын анықтадық. Ал, әр қылмыстық істі тексеру дегеніміз 3 ай бизнеске қысым көрсету, компониялардың қарызға батуы, жабылуы, адамдардың жұмысынан айырылуы, қазынаның салықты жоғалтуы деген сөз емес пе?» Жақып Асановтың осы жаңғырығы әсер ете ме, осыдан соң аяқ астынан Темір Абдуллин жұмыстан кетіп, Бостандық ауданының прокуроры Б. Жұмаханов та, Алматы қаласының прокуроры Ғ.Миразов та қызметтерінен босайды. Судья Құсайынов та жұмыстан шеттетіледі. Неге? Егер осы төрт лауазымда отырған Абдулин, Миразов, Жұмаханов және Құсайынов қызметтерін заңды атқарып келген болса, неліктен бірі статьямен, қалған үшеуі белгісіз жағдайда жұмыстарынан босатылады? Ал, Абылай Хайроллаұлы шындығында заңсыз әрекет істеген болса, 1 жыл 3 айда оның қылмысын құзіретті органдар неге дәлелдемеді? 3 миллиард теңге салықтан жалтаратындай санаулы адамдар жұмыс істейтін, шағын ғана «Евразия-Көмір-Трейд» ЖШС-нің жылдық табысы қанша еді? Бұл заңды сұрақтарға нақты жауап беретін тергеуші, прокурор, судья бәрі істен шеттетілген. Абылайға тағылған айыпты «жазалаушы команда» дәлелдей алмаса да «тапсырыс берушілер» оны тоқтатпастан «тың күшке» тапсырған. Қазіргі таңда бұл істі Алмалы аудандық сотының төрағасы Қ.Арипов қарауда. Х.Ғабжәлеловтің айтуынша, судья Қ.Арипов те істің ақ, қарасын ажыратқысы келмейтін көрінеді. Алдыңғылардың «соқпағына» түсіп алып, бұл да біржақты бұратартуға көшкен. Қорғаушының дәлелдемелерінің біреуін де қабылдамаған. Өткен жылдың соңында мемлекеттік сараптама 3 ай тексеріп, дерек дәлелденбеді деген қорытынды берсе де, Қ.Арипов оған қанағаттанбай, 2018 жылдың 3-мамырында жеке компанияға жаңадан аудиторлық есептеу жүргізуге шешім шығарады. Сонда мемлекеттік сараптамадан жеке компанияны артық көргені ме, әлде оларға айтқанын істетіп, қайтседе бір ілік тапқысы келіп отыр ма? Ал, бұл қаншалықты заңды? Егер А.Ғабжәлеловке 2010-11 жылдардағы атқарған ісі бойынша айып тағылып отырғанын ескерсек, салық құжаттарының 5 жылға ғана сақталатынын, заңдық күші болатынын есептесек бұл іс тоқтатылуы тиіс. Сонда судья істің шегінен шығып отыр ма? ...Ал, бұл азаматтар «осындай қудалауға лайықты ма, кім көрінген білгенін істеп, дүниесін тартып алам дейтіндей адамдар ма? Немесе бұрын қандай да бір заңсыз әрекеттерге қатысы болған ба?» Бұл сауалдарға журналистік зерттеу жүргіздік. Бірінші Х.Ғабжәлеловке тоқталсақ, ол сәулетші және тарихшы. Тәуелсіз Қазақстанның төл теңгесінің алғашқы авторларының бірі және оның Англиядан шығаруға өз қаражатын жұмсап, егеменді еліміздің тәуелсіздігіне зор үлесін қосқан ұлтжанды азамат екені БАҚ арқылы қаншама айтылып, жазылған. Оның бұл еңбегін бағалаған ҚР Президенті Н.Назарбаев «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапаттаған. ҚР Мәдениет қайраткері, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор, академик. 2015 жылы «Алаш» тарихи-зерттеу орталығы жанынан «Қасиетті Құранның мағынасы мен түсініктемелері» атты көлемді кітапты өз қаржысына шығарып, Елбасыға табыс еткен. Діни сауаты жоғары, рухани білімі мол. Ұлтжанды зиялы тұлға. Осындай әке тәрбиелеген Абылай Хайроллаұлы да Англия, Америкада білім алған ғылым докторы. Жасынан салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен айналысқан. Гольфтен еліміздің бірнеше дүркін чемпионы болған. ҚР Семсерлесу комитетінің президенті, Қарасай ауданында мешіт салдырған. Бала кезінен қазақ халқының рухани мұраларынан да, заманауи білімнен де мол сусындап, жан-жақты шыңдалып өскен азамат. Отбасында 3 бала тәрбиелеп отырған үлгілі әке. Кәсіппен жас кезінен айналысып, басшылық қызметтерге де ерте араласқан. Өкінішке орай, елге пайдалы іс атқаратын жалындаған кезінде 4 жылын заңсыз қудалау мен жаланың құрбаны болып өткізіп жатқаны өкінішті. ...Еліміз 1932-37 жылдардағы Сталиндік репрессияны әлі ұмытқан жоқ. Ол нәубет саналы ұрпақ жадында мәңгі сақталары анық. Өкінішке орай, бүгінгі таңда сол заңсыз қудалау басқаша формада қайталануда ма? Ал, егеменді Қазақ елінде мұндай жала жабу, заңсыз қысым көрсету кімдерге керек? Бұл заңсыз істі ҚР жоғарғы сот төрағасы Ж.Асанов пен Бас прокурор Қ.Қожамжаров өз бақылауына ала ма? Елбасы Н.Назарбаев құқық қорғау органдарының кезекті кеңейтілген мәжілісінде бұл салада кетіп жатқан заңсыздықтарды айта келіп, былай деген еді: «Кәсіпкерлік нысандарына салықтық ревизия жүргізу мен заңсыз тексерулер тыйылмай тұр. Осы саладағы жұмысты тез арада дұрыстау қажет». Бұған қосымша 2016 жылы сол кездегі Жоғары сот төрағасы Қ.Мамиді қабылдағанда: «Тергеушілер де қателеседі, неге ақталу шешімдері жоқ» деп қадағалап айтқан болатын. Өкініштісі Елбасы сөзі тағы да елеусіз қалып отыр. ...Иә, Елбасы қанша рет айтып, нақты тапсырмалар берсе де, Жоғарғы сот төрағасы Ж.Асанов «Соттар ақтау процесін жүргізуге қорықпау керек» деп айтса да құқық қорғау органдарының басшылары да, қосшылары заңсыздық пен әділетсіздіктің тамырына балта шаба алмауда. Әдейі ерегіскендей, кейбірі қылмыс әлемінің сойылын соғып, өздері ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, заңсыз әрекеттерге баруда. Біздер, БАҚ араласып отырған А.Ғабжәлелов ісінен де сондай арам пиғылдың барын байқадық. Сыбайластықтың да сұлбасы көрінеді. Өйткені А.Ғабжәлеловтің қорғаушысы Алмалы ауданының судьясы Қ.Ариповтің мемлекеттік сараптаманы мойындамай, жеке компанияға аудит жасатуға берген әрекетін заңсыз деп, Алматы қалалық сотына берген шағымын мүлде қарамай, 2 ай ұстап отырып, білгеніңді істе дегендей, кері қайтарған. Ал, бұл енді заңды нағыз белден басушылық... ... Жалпы, бұл істе заң бұзушылық өте көп екенін тәжірибелі заңгерлер айтып отыр. Бұл жөнінде белгілі режиссер Нұртас Адамбай өзінің фейсбугтегі парақшасында жазды. Заңсыз қудалау туралы «Тениз ньюс» ақпарат порталында, «Время» газетінде, «Президент және халық» республикалық қоғамдық-саяси газеттерінде де жазылды. Және өзге де электронды БАҚ арнайы бағдарламалар әзірлеуде. 4 жыл заңсыз қудаланған әке мен бала да бұл істі Елбасыға дейін жеткізіп, өз құқтарын қорғап, халықаралық ұйымдарға дейін шығуға бел буған. Ал, бұл істі қоғамда 4-ші билік болып есептелетін, еліміздің басты газеттері мен телеарналарындағы журналистер қауымы назарда ұстап, бұдан ары қарай әділдіктің орнауына бақылау жасамақ. Н.Сұлтанғазиев, журналист qazaquni.kz