8 ай дегенде әрең Қазақстанға өткен қандасымызды Шекара қызметі кері қайтарды
2018 ж. 21 маусым
4722
0
2017 жылы қыркүйек айында анасы қатты ауырып жатыр деген хабарды естіп, Қытайға кетіп, елге келе алмай қалған қандасымыз Үйсін Бабанды ҚР Ұлттық қауіпсіздік қызметі - Шекара қызметі кері қайтарып жіберген. Жуырда ғана азаматтығы шығып, құжатын әлі алып үлгермеген Үйсін Бабанның ендігі тағдыры не болмақ? Осы сауалға жауап алмақ болып, белгілі журналист Сәуле Әбділдаханқызы ҚР Ұлттық қауіпсіздік қызметі Шекара қызметінің бастығы – генерал-майор Д.А.Дильмановқа журналистік сауал жолдады. Abai.kz порталы аталмыш сауалды жариялап, оқырман назарына ұсынды.
ҚР Ұлттық қауіпсіздік қызметі Шекара қызметінің бастығы – генерал-майор Д.А.Дильмановқа
ҚР Журналистер одағының мүшесі – «Алтын жұлдыз» сыйлығының лауреаты «akjunis.kz» сайтының бас редакторы С.А.Абединовадан
ЖУРНАЛИСТІК САУАЛ
ҚР БАҚ туралы заңының 2-бабына сәйкес:
1. Сөз бостандығы, шығармашылық, өз көзқарастары мен сенiмдерiн баспа беттерiнде немесе басқалай түрде бiлдiруге, бұқаралық ақпаратты кез келген, заңмен тыйым салынбаған жолмен алуға және таратуға Қазақстан Республикасының Конституциясы кепiлдiк бередi.
Цензураға тыйым салынады.
3. Мемлекеттiк органдар, қоғамдық бiрлестiктер, лауазымды тұлғалар және бұқаралық ақпарат құралдары әрбiр азаматқа оның құқықтары мен мүдделерiне қатысты құжаттармен, шешiмдермен және ақпарат көздерiмен танысуына мүмкiндiк берудi қамтамасыз етуге мiндеттi. Аталған Заңның негізінде Сізге төмендегі жайды хабарлай отырып, орын алған жағдай туралы мәлімет беруіңізді сұраймын:
Бізге жеткен ақпарат бойынша кеше, 20 маусым 2018 жылы, «Қорғас» шекара бекетінде ҚХР-нан Қазақстанға өткен Қазақстан азаматы Үйсін Бабанды (15 ақпан 1978 ж.т.) шекара күзетшілері Қазақстанға кіргізбей, кері Қытайға қайтарып жіберген.
Оған дейін біз редакция тарапынан Үйсін Бабан туралы барлық ақпаратты Шекара қызметінің баспасөз қызметінің жетекшісі Турапов Қанатқа ұялы байланыс арқылы жеткізіп, құжат көшірмесін, ол туралы видеоматериалдарды ватсап арқылы жолдадық. Үйсін Бабанды, біз құжаттарын жеткізіп бергенше Қытайға кері қайтармай, 1 тәулік ұстай тұруын сан мәрте өтінген едік. Алайда, шекара күзетшілері Үйсін Бабанды Қытайға кері қайтарып жіберген.
Үйсін Бабан туралы Сізге төмендегі ақпаратты жеткіземіз:
Үйсін Бабан 1978 жылы 15 ақпанда ҚХР туған.
Отбасы, үш баласы бар. Олар бәрі де – Қазақстан азаматтары.
Қазақстанға 2012 жылы қоныс аударып, содан бері Қытайға бір рет те бармаған. Қазақстанда ықтиярхатпен жүрген. Былтыр азаматтық алу туралы өтініш тапсырған. 2017 жылы қыркүйек айында анасы қатты ауырып жатыр деген хабарды естіп, Қытайға барған. Содан Қытай өкіметі Үйсін Бабанның қытайлық паспортын тартып алып, кері қайтармай қойған. Сол себепті ол Қазақстанға 9 ай бойы кері қайта алмаған.
Алайда бұл уақытта Алматы облыстық ІІД КҚҚБ бастығы Э.Нурсеитовтың Үйсін Бабанға ҚР азаматтығын алу туралы №2642 анықтама 27 қыркүйек 2017 жылы шыққан. Азаматтық алғанша, паспорт келгенше шетел азаматы ықтиярхатпен жүретіні белгілі. Оның ықтиярхаты бар. Ал азаматтық алу туралы шешім келіп, паспорты дайын болғанда ол Қытайда болған, 9 ай бойы кері қайта алмағанын айттық. Қазақстан аумағынан тыс жерде болғандықтан оның дайын паспортын барып алуы физикалық тұрғыда мүмкін емес еді. Қытай паспортының мерзімі өтіп кеткендіктен жергілікті өкімет Үйсін Бабанның паспортын қайтармаған.
Таяуда Қазақстандағы отбасы Үйсін Бабанға шақырту (виза) жіберіп, сол шақыртудың негізінде Қытай өкіметі оны кеше кері қайтарған. Алайда Үйсін Бабанды біздің күзет қызметкерлері Қытайға кері қайтарған. Ол Қазақстан азаматы. Қазақстанға, ұзақ мерзім көрмеген отбасына оралуға толық құқығы бар емес пе?
Сізге осы мәселеге қатысты журналистік сауал жолдаймын: қандай себепке байланысты, қандай заңның қандай бабына сәйкес Қазақстан азаматы Үйсін Бабан 8 ай дегенде әрең Қазақстанға өткенде, шекара қызметі не себептен әйелі құжатын жеткізгенше, оны кері қуып жіберген? Ендігі жерде Үйсін Бабанды кері қайтарудың жолдары қандай болмақ? Ол туралы ақпаратты күзет қызметкерлері базадан анықтауына болмас па еді? Оның паспорты барын, ол паспорт тиісті құзырлы мекемеде жатқанын, сол паспортқа өзі жете алмай жүргенін анықтау шекара қызметіне соншалықты қиын ба?
Сәуле Абединова