"Біз сияқты балаларыңыз бар ғой": Алматының он жасар тұрғыны БАЙБЕККЕ хат жазды
2018 ж. 11 маусым
11664
10
"Қазақ үні" редакциясының поштасына Алматы қаласының он жастағы тұрғыны Мариямнан (аты өзгертілген - ред) хат келді. Аталмыш хатта бүлдіршіндей қыз өз отбасының қазіргі жағдайы туралы сөз етіп, Алматы әкімінен көмек сұрады. Біз еркін пікірталас алаңы ретінде хат иесінің сөзін еш өзгертусіз оқырманға ұсынамыз. Өз кезегінде редакция ұжымы бұл істе бейтарап екенін ескертіп, әкімдіктің де уәжін жариялауға дайын екенін ескертеді.
Құрметті әкім аға! Менің жасым онда. Алматы қаласында тұрамын. Сабақты өте жақсы оқимын. Біз бір үйде төрт баламыз. Менен кейін екі сіңлім, бір інім бар. Ең кішісі 3 жастағы сіңлім. Менің сізге хат жазып отырған себебім, мен мектеп табалдырығын аттағаннан бері үйде сабақ оқуымыз өте қиын. Үйдің іші ылғи сасып тұрады. Соған қарамастан мектепте оқыған 3 жылда бір де бір рет 4 деген баға алып көрмедім. Ылғи 5 аламын. Өскенде ғалым болғым келеді. Сіңлім де өте жақсы оқиды. Суретті керемет салады.
Бізді біреулер сотқа берді. Олар кімдер деп сұрасам, мамам: «Бұлар «Тоспа су» деген мекеме. Үйдің астында үлкен труба және құдық бар екен. Біз бұл үйді 4 жылдың алдында сатып алдық. Үйдің астындағы үлкен құдық пен труба құжатта жазылмаған, біз оны білмей сатып алдық» деді. Үйдің іргесінде құдықтың темір қақпағы бар екен. Папам соны ашып бір кісілерге көрсетті. Олар журналистер екен. Мен сол кезде ақырын барып, үңіліп қарап едім қорқып кеттім. Терең құдық екен. Үлкендігі үйдей. Ішінде балшық сияқты лай су толып тұр. Папам маған жанына келме, ішіне түсіп кетесің деп арғы жағын көрсетпей қойды. Бұл не су деп кейін сұрағанымда папам маған: «Бұл қаладағы елдің туалетінен ағып келген нәжіс сулар. Үй астындағы труба жарылып кеткен сияқты. Еденнен жайылған нәжістің исі шығып, көгеріп жатқаны, үйдің іші сасып тұратыны содан» деді. Сонда біздің үй құдықтың үстінде тұр ма деп сұрап едім папам: «Иә» деді. Мен содан бері күнде қорқамын. Іні-сіңлілерім әлі кішкентай. Олар мұны білмейді. Онда бұл үйді сатып жіберейік десем, мамам: «Сата алмаймыз, біреуді алдап сатуға болмайды» дейді. Онда қайтеміз десем: «Әкімдікті сотқа береміз. Үйге құжат берген солар. Олардың мұндай үйге құжат беруі заңға қайшы» деді. Қазір папам мен мамам бізді ертіп апта сайын сотқа барады. Күнде сотқа бара береміз бе, сот қашан бітеді деп сұрағанымда мамам: «Әкімдік сотқа келмей отыр. Олардың сотқа келмеуі заңсыз» деді. Заңсыз болса онда милицияға айтайық дедім. Мамам күліп: «Милицияны да әкім басқарады, бұл үйдің мәселесін тек сол әкім ғана шеше алады» деді.
Құрметті әкім аға! Мен сізді телевизордан жиі көремін. Сіз бізге автобуста жүретін оңай карточкасын жасап бердіңіз. Қаладағы өте көп адамда сондай карточка бар. Олар ылғи терминалдан карточкаға ақша салып жататынын күнде көремін. Сол карточкадан түскен көп ақшаңыз бар ғой. Жаңа жылда балаларға да сыйлық беріп жатасыз. Алматыдағы барлық ақша сіздің қолыңызда екенін естідім.
Құрметті Бауыржан аға, біздің үйді сатып алыңызшы! Ақшаңыз көп қой, өзіңіз тұрмасаңыз да үйді бұзып орнына басқа бірдеңе салғызасыз. Сіздің де біз сияқты балаларыңыз бар ғой. Сол балаларыңызды осындай үйге тұрғызасыз ба?! Ал, біз қорықсақ та амалсыз тұрып жатырмыз. Басқа үйіміз жоқ. Сол балаларыңызды ертіп келіп біздің үйді көрсетіңізші! Олар сізге мына балалар бұл үйде тұрмасыншы. Үй құлап кетсе құдыққа түсіп кетеді ғой деп сөзсіз айтар еді! Жарайды. Балаларыңызды ертіп келіп, олардың жүрегін ауыртпай-ақ қойыңыз. 1-маусым – балаларды қорғау күні сізге хат жазғам. Папам өзі әкімдікке апарып берген. Хатты алған адам сізге өз қолыммен беремін депті. Бірақ, сол хат қолыңызға тимей қалды ма деп осы хатты тағы жазып отырмын. Мен бұл хатты жылап отырып жаздым. Сізден өтінерім, осы хатты балаларыңызға оқытыңызшы!
Құрметпен: Мариям
(Достарым маған күлмес үшін тегімді жазбай отырмын)
11-маусым 2018-жыл.