Қандастар қамын қарастырған қауымдастық
2018 ж. 04 маусым
4027
2
Дүние дүрбелеңге толы. Жұмыр жердің де көтерер жүгі жылдар өткен сайын ауырлап бара жатқандай. Ғаламшардың бір бұрышын соғыс оты шарпып жатса, қалған бөлігінде мылтықсыз майдан жүріп жатыр. Бір-біріне көз алартып, байлығын қалай басып, жерін қалай тартып алсам деген пиғыл жайлап алған. Өзгелерге үстемдік етсем деген саясатты қару еткендер қалауына қырын келген елдердің шырқын бұзып, бір мемлекеттің, бір ұлттың адамдарын бір-біріне жау етіп, атыстырып-шабыстырып қойып, сол арқылы пайдаға кенелуде. Сұрапыл соғыс салдарынан еш кінәсі жоқ қарапайым халықтың туған жерін тастап босқынға айналғанына да тарих куә...
Біреулер туған жерінде тойынып, арам жолмен тапқан ақшасын арқалап шетке қашса, енді біреулер атажұртына жете алмай арманда. Тағдырдың тәлкегімен жат жерде жүргендер, бөгденің тізесі бүйіріне батқандар Жаратқан иесіне жалбарынып, қоғамның көмегіне жүгінеді. Құдайға шүкір, адамдардың бәрі бірдей байлыққа байланып, тойымсыздыққа салынып адами қасиеттерін жоғалта қойған жоқ. Қиналғандарға қол ұшын беріп, көмекке келетін жандар да жеткілікті. Зымиян заман зауалына қарсы тұру үшін, қоғамдасып, қауымдасып әрекет етуге тура келеді. Сондай қаумдастықтардың бірі - «Жебеу» республиқалық қоғамдық бірлестігі. Бүгінгі күні игі шаралардың ұйытқысы болып жүрген бірлестікті «Қазақ үні» газетінің оқырмандарына кеңірек таныстырғанды жөн санадық. Өйткені, еліміздің, жалпы қоғамның дамуына осындай ұйымдар ықпал етеді емес пе?!
ҚОҒАМ – ҚУАТТЫ КҮШ
«Жебеу» республиқалық қоғамдық бірлестігі 2009 жылы 26-шы қазанда Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне ресми тіркеліп, міне он жылға жуық жемісті жұмыс атқарып келеді. Бірлестіктің басын құрап, негізін қалаған құрылтайшылары еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін көрші Қытайдан атажұртына оралған қандастарымыз. Олардың басым бөлігі еліміздің экономикасының негізін қалайтын шағын және орта бизнес пен түрлі өнеркәсіп салаларында еңбек етіп жатыр. Сол сияқты қауымдастық құрамында ғалымдар, дәрігерлер, ұстаздар және де көптеген мамандық иелері бар. Ең бастысы, «Жебеу» республикалық қоғамдық бірлестігін құрудағы мақсаттары айқын. Оны бірлестіктің қабылдаған жарғысынан-ақ байқауға болады. Қазақстан Республикасы аумағына қоныс аударған, этникалық көшіп келушілерді әлеуметтік, саяси және құқықтық жағынан қорғау, олардың лайықты өмір сүруі мен жергілікті жағдайға бейімделуі, сондай-ақ кәсіпкерлік-шаруашылық жұмыспен тұрақты айналысуына көмек көрсетуді негізгі ұстаным еткен. Бірлестік құрылған күнінен бастап сол ұстанымдарынан айныған емес. Қазақстан мен Қытай арасындағы халықаралық саяси жағдайды басты назарда ұстап, Отанымызға оралған қандастарымызға құқықтық, заңдық тұрғыдан кеңес беріп, екі ел арасындағы мәдениет, білім, ғылым, өнер саласындағы қарым-қатынастарға, осы бағыттағы ұйыдастырылған көптеген шараларға белсене атсалысып келеді.БІРЛЕСТІК БАСТАУЫ
Әрине, бірлестік жоқ жерден пайда болған жоқ. Оған белгілі бір тарихи, саяси, әлеуметтік немесе өзге де бір жағдайлар ықпал ететіні белгілі. «Жебеу» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Омарәлі Әділбекұлымен арадағы болған әңгімеден соны аңғардық. Сонау 1994 жылы атажұртына келген бұл айтулы азаматтың тағдыры өзге де Қытайдан оралған қандастарымыздың өміріне ұқсас. Бір ерекшелігі – оның іскерлігі мен ұлтына деген белсенді қызметінде жатыр деп сеніммен айтуға болады. – Жалпы, «Жебеу» бірлестігі бірден құрыла салды деп айта алмаймын. Оның тамыры тереңде жатыр десек қателеспейміз. Қоғамды құру идеясы құрушылардың бұрыннан бері ойында жүрген жоспар болатын. Біз 1982 жылы қазақтың 30 қыз-жігіті Қытайдың астанасы Бейжіңдегі Орталық Ұлттар университетінің тіл-әдебиеті факультетіне оқуға түстік. 1982 жылдан 1986 жылға дейін алып елдің астанасында жүріп, тағдырдың талай тәлкегін көрдік. Бұл университет 1953 жылы құрылып, жылына қытайдың жер-жеріндегі аз ұлттардан жастарды қабылдап, оларды 4 жыл оқытып, маман етіп шығаратын. Бірақ «Мәдени төңкеріс» кезінде тоқтап қалып, 1971 жылдардан кейін қайтадан жылына әр мамандыққа 20-30 бала қабылдай бастады. Біз 1982 жылы оқуға қабылдандық. Қытай тілі мен қазақ тілін қатар оқып, білім алдық. Біз барған тұста Қытайдағы Мәдениет төңкерісі аяқталып, батыс елдерімен қарым-қатынас жақсарып, мәдениет пен ғылымға көңіл бөліне бастаған-ды. Бұрынғы дәстүрлер де қалпына келтіріліп жатқан. Осындай орайлы сәтті пайдаланып, 1983 жылы Зейнеш Сымайылұлы бастаған жас мұғалімдар мен бізден бұрын оқуға түскен жігіттердің бастамасымен тұңғыш рет наурыз мерекесін атап өттік. Студенттердің ұйымдастыруымен болған бұл шара елге керемет әсер етті. Бізден бірер жыл бұрын оқуға түскен Бақыт Еженхан, Кеңес, Мақадас сынды жігіттер белсене жұмыс істеді. Біздің университетте білім толықтырып жатқан Әбдіһай деген ағамыз кешті жүргізді. Біз де қал-қадырымызша көмек қолын создық. Сөйтіп Қытайдағы қазақ жастарының алғашқы қауымдастығы өмірге келді. Бүгін қарап отырсам, бұл ұлтқа қызмет етудің бастапқы баспалдақтары екен. Наурызды мерекелеу үрдіс келесі жылы да жалғасты. Осылайша қазақтардың Қытай астанасы Бейжіңде наурызды өткізу дәстүрі қалыптасты, – дейді Омарәлі Әділбекұлы өткен жылдарға көз жүгіртіп. Кейін бұл жалпы ұлттық мерекеге айналып, тіпті Шыңжаңнын Бейжіндегі өкілдігінде, Бейжің ұлттар сарайында, Қытай әскери мұражайының залында тойланады. Бұл жастардың сол тұстағы ең үлкен көлемде атқарған маңызды шаралар, алдағы атқарар істің бастауы еді. Уақыт өткен сайын белсенді жастарды Қытайдағы аз санды қазақ ұлтына көмек қолын созу қажеттілігі ойландыра бастайды. Қазақтың мал бағып, түрлі қара жұмысқа жегіліп жүргені қынжылтады. Қытай ұлтының балалары секілді қазақтар да жоғарғы оқу орнына көптеп түссе деп армандаған озық ойлы жастар «Шыңжаң мал шаруашылық аймағындағы оқу-ағартуды ілгерілету қоғамы» деген ұйым құрады. Емтиханды жақсы тапсырған балалар ғана жоғарғы оқу орындарына түсетіні белгілі. Емтихан сұрақтары тек қытай тілінде шығарылғандықтан ауылдық жерде өскен білімді жастардың жоғарғы оқу орнына түсуі қиын болатын. 1985 жылдан бастап, сол емтихан сұрақтарын қазақ тіліне аударуды қолға алады. Асқар Жакулин бастаған жігіттер ақылдаса келіп, іске кіріседі. Ұйымның жарғысын жазып, Бейжің педогокиқалық университетінде оқитын Мақадас дейтін азаматты төраға етіп сайлайды. Егер де бұл ұйымға «қазақ» деген сөзді қосса, Қытай үкіметі оны қабылдамайтын еді. Шыңжаңның солтүстігінде негізінен қазақтар тұрады. Мақсат – сол жердегі қазақ балаларына көмек қолын созу болатын. Сөйтіп, өз ұлтына қызмет етудің ұзақ та қиын жолы басталады. Ашығын айту керек, сол тұстағы әлемде орын алып жатқан саяси оқиғалар оқыған жастардың санасын серпілтпей қоймады. 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан көтерілісі кезіндегі оқиға олардың да қабырғасы қайыстырды. Оң өзгерістер алыстағы атажұрттан ақпарат алуға мүмкіндік бере бастады. Университет кітапханасында «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз» журналы сияқты қазақ басылымдары пайда бола бастады. Осыдан барып жастар санасында демократия, адам құқығы, еркіндік деген ұғымдар мен ұлт дәстүрін сақтау, ұлт келешегіне күйіну, ұлтқа қызмет ету деген идеялар терең орнықты. Қазақстан Тәуелсіздік алған күні Қытайдағы қазақ жастарынан бақытты адам жоқтай көрінді. Қытайлық замандастарымыздан «Сендердің өз мемлекеттерің құрылды, бақыттысыңдар. Енді елдеріңе қайтатын шығарсыңдар» деген сөздерін алғаш рет естіп, ойға қалғандары қалай ұмытылсын. – Елге оралу арманының жетегімен 1992 жылы Бейжіңнен Үрімжіге ауыстым. Сол жылы бізбен бірге оқыған жігіттер Қазақстанға кете бастады. Досым Рақым Айыпұлы елге келе сала қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне жұмысқа орналасып, маған шақырту жіберді. Бейжіңде оқыған сол отызға жуық қыз-жігіттің қазір оншақтысы Алматы мен Астанада тұрып жатыр. Біз келген 1992-1994 жылдары ғылым жолын қуамын деген қандастарға Қазақстан Ғылым академиясы мен әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің аспирантурасына түсуге жағдай жасалды. Академияда оқып жүріп, талай қиын кездерді бастан өткердік. Кейбір жігіттер баратын жері жоқ болған соң, академияда, жұмыс орнында түнеп жүретін. Кейін ағаларымыздың көмегімен бәріміз жатақхана алдық. Бұл жаққа келіп, жетімнің күйін кештік деп айта алмаймын. Мәселен, мен ұстазым Серік Қирабаевтың әкелік қамқорлығын көрдім. Рақым бауырымды Алма Қыраубаева апамыз туған інісіндей жетеледі. Манаш Қозыбаевтай біртурар адамдардың тәрбиесінен өттік. Талғат Мамырұлы, Бақыт Еженхан, Райыс Әріпжан, Қайрат Ғабитхан, Сағынтай Сұңғатай қатарлы ғалымдар, Мерей Сламұлы, Жеңіс Түркия, Фарида Мірхамит, Айгүл Түркия, Сабыржан Мұхамедхан, Дәурен Халмет сияқты бүгінгі бизнесмендер атақты академиктер мен профессорлардың шәкірті болды. Біз біріншіден өз елімізбен табыстық, екіншіден білім алдық, жұмыс істедік. Шетімізден азаматтық алып, Отанымыздың толыққанды мүшесі болдық. Ата-баба арманы осылайша орындалды, – дейді Омарәлі Әділбекұлы мақтанышпен. Осы жерде отанына оралған қандастарымыздың еңбекқорлығын да атап өткен жөн. Ешкім үкіметтен көмек күтіп қол қусырып қарап отырмады. Еліміздегі түрлі салаға араласып, белсене еңбек етуге кірісіп кетті. Көптеген кәсіпорындар құрып, пайдалы кәсіппен айналысты. Жүздеген жұмыс орындарын ашып өзгелердің де екі қолына бір күрек тауып берді деп айтуға болады. Одан ортақ іс алға басып, мемлекет қазынасына кіріс түсті. Істің оңға басуына 1980 жылдары Қытайда жүргізілген нарыққа өту тәжірибесі де септігін тигізді. Қытайдан келген қыз-жігіттер сол мүмкіндіктерін тиімді пайдаланды. Сол кезде елімізде әлі де үстемдік құрған орыс тілін білмесе де, мемлекеттің саясатын толық түсінбесе де адал еңбектің арқасында әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын өз қолдарымен жасады. 2000 жылдардан кейін Қазақстанның экономикасы түзеле бастағаны белгілі. Сол кезде Омарәлі Әділбекұлы мен Рақым Айыпұлы ақылдасып: «Бізге Құдай осындай тағдыр жазды. Біраз шаруа жасадық. Түрлі қиыншылықтар көрдік. Енді қандастарға көмек қолын созатын ұйым құрайық» деген бекімге келеді. Басты мақсат – бұрыннан ойда жүрген жұмыстарды алға жылжыту болды. Қытай мен Қазақстан арасында дәнекер болып, татулықты, экономикалық-мәдени байланыстарды дамытуды қолға алуды жөн санайды. Көші-қонмен елге келген қаншама қандастарымыз заңды білмегендіктен түрлі кедергілерге ұшырап жатады. Оларға да заңды ұйым арқылы жәрдем беру керек. Қазақстанда Қазақ-Қытай академиясын, «Ерке-Нұр» фирмасын құрған Талғат Мамырұлына жолығып, өз ойларын ортаға салады. Бастапқыда идея көп болып бірлестікті құру біраз уақытқа созылады. Сөйтіп «Алдымен көші-қон саласы бойынша, Қытай консулдігімен жұмыс жасайық» деген тоқтамға келеді. Қытайдан оқу іздеп келіп жатқан жастар мен басқа да оралмандардың көбі жергілікті заңды білмей өз құқығын қорғай алмайды. Қандастардың күн сайын түрлі проблемалары болып жатады. Сондай кезде жеке-жеке аттандамай, бір ғана ұйымның атынан әрекет етсек деген шешімге тоқталады. Нәтижесінде 2009 жылы «Жебеу» қоғамдық қоры құрылды. Мамыр айында республикалық бірлестік ретінде тіркеліп, төрағасы Талғат Мамырұлы, бас хатшысы етіп Рақым Айыпұлын сайлайды. Төрағаны төрт жылда бір ауыстырып отыратын болды. Талғат Мамырұлы алғашқы 4 жылда біраз шаруаларды жасап, сосын Сабыржан Мұхамеджанұлы төраға, Дәурен Халметұлы бас хатшы болды. Бұл жігіттер де талай іргелі істердің басы-қасында жүрді. 2014 жылдан бастап Омарәлі Әділбекұлы төраға болып, Қару Қасенұлы бас хатшылыққа сайланды. Бүгін бүкіл елге белгілі болған ұйымның қысқаша тарихы осындай. КӨШІ-ҚОНҒА ҚИЫНДЫҚ ТУҒЫЗҒАН ЕКІ ҚАУЛЫ Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында шетелден елімізге миллионнан астам қазақ оралды. Тәуелсіз елге бет түзеген көштің тізгінін ұстаған азаматтардың қатарында шеттегі қазақтардың оқыған жастары мен зиялылары көп болды десек қателеспейміз. Олар жас мемлекеттің керегесін бірге көтерісіп, уығын бірге шаншысты. Атажұртының дамуына атсалысып, аянып қалмады. Олар бұрындар халықтың 30-40 пайызын ғана құрайтын жергілікті халықтың санын ғана өсіріп қойған жоқ, өздерімен бірге ұлтымыздың ұмытыла бастаған кейбір салт-дәстүрі мен мәдениетін де ала келді. 2009-жылғы санақ бойынша қазақ ұлтының саны елімізде бірден 62 пайыздан асқаны белгілі. Алдымен келгендер соңындағыларға шақырту жіберіп, бірін-бірі үгіттеп, елге ел қосты. Алғаш келгендердің әрбірі Қазақстанға бір-бір ауылдан көшіріп келді деп айтуымызға болады. 1957-62 жылдардағымен салыстырғанда 1990 жылдардағы көштің айырмашылығы – бұл атажұртын аңсаған қазақтың өз еркімен, жүрек қалауымен келген ұлы көш болды. Алдымен қаладағы оқығандардың бір шоғыры, содан кейін студент жастар келе бастады. 2000-2009 жылдар аралығындағы көшті «Қазақ көшінің алтын дәуірі» деп те айтсақ болар. Бұл кезде Қытайдан бауыр-туыс бірігіп, ауыл боп елге оралды. Азаматтық алу, оқуға түсу, квота алу ісі алыс-жақыннан келетін оралмандар үшін оңтайлы болды. Сол үрдіс тоқтамағанда, біраз ағайын әлдеқашан елге оралып үлгіретін еді… Өкінішке орай, қандастарымыздың көші-қон легіне өзіміздің Үкіметтің екі қаулысы кедергі болғанын айтпасқа болмайды. Ол Қытайдан сотталмағаны туралы анықтама әкелу мен тіркеуден шығып келу міндеттемесі болатын. Қытайдағы жергілікті әкімшілікке барып, осы құжаттарды сұрағандарға ондай құжат бере алмайтындықтарын айтқан. Өйткені, Қытайдың заңы бойынша Қазақстанға орнығып, тұрақты тіркеуге тұрып немесе азаматтықты қабылдағаннан кейін ғана, олар бізді автоматты түрде азаматтықтан шығарып, тіркеуден өшіреді екен. Осы бір келеңсіз қаулы үшін қандастарымыз бірнеше жыл құжаттарын жөндей алмай уәре-сарсаңға түсті. Өткен жылы ҚР-ның Көші-қон туралы заңы қайта қаралды. «Жебеу» және басқа да қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының араласуымен бұл атышулы екі қаулы да ақыры алынып тасталды. Азаматтық алу мәселесі де бірыңғайланып, қандастарымыздың еркін жүріп-тұруына мүмкіндіктер қайта пайда болды. Бірақ соның өзі бірнеше жылға созылып, үлкен еңбек пен күш-жігерді қажет етті. КЕЗЕКТІ КЕДЕРГІЛЕР Алдында айтқан кедергілерді еңсерген қандастарымыздың алдынан тағы да өзге қиындықтар пайда болғаны жайлы мәліметтер қазір бұқаралық ақпарат құралдарының тұрақты тақырыбына айналды. Ол көбінесе Қытай жағына қатысты. Өткен жылдың соңынан бері Қытайдан осы жаққа көшіп немесе туыстарына келген қазақтарды Қытайға қайта шақыртып жатыр екен, олардың алатын зейнетақысын тоқтатып тастапты, ықтиярхат алғандардың төлқұжатын жинап алыпты деген ақпарат тарады. Шынымен де, Қазақстанға келіп азаматтық алған зейнеткерлердің зейнетақысын тоқтатып тастаған мысалдар бар. Сондай-ақ, осы жаққа келіп-кетіп, ықтиярхатпен жүрген азаматтарды Қытайға шақырып, «ықтиярхаттарыңды тапсырасыңдар, егер олай етпесеңдер зейнетакыларынды токтатамыз» деген талап қойып, төлқұжаттарын жинап алған жағдайлар да көп болып шықты. Әсіресе бұл жағдай Іле қазақ автономиялы облысында жиі қайталанған. 2016 жылы қазан айының 30 күні ҚХР коммунистік партиясы орталық комитеті, үгіт-насихат департаментінің басшысы бастаған мемлекеттік делегация Астана, Алматы қалаларында сапарда болды. Алматыда «Жебеу» қатысқан мәслихат өтті. Сонда «Жебеудің» төрағасы делегация назарын этникалық қазақ тығыз қоныстанған Шыңжаңдағы «құжат жинап алу мәселесіне» аударып, осы жайында пікірін сұраған болатын. Делегация басшысы бұл уақытша жағдай екенін түсіндіріп, алаңдауға негіз жоқтығын, терроризм мен діни қауіп-қатердің алдын алу үшін жасалып жатқан шара екендігін айтқан еді. Олар Шынжаңнан шетелге шыққан азаматтардың қайда барғанын, немен шұғылданып жатқанын білу үшін арнайы тексеру жүріп жатқанын, алдағы уақытта жиналған төлқұжаттар иелеріне қайтарылып берілетінін жеткізген. Бірақ орталық Қытайдың саясаты мен Шынжаңдағы жергілікті биліктің ұстанымы екі түрлі болып шықты. Жергілікті атқамінерлер уақытша тексеруді «асыра орындап» жіберген. Тіпті, Іле облысының кейбір аудандарында Қазақстан азаматтығын алған зейнеткерлерге азаматтықтан бас тартуын, өйтпесе зейнетақысынан айырылатынын ескерткен. Ықтиярхат алғандарға да сондай шарт қойып, құжаттары мен ықтиярхаттарын жинап алған. Кейбір азаматтарды «Сен Қытайдағы тіркеуіңді уақытында өшіртпей, заң бұздың» деп, түрлі қысым көрсеткен. Ал Қытайдың шетелге қоныс аударғандарға катысты заңдық күші бар нормативтік актілерінде зейнетке шыққан Қытай азаматы қай елдің азаматтығын алса да, оның зейнетақысы толықтай сақталатындығы анық жазылған. Сонымен бірге, Қытайдың «Азаматтық туралы» заңының 9-бабында шетелдің азаматтығын алған Қытай азаматы азаматтықтан автоматты түрде шығарылады деп көрсетілген. Демек, тіркеуі де өшірілуі шарт. Бұл заңда басқа косымша талап қарастырылмаған. Осы мәселеге қатысты қаңтар айының ортасынан бері «Жебеу» бірлестігінің төрағасы Омарәлі Әділбекұлы бастап, Қытайдың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісінің атына және Қытайдың тағы басқа құзіретті мекемелеріне арнайы хат жолдаумен болды. Сол хаттардың негізінде Қытай елшісі Жан Ханхуй мырза мен Алматыдағы бас консулы Жан Уый мырза бірнеше рет арнайы кездесу өткізіп, мәселенің мән-жайын бірге талқылады. Бас елшінің наурыздағы арнайы мерекелік шақыруына барған Омарәлі Әділбекұлы мен Талғат Мамырұлы Іле облысындағы түйткілді мәселенің күн санап күрделеніп бара жатқанын қайталай еске салған. Алматы консулы басшысының орынбасары қабылдап, бұл жағдайды басынан өткерген нақты адамдармен танысып, олардың арыз-арманын тыңдады. Соңғы кездесуде делегацияның басшысы ШҰАР үкіметі сыртқы істер департментінің хатшысы болды. Сондай-ақ, Ішкі істер мекемесінен, кадрлар мекемесінен, тәртіп тексеру комитетінен,әділет департаментінен, Іле Қазақ облыстық тәртіп тексеру комитетінен онға жуық адам келді. Ал «Жебеу» қоғамдық бірлестігінің атынан 5 адам және осы қалыптасқан жағдайларды өз көздерімен көрген немесе туыстары арқылы біліп отырған он шақты адам қатысты. Делегация мүшелері қойылған сұрақтарға нақты жауап беруге тырысты. Бірлестік орын алып жатқан жағдайды түзеу үшін төмендегідей алты түрлі талаптарын ашық айтты. Бірінші, кейбір мекемелер зейнеткерлердің паспортын, ықтияр хатын жинап алып, ешқандай түсініктеме бермей күттіріп отыр. Екінші, оларға Қазақстан азаматынан шығуды бұйырған. Олай болмағанда зейнетақыны тоқтатамыз деген. Үшінші, екі ай ішінде Қазақстаннан алған ықтиярхатын қайтаруын міндеттеген, сөйтпегенде зейнетақыны тоқтатып, құжатын жиып алатынын айтқан. Төртінші, Қазақстанның азаматтығын алған адамдардың ішінде уақытында тіркеуін өшірмегендерді қос азаматтық деп танып, зейнетақысын тоқтатқан, еш себепсіз тіркеуін өшіруге кедергі келтірген. Бесінші, уақытында мекемесіне барып тізімге тұрмағандардың зейнетақысын тоқтатқан. Алтыншы, қайтып барған біраз кісілердің жасы ұлғайған, денсаулықтары төмен, бала-шағалары қасында жоқ, ол жақтағы үйлерін сатып жіберген. Осы кісілер қатты қиналып жатқандығы жайында болды. Делегация мүшелеріне осы жағдайларға жіті көңіл бөліп, оңды шешім қабылдаулары сұралды. Олар бұл мәселені түбегейлі шешуге құзіреттері жетпейтінін, осындағы талап-ұсыныстарды тыңдап, зерттей келе, Қытай заңдарына сай бір шешім қабылдайтынын айтты. Ол аздай енді міне Қытайға барған қандастарымызды «саяси оқыту орталықтары» деп аталатын қамауға күштеп жинап, «тәрбие» жүргізу науқаны басталды. Бұл да қоғамда үлкен шу тудырып, халықаралық деңгейдегі жанжалға дейін көтерілді. «Жебеу» қоғамдық бірлестігі бұл бағытта да бірқатар шаралар ұйымдастырып, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы үкіметтен көмек сұрады. Осы мәселеге «Ақ жол» сияқты партиялар мен қоғамдық ұйымдар үн қосты. Нәтижесінде Сыртқы істер министрлігінің араласуымен мәселе оң шешіле бастады. Ондаған адамдар қамаудан босатылып, құжаттарын қолына алды. Бұл жұмыс енді басталды, одан әрі жалғасын табады деген үміттеміз. Өйткені, мұндай күрделі мәселе мемлекетаралық дипломатиялық ресми жолмен шешілетіні белгілі. Сондықтан біздің сыртқы істер министрлігіндегі азаматтар алдында әлі де атқарылар жұмыстар көп. Ия, өмірлік тәжірибе көрсетіп отырғандай қоғамның дамуы оның тұрғындарының белсенділігіне тікелей байланысты. Түрлі партиялар мен қоғамдық ұйымдардың іс-қимылы көп мәселені шешеді. «Жебеу» секілді ұлттың ұйытқысына айналған ұйымдар көп болса еліміздің еңсесі де биік болары сөзсіз. Аталмыш бірлестіктің он жылда атқарған жұмыстарын түгелдей тізіп шығу мүмкін емес. Өткізген мәдени, қайырымдылық шараларының өзі бір төбе. Ең бастысы ұлттық ұстанымын берік ұстап, бағытына бекем болса болғаны. «Қазақ үні» газеті мен осы аттас ұлттық порталдың мыңдаған оқырмандары атынан «Жебеу» республикалық қоғамдық бірлестігіне алдағы уақытта да халыққа көрсетер қызметтеріңіз жемісті болсын деген шынайы тілегімізді білдіреміз.Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz