ТӨРТІНШІ ӨНЕРКӘСІПТІК РЕВОЛЮЦИЯ: ӨЗГЕРІСТЕР БАСТАУЫ
2018 ж. 04 маусым
2730
0
Адами капиталдың сапасын арттыру – мемлекет дамуын қамтамасыз етудің негізгі алғышарты. Қоғамның зияткерлік әлеуетін ілгерілетуді жүзеге асыру педагог кадрларға тікелей байланысты. Осы орайда Елбасы Жолдаудың жетінші негізгі міндетінде білім беру жүйесінің барлық деңгейі заман шындығы мен экономика сұраныстарына жауап беруі тиіс екендігін және бұл арада мұғалім мамандығының беделін арттыру қажеттігін алға тартты. Бұл үшін не істеу керек? Біріншіден, отандық жоғары оқу орындары ой-өрісі дамыған, талантты, зерделі және ұлтжанды ұстаз дайындауды одан әрмен жаңа деңгейге көтере түсу қажет. Себебі, жаңа мыңжылдықта өз кәсібінің қыр-сырын жете меңгерген мамандардың бәсі басым болмақ. Бұны уақыттың өзі айқындап отыр. Осынау ауқымды жауапкершілікті абыроймен атқару педагогтарға жүктелген мәртебелі міндет. Дамудың даңғыл жолына бағыт алған болашағы баянды елдің өрісі қашан да білікті де саналы ұрпағымен кеңеймек. Өскелең жасты еліміздің тұтқасы, қатарының көшбасшысы етіп тәрбиелеу – ғасырға жуық үздіксіз мұғалім мамандарын даярлап келе жатқан Қыздар Университетінің басты бағдары, негізгі миссиясы. Екіншіден, Президент жоғары білім беру ісінде жасанды интеллектпен және «үлкен деректермен» жұмыс істеу үшін ақпараттық технологиялар бойынша білім алған түлектер санын көбейту тиістігі жайында, оқытушылардың қайта даярлықтан өтуіне күш салып, жоғары оқу орындарына шетелдік менеджерлерді тартуды айтты. Сонымен қатар қазақстандық жоғары оқу орындары шетелдердің жетекші университеттерімен, ғылыми орталықтарымен, ірі кәсіпорындарымен және трансұлттық корпорацияларымен бірлескен жобаларды белсенді түрде жүзеге асыру қажеттігін алға тартты. Біздің ойымызша, Елбасы жүктеген міндеттерді жоғары дәрежеде орындау үшін мұғалімнің мәртебесін көтере түскен абзал. Бұл осы аталған міндеттердің орнықты іске асуына ұйытқы болмақ. Сондай-ақ, педагогтардың кәсіби біліктілігін заманауи технологиялар арқылы көтеруге де басты назар аударған абзал. Білікті, білімді кадрлар даярлауда және технологиялық дамыған елдердегі ғылыми жұмыстар жүйесінде жоғары оқу орындары үлкен маңызды рөл атқарады. Бұл тұрғыда Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті ғылым мен білімді өзара үйлестіріп, ғылыми зерттеу жұмыстарын ғылым мен технологияның жаңа нысандарына бағыттап жүргізуді басты мақсат етіп келе жатқанын атап өткім келеді.Білім мен ғылымды дамыту және қыздарға педагогикалық білім беру, белсенді азаматтық ұстанымы бар мамандар даярлау басты миссиясы болып табылатын оқу орнында өткізілетін халықаралық деңгейдегі ғылыми конференциялар, жүзеге асып жатқан түрлі жобалар саладағы мәселелерді шетелдік әріптестермен бірлесе шешіп, тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Бізді Елбасының әдеттегідей жас ұрпаққа білім беруге айрықша көңіл бөлуі ерекше қуантты. Жолдауда бізді білім берудің жаңа сапасына көтеретін жаңғырудың негізі ретіндегі адам капиталы болатынын атап көрсетеді. Осы ретте Мемлекет басшысының оқытуға техникалық тұрғыда қолдау көрсету жөніндегі тұжырымы көңілге қонады. Мұның шеңберіне цифрлы білім беру ресурстарын дамыту мен кең жолақты интернетке қосу да кіреді. Бұл жолғы Жолдау мұның алдындағы Үшінші жаңғырудың жалғасы іспеттес. Бұдан бір жыл бұрын жарияланған сол құнды құжатта Нұрсұлтан Назарбаев экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыруына қол жеткізу, цифрлы технологияны қолдану, жаңа индустрияны өркендету, өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, көлік пен логистика, құрылыс секторын дамыту, цифрлы индустрияны жеделдету мәселелерін алға шығарып еді. Елбасының тұжырымынша, Қазақстан осыларды жүзеге асыру арқылы бәсекеге қабілетті елге айналуға тиіс болатын. Енді, міне, Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа белестерін атап көрсететін биылғы Жолдауда осы міндеттерді одан әрі дамытып, жалғастырудың бағдарлары мен бағыттары ұсынылады. Мемлекет басшысы мұны он түрлі міндетті жүзеге асыру жолымен орындағанды жөн санайды. Осы міндеттердің қатарында рухани-әлеуметтік мәселелер де бар. Жолдауда мұны сапалық жаңа деңгейге көтерудің білім беру негізінде жасалуы қажеттігі де тайға таңба басқандай айқын көрсетіліп тұр. «Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет» делінген онда. Бұдан әрі Елбасы бұл міндетті қалай шешуге болатынын тарқатып айтып береді. Мұның ең сүбелісі білім беру бағдарламаларының үнемі әртүрлі өзгерістерге бейім болып шығуы. Жаңа білімді тек осылай ғана меңгеріп тұрудың жөні келеді. Жолдауда орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу тездетілуге тиіс екені айтылады. Мұндай өзгерістер оқу жүйесіне мүлде жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар қабылданып, кадрлар тартылатынын аңғартады. Демек сол кезге дейін педагогтерді оқытуды және олардың біліктілігін арттыруды қайта қарау қажеттігі туындайды. Бұл тұста жоғары оқу орындарында кафедралар мен факультеттерді бұрынғыдан да дамыта түсу қажеттігі алдан шығады. Сол кезде білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқытудың сапасын көтеруге зор мән беріледі. Құнды құжатта білім берумен және ғылыммен айналысудың соны әдістері мен жаңаша тетіктерді керек ететіні де айтылады. Бұл барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажеттігін білдіреді. Сол сияқты алдағы жылы мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізу мәселесі де тілге тиек етіледі. Сонымен бірге жас ұрпақты ғылыми-зерттеу саласына, өндірістік-технологиялық ортаға ұтымды кірістіруге алып бара алатын қазіргі заманғы жаңғыртуларға арқа сүйеу керектігі де ескерілген екен. Елбасы жоғары білім беру жүйесінде ақпараттық технологиялар бойынша білім алған түлектер санын көбейту керек екеніне назар аударады. Мұның ыңғайында отандық жоғары оқу орындарының шетелдердегі жетекші университеттермен, ғылыми орталықтармен, ірі кәсіпорындармен және трансұлттық корпорациялармен бірлескен жобаларды жүзеге асыруы керектігін ескертіп өтеді. Бұл жас ғалымдардың ғылыми гранттар аясына квота бөліп, оларды қолдаудың жүйелі саясатын жүргізуге барып ұласады. Сол сияқты жас ғалымдардың білім беру саласына өзінің инвестициялық жобасы мен экспорттық әлеуетті экономиканың жеке саласы ретінде қарайтын уақыты келгені де қаперге алынады. Осының бәрі біздің қазіргі заманның талаптарына сай келетін мамандарды даярлап шығаруымызға жол ашып береді. Қолданбалы ғылыми-зерт-теулерді ағылшын тіліне біртіндеп көшіруді жүзеге асыру туралы нақты тапсырмалар берілді. Жас ғалымдарымызға ғылыми гранттар аясында квота бөліп, оларды қолдаудың жүйелі саясатын жүргізу хақында жақсы ұсыныстар білдірілді. Менің ойымша, бұл – білім мен ғылым саласы мамандарына беріліп отырған зор мүмкіндік. Тағы бір қуантарлығы, бұл құжатта мұғалімдер мәртебесін көтеруге де ерекше назар аударылып отыр. «Жоғары оқу орындарына білім беру бағдарламаларын жасауға көбірек құқық беріп, олардың академиялық еркіндігін заңнамалық тұрғыдан бекіту керек» делінген Жолдауда. Мұның қабатында оқытушылардың қайта даярлықтан өтуіне күш салып, жоғары оқу орындарына шетелдік менеджерлерді тартып, әлемдік университеттердің кампустарын ашуға мән берілуі тиіс. Бұған қоса, ұлттың әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамытуымыз керектігі тағы бар. Айналып келгенде, бұл қадамдардың барлығы «Рухани жаңғыруға» қызмет ететін болады. Білім беру саласының қызметкері ретінде бізді Жолдауда маман даярлау сапасын арттыра түсуге көңіл бөлінгені да айрықша қанаттандырады. Иә, қазір аз да болса саз маман әзірлейтін кезең келді. Бұл баяғы бір кездердегідей оқу орындарының топырлатып түлек шығаратын үрдісінің күні кетіп бара жатқанын да байқатады. Мұның бәрі жаңаша ойлауға жатады. Ал жаңаша ойлау туралы білімді ұсыну мен өңдеу инновациялық қоғам үшін аса маңызды екені анық. Жолдаудың білімге қатысты құрмет көрсетуді үндейтін тармағынан туған ойлар бізді осындай тұжырымдарға жетелейді. Түптеп келгенде, білім біздің жоғары оқу орындары мен мамандардың бәсекеге қабілеттігін арттырып, олардың осы саладағы іс-әрекеттеріне нағыз безбен болады. Мемлекет басшысы ұсынған елімізді төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында дамытуға арналған он негізгі міндет Қазақстан дамуының жаңа бағытын көздейді. Бұл бүгінгідей алмағайып уақытта қоғамның мүддесі мен негізгі мақсатын ескеретін стратегиялық тұрғыдан маңызды құжат. Себебі, Жолдауда көрсетілген басымдықтар ел дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз ететін ұзақ мерзімді даму стратегиясына сәйкес келеді. Сонымен қатар, Жолдау Қазақстанның әлемдегі технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістерге бейімделуіне бастайды. Гаухар АЛДАМБЕРГЕНОВА, Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор
qazaquni.kz