«Ақ жол» партиясы Түркістанда пленум өткізді
2018 ж. 04 маусым
1715
0
Түркістан қаласында «Ақ жол» ҚДП Орталық кеңесінің Пленумы өтті. Пленумды «Ақ жол» партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев жүргізді.
Орталық кеңес «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша партияның бір жылда атқарған жұмыстарын талқылады. Партия төрағасының орынбасары, ақын Қазыбек Иса күн тәртібіне байланысты «Рухани Тәуелсіздік бағдарламасы» атты баяндама жасап, сөз сөйледі. Талқылауға Орталық кеңес хатшысы Сәбит Байдалы, «Ақ жол» ҚДП филиалдарының жетекшілері – Сейсегүл Әбдісаттарова (Жамбыл облысы), Жаңбырбай Матаев (Маңғыстау облысы), Бақыт Смағұл (Ақмола облысы), Мейраш Шынасылова (Алматы облысы), Рахат Алтай (Семей қаласы), Асқар Садықов (Ақтөбе облысы) және т.б. қатысты. Талқылауды партия төрағасы Азат Перуашев қорытты.
Мәжілісте қаралған Сайлау заңына өзгертулерді талқылау отырыстың күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі болды. «Ақжолдықтар» өзін-өзі ұсынудан бас тартып, мәслихат депутаттарын партиялық тізім бойынша сайлауға көшу, сөзсіз, саяси партиялардың ұстанымы мен әлеуетін нығайтады деп санайды. Еске сала кетейік, демократиялық партия бұл идеяны 2012 жылдың партиялық бағдарламасында да, 2016 жылы өткен соңғы парламенттік сайлау кезіндегі сайлауалды тұғырнамасында да партияның айқын мақсаттарының бірі ретінде белгілеген еді.
«Дегенмен, дәл осы идея бүгінгі күні Заң жобасының негізін құрап отырғаны – «Ақ жол» фракциясының кейде қолдау таппаған көптеген басқа да ұсыныстарының ерте ме кеш пе жүзеге асырылатынын растайды. Бүгінгі сайлау заңнамасының реформасы – партиялық құрылыстың жаңа деңгейі. Жалғыз жортатын саясаттың дәурені өтті. Жекелеген «Дон Кихоттардың» орнын ірі саяси бірлестіктер алмастырады», – деп атап өтті Азат Перуашев.
Сайлау заңнамасының реформасына байланысты партия филиалдарына өңірдегі атқарып жатқан жұмыстарын қайта қарау тапсырылды.
Пленум Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбиновті «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары етіп сайлады, ал Мәжілістің V шақырылымының депутаты Нұрлан Жазылбеков – партия Орталық кеңесінің хатшысы болып сайланды.
Бұдан басқа, латын транскрипциясында «Ақ жол» партиясының жаңа логотипі бекітілді. Түркістан қаласына арнайы сапар шеңберінде Орталық кеңестің мүшелері мен партия белсенділері Арыстан бап және Қожа Ахмет Ясауидің кесенелеріне және Үкаша ата мазарына зиярат жасады. Сондай-ақ, Түркістанда жыл сайын дәстүр бойынша ас берді. Әзірет Сұлтан кесенесіне зияратқа Түркістан қаласының жаңадан тағайындалған әкімі Тәжібек Мұсаев пен әкім орынбасары Ғани Рысбеков және қала жұртшылығы қатысты.
qazaquni.kz