Астана іргесінен жер сатып байыған шенеуніктерге сот үкімі шықты
2018 ж. 05 маусым
3790
2
Көкшетауда білдей 24 мемлекеттік қызметкер айыпталған сот аяқталды.Бұл іс Астана маңындағы Тайтөбе, Қоянды, Қосшы елді мекендерінің тұрғындарына сатылған телімдер бойынша қозғалған еді. Сөйтіп, сәулетшілері бар, әділет бөлімі мен халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері өз жазаларын алды, деп хабарлады КТК.
Бұл сотта ине шаншар жер болмады. Жерін даулаған жұрт та, ісі қаралған бақандай 24 мемлекеттік қызметкерді қолдаушылар да осында. Астана маңындағы жерді жалған құжаттармен оңды-солды сатып, ойына келгенін істеген Целиноград ауданы шенеуніктерінің былығын прокурорлар 300 жер телімін тексерген кезде әшкерелеген. Бірден қылмыстық іске қатысы бар деген 16 қызметкер қамауға алынған болатын. 8-і қолхатпен жүрген. Бүгін 2 жарым жылға созылған сот аяқталды.
«Төлегенова Айзада Жақияқызы ҚР Қылмыстық Кодексінің 235,175,177,307, 190 бабтары бойынша, кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылсын. Жазасын Қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейтін болады», – деді Ақмола облыстық сотының судьясы Арлан Қосжанов.
Бұларға шығарған ең ауыр жаза осы болды. Айзада Төлегенова Целиноград аудандық жер қатынастары бөлімін басқарған. Ол ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, соған басшылық етіпті. Қызметін пайдаланып , жер телімдеріне жалған құжаттар жасады деп айтыпталды.
Ал 5 қызметкер судан ақ, сүттен таза болып шықты. Олар сот залынан босатылды. Бұл даулы істе 187 адам зардап шегуші болып танылған. Олардың кейбірі тергеу ісіне көмектесіп, сотта жауап берді. Бірақ бұлар даулы жерлерін енді қайтарып ала алмаймыз ба деп қорқады.
«Менің 4 гектарым бар еді. Әдейі істеді ақша табу үшін. Біреуіне 30 миллион төледім», – дейді зардап шегуші Марат Тасыбеков.
«Мен 2015-ші жылы жерді сатып алдым. 10 мың долларға. Тайтөбеден Қосшының қасынан. Жерді қайтарған жоқ», – деді зардап шегуші Мәншүк Тұрғамбаева.
Қылмыстық іс қозғалған кезде бұл жер телімдері бұғатталған. Сот қазір ол шектеуді алып тастады. Енді зардап шеккен тұрғындар миллиондап ақша беріп, сатып алған жерлерін құзыретті органдардан талап етуге тиіс. Бірақ, оны қайтадан бұрынғы заңсыз иесіне бере ме, жоқ па оны тағы да шенеуніктер шешеді.