Жекеменшік клиникалар саны артып келеді
2018 ж. 28 мамыр
2804
0
Қазіргі таңда елімізде жекеменшік клиникалардың саны артып келеді. Көш басын Ақмола облысы бастап тұр, қазіргі сәттің өзінде тегін көмек көрсететін мекемелер жұмыс атқарып жатыр.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Ақмола облыстық филиалының сарапшысы Шанхи Голубеваның айтуынша, 2018 жылы медициналық ұйымдар арасында мемлекеттік тапсырыс бойынша медициналық көмек көрсететін жекеменшік ұйымдар саны 33,8 пайызды құрап отыр. Қазіргі сәтте осындай жекеменшік 19 медициналық клиникалар мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс атқарады.
Өткен жылы бұл көрсеткіш 17 болатын. Айта кететін болсақ, 2018 жылдың 1-қаңтарынан бастап, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры медициналық қызмет үшін бірыңғай төлемшілер және кепілдендірілген тегін медициналық көмек көрсетудің операторы болып табылады. 2017 жылдың 7-13 қыркүйек күндері аралығында әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры міндетті түрде әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі және кепілдендірілген тегін медициналық көмек көрсетуге үміткер денсаулық сақтау субъектілерінің бірыңғай базасын жасады. «Ақмола облысының денсаулық сақтау субъектілерінің бірыңғай базасына 68 медициналық ұйым кірді. Оның 45-і мемлекеттік болса, 23-і жекеменшік. Қазіргі кезде 63 медициналық ұйыммен (оның ішінде 19 жекеменшік) мемлекеттік тапсырыс бойынша 98 келісімшарт жасалды», – деп түсіндірді. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Ақмола облыстық филиалының сарапшысының айтуынша қазіргі кезде Көкшетау қаласында «Басар» ЖШС, «Авиценна», «Стоматология», «Мырза-Хан», «Invivo», «Көз орталығы», «ВВ Nura», «Көкшетау теміржол ауруханасы», «Нефрос-Азия» сияқты медициналық мекемелер мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істеп жатыр.
Қуат ҚҰМАР
qazaquni.kz