ЕЛІМ деп ЕҢІРЕП КЕЛГЕН ҚАЗАҚ ӘЙЕЛІН ҚЫТАЙҒА ҚАЙТАРУ - АЖАЛҒА АЙДАУ!
2018 ж. 28 мамыр
23534
26
Ауласына кіріп кеткен аң-құсқа да жанашырлық танытатын Қазақ емес пе едік?
ШЕКТЕН ШЫҒА БЕРЕТІН ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІНЕ ШЕКТЕУ БОЛА МА ?
Дәл қазіргі уақытта Қытайдан Қазақстанға заңсыз өтті деп, тұтқындалып, тергеліп жатқан Сайрагүл Сауытбайдың елден араша сұрап, баспасөз мәслихатын өткізген жұбайы Уәли Сілам да, видеоүндеумен жар салған қайнысы Нұрболат та қоғамдық ұйымдардың телефондарына жауап бермей, жасырынып жүр. Бұны ел олар ҰҚК тергеушілері қысымынан қорыққандықтан, жасырынуда деп ойлауда. Сайрагүл Сауытбайдың өзінің қайда ұсталып отырғанынан да бәріміз бүгінге дейін хабарсыз болып келдік. Сайрагүл Сауытбайдың құқығын қиындық көрген әр қазақтың қасынан табылатын белгілі заңгер, адвокат Абзал Құспан қорғайтын болады. Ол қазақ әйелін Қытайға жібермеу үшін барын салатынын айтуда. Бүгін заңгер Абзал Құспанның Сайрагүлдің Қорғаста қай жерде отырғанын білу үшін оның күйеуін де, қайнысын да таппай отырғандарын жазып, сондықтан «Тіл жанашырлары» тобында сұрау салуына байланысты Желтоқсан ардагері, қоғам белсендісі Жанат Мырза өзінің байланыстары арқылы Жаркент қаласына, Қорғас кеденіне шығып, жан-жақты іздестіріп, Сайрагүл Сауытбайдың Жаркент қаласындағы Панфилов аудандық ішкі істер басқармасының уақытша ұстау изолияторында жатқанын анықтады. Куәлердің айтуынша Сайрагүлді жалаңаяқ, жөнді киімсіз сүйреп алып келген. Оның хәлі ауыр, өзі қатты ауру, қайда екені белгісіз болғандықтан изолияторға артынан бір де бір адам іздеп келмеген әлі. Оған алдымен киім кешек керек екен. Тергеушісі Влад Антонов деген орыс ұлты өкілі көрінеді. Мен мына хабарды естіп, біраз қан қысымым көтеріліп, есеңгіреп отырып қалдым... Қазақ елінен араша сұрап, осындағы отбасын іздеп келген Қазақ әйеліне Қазақтың ҰҚҚ Шекара қызметі тергеушілерінің көрсеткені осы ма? Сонда біздің тергеу орындарының ол жанталасып қашып келген Қытайдың «саяси үйренуіндегі» сұмдықтардан қай жері артық? Мына түрімен, бұлар Қазақстанның тиісті орындары мен қоғамдық ұйымдары араша түсіп, айқай көтермесе, Қытайға «тапсырмаларыңызды тастай қылдық» деп, құлдық ұрған қуанышты түрде өткізіп жіберетін сыңайы бар ма деп күмәнданасың.. Сонда біздің шекарашылар шекараның ар жағындағы елге қызмет ете ме, бізге ме? ҰҚК Шекара қызметінен Сайрагүлден жауап алатын бір қазақ әскери тергеушісі табылмаған ба? Өзіміздің қазақ министрлер мен әкімдер қазақшаны Елбасы тапсырмасынан кейін енді үйреніп жатқанда (ешқандай елде болмайтын масқара!), Шекара қызметінде қайдан қазақ тілін білетін орыс тергеушісі болады?!. Сайрагүл орысша білмейді, 27 жылдан бері Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің тергеушісі мемлекеттік қазақ тілін білмейді, (ешқандай елде болмайтын масқара!) сонда олар қалай сөйлеседі? Сайрагүлдің құқы қалай қорғалады? Мен біздің Ұлттың қауіпсіздігін қорғайды деген ҰҚК ұлтты қорлайды ма деп, Шекара қызметінің қатыгез қарекеттері мен тасжүрек пиғылдарынан қорқайын дедім. Өйткені, өткенде ғана ҰҚК Шекаралық бақылау қызметі Қазақстанға ықтияр хаты болса да, аяғы ауыр болғандықтан, кезекте тұрып құлап қалған қазақ қызы Жайнагүл Ғажапқызын Алматы әуежайынан кері қайтарып жіберіп, бүкіл қазақ шулап жүріп, Қытайға жібермей қайтарып алдық. Әлі де оның тағдыры белгісіз болып тұр. Сонда Қазақ қыздары Сайрагүлдер мен Жайнагүлдерді кім қорғайды? Енді бүгінгі Тәуелсіз Қазақ елінде болып жатқан ҰҚК Шекара қызметінің шектен шыққан осындай әрекеттеріне кім жауап береді? Сол кезде «Қазақ үні» порталында ақын, қоғам қайраткері Алмас Ахметбекұлының: «Шекара қызметінің кешегі әрекеті – ҰЛТТЫҚ ТРАГЕДИЯ» атты сұхбатын жарияландық. Сонда біздің көтерген «Шыңжандағы ҚАЗАҚТАР ШЕКАРАНЫ кесіп өтсе НЕ БОЛАДЫ?»-деген мәселеге: «Бұл мәселені ұлттық деңгейде көтеруіміз керек. Бұдан кейін де мұндай жағдайдың талайы болады. Қазір Шыңжандағы жағдай қиын. Ол жақтағы қандастар жаны қысылып, бір күнде шекараны кесіп өтіп шығатындар шығып жатса не істеуіміз мүмкін? Біз Шекара қызметін, Ұлттық қауіпсіздік қызметін осыған дайындауымыз керек.»-деген жауап алған болатынбыз. Біз айтып, ауыз жиғанша, Қытайдағы қысымға шыдамай, арғы беттен Атамекенін аңсап, өзінің отбасын, жары мен екі баласын бір көруге шекарадан заңсыз болса да кесіп өтіп жеткен Қазақтың анасы Қазақтың елінде кеудесінен кері итеріліп, тағы азап көріп, ажал аузында жатыр... Яғни, бұдан бұрын жазғанымыздай, біз Шекара қызметін, Ұлттық қауіпсіздік қызметін осыған дайындай алмай отырмыз! Ауласына кіріп кеткен аң-құсқа да жанашырлық танытатын Қазақ емес пе едік? Біз Панфилов аудандық ішкі істер басқармасына хабарласып едік, кезекшіліктегі полиция майоры Олжас Сопанов Ішкі істер басқармасы басшысы Рауан Ахметов те, оның орынбасарлары да ауданда кісі өлімі оқиғасы болғандықтан орындарында жоқ екенін жеткізді. Бірақ Сайрагүл Сауытбайды тергеу үшін екі айға тұтқындауға санкция берілгенінен хабардар болдық. Сонымен бірге ол бұл іске Алматы облысы Қорғас шекара қызметі 20/88 әскери бөлімі жауап беретінін, қазір Сайрагүлді тергеу үшін солар алып кеткенін хабарлады. Ал Қорғас шекара қызметінің басшысы Алмас Тілеубайға хабарласу үшін 872831-33-210, 33220 телефондарына соғып, 20/88 әскери бөлімнің тергеуге дейін анықтау бөлімі бастығы міндетін атқарушы Влад Антоновтың көмекшісі, сержант Серік Рахметжановпен сөйлесіп, Сайрагүлдің жағдайын сұрадық: -Сайрагүл Сауытбайға екі айға санкция берілген, қазір тергеу жүріп жатыр, -деді ол. - Сіздердің әскери бөлімде қазақ тергеуші жоқ па, неге орыс ұлтының өкілі тергеуде. Ол қазақша, Сайрагүл орысша білмейді ғой. -Иә, бізде сол жалғыз тергеуші. Оның үстіне Сайрагүл «қытай тілінде жауап беремін , сол ыңғайлы» деді. -Сонда аудармашы арқылы алынып жатыр ма тергеу? -Иә, солай. -Бізге куәгерлердің айтуынша, Сайрагүлдің үстінде жөнді киімі де жоқ, жалаңаяқ алып келген екен изолияторға. Сонда тергеушіліер үйінен ай-шайға қарамай сүйреп шыққан ба, неге бұлай? -Енді үстінде қандай киімі бар, солай келді ғой, киімдері бар, жалаңаяқ емес бірақ. Кеше күйеуі келген, оған да айтып жібергенбіз керек киімдерін әкеліңдер деп. -Ең бастысы елім деп еңіреп келген қазақ әйелін Қытайға жібермеу керек қой. Ол жаққа барса не болатыны белгілі ғой. -Енді ол мәселені сот шешеді ғой, біздің құзырымызда емес. Біз Сайрагүл Сауытбайдың басынан өтіп жатқан сұмдықты естігесін, оралмандар құқығын қорғап жүрген «Атажұрт» жастар қоғамы төрағасы Қыдырәлі Оразұлы мен Серікжан Біләшұлына шұғыл телефон соғып, олар Жаркентке киім кешек алып баратын болды. Сайрагүлдің адвокаты Абзал Құспанға да хабарластық. Ол: -Мен Сайрагүл Сауытбайдың адвокаты болып қызметіме кірісіп кеткенмін. Оның мәселесіне Бас прокурордың назар аударуын сұрап арнайы үндеу жасадым. Яғни, алдында бейнеүндеу жасаған жігіт бар ғой. Қайнысы - Нұрболат. Сол қазір үйіне қонбай, қашып жүр екен. Себебі, оның отбасына әскери заставадан шекарашылар келіп "Сендер неге бүкіл Қазақстанды шулатып жатырсыңдар? Отбасыңмен қосып бәріңді қайтадан Қытайға айдап жібереміз" деп қоқан-лоққы көрсеткен. Одан бөлек, қазіргі таңда Сайрагүлдің күйеуін таба алмай отырмын мен. Соңғы рет жұма күні сөйлестім. Сенбі күні Ішкі істер бөліміне баруы керектігін айтып, біраз жайды түсіндіріп жібергем. Содан бері ол да телефонын өшіріп, қашып жүрген сияқты. Жаппай қысым көрсету жүріп жатыр. Осыны маған сілтеме жасай отырып жарияласаңыздар. Мен жауапкершіліктің бәрін өз мойныма аламын. Бас прокурорға арыз дайындап жатырмын. Халықаралық ұйымдарға шағымданбақпыз. Олар сұраған анықтаманың барлығын жібердік. Қазіргі уақытта Сайрагүлдің ісі бойынша мемлекеттік орындардың барлығына сұрау хат жіберілді. Президент жанындағы Азаматтық істер бойынша комиссия төрағасы Гүлшара Әбдіхалықоваға өтініш жолданды, "саяси баспана" сұрау бойынша. Сонымен қатар, Еуропадан Мира Райтманмен хабарластық, БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комиссияға хабарласып барлығына қажетті құжаттарды жібердік. Олар бұл іске қатысты Қазақстан тарапына арнайы телефонограма жолдауы керек. Қазақ елін паналап келген Сайрагүлді Қытайға жібермеуге барымды саламын. Бұған өздеріңіздің «Қазақ үні» де, барлық БАҚ, қоғамдық ұйымдар да атсалысуы керек! - деп жауап берді. Яғни, Сайрагүл Сауытбайдың елден араша сұраған күйеуі мен қайнысының енді елден жасырынып жүруі заңгер Абзал Құспанның мәлімдеуінше, Шекара қызметінің әскери тергеушілерінің әрекеті деуге болады. ШЕКТЕН ШЫҒА БЕРЕТІН ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІНЕ ШЕКТЕУ БОЛА МА, БОЛМАЙ МА? Еске сала кетейік, 26 мамырда Алматыда Қытайдан Қазақстанға келіп, қайтпай қойған, сол үшін де қамауда отырған Сайрагүл Сауытбайға мемлекеттік және халықаралық деңгейде араша сұрау үшін әйелдің отбасы мен қоғам белсенділері баспасөз мәслихатын өткізгені мәлім. Қытайдағы аз ұлттардың бүгінгі таңдағы ахуалын қоғам белсенділері «геноцидқа» теңеп, Елбасынан осы мәселеге қатысты кезекті мәрте араша сұрады. Ал Сайрагүл Сауытбайдың күйеуі Уәли Сіләм әйелі заң бұзған болса, Қазақстанда сотталсын деп отыр. Бұл туралы «Абай.кз», «Қамшы.кз» сайттары мен барлық БАҚ беттерінде бірнеше рет жазылды. «Қазақ үні» порталы да бұл мәселені әдеттегідей басынан жіті бақылауда ұстауда. Уәли Сіләм екі баласымен Қытайдан Астанаға 2016 жылы көшіп келген. Астанада бір жылдай тұрып, Алматы қаласы Еңбекшіқазақ ауданындағы Бәйдібек ауылына көшіп келіп, 2017 жылы Қазақстан азаматтығын алады. Баспасөз беттерінде жаппай жазылғандай, Қазақстан азаматы Уәли Сіләмнің Қытайда қалып қойған әйелі Сайрагүл Сауытбай Қазақстанға отбасын көруге келген беті екен бұл. Ол Қытайда балабақша директоры болып қызмет етеді. Алайда Қытай тарапы әйелдің отбасы Қазақстанда екенін білген соң жұмысынан шығарып, «саяси үйрену орталығындағы» мұғалімдерге мемлекеттің идеологиясын үйрететін староста етеді. Бірақ, Сайрагүл түрмеден айырмашылығы жоқ «саяси үйрену» орталығындағы сұмдықтарды көзімен өріп, куә болғандықтан, Қытай үкіметі әйелдің бар құжатын тартып алған, қолында тек Қытай азаматшасы екенін дәлелдейтін құжат қана қалады. Он жылдан бері Қазақстанға келмеген Сайрагүл биыл сәуірдің ортасында күйеуі мен балаларын бір көруге іздеп келеді. Отбасымен қауышып үлгермей жатып, ҚР Ұлттық қауіпісіздік комитетінің өкілдері «Қорғас кеден бекетін заңсыз бұзып өтті» деген айыппен ай-шайға қарамай алып кетеді. Себебі әйел Қазақстан шекарасынан құжатсыз өткен дейді. Ал әйелінің құжатсыз қалай өткенінен Уәли Сіләм хабарсыз. -21 сәуірде өздерін ҰҚК өкілдеріміз деп таныстырған екі азамат біздің үйді тауып келіп, бірнеше сауал қойып, қайта жібереміз деп Сайрагүлді алып кетті. Содан бері Сайрагүл қайтып оралған жоқ. Кейін артынан іздеп, Қорғас кеден бекетіне өзім бардым. Мені де тергеу астына алды, әйеліме қатысты және өзге де сұрақтар қойып, қинады. Соққының астына алды. Мен ештеңе айтпаған соң жіберді, бірақ әйелім қамауда қалып қойды. Енді Қытайға жібермекші. Қытайға жіберсе, әйелімді сотсыз өлім жазасына кеседі. Ол анық. Жібермесін! Сотталса да, Қазақстанда сотталсын, – дейді Уәли Сіләм. Әлеуметтік желіде Сайрагүл Сауытбайдың тағдырына алаңдап, араша сұрап жатқандар көбейіп тұр. Осыған байланысты Qamshy.kz ақпарат агенттігі ҚР ҰҚК Шекара қызметіне ресми сауал жолдаған еді. Құзырлы мекемеден келген жауапта «Сайрагүл Сауытбайдың ҚР аумағына кіретін заңды құқығы боламаған» деп жазылған. Ал қоғам белсенділері Сайрагүл Сауытбайды шекарадан заңсыз өткізген шекара қызметкерлерінің өздерін тергеу керек деп отыр. Біз Абзал Құспанның Сайрагүл Сауытбайдың жағдайына байланысты бұған дейін де көптеген БАҚ-та жарияланған мәлімдемесін еске сала кетеміз: