ОФФШОРДАҒЫ ҚАРЖЫНЫ ҚАЙТАРУҒА ЕУРОПАРЛАМЕНТТІҢ ҚОЛДАУЫ ҚАЖЕТ
2018 ж. 21 мамыр
1823
0
Азат Перуашев қазақстандық жемқорлардың оффшордағы қаражатын елге қайтару бойынша Мәжілістің және Еуропалық Парламенттің бірлескен жұмыс тобын құруды ұсынды.
Бұл ұсынысты «Ақ жол» жетекшісі Парламент Мәжілісінде өткен «Қазақстан Республикасы-Еуропалық Одақ» парламенттік ынтымақтастық комитетінің XV отырысы аясында Еуропалық Парламент делегациясымен кездесу барысында мәлімдеді. Азат Перуашев алдымен 2015 жылдың 25-қыркүйегінде Комитеттің XIII отырысында Еуропарламент делегациясына Еуропаға қашқан сыбайлас жемқор шенеуніктердің қаражатын іздестіру және Қазақстанға қайтару жөніндегі бірлескен комиссия құру туралы ұсыныс жасағанын да еске салды. «Сол кезде біз Еуропарламент депутаттарынан халықтан ұрланған ақшаны анықтауға және оны қайтаруға көмек көрсетуін сұрадық. Біз құқық қорғау органдарының қызметін қайталауды ұсынбаймыз. Қылмыстық қудалау – олардың міндеті. Алайда, ұрланған ақшаны қайтару жөніндегі жұмыстың нәтижесі мардымсыз екенін көріп отырмыз. Сондықтан да, Қазақстанға жемқор шенеуніктер ұрлап кеткен ақшаны қайтару Еуропарламентпен өзара ынтымақтастығымыздың маңызды міндетіне айналмақ. Бұл үшін заңнамалық кедергілер болса – олармен бірлесе отырып жұмыс істейік», – деп атап өтті депутат.
Перуашев Еуропада сыбайлас жемқорлармен күресу мен заңсыз ұрланған немесе салық салудан жасырынған қаражатты елге қайтару тәжірибесі бар екенін айтып мысалдар да келтірді.
«Бүгінде біз инвестиция, экономикалық және әлеуметтік даму туралы, байлар мен кедейлер арасындағы алшақтықты қысқарту мәселелері туралы айтып жатырмыз. Ұлттық Банктің басшылығы берген мәліметтерге сәйкес – 100 миллиард долларға жуық қаражат, ал халықаралық сарапшылардың бағалауы бойынша – 140 миллиард доллар көлемінде қаражат Қазақстаннан заңсыз шетелге шығарылған. Міне, мұнда инвестиция, экономика және кедейлікпен күресу дегеннің түпкі негізі осында жатыр», – деді Перуашев.
«Менің ойымша, Қазақстан бұл мәселеде Еуропарламенттің көмегіне сенім артуға құқылы. Екі жылдан астам уақыт өтті, бірақ біздің бастамамызға әлі күнге дейін жауап жоқ. Сондықтан мен тағы да жемқор шенеуніктер ұрлаған қаражатты елге қайтару туралы Қазақстан Парламентінің және Еуропалық Одақтың бірлескен жұмыс тобын құруды ұсынамын және бүгінгі отырыстың хаттамасына осы ұсынысты қосуды сұраймын», – деді «Ақ жол» көшбасшысы.
qazaquni.kz