"Аяқ-қолымда кісен": Қандасымыз өзін қытайлардың қалай қорлағанын айтып берді
2018 ж. 23 мамыр
8375
0
Алматыда «Атажұрт жастары» бірлестігінің ұйытқы болуымен жиын өтті. «Қазақстан» қонақ үйінің «Жамбыл» залына ұзын-ырғасы қырыққа жуық адам жиылды. Олардың дені Қытай түрмесі мен саяси оқыту лагерлеріне түскен азаматтардың туыстары болды. Сондай-ақ, жиынға Қытайда саяси оқыту лагерлерінде және түрмеде қамауда болып, босап келген азаматтар қатысты.
Жиылыстың жалпы мақсаты – Қытайда қамауда болып, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің араласуымен, аман-есен елге оралған азаматтармен кездесу, олардың бастан өткерген қиындықтары жайлы пікір алмасу болды. Жиын барысында елге оралған азаматтар Қазақстан Үкіметі мен осындағы ағайынға алғыстарын айтты.
Қайрат Самархан, Қытайда саяси оқыту лагерінде болып, босап шыққан азамат:
- Мен 1988 жылы Қытайдың Алтай аймағында туғанмын. 2009 жылы Қазақстанға келгенмін. Қазір Астанада тұрамын. 2016 жылы жеке жұмыстарыммен Қытайға барған ем. 16-қазан күні маған хабарласып, құқық қорғаушылар шақырды. 20-қазан күні оларға барып жолықтым. Сол жерде қалтамда барын шығарып, тіпті аяқтың бауы мен белдікке дейін шешкізді. Сосын мені ішкі бөлмеге кіргізді. Аяқ-қолымды кісендеп, сол жерден бастап тергеу басталды.
«Қай жылы тудың, не себепті Қазақстанға бардың, онда кімдермен байланыс жасадың» деген ауандағы сұрақтар қойды. Мен жауап бердім. Сол отырғаннан 12 сағат сұрақтың астына алыпты. Бір қарасам, ұйықтап кеткен екенмін. Есімді жисам, Құранның даусы, Азанның даусы шығып жатыр екен. Егер мен сол кезде бірден оянып кетсем, онда мені «мынау діндар екен, Құран оқиды екен» деп түрмеге қамайды. Сондықтан, естімеген болып жата бердім. Ертесі тағы жалғасты. Ол кезде Қытайдың саясатын сұрады. «Не үшін Қытайға қызмет істемейсің?», «Не үшін қоғамы дамымаған Қазақстанға бардың?» деген сияқты сұрақтар қойды. Қойған сауалдарыныңснына жету мүмкін емес. Шаршап жатып, тағы ұйқыға кеткен екенмін. Бір кезде, «дереу тұр! Пышағыңды алып шық. Қытайлардың басын кесеміз» деді. Мен ол кезде де оянып кетсем, онда сөзсіз соттайтын еді. Сөйтіп, 3 күн тергеді. 23-қазан күні кешкі алтылар шамасында Алтай аймағынан, Бұрылтоғайға апарды. Сол жерде саяси оқыту лагеріне қамады. Кешкі тоғыздарда жеттік. Ол жерге кіре салысымен тыр жалаңашқып шешіндіріп, аяққа кісін салды. 50 метр жердей жүрген соң, бірінші денсаулығымды тексерді. Қан алды, укол салды. Не укол салғанын білмеймін. Шашымда тықырлап алып тастап, бір қабат киім берді. Көрпе таратты. Содан номері 6-сыныпқа кіргізді. Ол жерде 14 адам жатыр екен. Маған дәретхананың түбіне жат деді. Мен қарсылық көрсеттім. «Жатсаң да, жатпасаң да осы- орның. Қарсы шығуға болмайды» деді. Мен әбден шаршап барған адаммын, жатуға мәжбүр болдым.
Таң атты. Сағат 06:00-де тұрдық. Әуелі көрпе-жастығымызды жиып, беті-қолымызды жуамыз. Сосын тамақ келеді. Тамақты ішерде: «Ши Жипиң мың-мың жасасын! Ши Жипиңге мықты денсаулық тілейміз!» - деп, тілек айтып барып іштік.
Сағат 8-ден аса бере, бақылаушы полиция келіп, жинаған көрпе-жастықты тексереді. Маған келіп: «Сен көрпеңді жаман жиыпсың», - деп, қайта шашып тастады. Сөйтіп, 3 рет шашып, 3 рет жинадым.
Сосын мен көрпені лақтырып жібердім. «Қарсы шығатын сен кімсің?» - деп, қолымды қайырып, мені темір сауыт киімге таңып тастады. Темір сауыт киімде 12 сағат тұрдым. Екі қолыңызды жайып, асып тастайды. Тік тұрасыз. Ең азаптысы, жоныңыз ашиды екен. Арқаңыз ауырады. Мен сол кезде 6 сағаттан кейін, жалындым. «Аға-көке, босатыңдаршы» деп жалындым. Қанша мықты болсаң да, ондай жерде жуасып кетеді екенсің. Мен: «Ағатай, ана ішке кіріп жатайыншы, не істе десеңдер де істеймін», - дедім. 12 сағаттан соң, мені камераға қайта кіргізді. Түске 2 уағында Қытай саясаты туралы дәріс өтіп жатыр екен. Заңға қарсы шықпау, Мемлекеттік 19-құрылтайдың мазмұны, аз ұлттар арасында «Ассалаумағалейкум» деп сөйлемеу деген секілді сабақтар өтті. Сол сабақта, қолымызға қалам мен дәптер берді. Күн сайын сабақтың мазмұнын жазып отырдық. Сол сағат 8 бен 10-ның арасында саяси сабақ уақыты.
Сағат 10 мен 12 арасында Қытайша өлең жаттаймыз. Қытайша үйренеміз. 12:00-13:00 аралығында түскі тамақ. Сосын 14:00-ге дейін дене машығы дейді, әскери дайындық үйренеміз. 14:00-16:00 аралығында қайтадан Қытайша үйренеміз, өлеңдер жаттаймыз. Кешкі 18:00-ге дейін жаңағы өлеңдердің мазмұнын жазамыз. 18:00-20:00 аралығында кешкі ас, Ши Жипиң туралы дәрістер айтылады.
20:00-22:00 күндіз бойы оқыған, тыңдағанымыздың мазмұнын жазамыз. Себебі, ертесі дәріс кезінде бақылаушы полицияға баяндама жасаймыз. 22:00-00:00 аралығында жатарға дайындық, сосын күзет болады. Кезек-кезек, таңғы дейін күзетте тұрамыз. Біреу-міреу өз өзіне қол жұмсауға жол бермеу үшін болатын күзет бұл.
Мен ол жердегі азапқа шыдамай, өзіме қол салғым да келді. Қаншама халықтың қиналып жатқанын көзбен көрдім. Мысалы, өзіне қол жұмсаған алтайлық қазақ азаматы болды. Үстіндегі киімімен буынып өлмекші болды. Оны құтқарып қалды. Бірақ, сол үшін бүкіл сыныптағы адам жауапқа тартылады. Барлығын бірге қинады.
Мен де шыдамағанда, өзіме-өзім қол жұмсағым келді, одан қалса, адам өлтіргім келді. Неше түрлі жаман ойлар келді. Себебі, мен жастай жетім өскенмін, ондағы азаптауларға төзе алмадым. Бірақ, «осы жерден шығып, еліме кетсем, шіркін» деген ой әрдайым көңілімде жүрді. Бір күні күзетте тұрдым. Ұйықтап жатқан ем, кезекке тұрасың деп оятып алды. Шала ұйқы, басым ауырып кеткен. Жүгіріп барып, тамға басымды бір ұрдым. Талып қалдым. Есімді жисам, больницада жатыр екенмін. Сол лагердің ішінде. Ондағы дәрігерлер, ауданға апарып, басымды рентгенге салып тексерту керек деді. Содан сақшы мәшинесімен, ауданға апарды. Аяқ-қолымда кісен. Жұрттың алдында қылмыскер секілді алып жүрді. Намысыма тиді.
Сол жерде бір қазақ кісі самса, лағман беріп жүр екен. Қуанып кеттім. Өйткені, түрмеде шәй мен сұйық, су тамақ қана береді. Онда да жарытпайды. Түскі асқа күріш пен су.
Ол жерде діни себептермен қамалғандарға шошқаның етін жегізіп жатты. Күштеп арақ ішкізіп, діннен бас тартуды үйретіп жатты. Тамақтарында мүлде тұз жоқ. Біз ең соңында тұзды аңсап кеттік. Бір қап тұз әкелсе, соны жей салар ек.
Жаңағы ауданда тексеруден өттім. Берген тамақтарын жедім. Бір уақта полиция келіп: «Сен қарсы шықтың. Өзіңе қол жұмсадың. Сол үшін 7 жылға сотталасың» деді. Мен жылап жібердім. 7 жыл деген оңай уақыт па?.. Қатты уайымға түсіп кеттім. Жүегім қан жылады. Сөйтсем, әлгісі мені мазақ қылған түре екен. Мені босатыпты.
Сол жерден ауылға қайттым. Жеке куәлігімді жарамсыз қылып тастапты. Ешқайда кірі алмайсың, бірдеңе болса шиқылдап шығады. Ауылға келсем, ауыл өзгерген. Әр үйге бір-екіден қытай кірген. Ауыл қаңыраған. Әр үйге бірді-екілі әскериді жүктеп қойған. Бір ауылдың адамын басқа ауылға кіре алмайтын қылып тастаған.
Әр үйге Қытайдың туы мен Ши Жипиңнің суретін іліп қойған. Мен ауылға келіп, өз туысымның үйіне бас сұға алмадым. Себебі, мен қамауда болғам. Кесірім, оларға тиеді. «Ассалаумағалейкум» деп амандассаң бітті, 15 күнге алып кетеді екен. Сәлем бермек түгілі, қазақша бір ауыз сөз айта алмай қор болдым. Мен қытайша оқымағанмын. Қазақша оқығам. Қытайша сөйлей алмай қиналдым.
Мен Қазақстанда үйленгенмін. Әйелім, балам бар. Мен ауылдың сақшыларынан рұқсат сұрадым. Барып, әйел-баламды көріп келейін деп. Сақшылар саяси лагерге барып келгендердің сыртқа шыға алмайтынын айтты. Әке-шешемнің жоқтығын айтып, ең құрығанда 15 күнге, Қазақстандағы әйелім мен баламды көріп, қайтып келетінімді айтып, қаладан рұқсат сұрауға келдім. Сөйтсем, менің паспортымды белгілеп тастаған екен. Шиқылдаққа келгенде өткізбей қойып, кері ауылға қайтарады. Содан, амалын тауып қалаға кірдім. Бірден, полиция бөлімшесіне барып, Қазақстанға барып-келуге 1 айға рұқсат сұрадым. Олар мені шығаруға болмайтынын айтты. Араға адам салып жүріп, жағдайымды түсіндірдім. Содан, қытай сақшысы маған 6 құжат толтырғызды. Бірінші, дінге сенбеу туралы анықтама. Екінші, партияға қарсы шықпау туралы анықтама. Үшінші графада – егер Қазақстанға шығатын болсам, Қытайдағы үй-жайымды түгел кепілге қоятынымды ескертті. Төртінші, мемлекеттің құпиясын сақтау туралы келісім. Бесінші, Қазақстанға барғанда бөтен ешкіммен сөйлеспеу туралы шарт. Алтыншы, шекарадан шыққан күнен бастап 1 айда қайтып келесің деген талап. Мен барлығына келістім. Алтайда екі-үш күн жаттым.
Айтпақшы, сол жерде бір қазақ бастық кісі маған: «Қазақстанға шықсаң, сенің қайтып келмейтініңді білемін. Егер қытай бастық қол қойса, дереу шығып кет» деп демеу айтты.
Қалтама 500 юань салып берген. Екі сақшы өз көліктерімен алып жүрді. Ауылға барып, құжаттарымды тексеріп, одан ауданға әкеліп, онда да құжаттарды реттеп, ақыры шекараға дейін алып жүрді.
2018 жылдың 14-наурызы күні Қазақстанға өттім. Зайсанға келдім. 500 юань деген ақша неге жетсін, Өскеменде туыс-туғаннан 50 мың теңге ақша алып, Астанаға жеттім. Қамалып кетер алдында Азаматтыққа тапсырып қойғанмын. Азаматтығым шығып қойған екен. Азаматтығымды алдым.
Менің азаматтық алуда құжаттарымды жылдамдатып жөндеп бергені үшін осындағы мамандарға рахмет айтқым келеді. Қатты қуандым! Қазақстанға жеткенде кеңдіктің, дархандықтың не екенін сезіндім. Азаттықтың не екенін сезіндім. Сол үшін өте қуаныштымын!
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz