Сағадиев Қытайда жоғалған қазақ студенттері үшін жауап беруі керек - белгілі ақын
2018 ж. 22 мамыр
5880
2
Қытай соңғы бір жарым жыл ішінде Қазақстанға туысшылай келген 500-ден аса қазақты (өзіндегі қазақтан 5 жүз мыңын ұстауды жоспарлап отырған көрінеді...), кейінің - ерін, кейінің - әйелін, кейінің - ер-әйелімен бірге, кейінің - бала-шағасымен бірге (Мәселен, ҚХР. Іле қазақ облысының Тоғызторау ауданынан келген Ораз деген азаматтың бір әкеден туған 5 бауыры бірдей «Қазақстанмен көп хабарласқан» деген «қылмыспен» ұсталып, қамалған...) «Саяси үйрену» деп аталатын, іс жүзінде түрме болып саналатын қылмыстық лагерлерде «Қазастанмен байланысы бар және намаз оқыған» деген сылтаумен ұстап, жан түршігерлік азаптың астына алып жатқаны көпке белгілі. Сонымен қатар, еш жазықсыз бұл жандарды бұлай қылмыскер ретінде ұстау, қамау үздіксіз жалғасуда...
Міне, бұл сұмдық қанатын тез жайып, осында келіп, азаматтық алған азаматтарға да тиіп, олардың да талайы қытай түрмелерінде жатыр. Соның салдарынан елімізде бөлінген отбасының саны артты. Олардың тұрмыстық жағдайы күннен-күнге төмендеумен бірге, рухани азабы айтуға тіл жетпес деңгейге көтерілді.
Жалпы Қытайдағы қазіргі болып жатқан қазақ халқына қатысты бұл мәселелерді бізден гөрі әлемдік ақпарат көп жазып, әлем жұрты көп хабарлы болуда...
Қазақ қайда болса да қазақ екеніне, Қазақстан мемлекетінің төл тумасы екеніне қарамастан көбірек: «ол Қытайдың ішкі мәселесі» деп қарайтын сыңайлымыз... Бұл біздің қате түсінігіміз...
...Бұған дейін Қытайдан келіп, әр түрлі университеттерде мемлекет грантымен оқып жатқан қазақ студенттерден 79 ізденушіні (тағы бір студент қосылды. Алда толық мәліметімен жарияланады. Бұл көрсеткіш әлі өсетін сияқты) Қытай жақ түрлі байланыстармен: «шұғыл кел» деп шақырып, қайтпағанын әке-шешесіне: «Балаңды шақыр. Егер келмесе сендерді қамаймыз» деп мәжбүрлі түрде кері қайтарып алған. Міне, сол 79 студент шекарадан өткен жерден ұсталып, сол күйі із-тозсыз жоғалған. Кейінің ата-анасы «қайда» деп сұраса, сұраған ата-ананың өзін қамаған. Кейбірінің шекарадан өткенін ата-аналары да білмейді. Ол боздақтарымыздың шекарадан Қытайға кері өткені анық. Бірақ қайда екенінен, өлі-тірілігінен еш дерек жоқ... Кейінің ата-аналары балаларының олай шақырылғанынан да хабарсыз. Қазірге дейін Қазақстанда оқып жүр деп келген.
...Бұл Қытайдың ондағы қандастарымызға жасап жатқан сұмдықтарының жай шет жағасы ғана...
Қытай солайынан қандастарымызға өз ойлағанын қыла тұрсын.
Ал, сонда, біздікі не?
Ол бейбақтар жайлы не Қазастандағы олар оқыған унверситеттерден, не Қазақстан Білім министрлігі тарапынан еш іздеу жоқ. Тіпті, бұл іс осыған дейін жасырылып келген. Бұл мәселені ел, ұлт үшін қызмет еткісі келген Серікжан Біләш, Қыдырәлі Ораз сынды азаматтар бастаған ұлтжанды жас еріктілер әшкерелемеген болса, осылай жабулы күйі қала берер ме еді, қайтер еді?...
Әр нәрсенің, әр істің өз жауапты иесі болады. Сондықтан бұл 97 студент жайлы төмендегі сұрақтарымызға Қазақстан Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев пен олар оқыған мына төмендегі университеттердің ректорлары жауап берсін!
Бірінші: ол студенттер Қазақстандағы мемлекеттік университеттердің заңды өз студенттері ме, жоқ па?
Екінші: егер олар Қазақстан мемлекетінің қазынасынан бөлінген қаражатпен (грантпен) оқып жатқан заңды студенттері болса, ендеше олар неге іздеусіз қалуы керек?
Үшінші: мемлекет қазынасынан бөлініп, университеттердің қоржынына түскен оларға тиеселі қаражаттар қайда? Неге жұмсалуда?
Төртінші: университеттер бұл істі неге осы уақытқа дейін жасырып келді?
Бесінші: Қазақстан Білім және ғылым министрлігі бұл мәселені неге жасырып келді? Әлде білмегені ме? Білмесе кімдер жауап беруі керек?
Құл-Керім Елемес,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі
Фейсбук парақшасынан