МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢ ҚАБЫЛДАНУЫ КЕРЕК!
2018 ж. 22 мамыр
7930
3
"Қазақ үні" ұлттық порталында Мемлекеттік тіл үстемдігіне қатысты келелі мақалалар ұдайы жарияланып тұрады. Редакция ұжымы жұмысының басым бағыты қазақ тілінің үстемдігін арттыру болып табылады. Осыған дейін порталда Мемлекеттік тіл туралы заңның кемшін тұстары туралы талай өзекті ақпарат басылды. Қолданыстағы заң аясын жетілдіру керектігі туралы басылым тұрақты түрде жазып келеді.
Қазіргі қолданыстағы «Тілдер туралы» заң мемлекеттік тілді меңгеруді міндеттемейді, тілді білу қажет, менгеруге тиісті деген ұсыныстармен шектеледі. Осы жағдайларды ескере отырып, 2007 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетінің сол кездегі бір топ ғалымдары: «Қазақстан Республикасы мемлекеттік тіл туралы» заңның жобасын дайындады. 2012 жылы "Ақ жол" партиясы да қоғамдық ұйымдармен бірігіп "Қазақстан Республикасы Мемлекеттік тіл туралы Заң жобасын" ұсынып, Үкімет өткізбей тастаған болатын.
Бүгін оқырман назарына 2007 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетінің ғалымдары даярлаған Заң жобасын ұсынамыз.
Мемлекеттік тіл - рухани жаңарудың негізі. Сондықтан Президент Н.Ә.Назарбаев латын әліпбиіне көшумен мемлекеттік тіл мәселесі өзінен-өзі шешілмейтідігін ашық айтты. Сондай-ақ ағылшын тілін оңай меңгеру, ғылым мен технологияның жедел дамуы сияқты аңғырт ойлардың да негізсіздігі белгілі болды. Демек ағылшын тілін білу ғылыми-техникалық прогресті дамыту арнайы іс-қимылды қажет етеді. Ал мемлекеттік тіл мемлекеттің қорғауына мұқтаж. Мемлекеттің тілдің мәртебесін көтеру латын әліпбиіне көшуге байланысты ғана емес, басқа да да тілден тыс сыртқы және ішкі факторлардан туып отыр. Латын әліпбиіне көшу мемлекеттік тіл мәселесінің мәнін тереңірек ашты.
Жаһандану заманында көптеген елдер, оның ішінде Франция, Германия, Ресейде бар, жүзден аса мемлекет мемлекеттік тіл туралы заңдарын қабылдап, ағылшын, басқа да тілдер экспансиясынан қорғанатын механизмдерін қалыптастыруда. Ағылшын тілін меңгерудің ақылға сыйымды жолын іздеуде.
Қазақстан бүгінгі күні тек екі ғана емес, үш тілдің: қазақ,орыс және ағылшын тілдерінің өзара әрекеттестік алаңына айналғанын атап өту қажет. Іс жүзінде, қазақ тілі екі әлемдік тілмен бәсекелестік бәйгесіне түсті. Бұл бәсекелестік күресте қазақ тілінің аман қалуы қиын. Осыған байланысты біздің елде, дүниежүзінің көптеген басқа да елдеріндегідей, тілдің қорғаныс тетіктерін енгізу керек.
Сондай-ақ, қазақтардың ұлттық сана-сезімінің ұдайы өсуі мен қазақ эносының демографилық келешегін де ескеру қажет. Ел халқының 70 пайыздан астамын қазақтар құрайды. Өмірге 80 пайыздан астамы орта білімді, 60 пайыздан астамы жоғары білімді қазақ тілінде алған қазақтың жас ұрпағы келді. Егер қазақтарға қызмет көрсететін өкімет органдары және басқа да мекемелер мен ұйымдар оларға ана тілінде қызмет жасамаса, кейбір көріністері байқала бастаған күрделі мәселелердің ушығуы мүмкін.
Сонымен бірге қолданыстағы «Тілдер туралы» заң мемлекеттік тілді меңгеруді міндеттемейді, тілді білу қажет, менгеруге тиісті деген ұсыныстармен шектеледі. Осы жағдайларды ескере отырып, 2007 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетінің сол кездегі бір топ ғалымдары: «Қазақстан Республикасы мемлекеттік тіл туралы» заңның жобасы дайындады. Жобаны дайындаушылар алынып тасталды. Соңында берілді.
Заң жобасы «Ана тілі», "Қазақ үні" және «Заман Қазақстан» газеттерінде жарияланды, оның Алматы, Астана, Ақтөбе, Қызылорда қалаларының оқу орындарында тұсауыкесерлері өтті, оны ҚР Жоғары Сөт қызметкерлері, Мәдениет министрлігі мақұлдады. Жоба ҚР Президент әкімшілігі мен ҚР Үкіметіне ұсынылды. Премьер-министр К.Мәсімов 8 қантар 2009 жылы заң жобасы авторларына арналған хатында жобаның негізгі мазмұны 2009 жылы «Тілдер туралы» заңға толықтырулар енгізілгенде ескерілетін болады деді. Бірақ Үкімет пен Парламент ол заңға оралмады.
Заң жобасын дайындаушылар Қазақстандағы тіл мәселесінің нәзіктігіне аса назар аударады. Бір жағынан, заң азаматтарды мемлекеттік тілді меңгеруді міндеттейді, екінші жағынан, азаматтардың тілдік хұқын сақтау қажет. Барлығы адамдық факторға тіреледі. Өзбекістан мен Азербайжанда, мысалы, байырғы ұлт өкілдері ана тілін меңгерген, сөйлейді, оқиды және жазады, демек ана тілінде ойлайды және өз тілдеріне сұраныс жоғары. Латын әліпбиіне көшу олар үшін жалпы ұлттық іс.
Ресми деректерде барлығы жақсы болғанымен мамандардың айтуынша Қазақстанда таза қазақша сөйлейтін қазақтар көп емес, негізінен қазақтар аралас, қойыртпақ, орыстанған қазақ тілінде сөйлейді, ал оқитындар мен
жазатындар одан да аз. Қазақша оқыған жастар да орысшаға бейім. Бұл латын әліпбиіне көшуге өрасан зор қиындықтар туғызады.
Қазақ тілін латын әліпбиіне аудару қазақтар үшін екі жақты үрдіс, ең алдымен мемлекеттік тілді және латын әліпбиін, орфографиясын меңгеру. Сондықтан да президент латын әліпбиіне көшуді мемлекеттік тілді меңгерумен байланыстырып отыр.
Қалыптасқан жағдайда ең маңыздысы бүгінгі қазақтар мен қазақстандықтардың мемлекеттік тілді меңгеруге қажеттілігін тудыру.
Тілді таңдау адамдардың мүдделілігіне байланысты. Адамдар жұмысының, мансабының өсуін, тағы басқа талабын қамтамасыз ететін тілді таңдайды. Нарықтың заңы, соның ішінде тілдер нарығының талабы да осындай. Бірақ мемлекеттік тіл - ерекше рухани құндылық. Тілді оның иесі, ежелгі қолдаушысы, немесе қазақтар меңгермесе, оның түлеуі мүмкін емес. Сондықтан заң жобасын ұсынушылар қазақтардың қазақ тілін меңгеруіне басымдық мән береді. Мемлекетқұрушы ұлт мемлекет тілін меңгермейінше, тілдік орта қалыптаспайынша басқа халықтардың тілдік таңдауына ықпал жасау мүмкін емес.
Заң жобасын дайындаушылар сондықтан бірінші кезекте мемлекеттік тілді меңгеруді ең алдымен қазақтарға қояды. Екінші кезекте бұл талап барлық азаматтарға қойылады. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тіл туралы заңының әлемдегі мемлекеттік тіл туралы заңдарынан ерекшілігі осында болмақ. Бұл ішкі тілдік ахуалдан және геосаяси жағдайдан туған амал. Бірақ ҚР Конституциясының 33 - бабының 4-тармақшасына сәйкес мемлекеттік қызметшілер ұлтына қарамастан мемлекеттік тілді меңгеру міндетті.
Мұндай саралап жіктеу саяси және психологиялық жағынан да қисынды. Н.Ә. Назарбаев Қазақстанда ұзақ мерзімді тұрақтылық, бейбітшілік пен келсім қажет екендігіне үнемі назар аударады. Осы заң жобасы қабылданған жағдайда, наразылық білдіруге еш себептер жоқ. Бірінші кезекте мемлекеттік
тілді меңгеруді мендеттейтін заңға қазақтардың реніш білдіруге негізгі жоқ, себебі мәселе олардың ана тілі болып отыр.
Заң жобасының басты - бір жаңалығы басты назарды тек іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізуде ғана емес, мемлекеттік тілді білуіне, халыққа мемлекеттік тілде қызмет көрсетуде болып отыр.
Заң жобасы он үш баптан тұрады.
«Қазақстан Республикасы мемлекеттік тіл туралы» заң қабылданған жағдайда. «Тілдер туралы» заң мен басқа да заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Заң жобасы бүгінгі жағдайларға сәйкес кейбір түзетулер енгізілгеннен кейін ҚР Үкіметіне ұсынылды.
Зан жобасының құрылымы:
Жалпы ережелер
1 - бап. Заңда пайдаланатын ұғымдар.
2 - бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілінің құқықтық мәртебесі.
3 - бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі туралы заңнамасы.
4 - бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілін міндетті қолдану аясы.
5 - бап. Мемлекеттік тілді мемлекеттік органдар мен өзін өзі басқару органдарында, басқа да ұйымдар мен мекемелерде қолдану.
6 - бап. Мемлекеттік тілді білім, ғылым және мәдениет салаларында қолдану.
7 - бап. Мемлекеттік тілді сот ісі мен нотариат органдарының қызметіне және азаматтық хал актілері жазбаларында қолдану.
8 - бап. Мемлекетті тілді Қарулы Күштер және құқық қорғау органдарында қолдану.
9 - бап. Мемлекет органдардың мемлекеттік тілді меңгеру.
10 - бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілін қорғау және қолдау.
11 - бап. Қазақстан Республикасының азаматтарының мемлекеттік тілді қолдану құқының қамтамасыз етілуі.
12 - бап. Қазақстан Республикасының «мемлекеттік тіл туралы» заңның орындау жауапкершілігі.
13 - бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі туралы заңнын Қазақстан Республикасының басқа да актілерімен сәйкестендіру.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі туралы» Заңы. Жоба.
Осы Заң Қазақстан Республикасында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қолданылуы, дамуы мен қорғалуының құқықтық негіздерін анықтайды, азаматтарының мемлекеттік тілді еркін меңгеруіне ұйымдастырушылық, ма-териалдық және техникалық жағдайлар жасауды қарастырады.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын ұғымдар
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын ұғымдар
Осы Заңда келесі ұғымдар пайдаланылады:
1) біліктілік-аттестаттау комиссиясы – тестілеу және басқа да бақылау жүйелері арқылы қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтайтын комиссия;
2) жастар - 17 жастан 34 жасқа дейінгі қоғамның әлеуметтік-демо-графиялық тобы;
3) диаспора - өзінің тарихи отанынан тысқары елде тұрып жатқан халықтың бір бөлігі (этникалық қауымдастық, ұлт);
4) мемлекеттік рәміздер - мемлекеттің тәуелсіздігі мен өзіндік ерекшелігін бейнелейтін тарихи айырым белгілері. Оған Мемлекеттік ту, Мемлекеттік елтаңба, Мемлекеттік әнұран, сонымен қатар мемлекеттік тіл жатады;
5) Мемлекеттік тіл - мемлекеттіліктің рәмізі ретінде ерекше саяси-құқықтық мәртебеге ие, елдің барлық аумағына таратылады және тұрғындардың ұлттық құрамына қарамастан, қоғамдық өмірдің барлық салаларында міндетті түрде қолданылады.
6) тілді меңгеру деңгейі - түсіну, сөйлеу, оқу және жазу дағдылары негізінде өлшенетін тілді білу және шеберлік дәрежесі; Мемлекеттік тілде сөйлеу, оқу және жазу тілді меңгерудің деңгейі болып есептеледі.
7) тілдік жағдай – тілдерді қоғамда іс жүзінде қолдану;
8) ресми құжаттар;
а) заңды немесе жеке тұлға дайындаған, бекітілген тәртіпте рәсімделген және куәландырылған құжат.
ә) заңдар, сот шешімдері, заңнамалық, әкімшілік, сот және дипломатиялық сипаттағы басқа да мәтіндер, сондай-ақ авторлық құқық болып табылмайтын олардың ресми аудармалары.
2-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілінің құқықтық мәртебесі Бап редакцияланды.
1. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттік тіл – қазақ тілі.
2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тіл қазақстандықтардың басын қосатын ұлтаралық қатынас тілі.
3. Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл елдің саяси, экономикалық, қоғамдық, ғылыми және рухани-мәдени өмірінің барлық салаларында және бүкіл аумағында қолданылуы міндетті.
4. Қазақстан Республикасында мемлекеттік тілін заңмен қолдау және қорғау қоғамның рухани жаңғыруының негізі.
5.
6. Заң диаспорлардың тілдерін олардың қоғамдағы сұранысына сәйкес қолдайды және оған заңды кепілдік береді.
7. Мемлекеттік тілдің ішкі нормаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі реттейді.
8. Қазақстан Республикасында мемлекеттік тілде баламасы жоқ шетел сөздерінен басқа сөздер мен сөз тіркестерін пайдалануға тыйым салынады.
3-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі туралы заңнамасы
Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі туралы заңнамасы Қазақстан Республикасы Конституциясының халықаралық құқық мойындаған қағидаттар мен нормалардан, Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық келісімдерден, осы Заңнан, Қазақстан Республикасындағы тілдік қатынастарды реттейтін басқа да заңдар мен нормативті құқықтық актілерден тұрады.
4-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілінің қолдану аясы
Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі міндетті түрде қолданылады:
1) барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар және жергілікті өзін-өзі басқару органдары, барлық меншік нысанындағы ұйымдар мен мекемелер қызметінде;
2) барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар және жергілікті өзін–өзі басқару органдары, барлық меншік нысандарының атауларында;
3) сайлау мен референдумдарға дайындық пен өткізу барысында;
4) конституциялық бақылауда, азаматтық, қылмыстық, әкімшілік сот жүргізу ісінде, соттар мен судьялардың қызметінде;
5) Қазақстан Республикасының халықаралық келісімдерін, сонымен қатар заңдар мен басқа да нормативтік құқықтық актілерді ресми жариялағанда;
6) құқық қорғау органдарында, Қарулы күштерде, нотариалдық қызметте;
7) Банк қызметінде;
8) сауда және көлік қызметінде;
9) Қазақстан Республикасы азаматтарының, азаматтығы жоқ тұлғалардың, қоғамдық бірлестіктердің өзара қарым-қатынастарында;
10) әкімшілік аумақтарды (елді мекендер, көшелер мен алаңдар және т.б.), географиялық атауларды жазғанда, мемлекеттік емес кәсіпорындар, мекемелер, ұйымдар мен оқу орындарының атауларында;
11) мемлекеттік ұйымдар және жергілікті өзін-өзі басқару органдары, мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелер мен ұйымдардың мөрлері, мөртаңбалары мен бланкілерін даярлау барысында;
12) Қазақстан Республикасы азаматының жеке басы куәлігін растайтын құжатты рәсімдегенде, республика заңдарымен қарастырылған жағдайлардан басқа, бланкілер, мемлекеттік тіркеу туралы куәлік, азаматтық хал-ахуал жөніндегі актілер дайындауда, мемлекеттік аккредитациясы бар білім беру мекемелері берген білім туралы құжаттарды рәсімдегенде, сонымен қатар басқа да құжаттардың рәсімделуі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілінде жүзеге асырылады, республика көлемінде жіберілетін жеделхаттар мен пошталық жөнелтімдерді жіберуші мен алушылардың мекен-жайларын, ақшалай қаржының пошталық аударымдарын рәсімдеуде;
13) Республикалық және жергілікті теле және радио хабарлар тарату, республикалық және жергілікті мерзімді баспа басылымдарының редакциялары қызметінде;
14) Қазақстан Республикасының барлық қызмет көрсету салаларында, жарнамалар мен хабарландыруда мемлекеттік тіл қолданылады. Қажет болған жағдайда басқа да тілдерді қолдануға болады, бірақ олардың орын ауқымы мемлекеттік тілдің алатын орнының ауқымынан аспауы және мемлекеттік тілдегі жазудан кейін орналасу керек.
15) басқа да заңдармен белгіленген салаларда;
16) Саяси партиялар, кәсіподақ ұйымдары, үкіметтік емес үйымдар жұмысында және іс қағаздарында.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген салаларда, Қазақстан Ресубликасының мемлекеттік тілімен қатар басқа тілдер қолданылған жағдайда, басқа тілдегі мәтіннің мазмұны және техникалық ресімделуі, оның ішінде дыбыстық ақпарат (аудио – және аудиовизуалдық материалдар, теле – және радиобағдарламалар) мемлекеттік тілдегі мәтінге сәйкес орындалуы керек.
3. Осы Заң жеке адамдар арасындағы тұрмыстағы қатынастарда және діни әдет-ғұрыпты атқарудағы тілдердің қолданылуын реттемейді.
5-бап. Мемлекеттік тілді мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, басқа да ұйымдар мен мекемелерде қолдану
1. Қазақстан Республикасында ресми құжаттар, заңдар, нормативтік құқықтық актілер және басқа да мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының шешімдері мемлекеттік тілде қабылданады және басқа тілдерге аударылады. Қазақ тіліндегі құжат түпнұсқасы болып саналады.
2. Қазақстан Республикасында ресми қоғамдық-саяси іс-шаралар (сессиялар, съездер, кеңестер, келісімдер, саммиттер, жиналыстар, семиналар, алқалар, мәжілістер, конференциялар және т.б.) мемлекеттік тілде жүргізіледі. Сөйлеушілер басқа тілдерді қолданған жағдайда ол міндетті түрде мемлекеттік тілге аударылуға тиісті.
3. Шетел мемлекеттерімен ресми қатынастарда (халықаралық келіссөздер мен келісімдер, кездесулер, қабылдаулар, құжаттар әзірлеу мен бекіту барысында) Қазақстан Республикасы тарапынан мемлекеттік тіл қолданылады.
4. Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшылары, қызметкерлері мен лауазымдық тұлғалары, сондай-ақ полиция, құқық қорғау органдары, байланыс мекемелері, транспорт, сауда, тұрмыс денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, банк жүйесі және меншік түріне қарамастан тұрғындарға қызмет көрсететін басқа да мекемелердің қызметкерлері мен лауазымдық тұлғалары өз міндеттерін атқару үшін кәсіптік деңгейде мемлекеттік тілді меңгеруі тиіс. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес мемлекеттік тілді меңгермеген диаспора өкілдерін белгілі салалар қызметінде пайдалануға тыйым салынбайды.
5. Қазақстан Республикасы аумағында тұратын тұлғаларға мемлекеттік органдарға, қоғамдық бірлестіктерге, кәсіпорындарға, мекемелер мен ұйымдарға өтініштерін, ұсыныстары мен арыздарын мемлекеттік және басқада тілдерде білдіру құқықтары қамтамасыз етіледі.
6-бап. Мемлекеттік тілді білім, ғылым және мәдениет салаларында міндетті қолдану. Бап редакцияланды.
1. Қазақстан Республикасында мектепке дейінгі балалар мекемелерінде оқыту мен тәрбие мемлекеттік тілде жүргізіледі, ал басқа тілдерде тәрбиелейтін мектепке дейінгі мекемелерінде мемлекеттік тілді оқыту міндетті.
2. Қазақстан Республикасы жалпы білім, бастауыш, орта, жоғары кәсіби және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесінде мемлекеттік тілде білім алуға кепілдік береді.
Қазақстан Республикасының диаспора тілдерінде тілде білім беретін жалпы білім, бастауыш, орта, жоғары кәсіби және жоғары оқу орнынан кейін
білім беру мекемелерінде сыныптан сыныпқа көшу, оқу орындарына қабылдану және бітірушілер аттестат, диплом үшін басқа пәндермен тең мемлекеттік тілінен міндетті емтихан тапсырады.
3. Мемлекеттік тілде жоғары орта және жоғары кәсіби білім алғысы келетін Қазақстан Республикасының диаспора жастары тегін білім алады.
4. Мемлекет қазақ тіліндегі ғылыми зерттеулерге, балалар әдебиетінің шығармаларына, әдеби шығармалараға жан-жақты қолдау жасайды. Ғылыми дәрежені ізденушілердің ғылыми жұмыстары қорғау мемлекеттік және орыс тілдеріне жүзеге асырылады.
5. Бап редакцияланды.
7-бап. Мемлекеттік тілді сот ісінмен нотариат органдарының қызметінде және азаматтық хал актілері жазбаларында қолдану. Бап редакцияланды.
1. Қазақстан Республикасында сот ісі мемлекеттік тілде жүргізіледі. Іске қатысушы мемлекеттік тілді меңгермеген тұлғалар аудармашы көмегімен іс материалдарымен танысуға, сот ісіне қатысуға және сотта ана тілінде сөйлеуге құқылы. Кәсіпорындар, ұйымдар мен мекемелер (меншік түріне қарамастан) арасындағы дауларды қарастырғанда мемлекеттік тіл қолданылады, сондай-ақ тараптардың келісімдерімен іс басқа да тілде жүргізілуі мүмкін.
2. Қазақстан Республикасында нотариалдық іс-әрекет мемлекеттік тілде жүргізіледі. Азаматтардың талаптары бойынша басқа тілде берілуі мүмкін.
3. Азаматтық хал актілері, жеке бастың құқығын куәландырушы құжаттар мемлекеттік тілде рәсімделеді, ал қажет жағдайда басқа тілдерде толтырылады.
8-бап. Мемлекеттік тілді Қарулы Күштер және құқық қорғау органдарында қолдану. Бап редакцияланды.
1. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, шекаралық әскер, ішкі әскер, ұлттық гвардия, Президентті қорғау қызметінде, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының заңмен бекітілген жағдайлардан басқа уақытта мемлекеттік тіл қолданылады.
2. Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарында мемлекеттік қолданылады. Мемлекеттік тілді меңгермеген диаспоралар өкілдері ау-дармашының көмегін пайдалана алады.
9-бап алып тасталынды.
9-бап. Мемлекеттік органдардың мемлекеттік тілді меңгеруі
Қазақстан Республикасының, мемлекеттік тілін меңгеру үшін жағдайлар жасау мақсатында барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар өз құзіреті шегінде
1) мемлекеттік тілді меңгеруге қажетті қаржылық – экономикалық, ақпараттық тетіктерді жұмылдырады;
2) мемлекеттік тілді меңгеруге бағытталған мемлекеттік мақсатты бағдарламаларды әзірлейді;
3) Мемлекеттік тілді меңгерген мамандарды даярлау, оны сапасын үнемі арттырып отыру үшін шаралар қабылдайды.
4) мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары басшыларының, қызметкерлері мен лауазымдық тұлғаларының лауазына сәйкес мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау бойынша біліктілік аттестаттау комиссия ұйымдастырады.
5) мемлекеттік тілдің меңгеруіне ықпал ететін балалар жазушыларын, әдеби шығармалардың, оқулықтар мен оқу құралдарының авторларын, ғалымдарды, театр, кино және бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлерін материалдық жағынан көтермелейді.
7) шетелдердегі қазақстандық диаспора өкілдерінің ана тілін сақтап қалуына және оқып уйренуіне көмек көрсетеді.
8) Қазақсатан республикасында мемлекеттік тілді меңгеру бойынша басқа да шараларды жүзеге асырады.
10-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілін қолғау және қолдау. Бап редакцияланды.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілін қорғау және қолдау мақсатында мемлекеттік органдар:
1) Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында мемлекеттік тілдің қолданылуын қамтамасыз етеді;
2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілін қорғау және қолдауға бағытталған Қазақстан Республикасының мемлекеттік мақсатты бағдарламаларын жүзеге асырады.
3) қазақ тілінің дамуы мен жетілуін, оған ғылыми – техникалық және қоғамдық саяси терминологияны енгізуді қамтамасыз етеді.
4) қазақ тілінде білім беретін мамандарды даярлау жүйесін және қазақ тілінде білім беретін мекемелер үшін ғылыми – педагогикалық кадрларды жетілдіру жолдарын анықтайды;
5) Қазақстан Республикасында мемлекеттік тілді менсінбеушілік пен сыйламаушылық заңмен жазаланады.
11-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік тілді қолдану құқығының қамтамасыз етілуі
1. Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасы мемлекеттік тілін қолдану құқығы мен қамтамасыз ету.
1) мемлекеттік және жекеменшік білім беру мекемелерінде қазақ тілінде білім алуды;
2) республикалық, облыстық Астана және Алматы қалаларының мемлекеттік органдары мен жергілікті өзін – өзі басқару органдарынан, меншік нысанына қарамастан барлық ұйымдардан қазақ тілінде ақпарат алуды;
3) республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қазақ тілінде ақпарат таратады. Бұл басқа тілдерде теле және радио хабарлар немесе баспа өнімдерін шығару үшін арнайы құрылған бұқаралық ақпарат құралдарына қолданылмайды.
2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілін меңгермеген тұлғаларға, Қазақстан Ресбупликасы аумағында заңмен қарастырылған жағдайлардан басқа уақытта, олардың құқығын және заңды мүддесін қорғау мақсатында аудармашылар қызметін қолдану қарастырылады.
12-бап. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тілі туралы» заңын орындау жауапкершілігі және оны бұзушылықты бақылау
Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі ретінде қазақ тілінің қолданылуын шектеуге бағытталған заңдардың және басқа да нормативті құқықтық актілердің қабылдануы, сондай-ақ, азаматтардың мемлекеттік тілді қолдану құқығын жүзеге асыруға кедергі келтіретін басқа да іс-әрекеттер, оның абыройы мен беделіне нұқсан келтіру Қазақстан Республикасының заңымен белгіленген жауапкершілікке тартылады.
2. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, барлық меншік нысанындағы, оның ішінде шетелдік заңды және жеке тұлғалардың қатысуымен құрылған ұйымдар мен мекемелердің бірінші басшыларына мемлекеттік тілді дамыту бойынша жұмысты ұйымдастыруда жеке жауапкершілік жүктеледі.
3. Осы Заңның орындалуын бақылауды күшейту мақсатында қазақ тілі туралы Мемлекеттік инспекция құру қарастырылады.
13-бап. «Қазақстан республикасының мемлекеттік тілі туралы» заңын Қазақстан Республикасының басқа да заң актілерімен сәйкестендіру
Осы Заңның қолданысқа енгізілуімен «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және басқада заңдарына өзгертулер мен толықтырулар енгізіледі.
Осы Заң ресми жарияланған күннен бастап өз күшіне кіреді.
Заң жобасы авторлары:
1. Нәрікбаев М.С. – заң ғылымдарының докторы, профессор, жұмыс тобының жетекшісі;
2. Баймаханов М.Т.- ҰҒ Академигі, заң ғылымдарының докторы, профессор;
3. Бәкір Ә.К.- саяси ғылымдарының докторы, профессор;
4. Абуов Ж. – филология ғылымдарының докторы, профессор;
5. Айталы А.А.- философия ғылымдарының докторы, профессор.
Қадірлі оқырмандар, ойлы пікірлеріңізді "Қазақ үні " порталына жазуларыңызға болады. Qazaquni.kz