Қытай азаматы деп әуежайдан кері қайтарылған қандасымыз Қазақстанға келетін болды
2018 ж. 18 мамыр
4813
4
«Қазақ үні» ұлттық порталында Қазақстан азаматтығын алған Нұрсейіт Төлегенұлының басындағы ауыр жағдай туралы келелі мақала жариялаған болатынбыз. Аз уақытта қоғам ішінде үлкен резонанс тудырған аталмыш мәселеге әлеуметтік желіде халық өз наразылығын білдірген еді.
Еске сала кетсек, 3-мамыр күні, таңғы сағат 03:00 шамасында Нұрсейіт жұбайы Жайнагүл Ғажапқызы және баласы үшеуі Мысырдан Алматы әуежайына ұшып келген. Шекаралық бақылаудан өтіп жатқан тұста Жайнагүлдің Қазақстанда жүріп-тұруға арналған Ықтиярхатының жарамсыз екені анықталған. Сол себепті, Нұрсейіт пен 1,5 жасар ұлы Қазақстанда қалып, Жайнагүлді Шекаралық бақылау қызметі келген бетімен Мысырға қайтарып жіберген.
Аяғы ауыр қандасымызды еш жағдайға қарамастан кері қайтарып жіберген шекарашылардың бұл әрекетіне ашынған Нұрсейіт, әйелінің Мысырдан тіке Қытайға ұшырылса, аспан асты елінде бірден қамауға алынатынын жеткізген болатын.
"Қазақ үні" порталында жарияланған "Масқара! Әуежайдан жүкті әйелді кері қайтарған Шекаралық бақылау қызметі сауатсыз ба, жауапсыз ба?!." атты мақаланы бір күнде 20 мыңнан астам адам оқып, елдің қызу талқысына түскен еді.
Аталмыш мәселеге қатысты Қазақстан Республикасының тұңғыш Көші-қон туралы заңын қабылдау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі болған танымал ақын, ҚР мәдениет қайраткері Алмас Ахметбекұлы порталымызға сұхбат беріп, Шекара қызметінің бұл әрекетін "Ұлттық трагедия" деп атады.
Бүгін Нұрсейіт Төлегенұлы редакциямызға хабарласып, жұбайы Жайнагүлдің жағдайы реттелгенін мәлімдеп, редакция ұжымы мен жанашырлық білдіріп, қолдау көрсеткен барлық ағайынға өз алғысын жеткізді.
"Жұбайым Түркиядағы елшілікке барып арыз жазып, виза алды. Енді мамырдың 21-күні таңғы сағат 04:00-те Алматыға ұшып келеді", - деп хабарлады Нұрсейіт.
Атап өту керек, аталмыш мәселеге қатысты "Ақ жол" партиясы Сыртқы істер министрлігіне ресми сауал жолдап, қандасымыздың мәселесіне құзырлы органның жіті назар аударуын сұраған болатын.