«14 бала жабылып зорлады»: Арқалық тұрғыны өзіне зәбір көрсеткендерді соттата алмай жүр

Арқалықтың 22 жастағы тұрғыны өзін 14 баланың жабылып зорлағанын айтып, заңгер Айман Омароваға хат жазыпты. Ол өзіне зәбір көрсеткендердің барлығы да бостандықта жүргенін айтып, адвокаттан көмек сұраған, - деп жазады sn.kz.

Зәбір көрдім деген бойжеткеннің қазір аяғы ауыр екен. 14 жігіттің қайсысынан жүкті болғанын білмейді. Атын атамауды өтінген ол зорлағандардың барлығы заң аясында жазасын алса екен деп сұрайды.

Аталған хат біздің редакцияға да келіп жетті. Хаттың толық нұсқасын назарларыңызға ұсынамыз.

Мен, Г.Қостанай облысы Арқалық қаласы Екі дің ауылының тумасы әрі тұрғынымын. Сізге мен әділдік іздеп хат жазып отырмын. Жасым 22 де.  Мені ауылымның 14 баласы зорлап, қорлық көрсетті.  Осы уақытқа дейін ешкімге айта алмадым. Бәрінен қорықтым, ұялдым. Қазір аяғым ауыр. Ата-анам, туыс-туғандарым аяғым ауыр болғаннан кейін бәрін білді.

Сіз арқылы әділдікке жетемін деген сеніммен басымнан өткен жағдайды, өзіме жасалған қиянатты қысқаша баяндап отырмын.

2017 жылдың 9 шілде күні кластасым А.С. үйлену тойына бардым. Той үстінде Р.С. деген класстасымның әйелі Г. дәретханаға барып келуді өтініш жасады.  Аяғы ауыр болғасын  «қорқып тұр екен» деп бірге бардым. Дәретханаға (туалетке) жете бергенде бір көлік келіп тоқтап, М. Е. түсіп, мені еркімнен тыс күштеп көлікке салып алды. Машина келгенде Р. әйелі Гүлсараның жанына жетіп келді. Оны көріп, «мені құтқаршы», - деп, айқайладым. Ол көмек көрсетпеді. Машина тез жүріп кетті.  Машинаны Т.Е. Е жүргізді. Алдында С. Н. отырды. Мені машинаның артында қозғалтпай ұстап М. Е., екінші жағымды О. Е. отырды. Бұл екеуі ағайынды, бір үйдің баласы. Мені ауыл шетіндегі Б.дегенннің үйіне (ол үйде ешкім тұрмайды) алып барып, бірінші М. Е., О. Е., Т.Е., С. Н. зорлады. Сөйттіде кафенің жанына алып келіп, тастап кетті. Бір талай уақыт өзіме өзім келе алмай зорға дегенде үйге келдім. Бірақ ешкімге ештеңе айтатындай жағдайда болмадым. Қатты қорқып қалдым.

2017 жылдың 27 тамызында кластасым А.Н. қонаққа шақырды. Сол үйден үйге қайтып келе жатқанда алдымнан бір топ бала шығып ұстап алды. Олар:

  1. А. А.
  2. С. Н.
  3. Ш. Ғ.
  4. М. Е.
  5. О. А.
  6. Д. Қ.
  7. А. Қ.
  8. Р. Қ.
  9. А. Т.
  10. С. Р.
  11. Т. Е.
  12. С. Е.
  13. А. Н.
  14. Бір бөтен бала (аты-жөнін білмеймін)

Осылардың ішінен А. А. мен С.Н. қолымнан ұстап алып, жібермей бір сайға күштеп алып барды. Айдын жолда менің басымнан ұрды. Бәрі (групповой)жабылып зорлап, ойларына келгенді істеп тастап кетті.

2017 жылдың қыркүйек айында сыныптасымА. П. шайға шақырды. Үйіңде кім бар деп алдын ала сұрағанда, «ешкім жоқ», -  деп мені алдады. Екеуміз ас ішіп әңгімелесіп отырғанда  Д. Қ. пен А. С. екеуі кіріп келді.  Бұл кезде кеш батып қалған еді. П-қа «қорқамын», - деп, шығарып салуды өтіндім. Ол «өзің баршы», - деп, шығарып салмады. Өзім шығып кеткенім сол еді, үйде отырған Д.Қ. пен А.С. шығып қол-аяғымнан көтеріп алып кательниге алып барып, зорлап кетті.

Осылай үш айдың ішінде  жоғарыда аты айтылған балалар үш рет зорлап, қорлық көрсетті. Қазір аяғым ауыр.

2018 жылдың 19 сәуір күні Арқалық қаласы ІІБ шағым түсірдім.

2018 жылдың 21 сәуір күні Арқалық қаласы ІІБ ТБ тергеушісі полиция капитаны Камалов  А. Ж., №183916031000188 қылмыстық іс бойынша  ҚР ҚПК-нің 199 және 218-баптарының талаптарын сақтай отырып, Арқалық қаласы, Байтұрсынов көш., 16 мекенжайы орналасқан Арқалық қаласы ІІБ ғимаратында №74 қызметтік кабинет бөлмесінде А. А., С.Н., М. Е., О.А,, А. Т., Т. Е. беттестіру жүргізіп түсініктеме алынды. Қазір мен емделіп жатырмын. Олардың  бәрі бостандықта жүр.

Сізден көп көмек күтем. Сіз ӘЙЕЛ, АНА, ретінде менің жаралы жанымды түсінеді деп ойлаймын. Менің басымда болған жағдайды жан баласына бермеуін АЛЛАДАН тілеймін. Бар үмітім Құдайда және Сізде. Маған қиянат жасап, өміріме балта шапқан қылмыскерлер жазасын алады деп сенемін. Ешкімді кешірмеймін және кешіре де алмаймын!

Адвокат Айман Омарова осы хаттан кейін жәбірленген қызды қорғауына алғанын айтып отыр. Оның сөзінше, полицейлер бұл істі соңына дейін жеткізуге құлықсыздық танытып отырған көрінеді. Тіпті, қызды мазақтап, ақша істеп алмайсың ба деп ақыл айтыпты-мыс.