Астанада асхананың санитарлық талаптарын бұзған 8 мектеп анықталды. Енді осы мектептің директорлары тәртіптік жазаға тартылады. Бұл туралы Астана қалалық білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин мәлім етті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Астанада 8 мектептің асханасы санитарлық талапқа сай болмай шықты
2018 ж. 11 мамыр
4994
0
«Сәуір айынан бері Астана қаласы Білім басқармасының бастамасымен бірге ата-аналардың қатысуымен мектептегі қауіпсіздік пен тамақтану сапасына мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде, 84 ұйымның ішінен 62 мектепке қатысты ешқандай ескерту болған жоқ. Ал 14 мектепте ұсақ ескертулер жасалды. Оларға асханадағы тазалық, өрттен шығу жолдарының тазаланбауы сияқты кемшіліктер бойынша ескерту жасалды. Сондай-ақ, 8 мектепте өрескел бұзушылық анықталды. Ол мектептерде өрт қауіпсіздігі сақталмай, асханалар санитарлық талапқа сай болмай шықты, тіпті ас әзірлеуде тамақтың технологиялық картаға сай келмеуі, тамақтың аз берілуі, аспазшылардың гигиенаны сақтамауы және азық-түлікті сақтау шарттарының бұзылуы белгілі болған. Тексеру жұмыстарынан кейін 8 мектептің директорына тәртіптік жаза тағайындалады. Осы мектептерге қысқа мерзім ішінде кемшіліктерді жою тапсырылды», - деп жазды Әнуар Жанғозин Facebook парақшасында.
Оның айтуынша, жаңа оқу жылында мектептерде тамақтандыру сапасына мониторинг жүргізу үшін сарапшылық комиссиясының құрамына енетін ата-аналарға оқыту семинарларын өткізу жоспарлануда.