Алмас Ахметбекұлы: Шекара қызметінің кешегі әрекеті – ҰЛТТЫҚ ТРАГЕДИЯ

"...Біз Голощекин жасаған жұмысты қайтадан жалғастырып отырмыз ба деп ойлаймын амалсыз?".

Кеше «Қазақ үні» ұлттық порталында Қазақстан азаматтығын алған Нұрсейіт Төлегенұлының басындағы ауыр жағдай туралы келелі мақала жариялаған болатынбыз.

Аз уақытта қоғам ішінде үлкен резонанс тудырып бұл мәселеге әлеуметтік желіде халық өз наразылығын білдіріп жатыр.

Еске сала кетсек, 3-мамыр күні, таңғы сағат 03:00 шамасында Нұрсейіт жұбайы Жайнагүл Ғажапқызы және баласы үшеуі Мысырдан Алматы әуежайына ұшып келеді. Шекаралық  бақылаудан өтіп жатқан тұста Жайнагүлдің Қазақстанда жүріп-тұруға арналған Ықтиярхатының жарамсыз екені анықталған-мыс. Сол себепті, Нұрсейіт пен 1,5 жасар ұлы Қазақстанда қалып, Жайнагүлді  Шекаралық бақылау қызметі келген бетімен Мысырға қайтарып жіберген.

Аяғы ауыр қандасымызды еш жағдайға қарамастан кері қайтарып жіберген шекарашылардың бұл әрекетіне ашынған Нұрсейіт, әйелінің Мысырдан тіке Қытайға ұшырылса, аспан асты елінде бірден қамауға алынатынын жеткізді.

- Құдды қылмыскер секілді, әуежайдан қайтадан Мысырға қайтарып жіберді. Мысыр әуежайына жеткен соң әйелімді Қытайға ұшырып жібереді. Ал Қытайға барған соң, оның қамалып кететіні белгілі. Көмектесіңіздерші, енді не істейін?  - деді ол.

Аталмыш мәселеге қатысты біз Қазақстан Республикасының тұңғыш Көші-қон туралы заңын қабылдау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі болған танымал ақын, ҚР мәдениет қайраткері Алмас Ахметбекұлымен хабарласып, сұхбатқа тартқан едік.

ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІ ӨКІЛДЕРІНІҢ 4 ҚАТЕСІ

- Алмас Ахметбекұлы, кешегі әуежайда болған ақылға қонбайтын жағдайға қатысты пікіріңізді білсек деп едік. Бұл шекарашылардың жауапсыздығы ма, әлде, сауатсыздығы ма?

[caption id="attachment_84165" align="alignleft" width="202"] Алмас Ахметбекұлы[/caption]

- Рахмет сұрағыңа. Бес-алты сағат ұшақта ұшып келген қазақ әйелін оның денсаулығына қарамастан қайта ұшаққа отырғызып кері қайтарған Алматы әуежайындағы Шекара қызметінің офицерінің бұл шешімінде 4 бірдей қателік бар. Біріншіден, ол Қазақстан азаматының жұбайы. Ұлты – қазақ. Екіншіден, оның қолында қолында Қазақстанда тұрақты тұруға 2021 жылға дейін рұқсат беретін  Ықтиярхаты болды. Үшіншіден, ол – жүкті әйел. Бес-алты сағат ұшақпен ұшып келді, енді оны қайтадан бес-алты сағат ұшуға мәжбүрлеу адамгершілікке қайшы. Төртіншіден, ол Мысыр елінің азаматы емес. Тіпті, шекараны бұзып өтті деген күннің өзінде де оны уақытша қамауға алып, айыппұл салып, қайтадан Қытай еліне ұшырып жіберулері керек еді.

Жалпы, оралман деген кім? Оралман – Қазақстан тәуелсіздік алғанда қазақ елінің аумағынан сырт қалып, мемлекетімізге қоныстану мақсатында оралған қазақ ұлтының азаматтары. Демек, Шекара қызметі қазақты қуып отыр сыртқа! Кешегі қызыл қуғын-сүргін кезінде миллиондаған қазақты сыртқа қуған Голощекин деген болған. Шекара қызметі бүгін сол жұмысты қайталап отыр ма деп қаласың бұлардың талай әрекеттеріне қарасаң... Бұл өте өкінішті. Және ешқандай себепке қарамастан өз қызметтерін асыра пайдаланып отыр.

ҚЫТАЙҒА БАРСА СОТТАЛАДЫ...

- Жалпы, ол ҚР азаматы болмаған күннің өзінде Қазақстан үкіметі шеттегі қазақ диаспораларына қолдау көрсету керек қой? Бұл Елбасы саясатының бір бағыты. Біз Қытайда болып жатқан оқиғалар туралы күнде естіп, оқып жатырмыз. Енді Мысырдан Қытайға ұшып баратын Жайнагүлдің тағдыры қандай болмақ? Дәл қазір Қазақстан тарапы оған қандай көмек көрсете алады немесе көрсетуі керек?

- Қателеспесем, Қазақстан дипломатиялық заңының 19-бабында шеттегі қазақ диаспораларын қолдау туралы нақты айтылған. Қытайдағы қазақ қандастарымыздың ауыр жағдайы туралы бүгін әлеуметтік желі арқылы халық біліп отыр. Егер Жайнагүл аман-есен Мысырға жетсе, оны Каирде қалдыра тұрып, ондағы Консулдықпен байланысып, виза ашып қайтадан Қазақстанға алдыруға болады. Ал, егер Қытай азаматы ретінде Каирден Шыңжанға депортацияланса онда ол кісінің тағдырына біз араласа алмай қаламыз. Мұсылман елдерінен қайтып барған Қытай азаматтары ол жақта бірден қамауға алынады.

- Мұндай жағдай бірінші рет болып отырған жоқ қой. Болашақта да қайталанбайды деп ешкім кепілдік бере алмайды. Көші-қон, шекаралық қызмет, ықтиярхат мәселелерін шешіп, реттеу үшін не істеу керек? Өз еліне келген оралмандарды өзегіне тепкендерге қатысты не деуге болады...

- Бұндай жағдайлар бұрын да болған. Тіпті, кезінде Дөрбілжіннен шекара бұзып келген қазақты соттап жіберген еді. Түрмеде жатқан кезінде азаматтыққа арыз бергізіп, түрмеден Қазақстан азаматы болып шыққан кездер де болған. Ал, бүгінгі мына жағдай ұлттық жанашырлықтың жоқтығы!

БҰЛ - ҰЛТТЫҚ ТРАГЕДИЯ!

Мен сол қазақ әйелін шырылдатып тұрып кері қайтарған сол күнгі әуежайдағы Шекара қызметкерлерінің құрамын білгім кеп отыр. Ол жерде де әйелдер болды. Талып қалған қазақ анасына медициналық көмек көрсетіп неге алып қалмады екен? Неге біз осынша опасызбыз? Сонда біз Голощекин жасаған жұмысты қайтадан жалғастырып отырмыз ба деп ойлаймын амалсыз? Кешегі Шекара қызметінің жасаған қиянаты – бұл ұлттық трагедия. Біздегі ұлттық сезімнің жоқтығы. Бұл – шекара қызметкерлерінің, қазақ жауынгерлерінің алыстан келіп жатқан өз қарындастарына, әпкелеріне мейіріммен қарап, құшақ жаю керектігін мүлдем сезінбеуі.

Шыңжандағы ҚАЗАҚТАР  ШЕКАРАНЫ кесіп өтсе НЕ БОЛАДЫ?

Бұл мәселені ұлттық деңгейде көтеруіміз керек. Бұдан кейін де мұндай жағдайдың талайы болады. Қазір Шыңжандағы жағдай қиын. Ол жақтағы қандастар жаны қысылып, бір күнде шекараны кесіп өтіп шығатындар шығып жатса не істеуіміз мүмкін? Біз Шекара қызметін, Ұлттық қауіпсіздік қызметін осыған дайындауымыз керек.

Редакциядан: Біз Мысырға қайтарылған Жайнагүлдің жағдайын білу мақсатында жолдасы Нұрсейіт Төлегенұлымен және әпкесі Айнұрмен  телефон арқылы сөйлесіп жағдайды білдік. Жайнагүл біраз жанашыр жандардың  араласуымен Мысырға емес Дубайға жетіп, Дубай арқылы Түркия астанасы Стамбулға ұшпақшы. Ал Түркияға жеткен-жетпегені туралы әлі хабар жоқ. Енді ҚР Сыртқы істер министрлігі, Түркиядағы елшілік қызметкерлері бұл іске араласып Жайнагүл Ғажапқызының Қазақстанға келуіне септесуін сұраймыз.

«Қазақ үні» ұлттық порталы бұл жағдайды жіті бақылауында ұсайтынын жеткізгіміз келеді.

Азамат Тасқараұлы,

«Қазақ үні» ұлттық порталының Бас редакторы