ЖАЛТАҚ МИНИСТРЛІКТІҢ ТАБАНЫ ТАЙЫП КЕТТІ...

  Жақында Қазақстанның Мәдениет министрлiгi мемле­кеттiк тiлге байланысты жоба жасап, басы дауға қалған едi. Тарқатып айтсақ, министрлiк мемлекеттiк тiл саясаты бо­йынша заңға толықтыру енгiзу мақсатында заң жобасын жасады. Бұл жоба интернетте жарық көрiп, елдi шулатып жiберген-дi. 2013 жылы барлық мекеменiң құжаттары тек мемлекеттiк тiлде жүргiзiледi, мемлекеттiк қызметкер азаматтармен қазақ тiлiнде сөйлесуге тиiс делiнген жобаның интернетте жариялануы бөлек әңгiме. Қазақстандықтардың тарапынан бұған айтылған пiкiр көп болды. Мемлекеттiк тiл туралы айтыла бастаса, шоқ басқандай ыршитын кiсiлер бұл жолы армансыз “секiрдi”. Ерiнбегеннiң барлығы Мәдениет министрлiгiнiң “жаңалығын” талқылады. Мәселенiң ауаны күрделенiп барады деп қауiптендi ме, министрлiктегiлер жобаның “жабайылығын”, әлi дайын еместiгiн айтып, ақталумен болды. Кеше мемлекеттiк тiл бойынша жобаланған ұсыныс министрлiктiң жоспарынан түгел алынып тасталды. Мем­лекеттiк мекемеге азаматтар тек мем­лекеттiк тiлде өтiнiш, шағым жазып, айта алады деген жолдар келмеске кеттi. Оның артынан мемлекеттiк мекеме қызметкерi мен азаматтарға мем­лекеттiк тiлде жауап берудi мiндеттейтiн жолдар да өшiрiлдi. Заң жобасында “мемлекеттiк қызметкер де, азаматтар да қалаған тiлiнде сөйлейтiнi” бадырайта жазылды. “Қазақ тiлiн бiлу – әркiмнiң азаматтық борышы. Ал арыз, шағымды тек мемлекеттiк тiлде қабылдау мәселесi болмаған және болмайды да. “Тiл туралы” заң өз қалпынан өзгермейтiнiне кепiлдiк беремiн”, – дедi вице-министр Телебаев. Сондай-ақ қызметке қабылдау кезiнде қазақ тiлiн бiлу деңгейiн тексерудi ұсынған толықтыру да “кеттi”. Интернетке жобаның қалай шығып кеткенiнен бейхабар Телебаевтың шыр-пыры шықты. Кiмнiң алдында ақталып, кiмге жалтақтайтыны түсiнiксiз. Әйтеуiр мемлекеттiк тiлдi мiндеттейтiн жолдарға келгенде, шырылы үдей түскендей. Алдыңғы буынның тiл үшiн бас ауыртпауына болады. Ал қазiргi жастарға мемлекеттiк тiлдi үйренгенi дұрыстығын ол жұқалап жеткiздi. Қысқасы, қазақ тiлi босағадан аттап барып, керi қайтты. Мемле­кеттiк тiлдiң жақында төрге шығуы мүмкiн болмай қалды. Мүмкiндiктi бермей отырғандар да бөтен емес, өзi iшiмiзден табылуда. ҚР Конституциясының 7-бабын алға тартқан Жемiс Тұрмағамбетова сияқтылар министр­лiктiң жобасын жерден алып, жерге салып жатқанда, шалақазақ топ М.Құл­мұ­хамедтi қызметтен шеттетудi ұсынды. Орыстiлдi басылымдар елдi дүрлiктiрiп, пiкiр­таласты қоздыра, қыздыра түстi. Ақыр соңында Қазақстан Мәдениет министрлiгiнiң керi шегiнiс жасауына тура келдi. Басты себеп, қоғамда араздық тудырмау, тыныштық сақтау. Естерiңiзде болса, татар халқы тә­уелсiздiгiн сұрап, тiлiн қорғап шеру өткiзiп едi. Онан кейiн гүржiлер орыс тiлiн мектеп бағдарламасынан бiртiндеп шығаруды қолға алды. Ал iргемiздегi қырғыз көршiмiз орыс тiлiнде оқыту бағдарламасын алып тастауды жоспарға енгiзiп, жүзеге асыруға белсене кiрiсуде. Өзбек ағайындар туралы айтудың өзi артық. Кеңес заманында ала тақиясымен партия жиынына алшаңдай келетiн өзекеңдер орыс тiлiн босағасынан сығалатпаған да едi. Тәуелсiздiгiн алған тұста ТМД елде­рiндегi ұлттығын сақтауға жанталасқан жалғыз мемлекет те осы Өзбекстан. Ал Қазақстан болса, Ресейдiң ықпалында әлi сүйретiлiп келе жатыр. Өз елiнде отырып, өзгенiң бұйрығымен жүретiн мұндай мемлекеттi жер бетiнен табу қиын шығар, сiрә. Аты дардай қазақ елiнiң мәдениет министрлiгi ең ақыры жобалан­ған заңын да жарыққа шығара алмады. Бұдан асқан бейшаралық бар ма? Орыстiлдiлер мен орекеңдердiң ыңғайына жығыла кеткен министрлiктiң беделiнен не қалды? Қазақстанның азаматы осы елдiң заңы, билiгi, ереже-тәртiбiне бағынуға тиiс емес пе едi? Өкiнiшке қарай, бiзде керiсiнше шықты. Яғни министрдi орыстiлдiлер айтқанына көндiрiп, айдауы­на жүргiздi. Билiк ылғи елдiң жағдайын салыстыратын көршi елдердiң бiрiнде осы жағдай орын алса... Жай ғана елестетiп көрiңiзшi, қалай болар едi? Жобасын ұсын­ған министрлiк кәрiн төгiп, ұлардай шуласқандарды бiр сөйлеммен “тындырар” едi. “Бұл – Қазақ елi. Қазақстанның заңы, ережесi тиiмсiз болса, ешкiмдi күшпен ұстамаймыз” деп кесiп айтар едi. Масқара болғанда, бiздiң “мәдениетте­гiлер” қолымен жасаған жұмысынан ат-тонын ала қашып, жалтарды. Ол аздай, онсыз да өлместiң күнiн кешкен қазақ тiлiн тiзеден бүгiп, жығып бере салды. Осыдан кейiн көсегемiз көгередi деп сенесiз бе? Ресей, Корей немесе Германияға барып “тiл саясаты дұрыс емес, оны былай ету керек” деп көсемсiп көрiңiзшi. Ұсынысыңызды басыңызға қаптап жiберсiн. Бiлiм алып жүрген қаншама қандасымыздың қаны жазықсыз төгiлдi. Құнын сұрауға дәрменсiз қазаққа басқа ұлт өкiлдерi сөз берушi ме едi? Төбесiне әңгiртаяқ ойнатса да қыңқ демейтiн қазақтың тiлi де осылай тұғырына қона алмай келедi. Осы мәселеге байланысты ташкенттiк танысымыз “Өздерiң кiнәлi­сiңдер. Балақтағы биттi басқа шығарған өздерiң. Бейшара тiлi үшiн бабаларың да күңiренiп жатқан шығар...” деп едi. О дүниелiк бабамызды былай қойғанда, болашақ ұрпағымыз да күңiренiп өтпесiне сенiм азайып барады.  

Меруерт ХУСАИНОВА,

Жас Алаш