МИНИСТР МЕКТЕПТЕ ОҚЫМАҒАН БА?
2018 ж. 20 сәуір
3233
7
Еліміздің экономикасының тізгінін қолында ұстап отырған министр Тимур Сүлейменов қазақстандықтардың өткен наурыз айындағы жалақысын шотқа салып, тұрғындарымыз орташа есеппен қанша айлық алғанын санап үлгеріпті. Оның айтуынша Қазақстанда осы жылдың наурыз айында орташа айлық еңбекақы нақты көріністе 2,4 пайызға өсіп, 153,2 мың теңгені құрапты.
Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов ауыз толтырып мәлімдеді. «Есептік кезеңде ЖІӨ өсуі 4,1 пайызды құрады. 2017 жылдың сәйкес кезеңінде ЖІӨ 3,6 пайыз болған еді. Мұндай серпін өнеркәсіптің, ауыл шаруашылығының, көрсетілетін қызметтер саласының өсуімен байланысты. Сондай-ақ, жалпы ішкі өнімнің ұлғаюуына инвестициялардың жоғарғы өсімі мен төмен инфляциялық процестер септігін тигізуде. Инфляция жыл басынан бері 1,8 пайызды құрады. Бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңі бойынша 0,5 пайызға төмен. Жылдық мәндегі инфляция 6,6 пайызды құрады», – деп қуантты жиналғандарды.
Былтырғыға қарағанда ел экономикасында сәл де болса алға жылжу бар шығар, оған ешкімнің таласы жоқ. Бірақ, министрдің қазақстандықтардың орташа жалақысы туралы есебіне ешкім сенбесі анық. Онысы нақты есептен гөрі ертегіге көбірек ұқсайды. Біздегі тұрақты жұмыс істейтін, саны жағынан ең көп мемлекеттік қызметкерлер саналатын мұғалімдер, тәрбиешілер, дәрігерлер, медбикелер мен әкімдіктегі қарапайым қызметкерлердің жалақысы 80 мыңға жетпей жатса, 153 мың теңге орташа жалақы қай жақтан пайда болды? Ал, жеке кәсіпорындар мен құрылыста таңғы сегізден кешкі сегізге дейін істейтіндер де 100 мың теңге таппайды. Оның үстіне құрылыс маусымы әлі басталған жоқ. Миллиондаған жұмыссыз жүргендерді бұл басқатырғыш жұмбақ есепке қоспаған күннің өзінде мұндай қомақты сома шықпайды. Әлде бұл бір ғана Экономика министрлігі штатының орташа айлық жалақысының көрсеткішін бүкіл қазақстандық тұрғындарға жапсыра салу ма? Наурыз айы аяқталмай жатып бұл көрсеткіштерді қалай ғана тез жинап алды? Әдетте бір компанияның есеп-қисабын тексеруге кем дегенде бір ай уақыт қажет. Қазақстандықтардың деген соң оған барлық жұмыс істейтін тұрғындардың табысы кіруі керек емес пе? Осы жағын ескерсек, орташа жалақы 153 мыңның маңайына жоламайтынын бесінші сыныптың оқушысы да шығарып бере алады. Әлде біздің министр бастауыш сыныпта математика пәнін оқымаған ба? Біздіңше Сүлейменов қол астындағылардың қиялынан туындап, «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп дайындап берген жалған ақпаратын жариялай салған. Мұндай есеп құлаққа қонымды болу үшін барлық сала мен еліміз бойынша еңбек ететін адамдардың табысын түгелдей түбегейлі тексеріп, нақты зерттеу жүргізу қажет. Сонда ғана 153 мың теңгелік орташа жалақының жеті қабат жер астынан шыққанын немесе аспаннан аяғы салбырап түскенін нақты білетін боламыз.
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz