Қытайда Қазақстан азаматтығын алғандар да қамалып жатыр
2018 ж. 17 сәуір
2837
2
"Қытайда қамауға алынып, Қазақстанға қайта алмай отырған" бірнеше қазақстандықтың үйлеріне оралғаны хабарланды. Бұл туралы Азаттыққа "Атажұрт ерікті жастары" ақпараттық орталығының өкілі Қыдырәлі Оразұлы хабарлады.
Қыдырәлі Оразұлының айтуынша, Қытайда қамауда отырған сегіз азаматтың жетеуі Қазақстанға оралған. Олар - Көксебек Орынбек, Мұқаш Еркеш және және Талдықорған қаласында тұратын ерлі-зайыпты. Оразұлы елге оралған тағы екі адамның аты Аман мен Арман екенін айтты. Құрмет Ерсінбек атты азаматтың да Қазақстанға жеткені хабарланды.
Өзін "Көксебек Орынбектің туған апайымын" деп қана таныстырған адамның айтуынша, інісі Қытайда төрт ай саяси үйрету орталығында болған.
- Денсаулығы онша емес. Әзірге басынан өткен оқиғалар туралы ештеңе айтқан жоқ, - дейді ол.
Ал Сарқыт Бабаш "күйеуінің Тарбағатай аймағы Шәуешек қаласындағы саяси үйрену орорталығында 20 күн отырғанын, сәуірдің 12-сі күні босап, сол күні Алматыға, үйге жеткенін" айтты.
Қытайдағы этникалық қазақтардың жаппай қысымға ұшырағаны туралы ақпарат 2017 жылдың сәуір айынан бастап тарай бастаған. Шыңжаңда ұсталғандар арасында Қытайдан тарихи отанына оралып, Қазақстан азаматтығына ие болғандар да бар.
Бұған дейін Алматыда бір топ қазақстандық туыстарын Қытайда заңсыз ұстап отырғанына наразылық танытып, әкімдіктен бейбіт шеруге рұқсат сұраған.