РӘТБЕК қажы: ДЕПУТАТТАР ҚАРСЫ БОЛҒАН ДІНИ АҒЫМДАРҒА ТЫЙЫМ САЛАТЫН ЗАҢ СОЛ КЕЗДЕ БЕКІП КЕТКЕНДЕ, ҮЛКЕН ЖЕҢІС БОЛАР ЕДІ…

1
1737


– «Республикадағы жалғыз Құрметті муфти бола тұра биылғы республика Мұсылмандар діни басқармасының кезекті құрылтайына шақырту алған жоқпын. Бір кезде өзім негізін қалаған Діни басқарманың есігінен кейінгі кезде кіре де алмай отырмын» деген сөздеріңізді баспасөзден оқып жүрміз. Бізге сіздің бүгінгі қоғамға, Діни басқарма басшылығына өкпеңіз бардай көрінді. Осы туралы айтыңызшы…

– Менің ешкімге өкпем жоқ. Бірақ уағында бар нәрсені айттым. Мәселен, мен Құрметті муфтимін ғой. Құрметті муфти Діни басқарманың құрылтайына шақырылуы тиіс. Сондықтан айттым. Басқа айтарым жоқ.
– Халықта «Ақылды тақтағы патшадан емес, тағынан түскен патшадан сұра. Өйткені ол сабасына түсіп, сабырға келеді. Терең ойға барып, ақылына ақыл қосады» деген сөз бар. Діни басқарманың басшылығынан түскеніңізге он жылдан астам уақыт болды. Өзіңіз муфти болған кез бен қазіргі муфтияттың жағдайы туралы қаншалықты ойланасыз? Сіз атқара алмай кеткен, болмаса қате атқарған іс бар ма? Қазіргі муфтияттың қауқары қандай істерге жетпей отыр сіздіңше?
– Бұл сұрағыңа жауап бермеймін. Мен өз кезімде қазақ қазақ болғалы атқарылмаған істерді істедім. Ең алғаш Қазақстанда Мұсылмандардың діни басқармасын құрдым. Кеңестік атеистердің заманында жұмыс жасадым. Кейін егемендік алған тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында инфляция, басқа да қиыншылықтардан Діни басқарманы алып өттім. Қазақстандағы мешіттердің санын жиырма бес мешіттен бес мыңнан астамға жеткіздім. Сонда маған айып қоймақшысың ба? Сенің сауалыңа қанағаттанбай отырмын. Как будто мен жұмыс істемегендей, дым бітірмегендей сұрайсың.
– Жоқ, түсініңіз. Еткен еңбегіңізді жоққа шығарайық деп отырған жоқпыз. Өз еңбегін қаншалықты саралайды екен. Қазіргі муфтияттың жұмысына көңіліңіз тола ма деген мақсатта сұрап отырмыз ғой.
– Қазіргі муфтияттың жағдайы жөнінде ештеңе айтпаймын. Кезінде Парламентте депутат болдым, бас муфти болдым. Еңбегімді бір Құдай біледі, халық та біледі. Оннан астам мешітті Алматы мен Алматы облысына, Шымкент пен Оңтүстік Қазақстан облысына арабтарға салғыздым. Түркияға үш мешіт, шет елге отызға жуық мешіт тұрғыздым. Аз ба бұл? Нұр Мубарак Ислам Университетін аштым. Жүздеген шәкірт шығардым. Сексен үш шәкіртті Мысырда, жүз шәкіртті Түркияда, жиырма шәкіртті Пәкістанда оқытып, екі жүз шәкіртті шет елге жібердім. Жүз имамды Түркияға, Египетке, Пәкістанға асырып, үш ай-үш айдан оқыттым. Алматыда орталық мешіт cалғыздым. Қазақтаннан имам шықпайды деп жүрген көрші елдер таң қалды ғой сонда. Бұл еңбекке жатпай ма? Шетелге мені Қазақстанның бас муфтиі деп арнайы шақыратын. Арнайы күтіп, алып жүретін. Мұхаммед Хосни Мүбәрәктің ең жоғарғы наградасын отыздан астам мемлекеттің муфтилері қатысып отырған жиында маған берді. Бұл жаман ба? Істеген еңбегім жетеді. Ешкім оны жоққа шығара алмайды. Сондықтан сендерге есеп беруімнің қажеті де жоқ. Еңбегімді тізіп айта берсем көп. Оны сендер жазбайсыңдар да. Лондонда «Маркстен Мұхаммедке дейін» деген кітап шыққан ағылшын тілінде. Сонда менің бірнеше парақ еңбегімді ағылшындар жазды, ағылшындар. Франция, Финляндия, Германия, одан басқа мұсылман емес елдер де жазды. 1969 – 1975 жылдар аралығында Ливияда оқып жүргенімде елден бір дорба құрт, бірнеше қорап «Қазақстан» сигаретін әкететінмін. Жүрген жерімде Қазақстанды таныстырып, құрт пен темекі тараттым. Сөйтіп елу мемлекеттен оқуға студенттер жиналған Ливияда елу елге Қазақстанды таныттым. Бұл еңбекке жатпай ма? Дінбасы болғанымда 22-бап бойынша мемлекетке салық төлейтінмін. Бір жылдың бес айының жалақысын КСРО Конституциясы бойынша салыққа ұстайтын. Былайша айтқанда, бір жылда жеті-ақ айлықпен жұмыс істедім. Сонда да Діни басқарманы тастағам жоқ. Қазір дайынға келіп алып, білгішсінудің не керегі бар? Қазақстан Мұсылмандарының діни басқармасын құру кімнің қолынан келеді, қане? Сол үшін әр нәрсенің шындығын ашып айту керек, бауырым. Жанашыр адамды қорғай білу қажет. Түсіне білу керек.
– Ойыңызды түсіндік. Біздің еліміз зайырлы мемлекет. Заң жүзінде дін мемлекеттен бөлінген. Бірақ зайырлы мемлекет екенімізді өзге діни ағымдар мен секталар өз ыңғайына пайдаланып барады. Қазір елімізде діни ахуал күннен-күнге күрделенуде. Шет елдерде болатын өз-өзін жарып жіберу оқиғалары бізде де көбейіп келеді. Жақында Елбасымыздың өзі экстремизмге тосқауыл қоюға тапсырма беріп, мемлекеттік органдар діни ұйымдармен күресуден шеттетілмейді деп шегелеп айтты. Бізге діни ағымдарды ауыздықтайтын, олардың елімізде етек алуына тиым салатын заң қабылдау қажет сияқты. Бұған не дейсіз?

– О баста қазіргі дін жөніндегі Заң қабылданған уақытта, мен – депутатпын. Діни ағымдарға тосқауыл қоятын заң шығару туралы бірнеше рет мәселе көтергем. Секталарды, діни миссионерлерді ауыздықтайық, оларға тосқауыл болатын, дінге байланысты заңды қайта қарайық, талқылайық дедім. Бірақ сол кездегі депутаттар дауысқа салмады. Соны әлі күнге түсінбеймін. Діни ағымдарға тыйым салатын заң сол кезде бекіп кеткенде, үлкен жеңіс болар еді.
– Соңғы кезде діни мәселелердің күрделенгені соншалық, Діни басқарманы тарату керек. Қазіргі муфти коммунист-атеист, муфтиді қайта сайлау керек деген әр түрлі әңгімелер айтылып жүр. Осыған көзқарасыңыз қандай?
– «Діни басқарманы тарату керек» деп жазған анау Қордайдағы депутат. «Он бір миллион мұсылманды басқарып отырған мекемені жабу керек» дегені маған қатты батты. Балаға туған анасының жаны көбірек аши ма, әлде кейінгі асырап алған анасының ба? Мен Діни басқарманы дүниеге келтірген адаммын. Оны жабу бір адамның қолындағы іс емес қой. Оның үстіне жауып тастайық дейтін Діни басқарма бір шағын дүкен я болмаса кәсіпорын емес. Әркім қалай сөйлеуді өзі білер, бірақ айтқандары маған онша ұнаған жоқ.
– Аға, жаңа муфти сайлаған жағдайда кімді муфтилікке лайықты санайсыз? Егер сізге қайта муфти бол деген ұсыныс түсіп жатса, қабылдар ма едіңіз?
– Муфтилікке кім лайықты екенін білмеймін. Мен ешкіммен санасып жүрген жоқпын, бауырым. Егер қайта муфти бол деген ұсыныс түсіп жатса, боларымды да, болмасымды да бір Алла біледі.
– Биыл мамыр айында Президентке Ашық хат жазып,еліміздегі Ислам дінінің бүгінгі жағдайына байланысты Елбасының қабылдауында болуды сұраған едіңіз. Сол өтініштің соңы не болды? Бара қалсаңыз, Елбасына қандай мәселелерді жеткізесіз?
– Қабылдауында болуымды сұрағаным рас. Шақыра ма, шақырмай ма, Президент өзі біледі. Егер барып жатсам, елдегі өршіп тұрған діни мәселелерді жеткіземін.
– Қазір мешіт, медреселердегі имамдардың, дін қызметкерлерінің жағдайы қалай, жалпы? Молда-имамдық мемлекеттік қызметке жатпайтыны, тұрақты жалақы төленбейтіні белгілі ғой…
– Бұл туралы мен ешнәрсе айтпаймын. Өйткені соңғы кезде демалыстамын. Еш жерде имам емеспін.
– Әр түрлі діни ағымдардың артында ықпалды күштер тұрады, солар қаржыландырады деп естіп жатамыз. Діннен хабары бар адамдар да, рухы әлсіз жандар да өзге ағымдарға ақшалы боламын деп кетіп жатқан тәрізді. Сіздіңше діни ағымдарды, секталарды ауыздықтау үшін не істеу керек?
– Бүгін иманын сатқан адам ертең елін де сатады. Өз иманын сақтай алмаған адамнан жақсылық күтіп қажеті жоқ. Сонау компартияның заманында Бұқараға оқуға түскенімде талай адам маған: «Сенің есің дұрыс па? Сексенінші жылы Хрущев коммунизм құрады. Коммунизм құрылса, дін жойылады. Оқып қайтесің?», – деді. Ол уақыт Хрущевтің коммунизмге ұмтылып жатқан кезі болатын. Сөйткен Хрущев қайда, коммунизм қайда кетті? Ал мен оқыған оқу адамдардың барлығына керек оқу болды. Айтқым келгені, қай кезде де адамда өзіне деген сенім болуы керек. Әркім азаматтарымызды өзге дінге жетектеп кете берсе, айналдырған 16 миллион халықпыз, өз ішімізден бүлініп бітеміз ғой. 1958 жылдан бастап мен ораза, намазды тастағам жоқ. Елу үш жыл болыпты ойлап қарасам. Қазір Мұхаммедтің үмбеттері пайғамбарымыздың өзі айтқандай 73 тармаққа бөлініп кетті. Тек бір ғана жол адамды ақиқатқа, тура жолға бастайды. Ол – Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) ұстанған жол. Түрлі секталар көп ақша беріп, бар жағдайыңды жасаса да ойланыңдар, бауырлар. Өзге дінге ілеспеңдер. Намазға келіңдер. Мына дүние бес күндік жалған. Ертең ана дүниеге барғанда әр істерің үшін жауап бересіңдер. Күн ыстық, денсаулығым жарамайды, әлі жаспыз деген сылтауды қойыңдар, ораза ұстаңдар. Оразаның сауабы мол, бауырлар!

Қарлыға ИБРАГИМОВА

«Халық сөзі» газеті №63 (104), 2011 жыл

*Тақырып өзгертілді

 

1 Пікір

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз