ШҰҒЫЛ! Шығыс Қазақстанда 2 шақырымдық жыра пайда болды
2018 ж. 16 сәуір
6714
28
Қатонқарағай ауданының Солоновка ауылдық округіне қарасты егістікте ұзындығы 2 шақырымға таяу жыра пайда болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Көктемгі тасқын Кіші Нарым ауылы мен қырдағы қыстаулардың арасын жалғап жатқан жолды жырып кеткен. Салдарынан ұзындығы екі шақырымға жететін жарық пайда болған. Бұл жолмен адам өте сирек қатынайтындықтан, адам өміріне қауіп төндіретін жағдай болмапты.
«Қар еріп, егіске жайылған қарғын су қара жолдың бойымен өзен болып аққан. Бірнеше күн бойы тоқтаусыз аққан су жолды үлкен жыраға айналдырып жіберген. Бұл оқиғаны алғаш естіген күні-ақ төтенше жағдай мамандарына хабарлағанбыз. Адам өміріне қауіп төнетіндей ештеңе жоқ. Қазір егіс басында 2 бульдозер жүр. Жергілікті халық бұл маңды Қараөзек деп атайды. Жер Анатолий Матасов деген шаруаның иелігіне кіреді. Қожалық иесімен жиі хабарласып, жағдайын біліп отырмыз. Жыраның пайда болуы егіс науқанына ешқандай кедергі болмайтынын айтып отыр» - дейді аудан әкімінің орынбасары Жанболат Тыныбеков.
Бұл оқиға интернет қолданушыларды әжептәуір алаңдатып тастады. Кейбірі аталмыш жыраны Африка құрлығында пайда болған алып жарықпен салыстырып жатыр. Алайда, аудан әкімінің орынбасары Ж.Тыныбеков жыра қар суынан пайда болғанын тағы да нақтылады. Ал тау жынысының қозғалысы туралы айтудың өзі артық деген пікірде. Еске сала кетейік, бүгін Шығыс Қазақстан облысы аумағында жер сілкінісі тіркелген еді.