ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫН ҚЫРКҮЙЕКТЕ ЕМЕС, ТАМЫЗДА БАСТАҒАН ЖӨН
2018 ж. 13 сәуір
3311
5
Қазақ халқы табиғаттың жыл мезгілдеріне, маусым айларына мінезіне сай керемет атаулар қойған. Мысалы, «қыс» – тіршілікті «қысып, құрсап» тастау дегенді білдірсе, «жаз» – тіршіліктің «жазылуы, кеңеюі» дегенді білдіреді. Сондай-ақ мезгілдің ай атаулары да мінезіне сай есім алған. Қыс мезгілінің «қаңтар» айы – тіршіліктің «қаңтарылып қалуы» деген ұғымды білдірсе, «ақпан» – «ақ түтек боран» соғатын ай деген ұғымды береді.
Биылғы қыс айларында, соның ішінде қаңтардың үшінші онкүндігінде еліміздің солтүстігі мен шығысында қатты аяз күшейіп, тіршілік қаңтарылып қалды. Мектептер мен жоғары оқу орындарында сабақтар тоқтатылды. Үсік шалғандардың мен қайтыс болғандар да болды.
Қыс мезгілінің оқу маусымына тигізген әсеріне қарап отырып біз бұрын көтерген мәселемізді қайта көтергіміз келіп отыр. Бір-екі жыл бұрын біздер интернет басылымдарда оқу мезгілін тамыз айынан бастасақ деген ой тастаған едік. Онда: «Біздіңше, ...жазғы демалыс мерзімін қысқарта отырып, жаңа оқу жылын, қыркүйекте емес, тамызда бастау. Осылайша, ауа-райы қолайлы, мамыражай жаз бен қоңыр күз айларында екі тоқсанды игеріп алып, қыс айларында оқушыларға молырақ демалыс беру керек. Себебі, Қазақстанның солтүстігінде қыс айларында күннің суықтығынан мектеп оқушылары апталап сабақтан қалып қоятын кездері жиі болып тұрады. Басқаша айтсақ. «Бір оқпен екі қоян атып алуға» болады. Электр, жылу энергиясын қажет етпейтін жаз айында оқу мерзімін еңсеріп алып, қыс айларында оны үнемдеуге мүмкіндік туады», – деген екенбіз.
Сол пікіріміз – пікір. Біздер кең байтақ жеріміздің табиғат жайы мен климаттық ерекшелігін дұрыс пайдалана білуіміз қажет. Білім маусымының бастау және аяқтау мезгілдерін Қазақстанның климаттық, географиялық ерекшеліктерге сай бағамдап, өзіміз белгілейтін кез келді. Президент Н.Назарбаев дамыған, бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кіру жоспарын стратегиялық мақсат етіп қойып отыр. Бұл стратегияны жүзеге асырудың жалғыз оңтайлы жолы – әлемдік білімді және ғылымды игеру. Бізден озғандардың көрікті көші осыған көз жеткізіп отыр. Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қазақстандық қоғамда білімнің салтанат құруы факторына ерекше назар аударды: «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді».
Біздің бәсекеге қабілеттілігімізді шыңдау жолы – білім. Ол қазақстандық қоғамның басты құндылықтарының біріне айналуы тиіс. Одан басқа бізге төте жол жоқ. Ендеше біз осы мақсаттың жолында қауымдасып жұмыс жасайық. Біздер білімденуші жастарымызға қыс мезгілінің «қыспағына» ұшырамай, білім іздеу жолындағы уақытын дұрыс пайдалана білу жолын ұйымдастыра білуіміз қажет. Бұл тұрғыда біздер әрісі патша заманынан, берісі кешегі кеңес дәуірінен қалған қасаңдықтан (стереотиптерден) бас тартуымыз қажет. Ол қандай «қасаңдықтар»?
Біріншісі – оқу маусымын қыркүйек айынан бастау. Кезінде айтқанбыз, тағы да қайталаймыз: оқуды күзде бастау – патшалық Ресейден қалған үрдіс. Артта қалған, алып империяға оның аграрлық укладқа негізделген экономикалық жағдайы мәжбүрледі. Ал Кеңес Үкіметі патша жүзеге асыра алмаған сауатсыздықты жойып, барлық баланы мектеп партасына отырғызды. Мұны Кеңестік империя үлкен табыс, жетістік ретінде мадақ тұтты. Аталмыш мемлекеттік шара кейін идеологиялық астарға ие болып, 1-қыркүйек – Білім күні болып санаға орнықты.
Рухани жаңғырудың жолына түсіп жатқан біздерге ол сол ескі санадан арылуы қажет-ақ. Білім алу біздің жастарымыздың бойында күнделікті тіршіліктің қамы, болашағын дұрыс құра білуге бағытталатын әрекет ретінде бағалануы тиіс. Одан артық астар болмауы керек. Оны идеологияның бесігіне бөлеудің қажеті жоқ. Бұл – таза әлеуметтік мәселе. Оқу маусымын қай мезгілде бастаған (күз, жаз) маңызды емес. Ең бастысы, қолайлы, тиімді, білім алу үрдісіне кедергі болмағаны дұрыс. Бұл орайда, оқу маусымын тамыздан бастасақ, қыс мезгіліндегі қатты аяздар мен борандарда оқу үрдісі еріксіз үзілмейді. Ол уақытта жоспарланған ұзақ демалысқа (каникулға) орын беруге болады.
Жадыраған жаз айында (күн ұзақ әрі жылы) оқу маусымының басым бөлігін еңсеріп тастап, қыстың қақаған суығында демалысқа кетіп, қыс ортасы мен көктем айларында, жаз басында оқу мерзімін жалғастырса, бүгінгі күнде қалыптасқан жағдайдан әлде қайда тиімді болар еді. Мұндай қадам оқушылардың үздіксіз білім алуына жол ашады және жеке өміріне келер қауіп-қатерді азайтады, оқу орындарында жылу және электр энергиялары үнемделеді, т.б.
Демалыс демекші, жаз айларында демалыс күту, оқушыларға үш айлық демалыс беру – екінші «қасаңдық». Біздің санамызға демалысты, негізінен, жаз айларында алу орныққан. Бұл да – Кеңестік дәуірден қалған «мұра». Ол – Кеңес Үкіметінің одақта жетекші орынға ие болған Ресейдің өздерінің жер ыңғайына байланысты туындатқан саясаты. Ресейдің орталық бөлігінде жаз айларында ыстық күндері аз, жауын-шашын көп болатын болса, Сібір, Қиыр Шығыс, полярлық солтүстік мұхит жағында күн райы суық. Онда жаз мезгілі өте қысқа. Мәңгі тоң басқан өлкелер де бар. Мәңгі тоң басқан өңірлерде Кеңес Үкіметінің адамдары мұнай, газ өндіріп, КСРО-ны, одан әрі Еуропаны қамтамасыз етіп отырды. Кеңес Үкіметі осындай географиялық ерекшелігіне байланысты Ресей тұрғындарының ыңғайына қарай жаз айында демалыс беріп, оларға жеміс-жидегі, көкөнісі мол, күні ыстық жақтарға демалу мүмкіндігін тудырды. Орталық Ресейдегі өңдеуші, сонымен қатар жоғары технологиялық зауыт, фабрикаларда, Сібірдегі, солтүстіктегі кен орындарында немесе әскери нысандарда мол айлық алатын олар оңтүстік жаққа (Қырым, Сочи, Кавказ, Орталық Азия) келіп, демалыстарын өткізетін болды. Осы саясаттың салдарынан бізде демалыс алу жаз айына келіп тірелетін болып қалыптасты.
Жаз айларындағы демалыс Қазақстанның климаттық жағдайына аса қажет емес. Себебі, Қазақстаның оңтүстігі ыстық климатты өлкеге жатады. Жаз айларындағы қырық градустық ыстық солтүстік Қазақстанға да таңсық емес. Демек, климаттағы ыстық жеткілікті, көкөнісі мен жеміс-жидегі мол қазақстандықтарға жазда демалыс іздеудің қажеті шамалы. Керісінше, жаздың қолайлығын пайдаланып, келер қыстың қамына қарай тіршілік жасау керек. Ата-бабаларымыз солай өмір сүрген. Олар: «Қыстың қамын жазда ойла» деген қағидаға сүйене отырып, жаз бойы шаруа қамында болған: егін еккен, мал баққан, шөп шапқан. Біздер кешегі кеңестік дәуірдің «кеселіне» әлі еріп, керісінше істеп келеміз.
Елбасы биылғы Жолдауында Төртінші технологиялық революция заманында өмір сүріп жатырмыз деді. Ол революцияның басты өзегінде жасанды интеллект дәуірінің орныққаны да белгілі. Жасанды интеллектіні кімдер жасайды? Біліммен қаруланған, технологияны меңгерген жастар жасайды. Соларға үмір арта отырып, біздер жастарға Қазақстанның табиғи жағдайын ескере отырып, экономикалық, климаттық тұрғыдан тиімді, үздіксіз білім алу маусымын құра білейік, білім культі құндылығын қалыптастырайық!
Қысқасы, оқу жылын тамыз айынан бастасақ мынадай мүмкіндіктер мен тиімділіктерге жол ашылады деп санаймыз:
І. Оқу әдістемелік және кәсіби тиімділік:
1. Білім алушыларға жылдың қолайлы мезгілін пайдалана отырып үздіксіз білім беру үрдісі қалыптасады;
2. Бес күндік оқу кестесіне толық ену мүмкіндігі орнығады;
3. Қыс мезгіліндегі еріксіз босатылатын сабақ күндері кемиді;
4. Жылу мен электр энергиясын үнемделеді;
5. Жоғары оқу орындарының оқу үрдісі Еуропаның оқу семестріне сәйкес болып, академиялық икемділікке ыңғайлы мүмкіндік ашылады;
6. Мектеп мұғалімдері қыс айларында (оқушылар қысқы демалысқа кеткен уақытта) кезекті демалыс немесе біліктілікті көтеру курстарынан өтеді.
ІІ. Әлеуметтік-экономикалық тиімділік:
1. Оқушылар үшін қыс мезгілінің қауіпсіздігі азаяды
2. Қыс мезгілінде қазақстандықтардың, әсіресе ұстаздар қауымының жылы жақтарға демалу мүмкіндігі артады. Осылайша олар бір жылда екі рет ыстық жерде демалып, денсаулықтарын жөндейтін болады;
3. Қысы қатты солтүстіктің оқушыларын еліміздің жылы оңтүстігіне демалдыру, түрлі білім, спорт сайыстарын өткізу арқылы ішкі туризмді жандандыру мүмкіндігі ашылады;
4. Оңтүстік өңірлерде электр желісін таратушы компаниялардың жаз айларындағы табысы артып, желдеткіш құралдар (кондиционер) шығаратын компаниялардың бәсекелестігі күшейеді.
Біздер мәселенің он шақты қырын көрсете алдық. Мұнан да басқа тиімді жақтары бар екендігі сөзсіз. Кеңестік дәуірдегі орталық биліктің танымы мен көзқарасына байланысты калыптасқан қасаңдықтан арылып, тәуекелге бел байлау – рухани жаңғырудың бір парасы.
Алмасбек Әбсадық,
А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры
qazaquni.kz