Дос КӨШІМ: Шетелдегі әрбір қандасымыз біз үшін қымбат

Алматы қаласы Garden Park Inn қонақ үйінде «Атамекенге орал, Алаш баласы. Тіл. Ұлт. Отан» тақырыбында шетелдегі қандастарымызды өз елімізге тарту жөнінде дөңгелек үстел өтті. Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталының тілшісі хабарлайды.

Саяси-әлеуметтік мазмұндағы бұл жиында, негізінен, шетел қандастарына жолданған үндеу талқыланды. Үндеу шетел аймақтарына: Өзбекстан, Қырғызстан, Қарақалпақ, Қытай және т.б. өткен ғасырлар боса көшіп кеткен қандастарымыздың жалпы жай-күйі, әлеуметтік жағдайлары туралы мағлұмат береді. Сондай-ақ, ұсыныс ретінде Қазақстанға оралу жолдарын жеңілдетсе: Қазақстан Азаматтығын алу, тұрғылық мекен-жай берілуі, жұмыспен қамтамасыз етілуі, тіпті білім алуға Жоғары оқу орындарында арнайы гранттар тағайындалуы қарастырылады.

Дөңгелек үстелдің модераторы, әрі жетекшісі Алматы қалалық Жастар саясатының төрағасы, белгілі журналист Дәурен Бабамұратұлы үндеуді талқыға салуды басым назарға алып отырса, жиынның құрметті қонағы, белгілі саясаткер Дос Көшімқазақ жұртына өз қандастарының оралуы үлкен маңызды рөл атқаратынын түсіндірді.

Саясаткер Дос Көшім: «Шетелдегі әрбір қандасымыз біз үшін қымбатты, себебі, олар бір кездері елден аттанса, – қайта бір кездері ораламыз, көшіп-қонуымыз дүрбелең, қиын-қыстау бітккенше ғана деп аттанған. Олар атамекендерін құрмет тұтады» деген ой білдірді.

Дөңгелек үстелге жиылған Германия, Түркия, Қарақалпақстан, Қытайдан келген қандастарымыз бен Алматы қаласының жастары да біршама тұщымды пікірлер ортаға салды. Қандастарды шақыру мақсатында арнайы бейнероликтерді әлеуметтік желілерде тарату, Азаматтық алуды заңдастыруда жеңілдіктер беру, отандастарымызды мейлінше бауырмашылдыққа тәрбиелеу сынды ұсыныстар тасталды.