Әлібек Әлденей: Қоғамы қандай болса, телеарнасы да сондай
2018 ж. 28 наурыз
4401
0
–Әлібек Үсенұлы, сұрақты төтесінен қойсақ, жұрт қазіргі телеарналарда, оның ішінде мемлекет есебінен күн көретіндерінде арзан ток-шоу, дарақы әзіл тым көбейіп кетті дейді. Зиялы қауым да, қарапайым көрермен де осыны айтып шаршады. Сіз не дейсіз?
– Иә, мұндай сынды естіп жүрміз, білеміз. Ал оған толыққанды жауап беру үшін алдымен «телевизия дегеніміз не, оның қызметі қандай?» дегендей қарапайым сұраққа жауап беруіміз керек шығар.
Меніңше, телевизия – өміріміздің айнасы. Яғни заман мен қоғам тынысын айна-қатесіз, әлбетте, көркем тілмен, түрлі жанрдағы бағдарламалардың мақсатына сай, телевизия заңдылықтарын сақтай отырып жеткізетін құрал.
Қазіргі уақытта ойын-сауық жеңіл бағдарламаларына сұраныстың болуында бірнеше себеп бар. Біріншіден, бұқаралық ақпарат құралдарына деген адамның басты қажеттіліктерін америкалық психолог Маслоу пирамидасына салып қарасақ, онда ақпаратты адам қажеттіліктеріне орай: ойын-сауықтық, ақпараттық, интегратифтік және мәдени-танымдық деп жіктеледі. Жалпы, ойын-сауық бағдарламалары Қазақстан телеарналарының ғана емес, әлемдегі барлық елдердегі көгілдір жәшіктің төріне шықты. Себебі мұндай бағдарламалар көрерменге қым-қиғаш ақпараттар тасқынынан тынығуға мүмкіндік береді. Мысалға Түркияны алсақ болады. Соңғы рет түрік әріптестермен сөйлескенімде, осындай жағдайдың оларға да тән екенін жеткізді. Өзіңіз жақсы білесіз, негізі, елдегі бірнеше бағдарламаның форматы шетелдік франшиза арқылы келген.
Екіншіден, қоғамдағы өзгерістер телевизияның, жалпы, ақпарат құралдарының дамуына тікелей әсер етеді. Ал бүгінгі телевизия кез келген салаға тән, нарықтық бәсеке талаптарына сай дамиды. Осы жағдайда көрерменге ұсынылатын телеөнім сапасы қалыптасып, осы саланың дамуындағы бағыт-бағдар айшықталады. Жүзден жүйрік атанғандардың әр қадамын зерттеп, зерделеген қарсыластары сол жолмен жүруге тырысады. Жоғары көрсеткіштерге жеткен телеарнаның ізімен жүріп, үздіктер қатарынан көрінуді діттейді. Яғни нарық заманының талаптарына сай, жұмсалған қаржыны ақтап, табысқа кенелу. Сол себепті эфирді зерттейтін сарапшыларға жүгінуге тура келеді. Мысалы, 2016 жылға жүргізілген зерттеуге сенсек, елдегі телеаудиторияның 46,8 пайызы телесериал көруді, 39,2 пайызы ойын-сауық бағытындағы бағдарламаларды, ал 34,2 пайызы концерт қарағанды ұнатады. Онымен қоса, көркем фильм және жаңалықтарды көру де жоғары көрсеткішке ие. Өкінішке қарай, ақпараттық-сараптамалық әрі қоғамдық-саяси бағдарламаларды телеаудиторияның тек 8-10 пайызы ғана қарайды екен. Бәлкім, бұл телеарналардағы бағдарламалардың сапасына да тікелей байланысты болар. Десе де, телевизия саласының қазіргі бағыты күрт өзгергенін мойындау керек. Бұл тұрғыда, ендігі мақсат жұртты ақпараттандырып қана қоймай, халықтың бос уақытын қызықты өткізіп, көңіл көтеруін қамтамасыз ету болып тұр. Әрине, бұл мақсатқа жету жолын әрбір телеарна өзі таңдайды, шешім қабылдайды. Айтайын дегенім, ойын-сауық бағдарламаларының өзін тартымды, мазмұнды, сапалы түсіруге болады. Зиялы қауым өкілдерінің көңілі толмайтыны содан да шығар, бәлкім.
– Ойын-сауық бағдарламаларын тартымды, мазмұнды, сапалы түсіруге болады дейсіз. Өзіңіз басқаратын «Алматы» телеарнасына жиі айтылатын сын қандай?
–Арна ұжымы объективті сынды дұрыс қабылдайды және одан дұрыс нәтиже шығаруға тырысады. Әйгілі Махатма Ганди: «Өткен өмірімді сараласам, мені қолдағандардан гөрі сынағандардан көбірек пайда көрген екем», – депті. Демек, жұмыс істемеген адамға ғана сын айтылмайды. Әлеуметтік желідегі ескерту мен тілектердің көбі біздің арнадағы бағдарламалардың сапасына, телехикая мен киноның ескілігіне қатысты айтылатын. Бұл жерде жоғарыда айтылған нарық талаптарын көлденең тартуға тура келеді. «Көш жүре түзеледі» демекші, биылғы маусымда жаңа жобаларды қатаң іріктеуден өткіземіз деген шешім қабылдадық. Ал киноға келер болсақ, ескі фильмдер, керісінше, рейтинг беріп жатқанын ерекше атап өткім келеді. Сонымен қатар былтыр біз телехикая жанрында өзімізді сынап көрдік. Рейтингтік көрсеткіштеріміз жаман емес. Енді биыл скетчком, ситком жанрындағы жобаларды қолға алмақшымыз. Шыны керек, өзге елге жалынышты болмай, өз еліміздің мәдениеті мен тарихын дәріптейтін, күнделікті өмірден алынған қызықты оқиғаларға негізделген телехикаяларымызбен көрерменді қуантайық деп шештік. Осы ретте, сыни пікірмен қатар, жаңалықтарымызға айтылатын алғыс сөздерге ерекше тоқталып өткен жөн. Көрермендер біздің телеарнаның болған оқиғаны объективті түрде, асыра сілтеп мақтамай, қара бұлтты төндірмей, ақ-қарасын ажыратып беретінін айтып, ризашылығын білдіреді. Жаңалықтардың Whatsapp нөміріне хабарласып, біздің тілшілердің көмегімен түйткілді мәселенің түйінін тарқатып жатқандар аз емес. Жақында белгілі журналист Сәкен Сыбанбайдың телебағдарламаларға қатысты сыни мақаласы жарық көрді. Онда біздің арнаның жобасы іліп аларлар санатына қосылған екен. «Бірер күндік әләулайдың әсеріне елтімей, асқақ өнерге адалдығын сақтауға тырысып жүрген жақсы әншілер «Алматы» арнасындағы «Інжу-маржан» бағдарламасында ғана бас қосты», – деп жазыпты. Осыған қарағанда, алған бағытымыз дұрыс сияқты. Төл мәдениетімізді дәріптей отырып, телевизия майталманы Жарқын Шәкәрімнің көрермен көзайымына айналған тележобаларын қайта жаңғыртқандай болдық. Жалпы, осы телеарнаға келіп, өз тұжырымдамамды Алматы әкімдігіне ұсынғанда, біз шығарған өнім ойшыл, зияткер, пайымы мен парасаты жоғары көрерменге арналған деген едім. Әрине, бұл ойым бәсекеге төтеп беру жолында алға басқан арнаны кейін шегіндіруі мүмкін. Дегенмен танымдық жанрдағы мазмұнды, тұшымды жобалардан ешқашан бас тартпаймыз.
– Демек, телевизия сіз үшін де сынақ болып тұр ғой?
– Меніңше, қандай қызмет болсын адам үшін белгілі бір сынақ. Ал телевизия, бұқаралық ақпарат құралдары мен үшін тым жаңа сала емес. Қызметтік жолымда ақпарат және мәдениет министрлігінде басқарма басшысы ретінде жұмыс істегендіктен, отандық БАҚ-тың негізгі мәселелерін жақсы түсінемін, білемін. Сонымен қатар Азиада дирекциясының маркетинг департаментінде, ұлттық компанияларда бірнеше жобаға басшылық жасадым. «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританияның Кембридж университетінде тәжірибеден өттім. Телеарна – тек идеологиялық құрал ғана емес, оған қоса, бизнестің бір бөлігі. Сондықтан да телеарна тиімді болуы үшін тек сапалы контент жеткіліксіз, мұнда қаржы, менеджмент, HR стратегия болсын – бәрі де маңызды.
–Осыдан шығатын сауал. Біраз телеарнаның басшылары журналистика саласына қатысы жоқ адамдар. Осыған қатысты не айтар едіңіз?
–Меніңше, кез келген бұқаралық ақпарат құралын тек журналистика факультетін тәмамдаған азаматтар басқарсын деу қате түсінік сынды. Әлбетте, басшының сол сала бойынша тәжірибесінің болуы, ақпаратты білуінің маңызы зор. Әлемде, бізде де журналистикаға қатысы болмаса да, телеарна, газет-журналды жемісті басқарып, ұжымын алға сүйрегендер жеткілікті ғой.
–Қазір ақпарат құралдарына қатысты сынды тек қазақтілді ғана емес, орыстілді көрермен де айтып жүр. Сіздіңше, осы екі аудиторияның телеөнімге сұранысында айырмашылық бар ма?
–Тілдік ерекшелікке байланысты сұраныста айырмашылықтың болуы заңды. Дегенмен екі аудиторияның да отандық телеөнімге қызығушылығы артып келеді. «Алматы» телеарнасында қазақтілді көрермен өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға артты. Жалпы, тек қазақ тілінде ғана ақпарат алуды дұрыс көретін телеаудиторияның көлемі – 24 пайыз. Сонымен қатар қазақтілді интернет аудиторияның үлесі 26,1-ден 34,3 пайызға өскенін, ал орыстілді аудиторияның үлесі 49,6-дан 37,8 пайызға дейін төмендегенін ескеру де керек.
Сондай-ақ 2016 жылы мектепке барған оқушылардың 89 пайызы қазақтілді мектепті таңдағанын ескерсек, демографиялық өзгерістер телевизия тілі мен саясатына әсер етері анық. Алайда J’son & Partners Consulting сарапшыларына сенсек, бүгінде халықтың 40 пайызы отбасында қазақ тілін қолданбайтынын жеткізген. Яғни жағдайдың толық өзгеруіне бірнеше жыл уақыт керек сияқты.
–Рейтинг мәселесі жарнама берушілер үшін негізгі темірқазық дедіңіз. Ендеше, осы рейтинг қалай анықталады? Оны объективті деп айта аламыз ба?
– Теле- және радиоарналардың, мерзімді басылымдардың, сайттардың аудиториясын Gallup Media компаниясы зерттейді. Ол үшін теледидардың қосылып, өшірілгенін, телеарналарға ауысқанын тіркеп отыратын арнайы «пиплметр» деген құрылғы әлеуметтану ғылымының стандарттарына сәйкес әр үйге біреу орнатылады. Бұл зерттеуге қатысатын адамдар алдын ала іріктеуден өтеді. Олар әртүрлі әлеуметтік топтың өкілдері, жас мөлшері 4-тен жоғары болуы керек және бұл зерттеулер халқының саны 100 мыңнан асатын ірі қалаларда ғана өткізіледі. Әрине, бұл жүйе мінсіз емес. Шалғай ауылдардағы көрермен, қоғамдық орындарда теледидар көретін жұртшылық, интернет-аудитория ескерілмегендіктен, бұл көрсеткіштердің нақтылығында күмән бар. Ашығын айтқанда, саны 100 мыңнан төмен қала мен аудандардың пікірі мен сұранысы ескерілмей келе жатқаны анық. Ал бұл өз кезегінде телеарналардың эфирлік бағдарламасын жоспарлауға әсер етеді. Өкінішке қарай, көрермен қалауын анықтайтын бұдан өзге балама әдіс жоқ, сол себепті осының өзін қанағат тұтамыз. Дегенмен осы мәселе бойынша сарапшылар, мамандар арасында талқылаулар қажет.
–Мәселен, «Алматы» телеарнасының бүгінгі рейтингі қандай? Сіздіңше, бюджеттен бөлінетін қаржының тиімділігін тек рейтинг арқылы анықтау мүмкін бе?!
–Орынды әрі маңызды сұрақ. 2017 жылдың қорытындысы бойынша қарайтын болсақ, «Алматы» телеарнасында барлық көрсеткіштер бойынша өсім бар. Мәселен, рейтинг 30 пайызға, үлесіміз 33 пайызға артты. Биыл осы динамиканы сақтауымыз тиіс. Ал бюджеттен бөлінетін қаражаттың тиімділігін тек рейтинг арқылы анықтау дегенмен келісе алмаймын. Қоғам үшін қажетті, маңызды дейтін бағдарламаларды тек рейтингпен бағалау қате екенін біраз сарапшылар айтып жүр. Мұнда бірнеше индикатордың қосындысы арқылы жасалған жүйелі сараптама керек шығар. Бүгінде ақпарат және коммуникациялар министрлігі тарапынан мұндай жұмыс жасалып жатқанын білеміз. Меніңше, мұнда BBC-дің немесе басқа да шетелдік қоғамдық телеарналардың рейтингтерін анықтау бойынша үлгілерін қарауға болады. Мәселен, BBC тек пиплметр ғана емес, сонымен қоса, әлеуметтік сауалнамалардың, арнайы фокус топтардың бағалауын есепке алады.
–Елдегі тележарнама нарығы 2017 жылдың қорытындысы бойынша 66 млн долларға жетіпті. Бұл өткен жылға қарағанда 12 пайызға артық. Десе де, алдыңғы жылдары нарықта құлдырау болды. Қазір қалай?
–2014 жылдан бастап жарнама нарығы біршама құлдырағаны рас. Қаржы дағдарысының қыспағынан шыққан жарнама берушілер 2017 жылы есін жия бастады. 2018 жылы жарнама нарығы 24,8 млрд теңге болды, биыл 18 пайызға өседі деген болжам бар. Атап айтсақ, былтыр телекоммуникация, гигиеналық заттар, газдалған сусын және кондитерлік өнім өндіретін компаниялар маркетингке қомақты қаржы бөле бастады. Бір қуанарлық жайт, жарнаманы көбінесе қазақтілді бағдарламаларға беретін тенденцияны байқауға болады. Өйткені былтырғы аудиториялық көрсеткіштерге сәйкес, мемлекеттік тілдегі телеөнімдерге деген сұраныс айтарлықтай артқан. Дегенмен осы жағдайдың елдегі экономикалық жағдайға тығыз байланысты екенін атап өткен жөн. Біздің телеарнада да осыған байланысты оң өзгерістер байқалды.
–Отандық кино я сериалға болсын сұраныс артып келеді дедіңіз. Мұның басты себебі неде?
– Батысқа еліктеп киноның мазмұны мен формасын жасанды түрде өзгерткенмен, қисынсыз сюжеттер ойлап тауып, біздің ділімізге жат кейіпкерлерді көрсетумен алысқа бармайтынымыз айдан анық. Жалпы, кейінгі жылдары отандық киноөндіріс қарқынды дамып келеді. Расында да, түрлі жанрдағы, сан алуан бағыттағы фильмдер көрерменге жол тартты. Мұның себебін өз басым ұлтымыздың тыныс-тіршілігін, ерекшелігін, шынайы болмысын шебер суреттейтін туындыларға деген сұраныспен түсіндіремін. Қасымызда жүрген жерлесіміздің тағдыры, басынан өткен оқиғасы, әзіл-қалжыңы бізге ғана жақын әрі түсінікті. Кейінгі кезде коммерциялық картиналар саны артып келеді. Мұның өзі мемлекет қоржынын толтыратынын есепке алсақ, киноөндірістің ел дамуына қосып жатқан әжептәуір үлесін байқаймыз.
– Бәсеке үшін сапалы контент қажет. Мұны отандық массмедиа қаншалықты орындай алып отыр? Мысалы, «Алматы» телеарнасына қатысты айтсақ?! . Жалпы, біздің телеарналар бәсекеге дайын деп ойлайсыз ба? Мысалы, отандық телеаудиторияның 35 пайызы ақпаратты ресейлік телеарналардан алады екен.
–Тәуелсіздігін небары 25 жыл бұрын жариялаған мемлекеттің қай салада болсын адымы нық. Отандық массмедианың бәсекеге төтеп беру үрдісі бар әрі оған уақыт керек. Бұл мәселені білікті маман даярлаудан бастап, заманауи техника сатып алуға дейін жан-жақты қарастыру қажет. Соңғы зерттеулерге қарасақ, телеаудиторияның 57 пайызы отандық телеарналардағы бағдарламаларды қарай бастаған. Яғни оң өзгеріс бары анық. Бастысы, отандық телеарналар арасында көрермен үшін бәсеке артып келеді. Бұл біздің саланың дамуы үшін, сөзсіз, пайдалы болмақ. Мысалы, біздің арнаға келер болсақ, қазақстандық нарықтағы ірі телеарналармен иық тірескен кездеріміз бар. Бәсеке жоқ жерде өнер де өспейді.
– Бәсеке дегенде, ең алдымен, журналистердің кәсіби біліктілігі еске түседі. Белгілі журналист Арман Шораев «елімізге бір журналистика факультеті жетеді, қалғандарын жабу керек» деген еді. Осыған не дейсіз?
– Билік пен бұқара арасын жалғап, ел мүддесін қорғап жүрген журналистердің шыңдалуына «Алматы» арнасы баса мән беріп отыр. Бүгінде жас журналистер, университет студенттері арасында МООС (massive open online courses) танымал болып келеді. 2017 жылдың соңында Сүлеймен Демирел атындағы университетпен (СДУ) келісімшартқа қол қойып, осы оқу орны студенттерінің біліктілігін арттыруға арналған Медиа академия ашуды жоспарладық. Биыл сол жобаны жүзеге асырайық деп отырмыз. Яғни біздің телеарна болашақ журналистердің білімін тереңдетіп, тәжірибе жинақтайтын орталық ретінде қызмет атқармақ. Мұнда журналистика саласының білікті, тәжірибелі мамандары дәріс береді. Бұл елдегі журналистика саласы бойынша тұңғыш дуалды оқыту жобасы болмақ. Онымен қоса, биыл отандық телевизияның 60 жылдығы екенін білесіздер. Осы айтулы мерекеге орай, «Алматы» арнасы мен СДУ біріге отырып, мектеп түлектері арасында журналистика мамандығына қызығушылықты арттыру мақсатында «Журналист болғым келеді» дейтін эссе жарысын ұйымдастырмақпыз. Жеңімпаз арнайы оқу грантына ие болады.
– Кезінде газетті телевизия «өлтіреді» деген әңгіме болған. Енді телевизияны интернет басты дейтін ой бар. Әсіресе жастар ақпаратты онлайн алғанды дұрыс көреді. Сіздер бұған дайынсыздар ма, қандай жоспарларыңыз бар?
– Қалай болғанда да, прогреске қарсы тұра алмайтынымыз хақ. 2017 жылы елдегі Total TV көрсеткіші, яғни жалпы телеаудиторияның 2016 жылмен салыстырғанда 7 пайызға төмендегені рас. Десе де, телевизияның да өз жауабы табылады. Батыста Netflix сынды жобалар біраз телеарнаға бәсеке болып тұрғанын білеміз. Осыған орай, биыл елде Nur TV жобасы басталмақ. Біз әріптес ретінде осындай бастамалармен тығыз байланыс орнатамыз. Ал ақпаратты онлайн, жедел алып үйренгендерге айтарым, біздің арнаның көрермендері интернетте де баршылық. Жаңалықтарымыз арнаның сайтында, Facebook парақшасында, арнайы ашылған Youtube арнасында тікелей көрсетіледі. Көрерменмен әрдайым байланыстамыз. Бұл тұрғыдан алып қарағанда, біз қос нарықты (TV мен интернетті) қатар тізгіндеп отырмыз. Осы бағытта телеарнаның арнайы стратегиясын да әзірлеп жатырмыз. Ал жоспарға келсек, әйгілі Альфред Нобель өмірінде екі нәрсені қарызға алмаған екен. Ол – ақша және жоспар. Сол сияқты біздің телеарна да биыл тыңнан сүрен салмақшы. Тың бастама мен жоспар көп.
–Әңгімеңізге рақмет.