ҚОРҚОР ТАРТСАҢ...қор боласың...

ҚОРҚОРДЫҢ ПАЙДА БОЛУЫ МЕН АТАУЫНЫҢ ТАРИХЫ

кор 1775 жылы Уильм Хики деген ағыл­шындық Калькуттаға барады. Сол сапарындағы естеліктерінде ол былай деп түртіп койған екен: «Мен үшін ең керемет қорқорды дайындап қойыпты. Дәмін татып көрдім, ұнамады. Бірнеше мәрте тырысып едім, сонда да жағымсыз болды. Мен бар байсалдылығымды бойыма жинап, олардан: «менің шегуім маңызды ма?»- деп сұрадым, ал олар болса өте сабырлы түрде жауап берді: «Әрине маңызды, егер танымал адам болып, мына ортадан шығып қалғың келмесе. Мұнда барлығы қорқор тартады және онсыз ісің өнбейді, өрге домалауың да екі талай»... Мен адамдардың қорқордан бас тартқанша, түскі асымыздан бас тартамыз дегенін де талай естідім» Сонау ерте замандардан бастап адамдардың санасын жаулап алған қорқор бүгінге дейін жойылған жоқ. Керісінше, танымалдылығы артып, кез келген түнгі клубтар мен мейрамханалардың сәніне айналған. Әсіресе, жастардың арасында үлкен сұранысқа ие. Жалпы, алғаш қорқор Үндістанда пайда болып, аз уақыттың ішінде бүкіл мұсылман мемлекеттеріне тарап кетеді. Ал Еуропада қорқорға танымалдылық XIX ғасырда келген. Мемлекеттің әртүрлі болуына байланысты, қорқорлардың да атауы өзгеріп отырған. Араб тілінде Шиша (شيشة), Наргила (نرجيلة), немесе Аргила (أركيلة\أرجيلة) деген сөздер бар, және олар араб әмірлігінің барлығында қолданыста. Наргиле көбінесе Түркия, Грекия, Әзірбайжан, Ирак, Ливан, Сирия және Израйлде кездеседі. Наргиле деген парсы сөзі «nārghile», кокос деген мағынаны береді. Яғни, мұнан пайымдайтынымыз алғаш қорқорды кокос жаңғағының қабығынан кесіп алған болуы мүмкін. Албания, Босния және Грекияда қорқор «лула» немесе «лулава» деп аталады, Румынша бұл «түтік» деген мағынаны білдіреді. Иранда қорқорды «galyān» деп атайды. Бұл сөз арабтардың √glā (қайнау, бұрқылдау) деген сөзінен алынған. Бұл атау, сонымен қатар, Ресей, Украина және Белоруссияда қолданылады. Өзбекстанда қорқорды «чиллим» деп атайды Қорқор(парсыша قلیان‎ - ghalyân, ghalyun)- жұтатын түтінді сүзгіден өткізетін және салқындатып отырытын, шегуге арналған құрал деген мағынаны береді. Ертеректе қорқор жасауда мыс, жез және қосындылары бар қорытпаларды қолданатын болған. Ал қазір олардың орнына тот баспайтын болаттарды пайдаланады. Икемді түтік терілердің орнын алмастырды және сымдардың орнына силикон резіңкелер пайдаланыла бастады. Жаңа материялдар қорқорды ұзақ сақтауға мүмкіндік берді, оны тартқан кездегі жағымсыз иістер сезілмейтін және пайдаланып болған соң жуғанға да оңайырақ болды.

ДЕНСАУЛЫҚҚА ЗИЯНЫ Қазіргі таңда көптеген адамдар қорқорды көңіл көтерудің жақсы жолы деп біледі. Алайда бұлайша көңіл көтерудің қаншалықты зиянды екенінен бейхабар. Қорқорға арналған табактың сыртына әдетте, 0,5 пайыз никотин және 0 пайыз смол бар деп жазылады, бұл жалған. Олардың жарнамалары аттандап, қорқор зиянсыз, оның денсаулыққа тигізер кері әсері жоқ деп тұрады. Шындығына келер болсақ, табактың қандай түрін алып қарасақ та, олардың барлығында жүйкені улайтын никотин болады. Ол ағзаның қандай көлемде табак шеккенін есептеп тұрады. Никотин шегетін ағзаның қалауын толық қанағаттандыру үшін, адамға 20-80 минут қорқор тартуға тура келеді. Бір сағат қорқор тартқан адам, бір темекі тартқан кездегіден 100-200 есе артық түтін жұтады. Сондай-ақ оның өкпесіне, никотин мен зиянды заттардың аз болғанына қарамастан, тұншықтырғыш газ көп мөлшерде түседі. 45 минут бойы қорқор шкекен адам тұншықтырғыш газды, бір қорап шылып тартқан адамнан көбірек жұтады. Оны тарту кезінде күш жұмсауға тура келгендіктен, түтін өкпенің терең тұстарына кіріп кетеді екен. Әдетте қорқорды бірнеше адам болып тартады, яғни қорқордың мундштук аталатын сору түтігін бірнеше адам пайдаланады. Гигиеналық тұрғыдан бұл өте зиян. Сілекей арқылы таралатын гепатит, герпес, туберкулез сынды сырқаттардың жұғуына ықпал етеді. Сонымен қатар қорқор айналадағы адамдарға зиянын тигізеді. Қорқор шеккен адамның жанында отырғандар сол адамның өзінен гөрі көбірек уланады. Айта кетерлік тағы бір мәселе, қорқор тартқан азаматтар, тартпағандарға қарағанда көбіне спиртті ішімдіктерге де әуес келеді. Екі зиянды қатар тұтынғанда, оның ағзаға кері әсері де күшейе түспек. Американдық ғалымдар да қорқор­дың зияндығын дәлелдеп, дабыл қағуда. Қорқордың қарапайым темекіден бір айырмашылығы оның иісі жұмсақ және жағымды. Сонысымен де ешқашан темекі тартпаған адамдарды қызықтырады. Зерттеушілердің анықтағаны сол, қорқорды тартып көрген студенттердің 22 пайызы ешқашан темекі тартпаған екен. Жалпы мұндай хош иіс беріп тұратын зат әр түрлі шөптерден жасалған ұнтақ, оны темекі сияқты тартады. Ерте замандарда микстерді бөлме ішін хош иістендіруге арнап жасаған. Алайда жақсының бәрін иіскеп, дәмін татып көруге дағдыланған кейбір азаматтар оны тартып та көрген. Сөйтсе олардың әсері есірткінің әсерінен кем түспейтін болып шығады. Міне, содан бастап адам­зат арасында микстерді де темекі сияқты тартатын әдет қалыптасқан. Бұл микс­тердің құрамына әртүрлі шөптесін өсімдіктермен қатар түрлі синтетикалық заттар болады. Олар микстерге есірткі әсерін береді. Микс өндірісінің орталығы – Голландия. Ол жақтан түрлі-түсті қаптамаларда оралған қоспалар бүкіл әлемге таралады. Алғашында шөптен жасалған ұнтақтар дәрігерлер мен құқық қорғау органдары қызметкерлеріне ешқандай күмән туғызбаған. Дегенмен бұл заттарға деген сұраныстың күн санап артуы оларды алаңдата бастапты. ҚОРҚОРМЕН КҮРЕС Әлемдік тәжірбиеде Еуропа мем­лекеттері қорқорға қатысты бір бағытты ұстанған. Мәселен, Англияда қоғамдық орындарда шылым тартуға және қорқор шегуге 2007 жылы тыйым салынған. Бұл тәртіпке бағынбағандарды - 2,5 мың фунт көлемінде айыппұл күтеді. Францияда да мұндай тәртіп 2007 жылы, ал Эстония мен Финляндияда 2008 жылы белгіленген. Сондай-ақ Бельгия, Кипр, Литва, Испания, Словения сынды бірқатар елдерде белгілі бір қонақүйлер мен мейрамханаларда қорқор тартуға тыйым салынған. Қазақстанда да қоғамдық орындарда темекі тартуға тиым салынған болатын. Алайда заңда «қорқорға арналған табак» деген арнайы сөздің болмауы бұл зиянды әдетке әуестерді құтқарып қалған болатын. Осы бір ауыз сөз ғана кальянның дәуренін жүргізуде. Оған тыйым салу туралы қоғамдық ұйымдар қанша жар салғанымен, әзірге баяғы жартас – сол жартас. Тіпті ол туралы салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мамандары халық қалаулыларына хат жазып, үндеу тастапты. Әзірге бұл мәселе шешімін таба алмай, жәутеңдеген жас балаша депутаттарға қарап тұр. Ислам дінінде қорқор, шылым - жалпы табак өнімдерін тұтынған, сатқан не біреудің тұтынуына ықпал жасаған адамның бәрі де жазаланатыны айтылады. Соған орай қорқор әзірлеушілер де, оны тартқан адам да, тасымалдап, сатқан адам да күнәдан құр қалмайды. Оның адам ағзасына зиян екені белгілі. Себебі оны тартқан адам белгілі бір дәрежеде мас болады. Ал шариғатта адамды есінен айыратын нәрселерді харамға жатқызады. Осыған сүйене отырып, қазіргі «кальян» деген нәрсені де мәкруһ (харамға жақын) зат деуге болады. Себебі пайғамбарымыз: «Кез-келген мас қылатын заттың (мейлі ол құрмадан жасалса да) бір тамшысы да харам» деген хадисі бар. Бүгінде жастар арасында қорқор тарту сәнге айналғаны жасырын емес. Жоғары да айтып өткенімдей оны сатумен, таратумен айналысатындар барынша мақтайды, денсаулыққа түк те зияны жоқ деп жатады. Ал оны зерттеген мамандар құрамында адам денсаулығына өте зиянды JWH-018 деген есірткіге ұқсас заттың бар екенін анықтаған. Ең өкініштісі де сол, бұл заттар біздің елімізде тиым салынған психотропты заттар қатарына жатқызылмайды. Яғни, оны емін-еркін саудалауға болады деген сөз. Зиянды ұнтақтар Ресейге басында Ұлыбританиядан жеткізілген екен. Ал қазір негізінен Қытайдан әкелінетін көрінеді. Олардың құрамында JWH-018, JWH-027, JWH-073, JWH-200 деген каннабиноидты синтетикалық заттар бары белгілі болып отыр. ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАШАН   КЕЛДІ

Ал біздің елімізге қорқордың қашан келгенін нақты айту қиын. Алайда Ілияс Есенберлиннің «Көш­пенділер» деген романында мынадай сөздер кездеседі: «Бұл қалада бәрі де әдеттегідей, анау бөдене соғыстырған топ та, әне, анау қорқор тартып, геджак тыңдап отырған мырзалар да... Бәрі де күндегі салтында». Романға қарап, қорқор біздің елімізде де бұрыннан келе жатқан жаман әдет екенін түсінуге болады. Қазіргі уақытта Қазақстанда қорқордың танымалдылығы артуда, бұрынғымен салыстырғанда таралу денгейі де көбейген. Арнайы қорқор клубтары да жұмыс жасауда. Сондай-ақ дүкендер мен интернет сайттар қорқорды жарыса жарнамалауда. P.S. Қазіргі уақытта қорқорды қоғамдық орындарында тартуға тиым салу жөнінде заң қаралуда. Мүмкін, осы заң қабылданып, келешекте салауатты өмір салтын ұстанған ұрпақ тәрбиелейміз деген сенімдемін. Сонда ғана қорқор тартып, қор болып қалғандар саны азаяр деп ойлаймын.

 

 

Гүлнұр ДОСБОЛ