ОППОЗИЦИЯҒА ҚАРСЫ ПАЙДАЛАНҒАН ЖАБАЙЫ АРМАННЫҢ ЖАЗАСЫ ЖАЛҒАСА БЕРЕ МЕ?

БІЗДІҢ КӨЗДЕГЕНІМІЗ ҚАЙСЫСЫ?

Арман Бұл күндері Ақмола облысындағы Гранитный қыстағында орналасқан ЕЦ 166/55 еңбекпен түзету колониясында былтырғы жылы тамыз айында орын алған, жазасын өтеушілердің колониядағы адам төзгісіз жағдайға қарсы бас көтерген наразылығына байланысты сот процесі-үдерісі өтіп жатыр. Айыпталушы – 14 адам. Тергеу комиссиясының қорытындысы бойынша олар колониядағы 385 адамды ереуілге шығуға ұйымдаcтырған көрінеді. Ақпарат құралдарының құзырына кімнің ақ, кімнің қара екенін тексеру жатпайды. Бұл – сот орындарының ісі. Бірақ, дәл сол соттардың қолының, жанының таза екендігіне көпшілік халықтың сенімі азайғалы қашан. Және қалың халықты олай ойлауға мәжбүрлеп отырған сол сот судьяларының өздері. Бір кездері Елба­сының негізінен кәсіпкерлерге қарап айтылған (ол кісі орыс тілінде айтқандықтан біз бұл сөзді аудармасыз беріп отырмыз) «накопление первоначального капитала никогда не бывает честным» деген мағынадағы сөзін сот мырзалар да осылай әрекет жасауға арналған нұсқау болмаса да рұқсат деп түсініп қалған сыңайлы. Енді тағы да сол Елбасының тағы да сол кәсіпкерлерге қаратып үлкен жиында айтылған «любого из вас я могу взять за руку и отвести в суд» деген сөзін де судьяларға қолдануға болатын, судьялардың өзін шетінен сот залына қолынан ұстап жетектеп апара беруге болатын секілді. Секілді дейміз-ау, ол үдеріс басталып та кетті. Жоғарғы Соттың (!) 6 бірдей судьясының үстінен қылмыстық істің қозғалуы мерездің тың тереңдеп кеткендігін көрсетсе, бұл оқиға мұзтаудың су бетіндегі кішкене ғана бөлігі екенін мектеп оқушысына дейін түсініп отыр. Біз неге сөзді соттардан бастап отырмыз? Себебі, аталған айыпталушылардың барлығы да сот үдерісінің алдында прокурорға жазған шағымдарында және сотта сөйлеген сөздерінде тергеу барысы кезінде өздері жазып берген «жаппай тәртіпсіздікке қатыстым» (осы жерде және ары қарай аударған – авт.) деген куәлік сөздерінен «моральдық және физикалық қысым көрсетілгені себепті осылай етуге мәжбүр болғанмын, менің іс-әрекетім шын мәнінде бұл мекемеде орын алып отырған бассыздыққа қарсы наразылық болатын» деп, түгелдей бас тартуда көрінеді. Біреу үшін «бассыздыққа қарсы наразылық» болса, екінші жақ оны «жаппай тәртіп бұзушылық» деп ұғынады. Мәселе, әрине, кімнің қалай ұғынатынында емес, әр істің қандай мақсат-мүддені көздейтінінде, сол жолда қандай әдіс, құралды таңдайтынында. Мысалы, «ереуілдің ұйытқысы болған» деп айыпталып отырғандардың бірі Арман Жұмагелдиев: «...11.08.2010ж. сағат 22-00 шамасында мені мекеме аумағында әскерилер тоқтатып, резеңке сойылмен басыма, денеме, аяғыма ұрды» десе, сот-медицина сарапшысы А.О.Жетеев айыпталушының денесінің алдыңғы және артқы жағындағы (жаурынының үстінен санының сыртына дейін) 18 (!) жеріндегі қанталаған түрлі жарақаттарды көрсете, суретін де бере келіп, «...бұлар ЖЕҢІЛ жарақат қатарына жатады» дейді. Және ең қызығы «...бұл зақымданудың бәрі куәлендірушінің өзінің қолы жететін, ол өзі жарақат сала алатындай жерде орналасқан» дейді. Сіз де қолыңызға жуан таяқ алып жаурыныңызды, оның астын ұрып көріңізші, цирктегі жонглер болмасаңыз, қолыңыздың жете қоймайтынына көзіңіз әбден жетеді. Бірақ, жаңылыспасақ, Заманбек Нұрқаділовтің өлімі жайды да «... ол өзін-өзі пистолетпен (ал, ондай пистолеттен атылған оқ қару-жарақ мамандарының айтуы бойынша ең бірінші жүйкеге әсер етіп, адамды әрмен қарай қимылдау мүмкіндігінен бірден айырып тастайды екен – авт.) жүрегіне екі рет, сосын басына бір рет оқ атқан, қазасы содан болған» деген қорытынды берген біздің сарапшыларымыз үшін өзін-өзі таяқтады деген не тәйірі... Арман Жұмагелдиевке келетін болсақ, бұл жігіттің басынан кешкен оқиғасы «мысыққа ойын керек, тышқанға өлім керек» деген көне сөзді еске түсіретін секілді. Арманның айтуы бойынша 2005 жылғы президенттік сайлау барысында оппозициялық партиялардың (бірақ, олардың ішіне «Ақ жол» кірмеген болатын) ортақ өкілі Шымкент қаласына сайлаушылармен кездесуге барғанда билік тарапы, сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облыстық туризм және спорт департаментінің бастығы Серік Оңғарбаев өзінің туған інісі, Оңтүстік Қазақстан облыстық Ішкі істер басқармасының Қылмыстық істер бөлімінің бастығы Берік Оңғарбаев екеуі ауыр салмақтағы үлкен үміт күттіріп жүрген жас боксер, «Дикий Арман» деген лақап аты бар бұны (бұл лақап атты оған бокспен айналысқан кезінде бірге жаттығатын әріптестері берген екен), Арманды үгіттеп, студент жастарды бастап президенттікке үміткерге қарсы сөз сөйлеуге жұмсаған көрінеді. Арман Елбасы Н.Назарбаевтың атына жолдаған хатында былай деп жазады: «... Со мной рядом были учителя, представители администраций, молодежь. Я взял рупор и стал высказывать свою точку зрения от имени молодежи и студентов о том, что мы единогласно поддерживаем кандидатуру нашего Президента и не допустим, чтобы устраивали беспорядки, как в то время происходило в Бишкеке и что у нас стабильная экономика и благодаря Президенту живут в мире и согласий представители всех наций. Оппозиционеры (мы их фамилии здесь опускаем – авт). в ответ на мою речь начали оскорблять Вас: «Президент – вор, обокрал всю страну, распродал всю нефть и он не достоин быть президентом». Я не смог стерпеть такого нападка и оскорбления чести и достоинства Президента и высказал в ответ: «Вы все подлые трусы и обманщики!» и направился в их сторону. Они вскочили и начали убегать... Люди, которые пришли поддержать оппозиционеров, увидев, как они убегали, побросали свои транспаранты и стали расходиться и я им сказал: «Неужели такие люди могут называть себя достойными представлять нашу страну?» Біздің оппозиция жетекшілерінің атын атамай отырған себебіміз бар. Жоғарыдағы хатында А.Жұмагелдиев былай деп жазады: «Через две недели после этого случая Берик Онгарбаев сказал мне, что оппозиционеры и СМИ подняли ажиотаж и требуют наказать зачинщика митинга и если не накажем для их спокойства, то это может отразиться на имидже Президента страны и что необходимо возбудить уголовное дело и посадить меня. Я сказал, что за Президента и за свою страну я готов отсидеть в тюрьме и меня водворили в ИВС, где я находился 4 месяца. Когда я освободился, суд осудил меня на три года условно с испытательным сроком на один год, мне начали угрожать люди ..., что не оставят этот инцидент просто так, так как я опозорил оппозиционеров прилюдно на всю страну». Ары қарай кейінгі оқиғалар бұл сөздің қисыны барын түсінсек те (алдымен Арманға 2008 жылдың басында қастандық жасалып, автоматтан атылған оқтан қасындағы жолдастары қайтыс болып кетеді де, өзі шетелде жарты жылдан астам жасырынуға мәжбүр болады; сосын күзде елге оралып, келесі Олимпиадаға дайындықты бастаған, бес уақыт намазы мен оразаны жібермейтін спортшының рамазан айында, жұма намаздан шығып келе жатқанында қалтасына есірткі мен патрондарды салып жіберіп, 3 жылға бас бостандығынан айырған кезде, бұны «сындыру» үшін жіберген «қызыл зона» аты бар Ақмола облысындағы Гранитный қыстағында орналасқан ЕЦ166/55 еңбекпен түзеу колониясына Ақмола облыстық ІІ басқармасының бұрынғы бастығы Туманов келіп, қасында колония бастығы Б.Жаппаровтың тұрғанына қарамастан, оған «привет от ...!» деп оппозиция серкесінің атын атайды» деп көрсетсе де), кінәні алдымен өзімізден емес, өзгеден іздеу табиғатымызға тән нәрсе екенін білсек те, біздің атамай отырған себебіміз, біріншіден, бұның бәрі қылмыстық істе көтеріліп, дәлелденбеген нәрселер. Рас, дәлелденбегенмен солай екені ешбір күмән тудырмайтын істердің аз емес екені анық, әйтсе де, «ұсталмады ма – ұры емес»... Екіншіден, және ең бастысы, біз Арман өз хатында атын атаған ер-азаматтардың, өздері де ұл-қыз асырап отырған отбасы иелерінің, Арманның бір ажалдан аман қалғанына да тоқталмай, сондай ұсақтыққа барады дегенге еш сенгеніміз келмейді... Әрине, әр істің ақиқатын бір Алла ғана біледі, бәріне сол таразышы, қалай болғанда да жаланың құрбанына, жас жігітке жасалған қиянаттың обалы – «бұл дүниенің қарызы о дүниеге кетпейтінін» біле тұрып, адам баласына істеген титтей жақсылығың да, жамандығың да міндетті түрде өз көзіңнің тірісінде алдыңнан шығатынын, еселеп шығатынын, және ең ауыры да, ең әділеттілігі де көбіне сенің өзіңнің емес, сенің балаларыңның алдынан шығатынын біле тұрып, аузы барып тапсырыс бергендер мен оны қолы қалтырамай, бес теңге күміс үшін жанын сатып, сондай іске барған жандардың мойнында екенін атап кеткіміз ғана келеді. Алла-Тағаланың құдыреті де, мейірімі де шексіз. Кешірім сұрау, тәубеге келу еш уақыттық кештік етпейді. Осы үкімді шығарған Алматы қаласы Әуезов ауданының судьясы М.Елемесов Ұлы отан соғысының 93-жастағы ардагері, гвардия полковнигі, соғысты Маршал Жуковтың жанында Берлинде аяқтаған Жазықбай Аханов ақсақалға оңашада «бұл – тапсырыс, оны орындамай тұра алмаймын» деп ақталыпты... Енді қазір қазақтың атын әлемге жаямын, Олимпиада чемпионы боламын деген арманшыл, аңғал жас жігітті былтырғы жылы жазда Гранитныйдағы колонияда орын алған жаппай наразылықтың ұйымдастыушысы етіп көрсету, сол арқылы жақын арада азат дүниеге шықпастай етуге тырысу әрекеті жүріп жатыр. Ең алдымен, сол наразылықтың өзі тек салдар ғана ғой, оның себебі қайда, неден және қалай туды деген сұраққа жауап ізделуі, сол арқылы бір жыл бойы жұмыс істеген тексеру комиссиясының өзі «бригада субкультуры» деп атап көрсетуге мәжбүр болған, «опущенные», яғни, зорланған еркектер жіберіліп, «гарем» ретінде қанқұйлы қылмыскерлерге «қызмет ететін» 40-бригада дегеннің пайда болуының өзі-ақ түзеу колониясы деген міндетінен мүлдем алшақ жатқан мекеме екенін айғақтап отырған бұл түзеу колониясының өзін түзу жолға салу ауадай қажет екендігі көрініп тұрған жоқ па? Екіншіден, біз неге өзіміздің таланттарымызды, жұлдыздарымызды кезінде бағалай алмаймыз? Әбілсейіт Айхановты сабатамыз; Әбдісалан Нұрмахановты оққа байлатамыз; олардың бүгінгі ізбасарлары, олар шыға алмаған шыңға шыққан Ермахан Ыбырайымовты таяққа жықтырамыз, Бекзат Саттархановтың беймәлім, күдікті жағдайда қазаға ұшырауына жол береміз. Енді мынау, ауыр салмақта абырой-атақ әкеледі деген қас талантты, нағыз батырларға тән мінезді аңқау, аңғал жас жігітті, еліміздің Президентіне шын берілген ақ ниетін, ыстық ықыласын пайдаланып, ұпай жинағасы келген билік пен саясаткерлердің ойыншығына айналдырып, тағдырын тәлкекке салып қойғанымыз. Жарайды, «жел тұрмаса шөп басы қимылдамайды» дегенге сенейік, тап-таза болмағанмен оның да кінәсі бар дейік. Бірақ, ол жазықты болса, жазасын өтеуде ғой, бір рет жазаланған адамды екі рет жазалау еш елдің дәстүр-заңында жоқ еді ғой, неге біз оған, оны жақтап сөйлеушілерге емес, біржақты тексерген тергеушілерге ғана сеніп, біржақты үкім шығаруға тиіспіз? Олар биліктен бар болғаны әділдікті, тазалықты ғана талап етіп отырған жоқ па? Биліктің әр ісі әділ, таза болған сайын ғана мемлекеттің іргесі нығая беретінін, әділ де таза болмаған сайын іргесі шайқала түсетінін ұмытпайық. Біздің көздегеніміз қайсысы?  

Өмірзақ ӘБДІУӘЛИҰЛЫ