САҚТАНДЫРУ ШАРАЛАРЫН ЖЕТІЛДІРУ КЕРЕК
2018 ж. 17 наурыз
2373
0
ҚР Премьер-Министрі Б.Ә. Сағынтаевқа, ҚР Ұлттық банк Төрағасы Д.Т. Ақышевке ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
«Ақ жол» партиясы Үкімет пен Ұлттық банктен азаматтардың шынайы мүмкіндіктерін ескере отырып, табиғи апаттардан сақтандыру нарығын дамыту жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруын сұрап депутаттық сауал жолдады.
Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!
2017 жылғы 4 қыркүйекте Парламенттің ағымдағы отырысының ашылуында Мемлекет басшысы сақтандыру нарығын дамыту міндетін тапсырды. Елбасының сөзін дәйексөз ретінде келтіремін: «Біздің елімізде сақтандыруды дамыту керек, сақтандыру қызметтерінің деңгейін және қолжетімділігін арттыру қажет», – деген еді. Міне, сол кезден бері жарты жылдан астам уақыт өтті, алайда не Үкімет, не Ұлттық банк күллі әлемде қаржы нарығының маңызды бөлігі болып саналатын сақтандыруды ілгерілету бойынша қандайда бір шаралар қолданбады. Шығыс Қазақстаннан басталып Іле Алатауына дейінгі аймақтарда орын алған төтенше жағдай – су тасқынының қазіргі ахуалының аясында бұл тақырыптың өзектілігін қайтадан тілге тиек етіп, осынау түйткілді мәселені көтеруге тура келеді. Тағы да су тасқынынан келген зардаптың көлемі ауқымды, ондаған отбасылар ең қажетті нәрселерін жоғалтып, үй-күйсіз қалып, көмек сұрауда. Қарапайым азаматтар мен үкіметтік емес ұйымдар ел болып осы мақсатта қаражат жинап жатыр. «Ақ жол» фракциясы халықтың Үкіметке және мемлекеттік органдарға жүгініп, зардап шеккендерге қаражат бөліп, қол ұшын беру туралы өтінішін құптайды. Екінші бір жағынан алып қарасақ, жыл сайын дәл осы оқиға ұдайы түрде айнымастай қайталанып отыратынын ашық айтуға мәжбүрміз. Әр жылда көктем келген сайын «күтпеген жерден» әрі аяқ астынан қар еріп, жаңбыр жауады. Сосын әр жолы, сол бұрынғыдай, мемлекеттен ақша талап етеміз. Барлығы үшін әдетке айналған мұндай тәсіл – халықтың өзінің жеке меншік мүлігі мен қауіпсіздігіне деген жауапкершілігін қалыптастыра алмайтын шенеуніктердің ұқыпсыздығы мен аталмыш мәселені шешуде кәсіби емес екендігінің айқын үлгісі десек болады. «Ақ жол» депутаттық фракциясы мемлекеттің бұл жолы да қиындыққа душар болған азаматтарымызды тағдыр тәлкегіне қалдырып кетпесіне сенім білдіреді. Жалпы алғанда біз жергілікті әкімдіктердің жағдайды қадағалап, қаржы бөліп, тұрғындарды қиын кезде қолдау үшін аянбай бар мүмкіндіктерін салып жатқанын көріп отырмыз. Сонымен қатар, біз мемлекетке сеніп отыра бермей, дәл осыған ұқсас төтенше жағдайда туындаған залалдың орнын өтеу мен оның салдарын жеңілдету үшін әлдеқайда ертерек жаппай нарық механизмдерін енгізу қажет деп санаймыз. Жеме-жемге келгенде, біздің әрқайсымыз тек өзгелерден көмек сұрай бермей, өзіміз де жеке меншік мүлігіміз бен қауіпсіздігімізге деген жауапкершіліктің барын түсініп, онын да ара жігін ажырата білуге тиіспіз. Оның үстіне, халықаралық тәжірибеде сақтандырудың нарықтық институттары тиісті құралдардың кең ауқымды таңдау мүмкіндіктерін ұсынып отыр. Осы орайда, біз Ұлттық банк қаржы жүйесінің реттеушісі ретінде Президенттің сақтандыру жүйесін дамыту туралы қыркүйектегі тапсырмасына тиісті деңгейде көңіл бөлмей, тек қана банк секторының мәселелеріне назар аударған деп есептейміз. «Ақ жол» фракциясы Ұлттық банк жай ғана сырттан бақылап, қарап отырмай, қарапайым халықтың қаржылық мүмкіндігі мен қауіп-қатерді ескере отырып, сақтандыру компанияларын құралдар түрлерін кеңейтуге итермелеп, шетелдік тәжірибенің озық үлгісін зерделеу, сақтандыру қызметін жетілдіру саласында белсенді рөл атқаруы тиіс деген пікірде. Осыдан 2 жыл бұрын Әділет министрлігі азаматтардың төтенше жағдайлардан өз тұрғын үйін міндетті сақтандыруды қарастыратын заң жобасын әзірлеу туралы мәлімдеген еді. Алайда, ондай заң жобасы әлі күнге дейін қабылданған жоқ. Біздің фракция көптеген отбасылардың іс-жүзіндегі шынайы қаржылық жағдайын ескере отырып, мәжбүрлеу арқылы емес, азаматтарды осы процеске саналы түрде тарту жемісті болар еді деп есептейді. Бұл арада жергілікті тұрғындар мен сақтандыру компанияларын ынталандыру, түсіндіру шараларын жүргізу, қарапайым қазақстандықтардың қаржылық және сақтандыру жөніндегі сауаттылығын арттыру жұмыстарын іске асыруда Ұлттық банкке артылар жүктің осал емесі белгілі. Кезекті бір су тасқынының астында қаламыз деген қауіппен өмір сүргенше, тұрып жатқан үйіңді сақтандырып қою әлдеқайда тиімдірек болатындай жағдай жасау қажет. Ал су тасқыны болу қауіпі бар аймақтарда тұрғын үй құрылысын салуға жер телімін бөлу шенеуніктерге ол үшін пара алудан қымбаттырақ болар еді. Осыған байланысты «Ақ жол» ҚДП фракциясы Үкімет пен Ұлттық банктен халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, сақтандыру нарығын дамыту бойынша іс-шаралар жүргізу, азаматтардың шынайы мүмкіндіктерін ескере отырып, табиғи апаттардан тұрғын үйді сақтандыру құралдарын енгізу, оларды насихаттау және оларды ниеті адал емес нарықтың зиянды қатысушыларынан қорғау жұмыстарын ұйымдастыруды сұрады. Дәл осындай мақсатта сақтандыру тетіктерін кеңінен қолдануды басқа да: кәсіпкерлердің материалдық жауапкершілігін арттыру, валюталық тәуекелділікті, қор операцияларын сақтандыру, қолданыстағы (номиналды емес) медициналық сақтандыру сияқты салаларда жетілдіру қажет.
Құрметпен, «Ақ жол» фракциясының депутаттарыАқ жол» ҚДП баспасөз қызметі
qazaquni.kz