Азат ПЕРУАШЕВ: БЕТ-БЕДЕЛІ БӨЛЕК БОЛУЫ ТИІС ЖАҢА ПАРЛАМЕНТКЕ БАРЫП ЖАТСАҚ, ҰЛТ МҮДДЕСІНЕ ЖҰМЫС ІСТЕЙТІН ЗАҢДАРҒА БАСТАМАШЫ БОЛАМЫН.

«Ақ жол» Қазақстанның Демократиялық партиясы  төрағасы Азат Перуашевпен abai.kz сайтында оқырмандармен интернет-конференция болып өтті. Онда партия төрағасы барлық сұрақтарға ашық та нақты жауап берді. Оны оқырмандар алғысын білдірген көптеген пікірлерден байқауға болады. Біз бүгін осы интернет-конференцияны назарларыңызға ұсынып  отырмыз.

Алдымен осы интернет-конференцияға қызығушылық танытып отырған оқырман қауымға зор алғыс білдіргім келеді. Интернет пайдаланушылардың арасында еліміздің бүгіні мен болашағына бей-жай қарай алмайтын, қоғамдық, саяси өмірге, соның ішінде «Ақжол» партиясының  тағдырына да алаңдайтын жандардың көп екенін көріп отырмын. Сан алуан пікір бар. Әрине, біз өз атымызға айтылған орнықты лебіздерге де, орынды сынға да түсіністікпен қараймыз. Мен өз тарапымнан жеке басыма, «Ақжол» партиясына қатысты кез келген сұраққа шынайы, ашық жауап беруге дайынмын. Осы интернет-конференция «Ақжол» партиясының болашақ дамуы, қазақ ұлтын топтастырудағы партияның ролі жөніндегі жалпыұлттық дискуссияның басы болсын деп қабылдайық.

БАЙБАЛАМ салушылар  ҚАЗАҚ тілінде СӨЙЛЕУ ҚАЖЕТТІЛІГІН

МҮЛДЕ СЕЗІНБЕГЕН  АСПАННАН  ТҮСКЕН ЖАНДАР  секілді...

- Азеке, жаңа қызметіңіз құтты болсын! "Ақжол" басшылығын қолға алу туралы шешімді қабылдау қиынға соқты  ма? - Кез-келген азамат өз ұрпағының, отбасының, елінің жағдайын ойлап, ойлап қана қоймай осы жолда бар мүмкіндігін жұмсауы керек деп ойлаймын. Мен де осындай ниетпен, өзімнің жиған тәжірибем мен білімімді, ұйымдастырушылық қабілетімді осы мақсатқа бағыттасам деген ой болды. Мен саясатқа бөтен адам емеспін. Ал, «Ақжол» партиясына келуім әбден жан-жақты қаралып талқыланып, пісіп, жетіліп барып қана қабылданған шешім. «Нұр Отаннан» шығып, «Ақжолға» келуім - менің өз шешімім. Онымен қоса, «Атамекен» ұлттық палатасындағы айналысқан жұмыстарымның көпшілігі де саясатпен, саяси шешімдермен тікелей байланысты еді. Оның үстіне қазіргі таңда біздің қоғамда шешімін таппай, қордаланып жатқан проблема көп. Әсіресе, бізді еліміздегі мемлекет құрушы ұлт болып табылатын қазақ халқының мәселесі алаңдатады. Бүгін базардағы арба тасушы, ең төмен жалақы алатын жұмысшы кім десеңіз, ол қазақ болып шығады. Осы тұрғыда біздің ұлтты әлеуметтендіру мәселесі бүгінде өте өткір. Екінші, жасыратыны жоқ, жаһандану процестері де жақсылықтарымен қоса, қазақтың табиғаты мен болмысына, кері әсерін тигізіп жатыр. Біз үшін ХХІ ғасырда ұлттық болмысы мен төл мәдениеті мен руханиятын жоғалтпаған ұлт болып қалу мәселесі де өткір тұр. Осы жайттар да мені саясатқа басыбүтін келуге итермеледі. Біз Парламентке келсек, қоғамдағы осындай өзекті, ауқымды мәселелерді шешуге талпынып, талқылап қана қоймай, нақты шешімдер қабылдауға нақты ықпал ететін боламыз. - 2013 жылы толық қазақ тілінде сөйлеп кете аламыз ба? - Тіл мәселесі - мемлекеттің, ұлттың қауіпсіздігінің, дамуының, болашағының мәселесі. Арыға бармай-ақ, ТМД елдерінің аумағындағы мысалдарды алып қараңыз. Тіпті әлемдегі түрлі шиеленіс, қақтығыстардың өзегінде де осы ұлт, тіл, дін мәселелері жатыр. Қазақстан бұл мәселеде сауатты, орнықты жолды ұстанды. Тәуелсіздік жылдары мемлекеттің іргесін мықтадық. Қоғамдағы әлеуметтік, экономикалық жағдайымыз жақсарды. Осы уақытқа дейін біз тіл мәселесін саясаттандырған жоқпыз. Тәуелсіздік алған жиырма жылдың ішінде біз ешкімге қысым көрсетіп, қазақ тілін білуге міндеттеген жоқпыз. Бұл процесті барынша жұмсақ, әрі ешкімді мәжбүрлемей ерікті түрде жүргізіп келдік. Бүгінгі таңда қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде өзінің лайықты орнын алатын уақыты жетті. Бұл - қоғамның талабы, Қазақстанның әрбір азаматының парызы! Кейінгі кезде «2013 жылы қалай қазақ тілінде сөйлеп, іс жүргізіп кетеміз, бұл мүмкін емес» деп байбалам салушылар пайда болды. Олар бүгінгі күнге дейін қазақ тілінде сөйлеу қажеттілігін мүлде сезінбеген, мүлде естімеген, аспаннан түскен жандар секілді. Қазақ тіліне қатысты осындай пікірлерді түбегейлі өзгерту керек.  Жеке өз басым да, «Ақ жол» партиясы да осы бағытта жан аямай жұмыс істейтін болады. - Қанша жылдан бері "Атамекенді" басқардыңыз. Қазақстанда кәсіпкер болып, іс жүргізу оңай ма? - Соңғы жылдары қабылданған «Индустриалды-инновациялық бағдарлама», «Бизнестің жол картасы-2020», шағын және орта бизнесті дамыту мен қолдау бағдарламаларының барлығына да біз белсене ат салыстық. Кейбір маңызды бағдарламаларға бастамашы болдық. «Атамекен» ұлттық экономикалық палатасында қызмет еткен уақыт ішінде кәсіпкерлердің алаңсыз жұмыс жасауы үшін көптеген кедергілерді алып тастадық деп сеніммен айта аламын. Мемлекеттік органдар тарапынан болатын түрлі тексерулердің қатары қысқарды. Лицензия алу тәртібі едәуір жеңілдетілді. Салық кодексін біз үкіметтік деңгейде бір жылдан астам уақыт талқылап, кәсіпкер мүддесін қорғауға бағытталған маңызды ұсыныстарымыздың қабылдануы бағытында белсенді түрде күрестік. Ұсынысымыздың барлығы қабылданып кетпегенмен, маңызды дегендерін жүзеге асыруға қол жеткіздік. Бірақ, бұл барлық кедергілер жойылды деген сөз емес. Өкінішке қарай, іскер адамдардың қызметіне тұсау болатындай нормативті, заңнамалық кедергілер жеткілікті. Айналып келгенде, шағын және орта бизнес, яғни орта тап мемлекеттің, қоғамның саяси-әлеуметтік тұрақтылығының негізі.  Біз осы қауымның аяғынан тік тұруына мүдделі болуымыз керек. Бір-ақ мысал айтайын. Дамыған елдерде шағын және орта бизнес ішкі жалпы өнімнің 70-80 пайызын береді. Бізде бұл мөлшер 30 пайызға да жетпейді. Оның өзінде, дамыған елдердегі орта бизнес өкілінің қаржы айналымы 1 миллиардқа дейін жетуі мүмкін. Біз 5 миллион теңгелік айналымы бар кәсіпкерлерді осы топқа қосып жүрміз. Мәселен, Жапониядағы шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 90 пайызға жетеді. Бүгінгі таңда Жапония аса үлкен күйзелістерді бастан кешіріп отыр. Әлемдік қаржы дағдарысы, цунами, атом апаты елді есеңгіретіп кеткенімен, олардың экономикасының тұрақтылығы адамды таң қалдырады. Бұл - шағын және орта бизнестің ықпалының қаншалықты екендігінің бір ғана көрінісі. Кәсіпкерлер - елдегі дербес, белсенді, қоғамдағы саяси-экономикалық тұрақтылыққа мүдделі әрі соны қамтамасыз ете алатын әлеуметтік топ. «Жалғыздың шаңы шықпас» дейді. Кәсіпкерлер де жеке басы, дербес, еркін болғанымен белгілі бір ұйымға, бірлестікке басы бірікпей, мәселе шешілмейді. «Атамекеннің» күнделікті жұмысы сол кәсіпкердің алаңсыз жұмыс істеуіне, табыс тауып, ел экономикасына үлес қосуына жағдай жасау болатын. Біздің партияның да басты міндеттерінің бірі осы болмақ. - Соңғы кездері қатты жүдеп кеттіңіз? Бұл жұмыстың ауырлығынан ба? - Менің денсаулығым үшін алаңдағаныңызға рахмет, әрине. Жаның қалап істейтін жұмыс болса, оның ауыр-жеңілдігі білінбейді ғой. Расында, қырық жасқа дейін денсаулық саған қызмет жасаса, қырық жастан кейін сен денсаулыққа қызмет жасайды екенсің. Мен ес білгеннен бері спортты жаныма серік еткен адаммын. Қазір де жүйелі түрде спортпен шұғылданам. Күніне 5-7 шақырымға жүгірем, 3 шақырымға суда жүземін. Сіз айтқандай менің «жүдеу түрім» - менің спорттық қалпым. - Сізді қазақ боксының жанашыры дейді. Бақыт Сәрсекбаевтың Бейжің олимпиадасында жеңіске жетіп, алтын медаль иегері атануда Сіздің де еңбегіңіз бар екендігін оқығам. Өзге де болашағынан үміт күттірер спортшыларға көмек беруге дайынсыз ба? - Жастық шағымды бокс алаңында өткердім десе де болады. Бокстан Кеңес Одағының спорт шеберімін. Мен Бақыт Сәрсекбаевты Алматыға өзім шақырттым. Алғашқы сәттен-ақ оның бойындағы энергия мен шеберлікті байқадым. Бірақ ол көптеген әділетсіздіктерге кезігіп жүргенін білдім. Сөйтіп сөйлесіп, оны Қазақстанға көшіп келуге үгіттедім және бұл шешімнің дұрыс болғандығын уақыт дәлелдеп берді. Қолдан келгенше Бақытқа көмек көрсетіп, жәрдем беруге тырыстым. Бірқатар жарыстарда көзге ұрып тұрған әділетсіздіктердің куәсі де болдым. Мұндай кездері Бақыт ызадан бәріне қолын бір сілтеп, кетіп қалғысы келетін. Бірақ оның спортқа деген құштарлығы оны жеңіске жетеледі. Жалпы бокс қазақтардың ұлттық спортына айналды десе де болады. Осы уақытқа дейінгі еліміздің әлемдік спорт додаларындағы жеңістерінің көпшілігі осы боксқа тиесілі. Сондықтан, боксты мемлекет тарапынан, жекелеген азаматтардың тарапынан үнемі қолдап, қоштап отыру керек. Мысалы, менің қамқорлығымдағы Нұрматов Әліби деген бауырымыз бокстан Дүниежүзілік әскери ойындарда жүлдегер болды. Қарындасымыз Саида Хасенова Азия чемпионы атанды. Бұлардан өзге де талантты іні-қарындастарымызға мейлінше көмектесіп тұрамын. Өз басым   болашағынан үміт күттіретін жастар болса, қолымнан келгенше бәріне көмектесуге дайынмын.

ПАРЛАМЕНТ ЗАҢ жазумен АЙНАЛЫСПАЙТЫН заң шығарушы орган емес...

ХАЛЫҚҚА  қызмет етіп, ЕСЕП БЕРЕТІН ОРЫН  болуы тиіс.

- Азат деген атыңыз біраз нәрсені айтып тұр. Егер ертең "Ақжол" парламентке келсе, болашақ депутаттар тек сақырлаған бизнесмендер ғана бола ма? Олай дейтінім сіз төраға бола салысымен Мәжіліске тек ақшасы барлар ғана барады депсіз. Ал сонда "Ақжолдың" отымен кіріп, күлімен шығып, насихаттап жүрген белсенділері, зиялылары ақшасы жоқтықтан далада қала ма? Ибрагим - «Ақ жол» партиясының мүшелері тек сақырлаған бизнесмендер емес қой. Партияның негізін қарапайым еңбек адамдары, өз елінің патриоттары құрайды. Егер Мәжіліске барып жатсақ, кімдердің депутат боларын сол партия мүшелері шешеді. Өз басым, «Ақ жол» партиясынан депутаттыққа ұсынылатын азаматтардың нағыз білікті, білімді, отаншыл қайраткерлер болатынына нық сенімдімін. «Мәжіліске тек ақшасы барлар ғана барады» деген сөзді тым қарабайыр түсінуге болмайды. Саяси ұйым құру, партия басқару ойыншық нәрсе емес. Кез келген саяси науқан, сайлау да сондай. Бұл, бейнелеп айтқанда, қымбат ойын. Мәселен, партияны қаржыландыру, оның толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ету - өзіміздің мойнымызда. Сіз айтқандай, сақырлаған бизнесмендер «Ақжолға» еріккеннен мүше болып жатқан жоқ. Олардың көбісі, тіпті депутаттық креслоны да армандамайды. Оларға тұрақты, қауіпсіз экономикалық ауа-райы керек. Ал, өз кезегінде, олардың қолдау-көмегін біз ел мүддесіне, елдегі жаңару, жаңғыру жолына бағыттауымыз керек. - Азат аға, мен экономика саласында оқуды жаңа бітірген жас маманмын. Астанада жұмыс табу қиынға соғып жатыр. Аздап ата-анам берген қаражатым бар еді. Соны бір іске жұмсағым келеді. Дүкен немесе кішігірім дәмхана жалдап өз ісімді бастасам деген ой бар. Бизнесте қателік жасап, барымнан айрылып қалмау үшін не істеуім қажет? Ертеңгі күні тексерістен тексеріс болып, кәсібім тұралап қалмай ма? - Ойың өте дұрыс. Әрине, оқу бітірген жастардың жұмыс тауып, жаңа өмірге араласып кетуі оңай емес. Алайда, талабы бар, білімді жас үшін өмірден өз орнын табу қиын емес. Оған біздің елде барлық мүмкіндіктер бар деп ойлаймын. Қазірде бизнесті ашу оңай, оны дамыту қиын. Істі дұрыс ұйымдастырып, өз құқыңызды жақсы білсеңіз, бар қиындықты жеңе аласыз деп сенемін. Ал тексеріс мәселесіне келер болсақ, мемлекеттік органдар бұрынғыдай өздері қалаған уақытта келіп тексеріс жасай алмайды. ­Осы мәселеде ақыл-кеңес алғың келсе, біздің партияның бас кеңсесіне немесе кез келген бөлімшесіне келуіңе болады. - Жастық шағыңызда бокспен айналысыпсыз. Осы қабілетіңіздің өмірде көмектескен сәті болды ма? Өзіңізді немесе жақындарыңызды қорғау үшін білек күшін пайдаланған кезіңіз бар ма? - Боксқа қатысты пікірімді жоғарыда айттым. Бір ғана нәрсе. Спорттың арқасында, бокс рингінде бойыма сіңірген ерік, жігер мен мақсат, соған жетудегі жанкештілік өмірде өз пайдасын тигізді деп айта алам. Бокстағы қабілетімді күнделікті өмірде сирек, негізінде жас кезімізде пайдаландық. Білектің күшімен емес, ақылдың, намыстың күшімен де қарсыластарды жеңуге болады ғой. - Азат Тұрлыбекұлы, неге Сізде твиттерде блогыңыз жоқ? - Осыдан 3 жыл бұрын «Одноклассники» әлеуметтік желісінде тіркелген едім. Негізгі мақсатым көптен бері қарым-қатынасымыз үзіліп кеткен сыныптастарым мен курстастарымды іздеп тауып, байланысты қайта жандандыру болатын. Алайда, оған мүмкіндік болмады. Уақыттың тапшылығы қолбайлау болды. Сұрағыңызға рахмет, бұйыртса, сізбен Твиттерде де кездесіп қалармыз. - Сонымен, Парламент сайлауы  қашан өтетін болды? - Мен бұл туралы өз позициямды білдіргем. Парламент сайлауы уақытында өтуі тиіс. Сайлау мерзімінен бұрын өте қалған жағдайда, елдегі барлық саяси күштерге, партияларға да оңай болмасы анық. Екінші жағынан, «Ақ жол» партиясы сайлау қашан өтсе де, саяси науқанға белсене қатысуға және Парламенттен лайықты орын алуға дайын. - Азат Тұрлыбекұлы, қанша жылдан бері қоғамдық қызметтерде белсенді еңбек етіп, түрлі форумдар мен конференцияларда, одан қалды шет елде отандық бизнесті көркейту бағытында тынымсыз еңбек еттіңіз, енді мәжіліске депутат болып келе қалсаңыз, ішіңіз пыспай ма? - Бәрі де адамның өзіне байланысты. Біреулер Парламентке атақ пен шен үшін, жағдай үшін барады. Біреулер «көппен көрген ұлы той» деп жүгіреді. Парламент - заң шығарушы орган, биліктің бір тармағы ғана емес, халықтың жанайқайын жеткізетін және халыққа қызмет етіп, есеп беретін орын болуы тиіс. Бүгінгі таңда депутаттар өздері заң жазумен айналыспайды. Тек Үкіметтен келіп түскен заң жобаларын өзгертумен айналысады. Осылайша заң шығарушы органның өз шешімдерін қабылдатуда мүмкіндігі шектеулі.  Сонымен қатар, депутаттар заң жобасының мазмұнын өзгертетіндей ұсынысты енгізе алмай жатады. "Үкіметтің концепциясына қарсы келеді", деп ол ұсыныстар қабылданбай қалады. «Атамекенде» қызмет етіп жүргенде де осындай жағдай бірнеше мәрте болды. Сондықтан жаңа Парламентте оның регламенті мен өкілеттіктері ғана емес, жұмыс стилі мен бет-беделі де бөлек болуы тиіс деп санаймын. «Ақжол» партиясының Парламентке бара қалған жағдайда атқаратын шаруалары мен жұмыстары қазірден-ақ сарапталып, нақтыланып жатыр. Яғни, сіз айтқандай іш пысатындай уақыт болмайтын сияқты. - Ақ жол құрамына енген кәсіпкерлер Сізге сенгеннен келіп отыр ма? Әлде сондай тапсырма болды ма? - Кәсіпкерлер тапсырмамен жүретін адамдар емес. Олар өз өмірін, өз кәсібін өзі жасаған, еркін ойлы азаматтар. Оларды бір идеяның төңірегіне топтастырып, бір іске тарту үшін нақты іс-қимыл мен нәтижелерін көрсетіп беруің шарт. Біздің партияға мүшелікке ниет білдіріп жатқан кәсіпкерлер «Ақжолдың» саяси, экономикалық тұжырымдамасын толық қолдайтын, белсенді азаматтар. Қазірдің өзінде, менің білуімше, 1000-ға тарта кәсіпкер партияға кіруге өтініш берген. Ең бастысы, «Ақ жол» партиясына мүшелікке өтініш білдіргендердің басым көпшілігі - шағын және орта бизнестің өкілдері. Мақтанғаным емес, бірақ «Атамекенде» қызмет істеген біраз жылдың ішінде мен де кәсіпкерлердің қалың ортасында жүрдім. Таныс-біліс болдық. Олар біздің  әрбір іскер адамның мүддесін қорғауға дайын екенімізді және ол қолымыздан келетінін біледі.  

МЕН   Қанжығалы БӨГЕНБАЙ  БАТЫРДЫҢ  тоғызыншы ұрпағымын.

«ЕЛІМЕ БОЛСЫН» деген ҚАЗАҚТЫҢ ҚАРАПАЙЫМ баласымын.

- Күнделікті тұтынатын тауарды (азық-түлік, тұрмыстық техника, киім-кешек) сатып алуда қай елдің өніміне басымдық бересіз. Кезінде тек Қазақстанда жасалған өнімді сапасы мен бағасына қарамай сатып алайық, осылайша патриоттық танытайық деп ұрандатып едіңіз... - Мен «өнімді сапасына, бағасына қарамай сатып алайық» деп ешқашан айтқан емеспін. Бұлай деп ешкім де айтпайтыны және түсінікті. Негізі бүгінде өз елімізде шығатын көптеген өнімдер бәсекеге қабілетті. Сүт, шоколад, май, шұжық секілді өнімдер дәмі жағынан да, сапасы жағынан да шетелдікінен еш кем түспейді. Басқасын айтапай-ақ қояйық, осы Астананың өзінде «Көкшетаудың еті-ай, Қараөткелдің, Қорғалжынның қымызы-ай» дегенді күнде естиміз. Біз жиһазды да отандық өндірісшілерден аламыз. Кеңсемізді жабдықтауда алыстан арбаламай, өз шеберлеріміздің қолынан шыққан мүлікті сатып алдық. Мысалы, «Атамекенде» жүргенде, палатадағы басшы қызметкерлердің барлығы белгілі  маркалы  Қазақстанда жасалған көліктерді пайдаланатын. Айқай-шу неден шықты? Мен уақытында Елбасының алдында ұсыныс енгізіп, «отандық көлікті пайдаланайық» дегенді де айтқанмын. Сол-ақ екен ақпарат құралдарында менің сыртымнан неше түрлі құйтырқы әрекеттер ұйымдастырылды. Оны ұйымдастырған тағы сол шенеуніктердің өздері. Олар жылы орнынан, жайлы көлігінен айырылғысы келмейді. Қараңыз, өткенде Рудныйдың әкімі 16 500 000 теңгеге үш көлік, 24 796 000 теңгеге тағы бір қызмет көліктерін алмақшы болған. Сонда шағын ғана қаланың әкімі Қазақстанда 20-40 мың доллар тұратын лайықты автокөлікті менсінбей, 170 мың долларға «Лексус» алғысы келген ғой. Масқара емес пе? Бұл жоғарыда айтқан кәсіпкерлердің, қарапайым жұмысшылардың ақшасы, салығы ғой. Мұны айтып отырғаным, кезінде Оңтүстік Кореяда отандық өнімді қолдауға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданған. Олардың «Кәрістікін ғана сатып алайық» деген ұраны кейін Корея экономикасының негізі болды. Иә, дағдарыс кезінде біз де бүкіл қазақстандықтарға «Отандық өнімді сатып алайық, отандық өндірушілерді қолдайық» деген ұран тастадық. Ол шара белгілі бір дәрежеде өз жемісін берді де. Егер отандық өндірушілерімізді өзіміз қолдамасақ, ұлттық экономика ешқашан көркеймейді. Қазақстандық өнімді сатып алу арқылы сіз мыңдаған кәсіпкерге қол ұшын бересіз. Сіздің отандық тауарға төлеген ақшаңыз жерлестеріңіздің жалақысы, бюджетке түсетін салық, ел экономикасын дамытуға қосқан үлесіңіз болады. Мұны барлығы түсінгені жөн. - Мәдениет министрлігінің тіл жөніндегі заңжобасын орыс шовинистері төпеп жатыр, сіздің партия неге үнін шығармайды? Әлде ол жобаға қарсысыңдар ма? Сайра, журналист - Сайра, мемлекеттік тілге қатысты пікірімді жоғарыда айттым. Біздің барымыз да, арымыз да - ана тіліміз. Ақпарат құралдарын шолып шықсаңыз, Мәдениет министрлігі дайындаған заң жобасы туралы, әсіресе, «Ақ жол» партиясының белсенділері өз пікірлерін ашық білдіріп жатыр. Менің білуімше, министрлік дайындаған заң жобасы әзірге тек талқылау, пысықталу үстінде. Қалай болса да, заң біздің ұлтымыздың, мемлекетіміздің мүддесі тұрғысында дайындалып, қабылдануы тиіс. Тіпті, біз Парламентке барып жатсақ, осындай ұлттың мүддесіне жұмыс істейтін заңдарды қабылдауға өзім бастамашы боламын. - Ассалаумағалейкум, Азат мырза. Сіз - Қанжығалы Бөгенбай батырдың, оның ішінде атақты Бапан бидің ұрпағы деп естідім. Осы мәлімет рас па? Қайырбек, Астана. - Қазақта «жеті атасын білмеген - жетесіз» деген сөз бар емес пе?!. Ол рас, Қайырбек, мен - Қанжығалы Бөгенбайдың тоғызыншы, Бапан бидің алтыншы ұрпағымын. Сондықтан, мен туралы «қазақ па» дейтін жөнсіз сұраққа менің жеті атам өзім дүниеге келгенге дейін жауап беріп қойған. Алайда, қазақта «жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін» деген де сөз бар. Өз басым жүзшілдікке, рушылдыққа, жершілдікке түпкілікті қарсымын. - Сіздің піріңіз бар ма? Менің өмірдегі пірім де, тірегім де - әкем Тұрлыбек. Әкем - Тұрлыбек пен шешем - Мәриям менің азамат, адам ретінде қалыпасуыма өмірлік үлгі болды. Өкінішке қарай, әкем 1994 жылы дүние салды. Әкем білікті инженер, ашық, адал азамат еді. Шешем - Мәриям Қаскелеңде, Қордай ауданының Ырғайты ауылындағы совхоз-техникумда агроном болып істеген. Сол жерде бірнеше алма бақтарын жасаған. Бұл бақтарда өсірілген алманың сорттарын басқа жерден еш кездестірмейсіз. Әлі күнге дейін сол жерде  «Мәриям бағы» аталатын бақ бар. Сол ауыл - менің туған жерім. Бұдан соң анам 20 жылдан астам қазақ мектебінде ұстаз, мектеп директоры болып істеді. Атам - Перуаш Әмрин өз заманының көзі ашық, жоғары білімді, зиялы адамы болған екен. Ол кісі өткен ғасырдың 30-жылдары Ерейментау ауданындағы Малтабар ауылында мектеп салған. Өкінішке қарай,  22 жасында қуғын-сүргінге ұшырап, атылып кетті. Әлі күнге дейін атамды жұрт ризашылықпен еске алады.  

ӨЗІН ОТАНШЫЛ, ЕЛШІЛ ЗИЯЛЫМЫН деп санайтын

азаматтардың НАҒЫЗ ОРНЫ - «АҚЖОЛ» партиясы!

- Әр басшы жаңа қызметке ауысқанда өзіндік тәртібі мен командасын ала келеді дейді. Сіз ше? "Ақжолға" "Атамекеннен" қанша қызметкер алып келдіңіз? - Әрине, мен де көп жылдардан бері өзіммен бірге келе жатқан сенімді серіктерім бар. Бірақ, мен қайда барсам да дос-жаранын, ағайын-туысын тасып жүретін адам емеспін. Жақында «Атамекендік» әріптестеріме де жиналыс жасап, өз шешімімді айтқанмын. Ауысса, «Ақ жолға» менімен бірге екі-үш-ақ адам ауысады. Қалған орталық аппараттағы 60-тан астам қызметкерлер өз орнында қалады. Олардың білімі мен тәжірибелері менен гөрі отандық кәсіпкерлердің қызмет етуіне қолайлы жағдай туғызуға қажеттірек деп білемін. Партияға команда жинап жатқан жоқпын. Бұрыннан келе жатқан, партияға еңбегі сіңген, партияның, менің көзқарастарымды бөлісетін кез келген адаммен жұмыс істеуге дайынмын. - Азат аға, ауыз бекіттіңіз бе? Қасиетті Ораза айында адамдар бір-біріне кешірімді, кеңпейіл болу керек дейді. Біреуге қатты ренжіген кезіңіз болды ма? - Ия, аузым берік. Ораза тұту өзімнің мұсылман ретіндегі, адам ретіндегі міндетім деп білемін. Мен біреулерге айту үшін, жарнама жасау үшін емес,  өзімнің ішкі сұранысым болғасын ұстаймын. Адал өмір сүріп, адал жүріп-тұрсаң - сол мұсылмандық. 1994 жылдан бері ауыз бекітемін. Негізі мен біреуге ренжіп, оны өз ішімде ұзақ уақыт сақтап, кек тұтып жүретін адамдардың санатынан емеспін. Тез қайтатын адам сияқтымын. Ал қасиетті Рамазан айында баршамыз да бір-бірімізге кешіріммен қарап, Құдайдан тек жақсылық тілеуіміз керек. - Азеке неше балаңыз бар, олар немен айналысады? - Төрт балам бар. Төртеуі де қазақы тәрбие алды, осы заманғы білім нәрімен сусындады. Мен балаларымның өз елінің отаншыл азаматы, патриоты болатынына сенемін. Жалпы ер адам үшін елінің, жақын-жуығы мен отбасының амандығынан артық ештеңе жоқ. Мен де ел-жұрт аман болса, балаларымыз бізден гөрі ақылды, білімді, бақыттырақ болса екен деп тілеймін. - Ел үміт артатын бірден-бір танымал партия -Ақ жол партиясын нағыз зиялылар мен кәсіпкерлер партиясы ету, яғни халықтың авангардына айналар партияға жеткізу қолыңыздан келе ме? Өйткені қазір "Нұротанға" ешкім сенбейді. - «Ақ жол» партиясына деген жылы лебізіңіз үшін үлкен рахмет. Шындығында, көп адамдар «Ақжол» партиясының саяси, идеологиялық ұстанымы туралы жиі сұрақ қояды. Мен бұған дейінгі сұхбаттарымда да айтып жүрмін: «Ақжол» партиясы ХХ ғасыр басындағы «Алаш» партиясының, алашордашылардың ізбасары болуы керек және идеологиялық, рухани тұрғыдан екі партияның еш айырмашылығы жоқ. Өйткені, алашордашылардың тұғырнамасы - саяси либерализм болды. Сол уақытта қазақтың барлық көзі ашық, білімді, оқыған азаматтары «Алаш» партиясының төңірегіне топтасты. Біздің партия да осы мақсат-мұраттар жолында қызмет жасайды. Бір сөзбен айтқанда, өзін отаншыл, елшіл зиялымын деп санайтын азаматтардың нағыз орны - «Ақжол» партиясы. Өткен ұлт қайраткерлерінің мақсат-міндеттерін қазіргі заманғы құндылықтарға, талаптарға лайықтау, негіздеу қажет. Ұлттың өткені мен бүгінін, болашағын не тоғыстырады? Елдің ертеңі жолындағы арман-мұраттардың жолында бар қазақ қалай бірігеміз? Кешегі тарихтан сабақ алып, келешекке нендей жаңалықтармен, жетістіктермен барамыз? Мен де осы сұрақтарға жауап іздеп жүрмін. Осы сауалдарға алаң болатын әр адам маған  да жақын. - Құрметті Азат Тұрлыбекұлы! «Ақжол» партиясына өткелі бері, сізді, көп сынға алып жатқан халқымыздың жайы бар. Ғаламтор алдында отырып, өздері тарының түйіріндей ел үшін іс атқармаса да, сізді қаралауды әдетіне айналдырғандар күннен күнге өсіп келеді. Оларды мен әлсіздер немесе сіздің бәсекелестеріңіз деп білемін. Мен сіздің Атамекендегі еңбек жолыңызды жіті кадағалағандардың бірімін. Өз ойым, уақыты мен қаржысын текке шашпайтын бизнестің ірісінен кішісіне дейін бастарын біріктіріп, кәсіпкер ағайындарға заңды құқықтарын анықтап, заңнамалық тұрғыда сауаттылығын ашқан, үкімет пен бизнес арасында болаттан көпір жасаған тұлга ретінде танимын. Тағы бір ауыр құрылымды көтеру мойныңызға жүктелген екен. Сізге сеніп, сізді қолдайтындар бар, берік болыңыз! Бастамаңызға сәттілік тілеймін! Сіз, өзіңізді жолыболғыш адаммын деп есептейсіз бе? Әділхан, Астана қаласы - Құрметті Әділхан, шынайы көңілмен айтқан жылы лебіздерің үшін үлкен рахмет! Өмірлік жолдың да білмейтін ой-шұңқыры көп қой. Адамның өмірлік жолы - оның табиғатына, тағдырына, талабына тікелей байланысты. Мен өзімді жолы болғыш дегеннен гөрі өмірден өз орнын тапқан адам ретінде санаймын. - Шерхан мен Камал ағаларымыздың кезінде «Елім саған айтам, Елбасы сен де тыңда» деген «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған хаттарының бірінде «Қазақ халқы алтын сандықтың үстінде жалаңаш отыр» деген теңеуі бар еді. Осы теңеуді әлі де болса халқымызға келтіріп айтуымызға болады. Шынында да жерінің мол қазба байлығын өзінің игілігіне жұмсай алмай отырған қазақтың халі аянышты. Айта-айта жауыр болған тақырып, ол Қазақстандық компанияларда қазақтардың жалақысы сол компаниядағы шетелдік әріптестерінен неге төмен болуы керек?! Өз елінде қағажу көріп, жетімсіреген осы қара көздеріміздің жайын қашан қолға аламыз? Осыған не дейсіз. - Бұл мәселе қараусыз қалмайды. Өйткені бүгінгі таңда ел ішіндегі көптеген толқулар мен қарсылық шерулері осы мәселенің төңірегінен шығып отыр. «Атамекен» палатасында жұмыс жасаған уақытымда да Сіз көтеріп отырған мәселеге қатысты өзіндік ой-пікірімді білдіріп, түрлі жиындарға қатыстым. Шынын айту керек дәл осы мәселе бойынша 10 -нан астам заңдарға өзгеріс енгізуге «Атамекенде» жүрген кезде мұрындық болдық. Сондықтан егер парламентке бара қалған кезде біз осы әселені жүйелі түрде назарда ұстап, нақты шешімдерге қол жеткізетін боламыз. - Азат Тұрлыбекұлы, парламенттегі гендерлік саясатты дамытуға көңіл бөліңіз. Әйел - ана қанша дегенмен кез-келген мәселеге үлкен жауапкершілікпен, ыждағаттылықпен қарайды. Әйел адам кез келген мәселеге ана көзімен қарап, кез келген мәселеде ортақ тиімді шешім шығаруға бейім болып келеді. Төменгі палата депутаттарының қатарында нәзік жандылар көбейсе, қоғам одан ұтылмайды. - Гендерлік саясаттың жақтаушысымын. Қыз-келіншектерімізді, апа-қарындастарымызды мемлекеттік басқару орындарына, саясатқа және өзге де еліміздің маңызды салаларына қызметке тартуымыз керек. Өйткені қатарымызда жүрген нәзік жандылар айналасына көрік беріп қана қоймай, сонымен бірге көптеген мәселеде тың ой, жаңа пікірін қосып жатады. Мысалы «Атамекендегі» қызметімде бірінші орынбасарым да әйел кісі болды. Көптеген экономикалық, заңнамалық сауалдарды қарастыру кезінде, ол кісі әрбір мәселені жіті қадағалап, біздің назарымыздан тыс қалып қойған кей проблемаларды көре білетін. Сондай өзіміздің асыл аналарымыздың әлеуметтік, басқада мәселелерін біз өзіміздің бақылауымызда ұстайтын боламыз. - Оралмандар мәселесіне көңіл бөлесіздер ме? Бұл топтың сенімінен шықсаңыз, партияны қолдаушылар қатары көбейер еді. - Бүгінгі таңда  еліміздің экономикасының даму жылдамдықтары, көрінбейтін бір мәселені - елімізде жұмыс күшінің жетіспеушілік мәселесін көрсетіп отыр. Қазірдің өзінде біз шет елден жұмыс күшін әкелетін елге айналып отмрыз. Ал енді өзіміздің қазақтар төмен жалақыға жұмыс істеп отыр, немесе мүлдем жұмыссыз жүр. Ал сыртта қаншама қазақ «елім» деп Қазақстанға жете алмай жүр. Алдында айтқандай, көптеген ірі және орта бизнестегі компаниялар білікті мамандарға зәру. Осы ретте сыртта жүрген қандастарымызды елімізге тарту арқылы мамандар тапшылығы мәселесін шешуге болады. Еліміздегі оралмандардың да кезігіп отырған күрделі қиындықтары бар. Әрине, біз өз замандастарымызды мазалаған мәселелерге бей-жай қарай алмаймыз. «Ақ жол» партиясының назарынан оралмандар проблемасы тыс қалмайды. Олардың мәселесін шешу қазақ деп соққан жүректің әрқайсысын бей-жай қалтырмайтындығы анық.   Құрметті «Абай.kz» сайтының оқырмандары! Өздеріңізбен аз-кем сұхбат құрғаныма қуаныштымын. Бұл біздің әлеуметтік желідегі байланысымыздың басы да, соңы да емес. Мен әрдайым сіздердің сауалдарыңызға жауап беруге дайынмын. Ел аман, жұрт тыныш, Ораза айы мүбарак болсын!

www.abai.kz

 

*Тақырып өзгертіліп,

тақырыпшалар қосылды.