Әлеуметтік жаңғыру және қоғамдық келісім мәні
2018 ж. 10 наурыз
10608
0
Президент Н.Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасы атты халыққа үндеуі салықты азайту, қолжетімді ипотека, сапалы жоғары білім, шағын кәсіпкерлікті дамыту, елді газбен қамтамасыз ету сынды қоғамның өзекті әлеуметтік маңызды мәселелерін көтерген кемері кең, мазмұны әлеуметтік философиялық бағдарлама. Еліміздің Конституциясының І-бабында Қазақстан Республикасы өзін әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады деп қоғамның әр түрлі топтарының үйлесімді әрі бақуатты тіршілік етуін қолдау мемлекетіміздің басты ұстанымы ретінде айқындалған.
Қазіргі алмағайып заманда ел бірлігі мен жұрттың тыныштығы түрлі этно-мәдени және діни бірлестіктер арасындағы түсіністік пен келісімнің нақты ізгі ниетінен бастау алатыны белгілі. Қалыптасқан мемлекет бұл әлеуметтік мемлекет қағидасы халықтың мұң-мұқтажын терең түсіну мен маңызды қоғамдық мәселелерді шешудегі жауапкершілік жүгін айқындайды. Әлеумет-жеке басқа тән даралық ұғым емес, әлеумет бұқаралық – халықтық сипаттағы ұғым. Қоғам кедей, орта және байлардан тұрады. Мемлекеттің мақсаты-кедейлерді ортаға,ортаны байға жеткізу. Қоғамда орта таптың үлес салмағының артуы мемлекеттің өркендеуі мен тұрақты дамуының көрсеткіші. Адамзат тарихында қоғамның әлеуметтік мәселелері ойшылдар мен философтар, мемлекет қайраткерлері уақыт және кеңістік аясына сай көтерген көкейкесті әлеуметтік-философиялық тақырып. Отырарлық ойшыл әл-Фараби бабамыздың «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы» трактатында бақытқа жету жолында қоғам мүшелері бір-біріне көмектесетін болса, ол ізгі және қайырымды қоғам болып саналады. Әлеуметтің бақытқа жетуі және қайырымды мамыражай мемлекет құру қоғамдық келісімнен басталады. Орта ғасырлық түркі ойшылы Жүсіп Баласағұн «Құтты білігінде»:
Пақыр орта болса-оңғаны кемінің,
Байыса орта-байығаны елінің, –
деп әлеуметтік топтар үшін ыңғайлы да, қолайлы әлеуметтік жағдай жасау ізгі ниетті, білікті бектердің халық сүйер құтты ісі. Елбасымыздың салық жүктемесін азайту және жалақыны көбейту 2 миллионнан аса отандастарымыздың , әсіресе бюджеттік ұйымдардан жалақы алатын жас мамандардың әл-ауқатын жақсартуына септігін тигізеді.Салық көлемін азайту жұмысшылар мен қызметкерлердің еңбекке ынтасын арттыруға түрткі. 7-20-25 бағдарламасы баспана мәселесін оңтайлы шешуге жол ашып, жастарымыздың үй болып , тұрмыс жағдайын жақсартуына көмектеседі. 2018-2019 оқу жылына қосымша 20 мың грант бөлу жоғары білім алудың қолжетімділігін мен жастардың білімге деген талпынысын арттырады. Олардың мемлекетке деген сенімін нықтап, өмірлік құлшынысын жігерлендіреді. Еліміздің рухани және әлеуметтік тұрғыда жаңғыруы білімді қоғамның зияткерлік әлеуетінің жоғары дегейімен іске асады. Студент жастарға арналған жатақханалар тұрғызу және елді мекендерді газбен қамтамасыз ету қоғам мүддесіне орай жасалған ізгі қадам. Әлеуметтік жобалардың табысты әрі жемісті болуы ең алдымен ұлттық бірліктің және әлеуметтің барлық топтарының қолдауымен жүзеге асады. Қоғамның әлеуметтік қабаттарының бірлігі мен тату тіршілігі мемлекеттің өркендеуінің негізі. Әлеуметтік және рухани жаңғыру философиясының тірегі – ұлттық сананың бірегейлігі мен қоғамдық келісімде.
Бағдат БЕЙСЕНОВ,
филос.ғ.д. ҚазҰУ аға оқытушысы
qazaquni.kz